Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль жүк тасымалдары туралы келісімнің және оған Хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Қазистайұлы Көтербековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль жүк тасымалдары туралы келісімге және оған Хаттамаға қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы»7 ақпандағы
N 118 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль жүк тасымалдары туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі,
Тараптар мемлекеттерінің арасындағы халықаралық автомобиль жүк тасымалдарын, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы транзиттік тасымалдарды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып,
төмендегі туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген автокөлік құралдарымен, өз есебінен немесе үшінші тұлғалардың есебінен орындалатын Тараптар мемлекеттерінің арасындағы халықаралық автомобиль жүк тасымалдарын реттейді.
2-бап
Бір Тарап мемлекетінің тасымалдаушыларына екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан екі пункттің арасында жүк тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат етілмейді.
3-бап
Жүк тасымалдар, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арқылы бос автокөлік құралдарының жүріп өтуі Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін рұқсаттардың негізінде жүзеге асырылады.
4-бап
1. Рұқсаттар екі түрлі болады:
а) екі жақты және транзиттік рұқсаттар;
b) үшінші мемлекеттер(ден)ге, Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағы(нан)на екінші Тараптың автокөлік құралының тасымалдары үшін рұқсаттар (автокөлік құралын тіркеген мемлекет арқылы транзитсіз).
Барлық рұқсаттар тура және кері бағытта бір рет жол жүруге жарамды.
2. Рұқсат тасымалдаушыларға кері бағытта жүк алуға құқық береді.
5-бап
Автокөлік құралдары тіркелген Тарап мемлекетінің құзыретті органдары тасымалдаушыларға Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының өзара келісімі бойынша жыл сайын белгіленетін квоталар шегінде жүк тасымалдауға рұқсат береді.
Осы мақсатта екі Тарап мемлекеттерінің құзыретті органдары рұқсат бланкілерінің қажетті санымен алмасатын болады.
6-бап
1. Осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген рұқсаттар:
а) тіркемені қоса алғанда, жүкпен бірге алғандағы жалпы массасы 6 тоннадан аспайтын немесе тіркеменің жүккөтергіштігін қоса алғанда, жүккөтергіштігі 3,5 тоннадан аспайтын автокөлік құралдарын;
b) жәрмеңкелерге, көрмелерге немесе демонстрацияларға арналған өнер туындыларын;
с) бір жолғы тәртіппен тек жарнама және ақпарат мақсаттарына арналған заттар мен жабдықтарды;
d) театр, музыка, кинематография, спорттық және цирк қойылымдарын, жәрмеңкелерді немесе мерекелерді өткізуге, сондай-ақ кино, радио және телевизиялық түсірілімдерге пайдаланылатын жабдықтарды, көмекші құралдарды және жануарларды;
е) почтаны;
f) ізгілік сипаттағы жүктерді;
g) басқа автокөлік құралын жөндеу үшін керек-жарақты тасымалдайтын автокөлік құралдарын, сондай-ақ зақымданған автокөлік құралдарын тартып сүйреуді;
һ) мәйіттерді және қайтыс болғандардың күлін тасымалдау үшін талап етілмейді.
7-бап
Рұқсаттар Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында келісілген үлгі бойынша дайындалады.
8-бап
1. Тасымалдаушыға берілген рұқсат тек сол үшін ғана жарамды және өзге тасымалдаушыларға беруге жатпайды.
2. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімде көзделген рұқсаттармен тегін алмасады.
3. Рұқсат автокөлік құралының бортында ұдайы болуы тиіс және Тараптар мемлекеттерінің бақылау жасайтын құзыретті органдары өкілі талабы бойынша көрсетілуі тиіс.
9-бап
Егер автокөлік құралының немесе жүктің салмағы мен өлшемдері екінші Тарап мемлекетінің аумағында рұқсат етілген шектен асқан жағдайда, тасымалдаушыларда осы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарының арнайы рұқсаты болуы тиіс.
10-бап
1. Осы Келісімнің шеңберінде жүк тасымалдарын жүзеге асыратын автокөлік құралдарын иеленушілер мен пайдаланушылар ақылы автомобиль жолдарынан, автомагистральдардан, көпірлер мен тоннельдерден жүріп өткені үшін алынатын алымдар мен төлемдерді, егер, осындай алымдар мен төлемдер өндіріп алынуға жатса, оның ішінде осы Тарап мемлекетінің автокөлік құралдарынан да өндіріп алынуға жататын алымдар мен төлемдерді қоспағанда, автокөлік құралдарына иелік етуге, автомобиль жолдарын пайдалануға немесе ұстауға байланысты алымдар мен төлемдерден өзара босатылады.
2. Осы Келісімге сәйкес тасымалдарды орындау кезінде екінші Тарап мемлекетінің аумағына уақытша әкелуге байланысты мынадай заттар кедендік баждардан өзара босатылады:
1) қозғалтқышты қоректендіру жүйесімен технологиялық және құрылымдық байланысқан автокөлік құралының әрбір моделі үшін жасаушы зауыт көздеген сыйымдылықтардағы жанармай, сондай-ақ жасаушы зауыт тіркемелерге және жартылай тіркемелерге орнатқан әрі жылыту және суыту қондырғыларының жұмысына арналған жанармай;
2) тасымалдау кезінде пайдалануға қажетті мөлшердегі жағармай материалдары;
3) халықаралық тасымалды орындайтын автокөлік құралын жол жүру кезінде қалыпты пайдалану үшін қажетті мөлшердегі қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар.
3. Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер, сондай-ақ ауыстырылған ескі қосалқы бөлшектер Тарап мемлекетінің аумағынан кері әкетілуі не кеден органдарының қадағалауымен жойылуы не тиісті Тарап мемлекетінің аумағында белгіленген тәртіппен тапсырылуы тиіс.
4. Автокөлік құралдарының экипаж мүшелері кедендік баждарды төлеусіз және әкелуге қосымша рұқсатсыз өздерінің жеке заттарын және өзінің кәсіби қызметі үшін қажетті құралды, оларды кері әкету шартымен тағайындалған еліне болатын мерзімге әкеле алады.
11-бап
Рұқсаттардың иелері мен олардың жүргізуші персоналы Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында екі мемлекеттің де қолданыстағы ұлттық заңнамаларының ережелерін сақтауға міндетті.
12-бап
Осы Келісіммен немесе Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен реттелмеген барлық мәселелер бойынша әрбір Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасының ережелері қолданылатын болады.
13-бап
Тасымалдаушылар Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағында осы Келісімнің ережелерін бұзған жағдайда, осы автокөлік құралы тіркелген Тарап мемлекетінің құзыретті органдары екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органдарының ақпараты бойынша мынадай санкциялардың бірін қолдануы тиіс:
а) ескерту;
б) бұзушылық жасалған Тарап мемлекетінің аумағында осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген тасымалдарды жүзеге асыру мүмкіндігінен айыру (уақытша немесе түпкілікті, ішінара немесе толық).
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары қабылдаған санкциялары туралы бірін-бірі өзара хабардар етеді.
14-бап
1. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті көлік органдарының өкілдері қажеттігіне қарай Тараптар мемлекеттері арасында автомобиль тасымалдарын одан әрі дамыту үшін, сондай-ақ осы Келісімнің тиісті түрде орындалуын қамтамасыз ету, оны өзгерту жөнінде ұсыныстар әзірлеу және қажетті статистикалық мәліметтермен алмасу немесе басқа да мақсаттарда осы Келісіммен құрылатын Аралас Комиссияның отырыстарында кездесетін болады.
2. Көрсетілген комиссия Тараптардың бірінің мемлекетінің бастамасы бойынша Тараптардың әрқайсысының мемлекетінің аумағында кезекпен жиналатын болады.
15-бап
1. Тараптар мемлекеттері осы Келісімнің қолданылуын онымен бір мезгілде қол қойылған және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Хаттама арқылы реттейді.
2. Осы Келісімнің 14-бабында көрсетілген Аралас Комиссия Тараптар мемлекеттерінің өзара келіскен кезде осы Келісімге және көрсетілген Хаттамаға қажеттілігіне қарай өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастамашылық жасауға құқылы.
3. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 18-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
16-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға қатысты туындаған даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешілетін болады.
17-бап
Осы Келісім Еуропа Одағының мүшесі ретінде Француз Республикасы үшін туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қоса алғанда, олар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
18-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың өзінің оның қолданылуын бұзу ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап үш ай өткенге дейін күшінде қалады.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
200__жылғы "___"______ __________ қаласында әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Француз Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль жүк тасымалдары туралы келісімді қолдану туралы хаттама
Осы Хаттама Келісімнің 15-бабына сәйкес жасалды және оған қосымша болып табылады.
Көрсетілген Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар төмендегі туралы келісті:
4, 5, 7 және 8-баптарды орындау үшін:
а) Қазақстан Республикасының аумағында жарамды рұқсаттардың сол жақ жоғары бөлігінде "КZ" деген әріптер, Француз Республикасының аумағында жарамды рұқсаттардың сол жақ жоғары бөлігінде»"Ғ" деген әріп болады;
b) рұқсаттардың нөмірі, бланкілерді берген құзыретті органның мөрі мен қолы болуы тиіс;
с) қазақстандық рұқсаттардың қолданылу мерзімі - 1 күнтізбелік жыл, ол рұқсат бланкісінде көрсетіледі;
d) француздық рұқсаттар оларды тасымалдаушыға берген сәттен бастап үш ай ішінде жарамды;
е) рұқсаттарға ілеспе есептер мыналарды қамтиды:
кәсіпорынның аты;
тура және кері бағытта жол жүру күні;
олар жатқызылған рұқсаттың нөмірі;
тасымалды жүзеге асыратын көлік құралының тіркеу нөмірі;
жүгі бар көлік құралының жүккөтергіштігі мен толық массасы;
тасымалданатын жүкті тиеу пункті мен түсіру пункті;
тасымалданатын жүктің мазмұны мен салмағы;
кедендік белгі соғылатын орын.
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары мыналар болып табылады:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі;
Француз Тарапынан - Француз Республикасы Көлік ісі министрлігі.
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда, Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі дереу хабардар етеді.
2008 жылға уақытша тәртіппен саны 600 дана рұқсат бланкілерімен айырбас жүзеге асырылды.
200__жылғы "___" _________ _________«қаласында әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Француз Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін