"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 20 наурыздағы N 275 Қаулысы

       Ескерту. Заңның жобасы Қазақстан Республикасының Парламентiнен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2009.03.18. N 351 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

жоба 

Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия
Республикасының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы
туралы келісімді ратификациялау туралы

      1998 жылғы 19 мамырда Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН
ЛАТВИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ
ӘУЕ ҚАТЫНАСЫ ТУРАЛЫ
КЕЛІСІМ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі бұдан былай "Келісуші Тараптар" деп аталады,
      1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода жасалған және Вашингтонда қол қою үшін ашылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның қатысушылары бола отырып,
      Келісуші Тараптар мемлекеттеріндегі тиесілі аумақтар арасында, сондай-ақ олардан тысқары әуе қатынасын орнату мақсатында Келісімді бекітуге ынталана отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
АНЫҚТАМАЛАР

      1. Осы Келісімде мына атаулар:
      а) "Конвенция" атауы 1944 жылғы желтоқсанда Чикагода жасалған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны білдіреді және осы Конвенцияның кез келген Қосымшасын және Келісуші Тараптарға қолданымды дәрежеде осы Конвенцияның 90-бабына сай қабылданған осындай Қосымшаның кез келген түзетулерін, және Конвенцияның 90 және 94-бабына сай қабылданған Конвенцияның кез келген түзетулерін де өзіне қосып алады;
      б) "авиациялық билік орындары" атауы Қазақстан Республикасына қатысты - Көлік және коммуникация министрлігін, ал Латвия Республикасына қатысты - Латвия Республикасының Қатынас министрлігін
немесе екі жағдайда да осы кезде аталмыш билік орындарымен міндеттерді орындауға уәкілденген тұлғаны немесе кез келген ұйымды білдіреді;
      в) "тағайындалған авиакомпания" атауы осы Келісімнің 3-бабына сәйкес тағайындалған және рұқсат алған авиакомпанияны білдіреді;
      г) "аумақ", "әуе қатынасы", "халықаралық әуе қатынасы", "авиакомпания" және "жүйелі әуе қатынасының мақсатымен аялдама жасау" атаулары Конвенцияның 2 және 96-бабында көрсетілген мағынаны білдіреді;
      д) "тариф" жолаушыларды, теңдеме жүк пен жүк тасымалдауға белгіленген бағалар мен агенттік және өзге де қосымша қызметтерге қатысты бағалар мен жағдайларды қоса осы бағалар қолданылатын жағдайларды білдіреді, бұған пошта тасымалының сыйақысы мен оның жағдайлары қосылмайды;
      е) "сыйымдылық" атауы:
      - әуе кемесіне қатысты маршрутта немесе оның бөлігінде осы әуе кемесінің саудалық тиелімін білдіреді;
      - орнатылған әуе қатынасына қатысты әуе кемесінің осы қатынаста пайдаланылатын сыйымдылығының осы әуе кемесінің маршрутта немесе маршрут бөлігінде белгілі бір кезеңде жасалатын ұшу жиілігіне көбейтіндісін білдіреді.
      2. Осы Келісімнің Қосымшасы оның ажырамас бөлігі болып табылады.

2-бап
ҚҰҚЫҚТАРДЫ БЕРУ

      1. Әрбір Келісуші Тарап екінші Келісуші Тарапқа осы Келісімнің Қосымшасында көрсетілген маршруттар бойынша халықаралық әуе желілерін орнату мақсатымен осы Келісімде қарастырылған құқықтарды береді. (бұдан былай - "келісілген әуе жолдары" және "белгіленген маршруттар" деп аталады).
      2. Кез келген Келісуші Тараппен тағайындалған әрбір авиакомпаниялар белгіленген маршруттар бойынша келісілген әуе жолдарын пайдалану кезінде мына құқықтарды пайдаланатын болады:
      а) екінші Келісуші Тарап мемлекетінің аумағынан қонбастан ұшып өту;
      б) екінші Келісуші Тарап мемлекетінің аумағында осы Келісімнің Қосымшасында көрсетілген пункттерге сай халықаралық қатынастарда тасымалданатын жолаушыларды, пошта мен жүкті бортқа алу және/немесе түсіру мақсатымен қоныс жасауға құқылы.
      3. Осы баптың тармағында көрсетілгендер кез келген Келісуші Тараптың тағайындалған авиакомпаниясының екінші Келісуші Тарап мемлекетінің аумағындағы пункттер арасында тасымалданатын жолаушыларды, жүк пен поштаны сыйақы немесе жалдау бойынша бортқа алуға құқық береді деп қаралмайды.
      4. Рейс жиілігі, ұшақ түрлері, сыйымдылықтар мен келісілген әуе желілерінде қолданылатын тарифтер мен тағайындалған авиакомпаниялар арасында келісіледі және Келісуші Тараптардың авиациялық билік орындарының қолдауына ұсынылады.
      5. Қосымша және чартерлік рейстер әрбір Келісуші Тараптың заңдары мен ережелеріне сай жүзеге асырылатын болады.

3-бап
ӨКІЛЕТТІКТЕР

      1. Әрбір Келісуші Тарап екінші Келісуші Тарапты жазбаша түрде хабардар ете отырып, белгіленген маршруттар бойынша келісілген әуе жолдарын пайдалану мақсатымен бір немесе бірнеше авиакомпанияларды тағайындауға құқылары бар.
      2. Екінші Келісуші Тараптың авиациялық билік орындары осындай тағайындауды алу бойына осы баптың 3-тармағының қағидаларына сай әрбір тағайындалған авиакомпанияларға ұшу орындауға жедел түрде рұқсат етеді.
      3. Бір Келісуші Тараптың авиациялық билік орындары пайдалану рұқсаттарын беру алдында екінші Келісуші Тараптың тағайындалған авиациялық билік орындарынан Конвенцияның ережелеріне сай халықаралық әуе желілерін пайдалану кезінде осы билік орындарымен әдеттегідей қолданылатын заңдар мен ережелер шарттарын осындай алу қабілетінің барлығына дәлелдемелер талап етуі мүмкін.
      4. Әрбір Келісуші Тарап осы баптың 2 тармағында көрсетілген пайдалану рұқсатын беруден бас тартуға немесе осы авиакомпанияны тағайындаған Келісуші Тараптың авиациялық билік орындары немесе олардың мемлекеттеріндегі азаматтардың аталмыш авиакомпанияға мүліктік иелену мен пәрменді бақылау жасай алатындығына дәлелі болмаған кез келген жағдайда, осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген құқықтарды тағайындалған авиакәсіпорындардың пайдалануы кезінде
қажетті болатын шарттарды талап етуге құқығы бар.
      5. Осылайша тағайындалған және рұқсат алған авиакомпания осы Келісімнің 12-бабына сай белгіленген тарифтер осы әуе желілеріне енгізілген және осы Келісімнің 2-бабының 4 тармағына сай Келісуші Тараптардың авиациялық билік орындарының қолдауын алған жағдайда, кез келген сәтте келісілген әуе жолдарын пайдалануды бастай алады.
      6. Келісуші Тараптардың авиациялық билік орындары осы баптың қағидаларына сай екінші авиакомпаниямен тағайындалған кез келген авиакомпанияны ауыстыруына құқығы бар.

4-бап
ҰШУЛАРДЫ ОРЫНДАУ РҰҚСАТЫН ТОҚТАТУ НЕМЕСЕ ЖОЮ

      1. Әрбір Келісуші Тарап тасымалдауды орындауға рұқсат беруден бас тартуға немесе екінші Келісуші Тараппен тағайындалған кез келген авиакомпанияның осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген құқықтарды пайдалануын немесе осы құқықтарды пайдалану кезінде қажетті деп есептеген мына жағдайларды талап етуге құқығы бар:
      а) егер, олар, осы авиакомпанияны тағайындаған Келісуші Тараптың авиациялық билік орындарының немесе олардың мемлекеттеріндегі азаматтардың қолында осы авиакомпанияны иелену мен нақты бақылау жүргізе алу құқығының барлығына күмәнданған кез келген жағдайда, немесе
      б) егер, осы авиакомпания осы құқықтарды берген Келісуші Тараптың заңдары мен ережелерін сақтамаған жағдайда, немесе
      в) егер, осы авиакомпания қайсы-бір себептермен осы Келісімде қарастырылған ережелерді сақтамаған жағдайда.
      2. Осы баптың 1 тармағында көрсетілген шарттардың орындалуы заңдар немесе ережелердің бұдан былай бұзылуын болдырмау үшін жедел бас тарту, тоқтата тұру қажетті болмаған жағдайда, осы тармақта айтылған құқықтар Келісуші Тараптардың авиациялық билік орындарының арасында кеңес жүргізілген соң ғана пайдаланылатын болады. Осындай кеңесулер сұраныс түскен күннен соң алпыс күннің (60) ішінде авиациялық билік орындарының арасында жүргізілуі тиіс.

