Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 24.10.2015 № 841 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.08.28 N 779 Қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 4 наурыздағы
N 219 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетінің
Үкіметі арасындағы Мәдениет және өнер саласындағы
ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетінің Үкіметі,
екі ел арасындағы өзара достастық негізінде қатынастарды нығайтуға және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар өнер көрмелерін өткізу, көркемөнер, музыка және театр топтарымен өзара алмасу, пластикалық өнер көрмелерін өткізу, визуальды өнер саласында тәжірибе алмасу, құжаттарды қорғау мен сақтау, дәстүрлі қолданбалы өнерді қолдау жолымен екі ел арасында мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайту жөнінде өзара іс-қимыл жасайды.
Тараптар мемлекеттері ұйымдастырып отырған фестивальдар мен мәдени іс-шараларға қатысу үшін Тараптар шақырулармен алмасады, халықаралық конференциялар мен кездесулерде мәдениет мәселелерін үйлестіреді.
2-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес мәдениет саласындағы ақпаратпен: жарияланымдармен, брошюралармен, фотосуреттермен, сирек кездесетін басылымдармен және шағын фильмдермен алмасу, сондай-ақ зияткерлік қызмет нәтижелерімен алмасуды белсенді ету, қолжазбаларды қайта жаңарту саласында оқу курстарын ұйымдастыру және мемлекеттердің бірінде өткізілетін кітап жәрмеңкелеріне қатысу арқылы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық кітапханалары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда өзара іс-қимыл жасайды.
3-бап
Тараптар мәдениет мекемелерінің басшылары мен мәдениет, өнер және мұра саласындағы зерттеушілердің сапарларымен алмасуда көтермелейді, сондай-ақ тиісті жарияланымдармен және брошюралармен алмасуға ықпал етеді.
Тараптар осы салаға жататын оқу курстары мен семинарлар өткізуге ықпал етеді.
4-бап
Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, өз мемлекеттерінің заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтеретін болады.
5-бап
Кез келген Тарап олардың арасында жазбаша келісім жасасу жолымен осы Келісімді өзгертуді ұсына алады, бұл ретте мұндай өзгеріс осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
6-бап
Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім үш жыл мерзім ішінде қолданылады және егер Тараптардың бірде-бірі тиісті кезең аяқталғанға дейін үш ай бұрын екінші Тарапқа өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы хабарламаса, автоматты түрде келесі үш жыл кезеңге ұзартылатын болады.
Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оның қолданыста болған кезеңінде келісілген қолданыстағы бағдарламалар мен жүзеге асырылатын қызметке әсер етпейді.
2008 жылғы "___"________ Астана қаласында әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі екі данасының күші бірдей. Әрбір Тарап өзіне бір данадан қалдырады. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру бойынша даулар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Катар Мемлекетінің
Үкіметі үшін Үкіметі үшін