Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы»23 қаңтардағы
N 46 қаулысымен
мақұлданған
Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық
шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар аталатын Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Үкіметтері,
тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ететін бірыңғай қағидаттарды негізге алып,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (бұдан әрі - ЕурАзЭҚ) бірігу процестерін тереңдету және Кеден одағын құру мақсатында,
1999 жылғы 26 ақпандағы Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы шартқа, 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты Құру туралы шартқа, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің шешімдерін негізге ала отырып;
техникалық реттеу, санитарлық ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық шаралар (бұдан әрі - санитарлық және фитосанитарлық шаралар) саласында келісілген саясатты жүргізудің мақсатқа сайлығын тани отырып;
1994 жылғы 15 сәуірде Уругвайлық көп тарапты сауда келіссөздерінің раундында қабылданған Дүниежүзілік сауда ұйымының Саудадағы техникалық кедергілер жөніндегі келісімде және Санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі келісімде белгіленген ережелер мен қағидаттарды назарға ала отырып;
Тараптардың ешқайсысына оның экспорты сапасын немесе адам өмірі мен денсаулығын қорғау, жануарлардың тіршілігі мен саулығын немесе өсімдіктерді, қоршаған ортаны қорғау немесе тұтынушыларды адастыратын іс-әрекеттерді болдырмауды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға кедергілердің болмауы керектігін танып;
өзара саудада негізсіз шектеулерді жоюға ұмтыла отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
аккредиттеу - аккредиттеу жөніндегі органның белгілі бір саладағы сәйкестікті бағалау (растау) жұмысын орындауға қойылатын талаптарға сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі органның (зертхананың) құзыреттілігін ресми тануы;
қауіпсіздік - зиян келтіру және/немесе зардап шектіру мүмкіндігімен байланысты жол берілмейтін қауіп-қатердің болмауы;
мемлекеттік бақылау (қадағалау) - уәкілетті мемлекеттік органның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаның техникалық регламенттер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар талаптарын орындауын тексеруі және тексеру нәтижелері бойынша шаралар қабылдау;
ЕурАзЭҚ техникалық регламентіне сәйкестігі туралы декларация - онымен дайындаушы (дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, сатушы) айналымға шығарылатын өнімнің ЕурАзЭҚ техникалық регламентінің талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;
сәйкестікті декларациялау - дайындаушының (дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның, сатушының) айналымға шығарылатын өнімнің ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін растау нысаны;
бірыңғай кеден аумағы - Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік аумақтарынан тұратын аумақ;
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер нарығында өнімдер айналымының бірыңғай белгісі - сатып алушыларға айналымға шығарылатын өнімнің ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігі туралы ақпарат беру үшін пайдаланылатын белгі;
халықаралық стандарт - халықаралық ұйым қабылдаған стандарт;
Тараптар мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген ұлттық органдары - техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын және/немесе үйлестіретін Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік басқару органы;
ұлттық (мемлекеттік) стандарт - Тараптар мемлекеттерінің стандарттау жөніндегі ұлттық органының бірі қабылдаған стандарт;
аккредиттеу жөніндегі орган - Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес аккредиттеуді жүргізуге уәкілеттік берілген орган немесе заңды тұлға;
сертификаттау (сәйкестікті бағалау/растау) жөніндегі орган - Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес сәйкестікті растауды жүзеге асыру үшін аккредиттелген және/немесе тағайындалған орган;
сәйкестікті бағалау - техникалық реттеу объектісіне қойылатын талаптардың сақталуын тікелей немесе жанама түрде анықтау;
сәйкестікті растау - өнімнің немесе өзге де объектілердің, өнімді өндіру, пайдалану (қолдану), сақтау, тасу (тасымалдау), сату және кәдеге жарату, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету процестерінің техникалық регламенттер, стандарттар талаптарына және өнім сипаттамасынан және онымен байланысты процестерден тұратын өзге де құжаттарға сәйкестігін құжатты түрде куәландыру, ол ерікті немесе міндетті сипатқа ие болуы мүмкін;
өнім - материалдық-зат түрінде берілген және шаруашылық немесе өзге мақсаттарда одан әрі пайдалануға арналған қызмет нәтижесі;
өңірлік стандарт - стандарттау жөніндегі өңірлік ұйым, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңесі немесе Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Стандарттау және құрылыста техникалық нормалау жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-техникалық комиссиясы қабылдаған стандарт;
қауіп-қатер - адам өмірі немесе денсаулығына, мүлікке және қоршаған ортаға, жануарлар мен өсімдіктерге зиян келтіру ықтималдығы мен осы зиян зардаптарының қиюласуы;
санитарлық және фитосанитарлық шаралар - орындалуы міндетті санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық талаптар және мынадай мақсаттарда қолданылатын рәсімдер:
адам мен жануарлардың өмірі мен денсаулығын ластаушы заттардың қоспаларынан, уыттардан немесе тағамдық өнімдердегі, сусындардағы, жем-шөп және өзге өнімдердегі ауру тудыратын ағзалардан туындайтын қауіп-қатерлерден қорғау;
жануарлар тіршілігі мен саулығын және өсімдіктерді Тараптар мемлекеттері үшін карантиндік мәнге ие өсімдік зиянкестерінің, өсімдіктер мен жануарлар ауруларын қоздырғыштардың, өсімдіктердің (арамшөптердің), ауру тасымалдағыш ағзалар мен ауру ағзалардың кіруіне, тамыр жаюына немесе таралуына байланысты туындайтын қауіп-қатерлерден қорғау;
адам өмірі мен денсаулығын жануарларға, өсімдіктерге немесе олардан жасалған өнімдерге жұққан аурулармен байланысты туындайтын қауіп-қатерлерден қорғау;
Тараптар мемлекеттері үшін карантиндік мәнге ие өсімдік зиянкестерінің, өсімдіктер мен жануарлар ауруларын қоздырғыштардың, өсімдіктердің (арамшөптердің), ауру ағзалардың кіруімен, тамыр жаюымен немесе таралуымен, оның ішінде оларды жануарлар және (немесе) өсімдіктер жұқтырған, өніммен, жүктермен, материалдармен, көлік құралдарымен таралған жағдайда туындайтын өзге де залалдарды болдырмау немесе шектеу;
ЕурАзЭҚ техникалық регламентіне сәйкестік сертификаты - онымен сертификаттау (сәйкестікті бағалау/растау) жөніндегі орган өнімнің немесе өзге де объектілердің ЕурАзЭҚ техникалық регламенттері талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;
сертификаттау - сертификаттау (сәйкестікті бағалау/растау) жөніндегі органның өнімнің немесе өзге де объектілердің ЕурАзЭҚ техникалық регламенттеріне сәйкестігін міндетті растау нысаны;
стандарт - ерікті түрде бірнеше рет пайдалану мақсатында өнімнің сипаттамалары, өндіру, пайдалану, (қолдану), сақтау, тасу (тасымалдау), сату және кәдеге жарату, жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету процестерін жүзеге асыру ережелері және сипаттамалары белгіленетін құжат. Стандартта сондай-ақ зерттеу (сынау), өлшеу ережелері мен әдістері, үлгілерді таңдау ережелері, терминологияға, символикаға, орамға, таңбалауға немесе затбелгілерге немесе оларды басу ережелеріне қойылатын талаптар да қамтылуы мүмкін. Стандарт қағидаттық мәселелер бойынша стандартты әзірлеуге қатысушылардың ортақ келісімімен қабылданады. Стандарт және ол туралы ақпарат мүдделі тұлғаларға қол жетімді болуы тиіс;
ЕурАзЭҚ техникалық регламенті - ЕурАзЭҚ шеңберінде халықаралық шартта қабылданған және техникалық реттеу объектілеріне (өнімге немесе өнімге қойылатын талаптарға байланысты өндіру, монтаждау, реттеу, пайдалану (қолдану), сақтау, тасу (тасымалдау), сату және кәдеге жарату процестеріне) қойылатын, қолдану және орындау үшін міндетті талаптарды белгілейтін құжат.
ЕурАзЭҚ техникалық регламентінде сәйкестікті бағалау ережелері мен нысандары, сәйкестендіру ережелері, терминологияға, орамдарға, таңбалауға, заттаңбаларға және оларды басу ережелеріне қойылатын талаптар қамтылуы мүмкін;
техникалық реттеу - техникалық регламенттерді, стандарттарды әзірлеу және қолдану саласындағы, сәйкестікті бағалау (растау), халықаралық шарттарға және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылау (қадағалау) саласындағы қарым-қатынастарды құқықтық реттеу;
дайындаушы өкілеттік берген тұлға - Тарап мемлекетінде белгіленген тәртіппен тіркелген, дайындаушы сәйкестікті растау кезінде өзінің атынан іс-қимылды жүзеге асыру және Тараптар мемлекеттерінің кеден аумақтарында өнімді орналастыру үшін, сондай-ақ өнімнің ЕурАзЭҚ техникалық регламенттері талаптарына сәйкессіздігі үшін жауапкершілікті жүктеу үшін онымен жасалған шарт негізінде анықтаған заңды немесе жеке тұлға.
2-бап
1. Тараптар техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясатты жүргізеді:
а) Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын үйлестіру үшін қажетті шаралар қабылдау;
б) техникалық реттеу объектілеріне қолдану мен орындау үшін міндетті талаптар белгілейтін ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерін әзірлеу және қабылдау;
в) өз мемлекетінің аумағында техникалық реттеу объектісіне қойылатын міндетті талаптардың бірлігін қамтамасыз ету;
г) Тараптар мемлекеттері аумағының санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздігінің қажетті деңгейін қамтамасыз ету үшін техникалық реттеу жөнінде, санитарлық және фитосанитарлық шараларды әзірлеу жөніндегі жұмыстарды жүргізудің бірыңғай ережелерін қабылдау;
д) стандарттарды үйлестіру;
е) сәйкестікті бағалаудың бірыңғай нысандары мен ережелерін қолдану;
ж) сәйкестікті бағалау рәсімдерін үйлестіру;
з) өнімнің немесе өнімді өндіру, монтаждау, реттеу, пайдалану (қолдану), сақтау, тасу (тасымалдау), сату және кәдеге жарату процестерінің өнімге қойылатын талаптарға байланысты сәйкестігін бағалау (растау) кезінде сынаудың (бақылау және өлшеу) салыстырмалы әдістерін әзірлеу және қолдану;
и) сәйкестікті міндетті растау процесіне қатысатын сынақ зертханаларын (орталықтарын) сертификаттау (сәйкестікті растау) және аккредиттеу жөніндегі органдарды аккредиттеу және/немесе тағайындау арқылы жүргізеді.
2. Осы Келісімде көзделген ережелерді іске асыру үшін Тараптар техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын және/немесе үйлестіретін Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік басқару органдарына тиісті өкілеттіктерді береді.
3. Тараптар мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген ұлттық органдары әрбір Тарап мемлекетінің аумағын эпидемиядан және эпизоотиядан сақтау, сондай-ақ мыналардың:
адамдар мен жануарлар ауруларының таралуын;
Тараптар мемлекеттері үшін карантиндік мәні бар өсімдік зиянкестерінің, өсімдіктер мен жануарлар ауруларын қоздырғыштардың, өсімдіктердің (арамшөптердің) Тараптар мемлекеттерінің бірінің аумағынан Келісімге қатысушы Тараптар мемлекеттерінің кез келгенінің аумағына таралуын болдырмау жөнінде шаралар қабылдайды.
3-бап
Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы қызметті үйлестіруді ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитеті жанындағы Техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі комиссия Тараптар мемлекеттерінің халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырады.
Тараптар мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген ұлттық органдары немесе олардың тапсырмалары бойынша Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары сәйкестікті міндетті бағалаудан (растаудан) өтуге тиісті өнімге және сәйкестікті бағалау рәсімдеріне қатысты ұлттық (мемлекеттік) стандарттарды үйлестіру мәселелері бойынша аккредиттеу саласында өз мемлекеттерінің ұстанымдарын келісуге бағытталған консультациялар жүргізеді.
Тараптар мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген ұлттық органдары техникалық реттеу және техникалық регламенттерді әзірлеу мәселелері бойынша өзге мемлекетаралық бірлестіктермен бірге өнімге қойылатын міндетті талаптарды үйлестіру мақсатында консультациялар жүргізеді.
4-бап
Тараптар:
а) мұндай құжаттар, оның ішінде климаттық, географиялық факторлар немесе технологиялық проблемалар әсерінен техникалық реттеу мақсаттарына сәйкес келмейтін жағдайларды қоспағанда, халықаралық және өңірлік стандарттармен бірдей, халықаралық стандарттарға, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі нұсқамалар мен ұсынымдарға сәйкес келетін ұлттық (мемлекеттік) стандарттарды;
б) 1875 жылғы 20 мамырдағы Халықаралық метрикалық конвенция шарттарын қанағаттандыратын физикалық шама бірліктерінің ұлттық (мемлекеттік) эталондарын;
в) осы баптың 2-тармағының ережелерін орындау шартымен Тараптар мемлекеттерінің сертификаттау (сәйкестікті бағалау/растау) жөніндегі органдары және сынақ зертханалары (орталықтары) берген сәйкестікті растау жөніндегі құжаттарды;
г) осы баптың 2-тармағында белгіленген ережелерді орындау шартымен Тараптар мемлекеттерінің аумағында қолданылатын сәйкестікті растау ережелерін, рәсімдері мен бағалау (растау) нәтижелерін;
д) ЕурАзЭҚ техникалық регламенттері талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау (қадағалау) нәтижелерін мойындайды.
2. Тараптар келісімдер негізінде:
Тараптар мемлекеттерінің аумағындағы белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген аккредиттеу жөніндегі органдар берген аккредиттеу аттестаттарын;
халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келетін, Тараптар мемлекеттерінің аумағында белгіленген аккредиттеу ережелері мен рәсімдерін таниды.
5-бап
1. ЕурАзЭҚ техникалық регламенттері адам өмірі мен денсаулығын, мүлікті қорғау, жануарлардың тіршілігі мен саулығын және өсімдіктерді, қоршаған ортаны қорғау, тұтынушыларды адастыратын іс-әрекеттерді болдырмау мақсатында қабылданады.
ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерін өзге мақсатта қабылдауға жол берілмейді;
ЕурАзЭҚ техникалық регламенттері Тараптар мемлекеттері үшін міндетті болып табылады және Тарап мемлекеттерінің аумағына олардың заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізілуге тиіс.
2. ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерін әзірлеу үшін негіз ретінде мұндай құжаттар, оның ішінде климаттық, географиялық факторлар немесе технологиялық проблемалар әсерінен техникалық реттеу мақсаттарына сәйкес келмейтін жағдайларды қоспағанда, тиісті халықаралық стандарттар, талаптар және басқа да құжаттар (стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдар қабылдаған ережелер, директивалар мен ұсынымдар және өзге де құжаттар), ал олар болмаған жағдайда - өңірлік құжаттар (регламенттер, директивалар, шешімдер, стандарттар, ережелер және өзге де құжаттар), ұлттық (мемлекеттік) стандарттар, ұлттық техникалық регламенттер немесе олардың соңғы редакциядағы жобалары қолданылады.
3. ЕурАзЭҚ техникалық регламентін қабылдау туралы халықаралық шарт әрбір Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілуге тиіс.
4. ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерін әзірлеу және қабылдау тәртібі Тараптардың келісімімен анықталады.
6-бап
1. ЕурАзЭҚ техникалық регламенті (техникалық регламенттері) қолданылатын өнім Тараптардың кез келгенінің мемлекеті аумағына, өнім Тараптардың кез келгенінің мемлекеті аумағында ЕурАзЭҚ техникалық регламентінде (техникалық регламенттерінде) белгіленген сәйкестікті бағалау (растау) рәсімінен өткен жағдайда айналымға жіберіледі.
ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерінде белгіленетін сәйкестікті бағалау тіркеу, сынау, сәйкестікті растау (сәйкестікті мағлұмдау, сертификаттау), сараптау, сондай-ақ мемлекеттік бақылау (қадағалау) нысанында және өзге нысанда жүргізіледі.
Сәйкестікті міндетті бағалау (растау) ЕурАзЭҚ-тың тиісті техникалық регламенттерінде белгіленген жағдайда және олардың талаптарына сәйкестікке ғана жүргізіледі.
Өнімді айналымға шығару сатысында ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерінде белгіленген нысанда сәйкестігін бағалау (растау) жүргізу ережесі, егер бұл ЕурАзЭҚ техникалық регламентінде көзделген болса, Тараптар мемлекетінің заңнамасымен реттелуі мүмкін.
Сәйкестікті бағалау (растау) туралы құжаттардың бірыңғай нысандары Тараптардың келісімімен белгіленеді.
Айналымға шығарылатын өнімнің ЕурАзЭҚ техникалық регламенттері талаптарына сәйкестігін міндетті растау оны айналымға шығарғанға дейін жүзеге асырылады.
Тараптар осы Келісімде белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз мемлекетінің аумағында ЕурАзЭҚ техникалық регламентінде бар өнімге қатысты қосымша талаптар қоймай және сәйкестікті бағалаудың (растаудың) қосымша рәсімдерін жүргізбей, ЕурАзЭҚ техникалық регламенттеріне сәйкес келетін өнімнің айналымын қамтамасыз етеді.
Бұл ретте Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының мемлекеттік бақылау (қадағалау) жүргізу құқықтары, оның ішінде санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану (сақтау) бөлігінде шектелмейді.
Мемлекеттік бақылау (қадағалау) Тараптар мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2. Өнімнің ЕурАзЭҚ техникалық регламенттері талаптарына сәйкестігін бағалау (растау) үшін Тараптардың өзара келісуі бойынша ерікті негізде халықаралық, өңірлік стандарттар, ал олар болмаған жағдайда - Тараптар мемлекеттерінің ұлттық (мемлекеттік) стандарттары қолданылуы мүмкін.
3. Тараптар ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келетін, айналымға шығарылатын өнімге қатысты ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер нарығында бірыңғай айналым белгісінің қолданылуын қамтамасыз етеді.
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісін әзірлеу және қолдану тәртібі Тараптардың келісімімен белгіленеді.
7-бап
1. Тараптар мемлекеттерінің бірінің сертификаттау жөніндегі органы берген, оған қатысты ЕурАзЭҚ техникалық регламенті қабылданған өнімнің сәйкестігін бағалау (растау) туралы құжаттар, сәйкестікті бағалаудың (растаудың) қосымша рәсімдерін өткізбестен, Тараптар мемлекеттерінің аумағында тең дәрежеде қолданыста болады.
2. ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерін қолданысқа енгізгенге дейін оған қатысты Тараптар бірдей міндетті талаптар, сондай-ақ бірдей міндетті сәйкестікті (сертификаттау және/немесе сәйкестікті мағлұмдау) бағалау (растау) нысандары мен схемаларын белгілеген өнім, егер ол Тараптар мемлекеттерінің кез келгенінің аумағында белгіленген сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдерінен өткен болса, бірыңғай кеден аумағында айналымға жіберіледі.
3. Тараптардың мемлекеттерінде сәйкестікті растау туралы құжаттар орыс тілінде және қажет болған кезде Тарап мемлекетінің мемлекеттік тілінде ресімделеді.
8-бап
1. Тараптар ұлттық (мемлекеттік) стандарттарды үйлестіреді және мына қағидаттардың сақталуын:
а) стандарттардың ерікті қолданылуын;
б) стандарттарды әзірлеу процестерінің ашықтығы мен жариялылығын;
в) ұлттық (мемлекеттік) стандарттардың, оларды әзірлеу, қабылдау (бекіту) және жариялау тәртібі туралы ақпараттың қол жетімділігін;
г) халықаралық стандарттарды, мұндай құжаттар техникалық реттеу мақсаттарына, оның ішінде климаттық, географиялық факторлар немесе технологиялық проблемалар әсерінен сәйкес келмейтін жағдайларды қоспағанда, ұлттық (мемлекеттік) стандарттардың жобаларын әзірлеуге негіз ретінде қолдануды;
д) ЕурАзЭҚ техникалық регламенттеріне қайшы келетін стандарттардың қабылдануына (бекітілуіне) жол берілмеуін қамтамасыз етеді.
2. Тараптар халықаралық және өңірлік стандарттармен үйлестірілген (өз кезегінде бірдей) ұлттық (мемлекеттік) стандарттардың қабылдауына басымдық береді.
9-бап
1. Міндетті талаптарға сәйкес келмейтін және (немесе) міндетті сәйкестігі расталғаны туралы құжатсыз және (немесе) міндетті талаптарда көзделген таңбалаусыз келіп түскен немесе айналымдағы өнім анықталған кезде Тараптар мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген ұлттық органдары осы өнімді айналымға жібермеу жөнінде, сондай-ақ оны айналымнан тезарада алып тастау жөнінде шаралар қабылдайды.
Тарап мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген ұлттық органдарының сұрауы бойынша Тараптардың өзге мемлекеттерінің тиісті өкілеттіктер берілген ұлттық органдары сәйкестікті бағалау (растау) бойынша құжаттарды ұсынады.
Құпия сипатты мәліметтер Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын Келісімде белгіленген тәртіппен ұсынылады.
2. Бірыңғай кеден аумағы шегінен тыс алынған сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі, оның ішінде үшінші елдерден бірыңғай кеден аумағында айналымға түсіру үшін әкелінетін өнімді сынау нәтижелері туралы құжаттар, егер барлық халықаралық шарттарға қосылған болса, танылады.
10-бап
Тараптар жеткілікті ғылыми негіздемесі бар қағидаттарға, тек қана адамның өмірі мен денсаулығын, мүлікті қорғауға, қоршаған ортаны, жануарлардың тіршілігі мен саулығын және өсімдіктердің қорғауға қажетті дәрежедегі санитарлық және фитосанитарлық, сондай-ақ осындай құжаттар, оның ішінде климаттық, географиялық факторлар немесе технологиялық проблемалардың әсерінен техникалық реттеудің мақсаттарына сәйкес келмеген жағдайларды қоспағанда, халықаралық, өңірлік стандарттардағы, ұйғарымдардағы және/немесе ұсынымдардағы шаралардың қолданылуын қамтамасыз етеді.
Егер санитарлық және фитосанитарлық шараларды кешіктірмей қолдануы қажет, ал тиісті ғылыми негіздеме жеткіліксіз немесе қажетті мерзімде ұсыныла алмайтын болса, өнімнің нақты түрлеріне қатысты санитарлық және/немесе фитосанитарлық шараларды Тараптар мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген ұлттық органдары бар ақпарат, оның ішінде тиісті халықаралық ұйымдардан, шет мемлекеттерден алынған ақпарат, басқа мемлекеттер қолданатын тиісті шаралар туралы ақпарат немесе өзге де ақпарат негізінде қолдана алады.
Санитарлық және фитосанитарлық шаралар өнімге, оны өңдеу және өндіру әдістеріне, сынау, инспекциялау, сәйкестігін растауға, карантиндік ережелерге қойылатын талаптардың сақталуын тексереді, оның ішінде жануарлар мен өсімдіктерді тасымалдауға байланысты талаптарды, оларды тасымалдау кезінде жануарлар мен өсімдіктер тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті материалдарды, сондай-ақ сынамаларды іріктеу әдістері мен рәсімдерін, қауіп-қатерді зерттеу және бағалау әдістерін қамтуы мүмкін.
Тараптар мүмкіндігінше қысқа мерзімде олар қабылдаған және енгізген санитарлық және фитосанитарлық шаралар мен олардың өзгерістері туралы бір-біріне хабарлайды.
11-бап
Тараптар санитарлық және фитосанитарлық шараларды нақты ғылыми негізделген қауіп-қатер дәрежесін ескере отырып анықталатын санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық қорғаныстың қажетті деңгейін сақтау мақсатында ғылыми деректер негізінде, сондай-ақ тиісті халықаралық стандарттарды, ұсынымдарды және халықаралық ұйымдардың басқа да құжаттарын ескере отырып әзірлейді және қолданады.
Көрсетілген шаралар Тараптар мемлекеттеріне Тараптардың кез келгенінің мемлекетінің заңнамасында көзделген деңгейден кем емес қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етуі тиіс.
Қауіп-қатер дәрежесін бағалау кезінде Тараптар мынадай факторларды назарға алады:
а) халықаралық стандарттар ережелерін, халықаралық ұйымдардың ұсынымдарын және/немесе ұйғарымдарды;
б) адам мен жануарлар ауруларының таралуы туралы деректерді;
в) Тараптардың кез келгенінің мемлекеті үшін карантиндік мәні бар өсімдік зиянкестерінің, өсімдіктер мен жануарлар ауруларын қоздырғыштардың, өсімдіктердің (арамшөптердің), ауруларды тасымалдаушы ағзалардың немесе ауру тудырғыш ағзалардың таралуы туралы деректерді;
г) экологиялық жағдайларды;
д) зиян келтіру мүмкіндігімен байланысты, экономикалық зардаптарды;
е) зиян келуін болдырмауға арналған шығыстар мөлшері және жеткізушілер өсімдік зиянкестерімен, өсімдіктер мен жануарлардың ауруларын қоздырғыштармен, өсімдіктермен (арамшөптермен), ауруларды тасымалдаушы ағзалармен немесе ауру тудырғыш ағзалармен күресу жөнінде қабылдайтын шараларды.
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы өзара тану мәселелері Тараптардың келісімдерімен белгіленеді.
12-бап
1. Тараптар мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген ұлттық органдары:
а) өз мемлекеттерінің сертификаттау (бағалау/сәйкестікті растау) жөніндегі органдары және сынақ зертханалары (орталықтары), аккредиттеу жөніндегі органдары туралы бір-бірін хабардар етеді;
б) стандарттау жөнінде, оның ішінде әзірленіп жатқан және қолданыстағы ұлттық (мемлекеттік) стандарттар туралы ақпаратпен алмасады және осы салада өз қызметін үйлестіреді;
в) сәйкестікті бағалау (растау) кезінде, сондай-ақ мемлекеттік бақылау (қадағалау) жүргізу кезінде белгіленген ЕурАзЭҚ техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтін өнімдер туралы мәліметтерді бір-біріне ұсынады.
2. Ақпаратпен алмасу үшін техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында ЕурАзЭҚ ақпараттық жүйесі құрылады (бұдан әрі - ЕурАзЭҚ ақпараттық жүйесі).
ЕурАзЭҚ ақпараттық жүйесін құру және оның жұмыс істеу тәртібі Тараптардың келісімімен анықталады.
3. Тараптар өз мемлекеттерінде техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында ұлттық ақпараттық орталықтар құрады (тағайындайды), олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асырады және ЕурАзЭҚ ақпараттық жүйесіне деректерді ұсынады.
4. Тараптар мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген ұлттық органдары сәйкестігін бағалау (растау) кезінде не өнімнің сәйкессіздігіне мемлекеттік бақылау (қадағалау) жүргізу кезінде, оның ішінде үшінші елдерден жеткізілетін өнімге ЕурАзЭҚ техникалық регламенттері талаптарына немесе өз Тарапының оларға қатысты ЕурАзЭҚ техникалық регламенттері қабылданбаған өнімдерге қойылатын міндетті талаптарын белгілеген және адам өміріне және/немесе денсаулығына, мүлікке, қоршаған ортаны қорғауға, жануарлардың тіршілігіне және/немесе саулығына және өсімдіктерге қауіп тудыратын өнімге жатқызған жағдайда мүмкіндігінше қысқа мерзімде (немесе бір уақытта осы сәйкессіздікті табумен не қауіпті өнімді анықтаумен) тиісті мәліметтерді ЕурАзЭҚ ақпараттық орталығына жібереді, ол туралы Тараптар мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген ұлттық жүйесіне хабарлайды және мұндай өнімді Тараптар мемлекеттерінің аумағына жібермеу жөнінде шаралар қабылдайды.
13-бап
Тараптар мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген ұлттық органдары өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес, егер осы саладағы халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, ЕурАзЭҚ техникалық регламенттері талаптарының, санитарлық және фитосанитарлық шаралардың сақталуын мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асырады.
14-бап
Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда Еуразиялық экономикалық қауымдастық Сотының қарауына беріледі.
15-бап
Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
16-бап
Осы Келісімнің күшіне енуі, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кедендік одақтың шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған шарттардың күшіне енуі, одан шығу және оған қосылу тәртібі туралы Хаттамамен айқындалады.
200 жылғы " "« қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады, ол оның депозитарийі болып табыла отырып, осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін