Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2006 жылғы 25 мамырда Душанбе қаласында жасалған Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы
саласындағы ынтымақтастық туралы 1998 жылғы
11 қыркүйектегі келісімге өзгерістер енгізу туралы
ХАТТАМА
Ресми
куәландырылған
мәтін
Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы
саласындағы ынтымақтастық туралы 1998 жылғы
11 қыркүйектегі келісімге өзгерістер енгізу туралы
ХАТТАМА
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы 1998 жылғы 11 қыркүйектегі келісімге қатысушы-мемлекеттер, мына төмендегілер жайында келісті:
1-бап
Тараптар Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы 1998 жылғы 11 қыркүйектегі келісімге қосымша болып табылатын Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы жөніндегі үкіметаралық кеңес туралы ережені жаңа редакцияда қабылдайды (қоса беріліп отыр).
2-бап
Тараптар Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы жөніндегі үкіметаралық кеңес туралы бұдан бұрын қолданылып келген ереженің күші жойылғандығын мойындайды.
3-бап
Осы Хаттама оған қол қойылған күнінен бастап, ал заңнамалары оның күшіне енуі үшін қажет мемлекетішілік рәсімдер орындауды талап ететін мемлекеттер үшін - тиісті құжаттар депозитарийге тапсырылған күннен бастап күшіне енеді.
2006 жылғы 25 мамырда Душанбе қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.
Әзірбайжан Республикасы Молдова Республикасы
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасы Ресей Федерациясы
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасы Тәжікстан Республикасы
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Грузия Түркіменстан
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасы Өзбекстан Республикасы
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасы Украин Республикасы
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Орман өнеркәсібі кешені мен
орман шаруашылығы саласындағы
ынтымақтастық туралы 1998 жылғы
11 қыркүйектегі келісімге
ҚОСЫМША
Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы жөніндегі
үкіметаралық кеңес туралы
ЕРЕЖЕ
I. Жалпы ережелер
1.1. Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы жөніндегі үкіметаралық кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы 1998 жылғы 11 қыркүйектегі келісім (бұдан әрі - Келісім) шеңберінде орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы саласында ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылды.
1.2. Кеңес өзінің қызметінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Жарғысын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекеттер басшылары кеңесінің және Үкіметтері басшылары кеңесінің шешімдері мен ТМД шеңберінде жасалған өзге де мемлекетаралық және үкіметаралық шарттарды, осы Ережені басшылыққа алады.
1.3. Кеңес өзінің қызметін өзінің құзыреті шегінде ТМД Атқарушы комитетімен және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының басқа органдарымен бірлесе отырып жүзеге асырады.
II. Кеңестің міндеттері мен функциялары
2.1. Кеңестің негізгі міндеттері мен функциялары мыналар болып табылады:
2.1.1. Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы өнімі нарқын қалыптастыру және дамыту, Келісімге қатысушы мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында өзара тиімді кооперациялық байланыстар орнату жолымен оның номенклатурасын кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
2.1.2. Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру.
2.1.3. Келісімге қатысушы мемлекеттердің орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы өнімінің ішкі нарқын қорғаудың келісілген шараларын әзірлеу.
2.1.4. Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығының ғылыми-өндірістік әлеуетін дамытуға жәрдемдесу.
2.1.5. Келісім шеңберінде бірлескен жобалар мен бағдарламалар әзірлеу мәселелерін үйлестіру.
2.1.6. Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы саласында Келісімге қатысушы мемлекеттердің қаржы-өнеркәсіптік қызметінің бірлескен объектілерін құру жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
2.1.7. Ормандарды орнықты басқарудың құқықтық, әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық қырлары саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға, орман ресурстарын сақтауға және молықтыруға көмек көрсету. Толассыз, тауысып алмай және орнықты орман пайдалануды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау.
2.1.8. Өзінің құзыреті шеңберінде қолданыстағы дүниежүзілік практиканы ескере отырып, қоршаған ортаны қорғау проблемаларын шешуге өзара келісілген көзқарастар белгілеу.
2.1.9. Келісімге қатысушы мемлекеттердің орман өнеркәсібі кешендері мен орман шаруашылығына инвестициялар мен несиелер, сондай-ақ бюджеттен тыс көздерден қаржы қаражатын тартуға жәрдемдесу.
2.1.10. Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы саласында ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау, тиісті тақырып бойынша өзара қызығушылық туғызатын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуде және қаржыландыруда жәрдемдесу, ғылыми-техникалық ақпарат пен озық тәжірибе алмасу жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
2.1.11. Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы саласындағы қызметті реттейтін ұлттық нормативтік құқықтық құжаттарды үйлесімді ету жөніндегі жұмыста жәрдемдесу.
2.1.12. Ақпараттық және жарнамалық қызметті ұйымдастыруда, ғылыми, оқу және өзге сипаттағы басылымдар шығаруда көмек көрсету.
2.1.13. Кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөнінде іс-шаралар ұйымдастыруға, маркетинг, менеджмент мектептері мен курстарын ұйымдастыруға, кәсіби білімдерді, жинақталған тәжірибе мен ақпаратты таратуға, көрмелер, семинарлар, конференциялар, симпозиумдар ұйымдастыруға жәрдемдесу.
III. Кеңестің құқықтары
3.1. Өзінің міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру үшін Кеңестің мынаған құқығы бар:
3.1.1. Кеңестің құзыретіне жататын мәселелер бойынша құжаттар жобаларын белгіленген тәртіппен ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің және Үкіметтері басшылары кеңесінің қарауына енгізу.
3.1.2. Келісімге қатысушы мемлекеттердің тиісті министрліктері мен ведомстволарынан өзінің қызметі үшін қажет ақпаратты, сондай-ақ Кеңес шешімдерінің орындалуы туралы ақпарат сұрату.
3.1.3. Кеңес құзыретінің шеңберінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу туралы бірлескен жобаларды және өзге құжаттарды бекіту.
3.1.4. Жұмыс топтарын құру, олардың қызметінің тәртібін айқындау.
3.1.5. Бірлескен жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру көздерін айқындауға қатысу.
3.1.6. Өзінің құзыреті шеңберінде Достастықтың басқа мемлекетаралық және үкіметаралық органдарымен, бір бағыттағы халықаралық ұйымдармен, сондай-ақ мемлекеттердің тиісті басқару органдарымен ынтымақтастық жасау.
IV. Кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу тәртібі
4.1. Кеңес Келісімге қатысушы мемлекеттердің тиісті министрліктерінің, ведомстволарының немесе өзге құрылымдарының басшы қызметкерлерінен құрылады.
Келісімге қатысушы мемлекет Кеңеске екі өкілін: орман өнеркәсібі кешенін басқару органынан - бір және орман шаруашылығын басқару органынан - бір өкілін жібереді.
Келісімге қатысушы әрбір мемлекет Кеңесте бір дауысқа ие.
4.2. Кеңес құрамына әрқайсысы кеңесші дауыс беру құқығымен ТМД Атқарушы комитетінің өкілі және ТМД Орман шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақтары федерациясының төрағасы енеді.
4.3. Кеңесті төраға және төрағаның орынбасары басқарады, оларды мемлекеттер атауларының орыс әліпбиі тәртібімен орын ауыстырып тұру принципінің негізінде Келісімге қатысушы мемлекеттердің өкілдерінен тұратын Кеңес бір жылдан аспайтын мерзімге сайлайды.
Кеңес төрағасын және төрағасының орынбасарын сайлау туралы шешім қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады.
4.4. Келісімге қатысушы мемлекеттер өкілдерінің Кеңес қызметі, қабылданған шешімдер туралы қажетті ақпарат алуға, сондай-ақ Кеңес құзыретінің шегінде мәселелерді талқылауға енгізуге құқығы бар.
4.5. Кеңестің отырысына байқаушылар немесе сарапшылар ретінде мемлекеттердің мүдделі министрліктерінің, ведомстволарының, ұйымдары мен кәсіпорындарының, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері шақырылуы мүмкін.
4.6. Кеңес өз жұмысының регламентін жасайды және бекітеді.
4.7. Кеңес жұмысы мемлекеттер атауларының орыс әліпбиі тәртібімен Келісімге қатысушы мемлекеттерде оның отырыстарын өткізу жолымен жүзеге асырылады.
4.8. Кеңестің отырыстары қажет болуына қарай, бірақ жылына әрі кеткенде бір рет өткізіледі.
Кеңестің кезектен тыс отырысы Келісімге қатысушы кез келген мемлекеттің бастамашылығы бойынша және Келісімге қатысушы мемлекеттердің көпшілігінің келісімімен шақырылуы мүмкін.
Кеңестің отырысына Келісімге қатысушы мемлекеттер өкілдерінің жартысынан астамы қатысып отырса, ол заңды болып есептеледі.
4.9. Негізгі қызмет мәселелері бойынша және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу туралы бірлескен жобаларды және өзге де құжаттарды бекіту туралы Кеңестің шешімдері консенсуспен қабылданады және ұсыныс жасау сипатында болады.
Келісімге қатысушы кез келген мемлекет белгілі бір мәселеге өзінің мүдделі еместігі жайында мәлімдей алады, бұл шешім қабылдауға тосқауыл ретінде қаралмауы тиіс.
Рәсімдік мәселелер бойынша шешімдер Келісімге қатысушы мемлекеттердің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.
4.10. Кеңестің кезекті отырысы өткізілетін орын мен оның уақыты Кеңестің осының алдындағы отырысында айқындалады.
4.11. Келісімге қатысушы мемлекеттер, өз өкілдерінің Кеңестегі жұмысына байланысты іссапар шығындарын қоса алғанда, шығындар кешеді.
Кеңес отырыстарын өткізуге жұмсалатын шығындар мемлекет қаражатынан және аумағында олар өткізіліп отырған мемлекеттің заңнамасы тыйым салмайтын өзге көздерден қаржыландырылады.
4.12. Кеңес жұмыс органының (хатшылығының) функцияларын ТМД Атқарушы комитетінің тиісті бөлімшесі орындайды.
4.13. Кеңестің жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
Осымен ұсынылып отырған мәтін 2006 жылғы 25 мамырда Душанбе қаласында болған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкіметтері басшылары кеңесінің отырысында қабылданған Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы 1998 жылғы 11 қыркүйектегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың нақты көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.
Төраға