5-бап
ЗАҢДАР МЕН ЕРЕЖЕЛЕРДІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ

      1. Халықаралық ұшулар жасап жүрген әуе кемелерінің бір Келісуші Тарап мемлекетінің аумағынан ұшып шығуы мен ұшып келуін немесе Конвенцияға сай Келісуші Тараппен белгіленетін оның аумағының шеңберінде болуы кезінде осы әуе кемелерінің пайдалануын немесе аэронавигациясын реттейтін заңдары мен ережелері екінші Келісуші Тараппен тағайындалған кез келген авиакомпаниялардың әуе кемелерінде де қолданылатын болады.
      2. Бір Келісуші Тарап мемлекетінің аумағына жолаушылардың, экипаждың, жүктер мен поштаның келуін, болуы мен жөнелтілуін реттейтін, жеке алғанда паспорттық, кедендік, валюталық және санитарлық заңдары мен ережелері екінші Келісуші Тараппен тағайындалған кез келген авиакомпанияның әуе кемелерімен тасымалданатын жолаушыларға, экипажға, жүк пен поштаға осы аталмыш аумақ шеңберінде болған кезінде қолданылатын болады.

6-бап
КУӘЛІКТЕР МЕН АЙҒАҚТАРДЫ МОЙЫНДАУ

      1. Бір Келісуші Тараппен берілген және пәрменді деп танылған және күш мерзімі бітпеген ұшу жарамдылығы туралы куәліктер мен біліктілік айғақтары және экипаж мүшелерінің куәліктері Конвенцияға сай белгіленген ең аз стандарттарға сай болған немесе осындай стандарттардан жоғары болған жағдайда, екінші Келісуші Тараппен де пәрменді деп танылады.
      2. Әрбір Келісуші Тарап өз мемлекеттерінің үстінен ұшатын әуе кемелеріне өз мемлекетінің немесе кез келген өзге мемлекеттің азаматтарымен берілген немесе пәрменді деп танылған біліктілік туралы куәліктер мен айғақтарды мойындаудан бас тартуына құқығы бар.

7-бап
ПАЙДАЛАНУ АЛЫМДАРЫ

      1. Әрбір аэропорттың ғимараттарын, техникалық және басқа құралдарын қоса пайдалану және қызмет көрсету алымдары мен басқа төлемдері, сондай-ақ аэронавигациялық құралдарды, байланыс құралдарын пайдалану мен қызмет көрсетудің кез келген төлемдері әрбір Келісуші Тараптың белгілеген ставкалары мен тарифтеріне сай алынатын болады және осыған балама халықаралық тасымалдарды жүзеге асырушы басқа авиакомпаниялары үшін белгіленген алымдардан аспайтын болады.
      2. Дер кезінде мәлімденген соң алымдар мөлшері өзгертіледі.

8-бап
КЕДЕНДІК АЛЫМДАР МЕН БАСҚА ДА АЛЫМДАРДАН БОСАТУ

      1. Кез келген Келісуші Тараппен тағайындалған авиакомпанияның халықаралық әуе қатынастарын жүзеге асыратын әуе кемелері, сондай-ақ осы әуе кемесінің бортында болатын жинақты борт құралдары, отын және жағармай материалдары, борт қорлары (тағамдар, сусындар мен темекі бұйымдары) екінші Келісуші Тарап мемлекетінің аумағына келу бойына осы жабдықтар, материалдар мен қорлар кері бағытта бекітілген жағдайға дейін әуе кемесінің бортында қалған жағдайда салықтардан, кедендік баждар мен алымдардан босатылатын болады.
      2. Сонымен қатар, осындай салықтардан, кедендік баждар мен алымдардан қызмет көрсету алымдарын қоспағанда, мыналар босатылады:
      а) бір Келісуші Тарап мемлекетінің аумағында аталмыш Келісуші Тараптың құзырлы органдарымен белгіленген лимит шегінде бортқа алынған және екінші Тараптың тағайындалған авиакомпаниясымен келісілген әуе желілерінде пайдаланылатын әуе кемелерінің бортында қолдануға арналған борт қорлары;
      б) екінші Келісуші Тараптың тағайындалған авиакомпаниясымен әуе желілерінде пайдаланылатын әуе кемесіне техникалық қызмет көрсетуге және жөндеу үшін бір Келісуші Тараптың аумағына әкелінген қосалқы бөлшектер;
      в) келісілген әуе жолдарын пайдаланушы бір Келісуші Тараптың тағайындалған авиакомпаниясына арналған және бортқа алған Келісуші Тарап мемлекетінің аумақ шегіндегі маршруттың учаскесінде пайдаланылатын отын мен жағармай материалдары;
      г) бір Келісуші Тараптың тағайындалған авиакомпаниясымен пайдаланылатын тасымал құжаттарын қоса, соның ішінде авиабилеттері, авианакладнойлары және жарнамалық материалдары, брондауға және байланысқа қажетті электрон жабдықтары мен оның қажетті қосалқы бөлшектері, сондай-ақ аэропорт аумағында саудалық және пайдалану мақсатымен тағайындалған авиакомпанияларымен пайдаланылуы мүмкін материалдар мен жабдықтар осылар жолаушылар мен жүктердің тасымалын қамтамасыз еткен жағдайда.
      3. Осы баптың 2 тармағында көрсетілген материалдар, қорлар және қосалқы бөлшектер, сондай-ақ құжаттар мүдделі Келісуші Тараптың кедендік биліктерінің талап етуімен бақылауға немесе осы кедендік билік орындарының бақылауына алынуы мүмкін.
      4. Бір Келісуші Тараптың тағайындалған авиакомпаниясымен пайдаланылатын әуе кемесінің бортында болатын жинақталған борт жабдықтары, сондай-ақ материалдар, қосалқы бөлшектер екінші Келісуші Тарап мемлекетінің аумағына осы Келісуші Тараптың кедендік органдарының келісуімен түсірілуі мүмкін. Бұл жағдайда, олар кері бағытта әкетілгенге дейін немесе кедендік заңдарға сай өзге тағайындау алғанша кедендік органдарының бақылауында болады.
      5. Кез келген Келісуші Тараптың мемлекетінің аумағы арқылы тікелей транзитпен жүрген багаж бен жүкке, сонымен қатар салықтар, кедендік баждар мен алымдар салынбайтын болады.

9-бап
ТІКЕЛЕЙ ТРАНЗИТТІК ҚАТЫНАС

      Бір Келісуші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы тікелей транзитпен жүретін және осы мақсатта бөлінген аэропорт ауданынан кетпейтін жолаушылар, багаж бен жүк азаматтық авиация қызметіне заңсыз араласуды болдырмау бойынша және тасымалға тыйым салынған заттар мен бұйымдарды жеткізуде қауіпсіздік шараларын қоспағанда жеңіл тексеруге жатады.

10-бап
ТАСЫМАЛ КӨЛЕМІН РЕТТЕУ

      1. Келісуші Тараптардың тағайындалған авиакәсіпорындарына белгіленген маршруттар бойынша келісілген әуе жолдарын пайдалануға әділ және теңдес жағдайлар жасалатын болады.
      2. Бір Келісуші Тарап мемлекетінің тағайындалған авиакомпаниясы келісілген әуе жолдарын пайдалану кезінде осы маршрутта немесе оның бір бөлігінде авиажелілерді пайдаланатын екінші Келісуші Тарап мемлекетінің тағайындалған авиакомпаниясының мүддесін ескеріп отыруы тиіс.
      3. Келісуші Тараптардың тағайындалған авиакомпанияларымен пайдаланылатын келісілген әуе желілері белгіленген маршруттар бойынша жалпы қабылданған тасымал мұқтаждығына сай болуы және әрбір тағайындалған авиакомпаниясының әуе кемесіне ақылға сыйымды тиелу коэффициенті жолаушылар, жүк пен пошта тасымалының бұрыннан бар мұқтаждығына сай болуы тиіс.

11-бап
КЕСТЕЛЕРДІ БЕКІТУ

      Келісілген әуе желілері бойынша қозғалыс кестелері, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар Келісуші Тараптардың екеуінің авиациялық билік орындарының бекітуіне тағайындалған авиакәсіпорындармен кестені енгізудің болжалған күніне дейінгі отыз (30) күннен кешіктірмей ұсынылатын болады. Ерекше жағдайларда бұл мерзім аталмыш билік орындарының келісуімен өзгертілуі мүмкін.

12-бап
ТАРИФТЕР

      1. Кез келген келісілген әуе желілеріндегі тарифтер тасымал нарқына байланысты барлық факторларды ескере отырып белгіленетін болады.
      2. Осы баптың 1 тармағында көрсетілген тарифтер белгіленген маршруттардың әрқайсысы бойынша Келісуші Тараптардың екеуінің тағайындалған авиакомпанияларының арасында келісілетін болады.
      3. Осылайша келісілген тарифтер оларды енгізу болжалған күнге дейінгі (30) күнге жеткізбей Келісуші Тараптардың авиациялық билік орындарының бекітуіне берілуі тиіс. Осы кезең аталмыш билік орындарының келісуімен қысқартылуы мүмкін. Келісуші Тараптардың авиациялық билік орындарының ешқайсысы тариф ұсынылған күннен кейін отыз (30) күннің ішінде өзінің келіспейтіндігін білдірмесе тарифтер бекітілген болып есептеледі.
      4. Осы баптың 2 тармағына сай немесе осы баптың 3 тармағына сай қолданылатын кезең ішінде тариф келісілмеген жағдайда, бір Келісуші Тараптың авиациялық билік орындары екінші Келісуші Тараптың авиациялық билік орындарына бекітуге берілген кез келген тарифпен келіспейтіндігі туралы мәлімдеген жағдайда екі Келісуші Тараптың авиациялық билік орындары өзара келісу арқылы тарифті анықтауға тырысатын болады.
      5. Келісуші Тараптардың авиациялық билік орындары осы баптың 3 тармағына сай ұсынылған кез келген тарифпен келіспеген жағдайда немесе осы баптың 4 тармағына сай тарифті анықтамаған жағдайда осы Келісімнің 17 бабының талаптарына сай пікірталаспен шешілетін болады.
      6. Осы баптың қағидаларына сай белгіленген тариф жаңа тариф бекітілгенге дейін күшінде қалатын болады. Келісуші Тараптардың авиациялық билік орындарымен бекітілмеген бірден-бір тариф күшіне енбейді.

13-бап
САУДАЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ МҮМКІНШІЛІКТЕР

      1. Бір Келісуші Тараптың тағайындалған авиакомпанияларына екінші Келісуші Тарап мемлекетінің аумағындағы өкілдіктерін қоса тікелей немесе осы Келісуші Тарап мемлекетінде заңдар мен ережелерді сақтай отырып, агенттері арқылы жергілікті немесе кез келген конверсияланатын валютамен жеке тасымал құжаттарын пайдалана отырып, автокөлік тасымалын сату құқығы беріледі.
      2. Бір Келісуші Тараптың тағайындалған авиакомпанияларына екінші Келісуші Тарап мемлекетінің аумағында кіруге, өмір сүруге және жұмыспен қамтуға қатысты заңдары мен ережелерін сақтай отырып өзінің өкілдіктерін ашу, сол жерде өзінің әкімшілік, техникалық, саудалық және келісілген әуе желілері үшін қажетті басқа персоналдарын күтіп ұстау құқығы беріледі.
      3. Әрбір Келісуші Тарап екінші Келісуші Тараптың тағайындалған авиакомпаниясына, осы авиакомпаниямен оның мемлекетінің аумағында келісілген әуе жолдарын пайдаланудан түскен табыстары мен шығындарының артығын еркін аударып отыру құқығын береді.
      4. Осындай ақша аударымы Келісуші Тараптар арасында қаржылық қатынастарды реттейтін келісім ережелеріне сай жүзеге асырылуы тиіс. Осындай келісім немесе осы келісімнің тиісті ережелері болмаған жағдайда, аумағында табыс алынған мемлекеттің заңдарына сай ақша аударымы жүзеге асырылады.

14-бап
АВИАЦИЯ ҚАУІПСІЗДІГІ

      1. Келісуші Тараптар халықаралық құқықтардан туындайтын өздерінің құқықтары мен міндеттеріне сай бір-біріне қатысты алған азаматтық авиация қауіпсіздігіне заңсыз араласу актілерінен қорғау міндеттерін осы Келісімнің ажырамас бөлігі екенін растайды. Халықаралық заңдарда көрсетілген құқылары мен міндеттерінің жалпылама қолданысымен шектеліп қоймай, Келісуші Тараптар сонымен бірге, 1963 жылғы 14 қыркүйекте Токиода қол қойылған әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар мен кейбір басқа актілер туралы Конвенцияның 1970 жылғы 16 желтоқсанда Гаагада қол қойылған әуе кемелерін заңсыз басып алуға тойтарыс беру жөніндегі Конвенцияның және 1971 жылғы 23 қыркүйекте Монреальда қол қойылған Азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы жасалатын заңсыз актілермен күресу туралы Конвенцияның, осы Конвенцияның 1988 жылғы 24 ақпанда Монреальда қол қойылған Халықаралық азаматтық авиация әуежайларындағы заңсыз араласу актілерімен күресі туралы қосымша Хаттама қағидаларына, сондай-ақ бұдан әрі олардың арасында бекітілетін келісімдерге сай қимыл-әрекет жасайтын болады.
      2. Келісуші Тараптар бір Келісуші Тараптың өтініші бойынша әуе кемелерін заңсыз басып алу актілеріне және әуе кемелерінің, олардың жолаушылары мен экипаждарының әуежайлары мен аэронавигациялық құралдардың қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілерге, сондай-ақ азаматтық авиация қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрқилы әрекеттерге жол бермеуде бір-біріне қажетті барлық қажетті көмегін көрсетіп отыратын болады.
      3. Келісуші Тараптар өзара қарым-қатынасын Халықаралық азаматтық авиация ұйымы орнатқан және Халықаралық азаматтық авиация туралы Конвенцияға тіркелген қосымшалардағы авиация қауіпсіздігі жөніндегі ережелер Келісуші Тараптарға қолданымды болулары тиісті. Келісуші Тараптар әуе кемелеріне қызмет атқаратын, қызмет орыны мен тұрақты тұрғындары өз мемлекетінің аумағында болатын персоналдар мен өз мемлекетінің аумақтарындағы халықаралық әуежайларда қызмет ететін персоналдардан осындай авиация қауіпсіздігі жөніндегі ережелерге сай әрекет жасауларын талап ететін болады.
      4. Әрбір Келісуші Тарап екінші Келісуші Тараптың аумағы шеңберіне ұшып бару, онда болу және одан ұшып кету үшін қажетті осы баптың 3 тармағында айтылған авиация қауіпсіздігі туралы ережелермен талаптардың орындалуын сол әуе кемелеріне қызмет көрсететін персоналдан екінші Келісуші Тарап талап ете алады дегенге келіседі. Әрбір Келісуші Тарап өз мемлекетінің аумағы шеңберінде әуе кемелерін қорғау үшін және жолаушыларды, қол жүктерін теңдеме жүктерді, жүктер мен борттық қорларды отырғызудан немесе тиеуден бұрын, әйтпесе сол отырғызу - тиеу кездерінде тексеру үшін қажетті шаралардың ұтымды қолданылуын қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар, әрбір Келісуші Тарап екінші Келісуші Тараптың нақтылы қатерге байланысты арнайы шара қолдануы туралы кез келген өтінішін зор тілектестікпен қарап отырады.
      5. Әуе кемесін заңсыз басып алуға байланысты немесе әуе кемесінің, ондағы жолаушылар мен экипаждың, әуежайлар мен басқадай аэронавигациялық құрал-аспаптардың қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілерге байланысты қақтығыстар немесе қақтығыс қатері туындаған жағдайда, Келісуші Тараптар өзара байланысты жеңілдету арқылы және ондай қақтығыстарды немесе қақтығыс қатерін тез және қауіпсіз түрде жою мақсатында басқадай тиісті шаралар қолдану арқылы бір-біріне көмектесіп отырады.
      6. Егер осы бапта көрсетілген авиация қауіпсіздігі туралы қағидаларды Келісуші Тараптардың бірі орындамаған жағдайда, екінші Келісуші Тараптың авиациялық билік орындары аталмыш Келісуші Тараптың билік орындарынан жедел Кеңес өткізілуін талап ете алады.

15-бап
СТАТИСТИКАЛЫҚ МӘЛІМЕТТЕРДІ БЕРУ

      1. Әрбір Келісуші Тараптың авиациялық билік орындары екінші Келісуші Тараптың сұрауы бойынша мерзімді немесе басқа статистикалық мәліметтерді ұсынатын болады.
      2. Осындай статистикалық мәліметтерде келісілген әуе жолдары бойынша тағайындалған авиакомпаниялармен жасалатын тасымал көлемін анықтау үшін қажетті ақпараттар, оған қоса осындай тасымалдардың жөнелту және тағайынды пункттері жөнінде ақпараттар болуы тиіс.

16-бап
КЕҢЕСУЛЕР МЕН ӨЗГЕРІСТЕР

      1. Осы Келісімнің түсіндіруге немесе қолдануға қатысты барлық мәселелер бойынша тығыз ынтымақтастықты жеңілдету үшін Келісуші Тараптардың авиациялық билік орындарының арасында қажет болуына қарай кеңесулер жүргізетін болады.
      2. Егер Келісуші Тараптардың бірі осы Келісімнің немесе оның Қосымшасының ережелеріне қатысты қандай-бір өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қалаған жағдайда, ол екінші Келісуші Тараптан кеңесулер сұрауы мүмкін. Келісуші Тараптардың авиациялық билік орындарының арасында келіссөздер жүргізу немесе хат жазысу жолымен жүргізілуі және оларды жүргізу жөнінде екінші Келісуші Тараптан сұраныс алған күннен бастап алпыс (60) күннің ішінде, егер осы мерзімді ұзарту туралы Келісуші Тараптар уағдаласпаған жағдайда басталуы мүмкін. Осылайша келісілген өзгерістер мен толықтырулар Келісуші Тараптармен бекітілетін болады және олар дипломатиялық арналар бойынша нота алмасу жолымен бекітілген соң күшіне енеді.

17-бап
ДАУ-ДАМАЙЛАРДЫ РЕТТЕУ

      1. Егер Келісуші Тараптар арасында осы Келісімді түсіндіру мен қолдануға қатысты қандай-бір дау-дамай туындаған жағдайда, Келісуші Тараптар ең бірінші болып оны келіссөздер жүргізу жолымен шешуге ұмтылатын болады.
      2. Аталмыш жолмен дау-дамайдың қайсы-бірі шешілмеген жағдайда, Келісуші Тараптардың бірінің сұрауы бойынша бұл дау төрелік сотқа тапсырылуы мүмкін.
      3. Осындай Төрелік сот әрбір нақты жағдайда былай тағайындалатын болады: Төрелік сот жөнінде сұраныс түскен күннен бастап алпыс (60) күннің ішінде Келісуші Тараптардың әрқайсысы бір төрешіден сайлайды. Осы екі төреші Келісуші Тараптардың екеуімен де келісе отырып, үшінші елдің азаматы болып табылатын сот Төрағасын сайлайды. Төрағаны сайлау алғашқы екі төрешіні сайлаған күннен бастап алпыс (60) күннен кешіктірмей жүргізілуі тиіс.
      4. Егер қажетті тағайындаулар осы баптың 3 тармағында көрсетілген мерзімде жүргізілмеген жағдайда, және Келісуші Тараптар өзгеше келіспеген жағдайда, Келісуші Тараптардың кез келгені Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Кеңесінің Президентіне кез келген қажетті тағайындауларды жүргізу туралы сұраныспен хабарласа алады. Президент Келісуші Тараптардың бірінің азаматы болып шыққан жағдайда немесе басқа себептермен аталмыш әрекеттерді жүзеге асыра алмаған жағдайда, қажетті іс-қимылдарды жүргізу құқығы Халықаралық азаматтық авиация Ұйымы Кеңесінің Вице-Президентіне беріледі. Вице-Президент те Келісуші Тараптардың бірінің азаматы болып шыққан жағдайда немесе аталмыш іс-қимылдарды жүзеге асыра алмайтын жағдайда қажетті тағайындауларды сұрау туралы құқығы Келісуші Тараптардың бірінің азаматы болып табылмайтын, Халықаралық азаматтық авиация Ұйымы Кеңесінің келесі ағалығына берілетін болады.
      5. Осы бапқа сай бекітілетін Төрелік сот көпшілік дауыспен шешім қабылдайды. Осы шешімдер Келісуші Тараптардың екеуіне де міндетті. Әрбір Келісуші Тарап өзінің тағайындаған төрешісінің және төрелік сот жүргізуге байланысты шығындарды көтереді, Төрағаның шығыны мен ескерілмеген шығындар сот процесінен жеңілген Келісуші Тараппен төленетін болады.

18-бап
ТІРКЕУ

      Осы Келісім, оған өзгерістер мен толықтырулар Халықаралық азаматтық авиация ұйымында тіркеледі.

19-бап
КҮШ МЕРЗІМІ

      1. Осы Келісім белгісіз мерзімге бекітілді.
      2. Әрбір Келісуші Тарап дипломатиялық арналар бойынша осы Келісім күшін тоқтатыны туралы екінші Келісуші Тарапқа мәлімдеуі мүмкін. Сонымен бірге осындай мәлімдеме Халықаралық азаматтық авиация Ұйымына жіберілуі мүмкін. Егер осындай мәлімдеме алынса, онда екінші Келісуші Тарап мәлімдемені алған күннен бастап он екі (12) айдан соң, егер осы мерзім ішінде Келісім күшін тоқтату туралы мәлімдеме өзаралық уағдаласумен кері қайтарылып алынбаған жағдайда, осы Келісімнің күші тоқтайтын болады. Екінші Келісуші Тараптан Келісім күшін тоқтату туралы растау болмаған жағдайда осы мәлімдемені Халықаралық азаматтық авиация Ұйымы алған күннен бастап он төрт (14) күннен соң ол алынған болып есептеледі.

20-бап
КҮШІНЕ ЕНУ

      Осы Келісім күшіне енуге қажетті мемлекет ішінің барлық процедуралары орындалғаны туралы ең соңғы мәлімдеме алынған күннен бастап өз күшіне енеді.
      1998 19.05. Алматы қаласында екі данамен, әрқайсысы қазақ, латыш және орыс тілдерінде, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей болып жасалды. Дегенмен, осы Келісімді немесе оның Қосымшасын түсіндіруде пікірталас туындаған жағдайда, орыс тіліндегі мәтінге басымшылық беріледі.

      Қазақстан Республикасының          Латвия Республикасының
            Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

ҚОСЫМША 

      1. Қазақстан Республикасының тағайындалған авиакәсіпорындарында мына маршруттар бойынша келісілген әуе жолдарын пайдалану құқықтары бар:

Жөнелту            Аралық            Тағайындау            Тысқары
Пункттері         Пункттер            Пункттері            Пункттер

Қазақстан                              Латвия               Үшінші
Республикасындағы                 Республикасындағы        елдердегі
пункттер                              пункттер              пункттер

      2. Латвия Республикасының тағайындалған авиакәсіпорындарында мына маршруттар бойынша келісілген әуе жолдарын пайдалану құқықтары бар:

Жөнелту            Аралық            Тағайындау            Тысқары
Пункттері         Пункттер            Пункттері            Пункттер

Латвия                                Қазақстан             Үшінші
Республикасындағы                 Республикасындағы        елдердегі
пункттер                               пункттер             пункттер

      Ескерту:
      1. Бір Келісуші Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындарының екінші Келісуші Тарап мемлекетінің аумағында және үшінші елдер пункттерінің арасында жолаушыларды, жүктер мен пошта тасымалдарын жүзеге асыру құқығы Келісуші Тараптардың авиациялық билік орындарының арасындағы жекеше уағдаласатын нәрсе болып табылады.
      2. Осы Қосымшада қарастырылған пункттерді бұдан әрі анықтау Келісуші Тараптардың авиациялық билік орындарының арасында келісушілік жолдармен шешіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады