Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2007 жылғы 21 қарашада Братислава қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы Ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың прекурсорларының заңсыз айналымына және қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы Ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың прекурсорларының заңсыз айналымына және қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім
(2008 жылғы 1 маусымда тамызда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі (бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын),
екі мемлекеттің арасындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға үлес қосуға дайын екендігін негізге ала отырып,
ұйымдасқан қылмыстың, терроризмнің, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың прекурсорларының заңсыз айналымы мен өзге де қылмыс түрлерінің алдын алу және оған қарсы күрестегі ынтымақтастықтың қажеттілігін мойындай отырып,
халықаралық ұйымдасқан қылмыстың, әсіресе терроризмнің таралуына, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды теріс пайдаланудың ұлғаюына және олардың заңсыз айналымының бүкіл әлем бойынша ұлғаюына алаңдаушылық білдіре отырып,
осы құбылысқа қарсы іс-әрекет жасау үшін олардың күш-жігерін біріктіру мақсатында,
жалпыға танылған қағидаттарды және халықаралық құқық нормаларын басшылыққа ала отырып,
мыналар туралы келісті:
1-бап
1. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қылмыстардың мынадай түрлерін айқындауда, алдын алуда, жолын кесу мен ашуда ынтымақтасады:
1) халықаралық терроризмнің және халықаралық ұйымдасқан қылмыстың өзге де түрлерінің;
2) терроризмді қаржыландыру, оның ішінде басқа да қылмыс түрлерін жасау кезінде алынған қаражатты пайдалана отырып қаржыландырудың;
3) есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, прекурсорларды заңсыз дәріптеудің, өндірудің, импортының, экспортының, транзитінің, сатып алудың, сақтаудың, таратудың, сондай-ақ олардың заңсыз айналымының;
4) есірткі құралдары мен психотроптық заттарды дайындау үшін пайдаланылатын құралдардың, жабдықтардың және технологиялардың заңсыз айналымының;
5) қару-жарақты, оқ-дәрілер мен жарғыш заттарды, химиялық, биологиялық, ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, бұйымдарды және стратегиялық маңызы бар технологиялық рәсімдерді заңсыз өндірудің, олардың импортының, экспортының, транзитінің, оларды сатып алудың, таратудың, сақтаудың және заңсыз айналымының немесе әскери техниканы ықтимал қосарлы пайдалану мен оның заңсыз саудасының;
6) адамдар саудасының және жеңгетайлықтың;
7) ақшаны, бағалы қағаздарды, қолма-қол емес төлем құралдарын, ресми құжаттарды қолдан жасаудың әрі жалған бұрмалаудың және оларды таратудың;
8) заңсыз қаржы операциялары, қылмыстық жолмен табылған қаражатты заңдастыру және басқа да экономикалық, оның ішінде жемқорлық қылмыстардың;
9) өмір сүруге және жеке адамға, еркіндікке, адамгершілік ар-намыс пен жеке меншікке қарсы қылмыстардың;
10) ұлттық ескерткіштер мен өнер туындыларының, мәдени, тарихи және өзге де құндылықтардың заңсыз саудасының;
11) адамдарды заңсыз әкетудің, мемлекеттік шекарадан заңсыз өтудің, заңсыз көші-қонның және адамдардың заңсыз тұруының;
12) компьютерлік технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстардың;
13) автокөліктерді ұрлау және олардың заңсыз айналымын.
2. Тараптардың келісімімен ынтымақтастық қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күреске, сондай-ақ осы Келісімде аталған қылмыстар бойынша ақпарат алмасуға да қолданылуы мүмкін.
2-бап
Тараптар осы келісімнің 1-бабында көрсетілген қылмыстардың алдын алуда, анықтауда, жолын кесуде және оны ашуда мынадай нысандарда ынтымақтасады:
1) топтық қылмыстар жасауға қатысатын адамдарға немесе олардың қылмыстық байланыстарына, ұйымдасқан топтардың ұйымдары мен құрылымдарына; қылмыс жасаған жекелеген адамдар мен топтар қызметінің үлгілік әдістеріне және олардың уақытына, орналасқан жеріне және жұмысын ұйымдастыру фактілеріне; қылмыстың мақсатын құрайтын объектілерге; ерекше жағдаяттарға; құқық бұзушылықтарға; осындай қылмыстардың алдын алу және жолын кесу үшін қабылданатын шараларға қатысты өзара деректер алмасу;
2) қылмыс жасауда күдікті адамдарды немесе қылмыстық жауапкершіліктен немесе жазасын өтеуден жалтаратын адамдарды іздеудегі ынтымақтастық;
3) ұрланған заттар мен автокөлік құралдарын қоса алғанда, қылмыстармен байланысты басқа да заттарды іздеудегі ынтымақтастық;
4) осы Келісімге және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қылмыстарды тергеуге дербес, техникалық және ұйымдық көмекпен қамтамасыз етудегі ынтымақтастық;
5) қылмыс жасаудың әдістері мен жаңа нысандары туралы ақпарат және тәжірибе алмасу;
6) қылмыстық және криминологиялық зерттеулердің нәтижелері туралы ақпарат алмасу;
7) сұрау салу бойынша ақпарат немесе қылмыс жасау үшін пайдаланылатын немесе қылмыстың нәтижесі болып табылатын объектілер үлгілері алмасу;
8) сұрау салу бойынша жеке басты бірдейлендіру үшін пайдаланылатын үлгілермен алмасу;
9) сарапшылармен алмасу және қылмысты анықтау мен құжаттандырудың белгілі бір жедел әдістеріне шоғырландырылған бірлескен оқыту курстарын ұйымдастыру;
10) қажет болған кезде және үйлестірілген шаралар қабылдау мақсатында ерекше істерді тергеу жөніндегі жұмыс кездесулерін ұйымдастыру;
11) куә болуға байланысты өміріне немесе жанұясының өміріне, денсаулығына немесе меншігіне қауіп төнген куәгерді қорғауды қамтамасыз етуде өзара көмекті;
12) ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес туралы талдау және тұжырымдамалық материалдармен, ғылыми, сараптамалық және білім беру жарияланым өзара алмасу.
3-бап
Тараптар терроризмге қарсы күресте мынадай нысандарда ынтымақтасады:
1) жоспарланған немесе жасалған терроризм актілеріне, оларға тартылған адамдарға, жұмыс қағидаттары мен осындай іс-әрекеттерді жасау үшін пайдаланылатын техникалық жабдыққа қатысты ақпаратпен алмасу;
2) террористік әрекеттерді қаржылық және материалдық-техникалық көмек көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдар мен жекелеген тұлғалардың іс-әрекетіне, сондай-ақ қозғалыс бағыты мен осындай көмек көрсетілетін орындарға қатысты ақпарат алмасу;
3) есірткі, құралдарының психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымынан алынған қаражат есебінен жүзеге асырылатын террористік әрекеттерді қаржыландыру көздері жөніндегі ақпаратпен алмасу;
4) олардың қызметінің жолын кесу үшін қажетті деректі материалдар алмасуды қоса алғанда, тараптардың бірі мемлекетінің аумағында екінші Тарап мемлекетіне немесе оның мүддесіне қарсы қылмыстарды жоспарлайтын, жасайтын немесе жасаған террористік топтар мен олардың мүшелеріне қатысты ақпарат алмасу;
5) терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша талдау және тұжырымдамалық материалдармен алмасу;
6) Тараптар мемлекеттеріндегі әуежайлар мен порттарда қауіпсіздік талаптарын жақсарту мақсатында, әуе қозғалысы мен жүзу құралдарының қауіпсіздігі саласындағы тәжірибемен және біліммен алмасу;
7) терроризмді тергеуге және құжаттандыруға арналған арнайы техникаға шоғырландырылған оқыту курстарын ұйымдастыру және сарапшылармен алмасу.
4-бап
Тараптар олардың заңсыз саудасын қоса алғанда, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, прекурсорларды заңсыз өндіруге, олардың импортына, экспортына және сақталуына қарсы күресте мынадай нысандарда ынтымақтасады:
1) егер оларды табу үшін қажет болса, сондай-ақ мұндай қылмыстардың басқа да детальдері есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың олардың заңсыз саудасын қоса алғанда, заңсыз өндіруге, импортына, экспортына және сақталуына тартылған адамдарға, жасырын орындарға, бағыттарға және тасымалдау құралдарына, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың шығарылған, арналған және жасырынған жеріне қатысты ақпаратпен өзара алмасу;
2) жекелеген адамдар мен қылмыстық топтар жоғарыда көрсетілген қылмыстарды жасау кезінде пайдаланатын тәсілдері мен әдістеріне қатысты ақпаратпен өзара алмасу;
3) Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес жоғарыда аталған қылмыстардың алдын алуға бағытталған келісілген шараларды қабылдау;
4) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрестегі тәжірибемен алмасу;
5) табиғи немесе синтетикалық шығарылымдағы есірткі құралдары мен психотроптық заттардың үлгілерімен өзара қамтамасыз ету, сондай-ақ мұндай үлгілермен өзара қамтамасыз ету тәртібі жекелеген Хаттамамен айқындалатын болады;
6) осы қылмыс түрлеріне қатысты талдау және тұжырымдамалық құжаттармен алмасу;
7) Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және олардың халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, қажетті ақпараттың екінші Тарапқа іс-шараларды өткізгенге дейін жөнелтілу шартымен, олардың айналымына қатысты басқа адамдарды қоса алғанда, олар арналған адамдарды анықтау мақсатында заңсыз есірткі құралдары мен психотроптық заттарды бақыланатын жеткізуді жүзеге асыруға көмек көрсету;
8) мемлекеттік шекарада есірткілік бақылаудың әдістері мен рәсімдері туралы тәжірибемен және ақпаратпен алмасу;
9) сарапшылармен алмасу және жоғарыда аталған қылмыстарды тергеу мен құжаттандыру техникасы жөніндегі оқу курстарын ұйымдастыру.
5-бап
Қылмыс жасаған немесе күдікті адамдар туралы деректерді қорғау мақсатында, Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес мынадай шарттарды сақтайды:
1) сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тарап белгілеген мақсаттарда және шарттарда ғана адамдар туралы мәліметтерді пайдаланады;
2) сұрау салынатын Тараптың сұрау салуы бойынша сұрау салушы Тарап адамдар туралы ұсынылған деректерді пайдалану және бұл ретте алынған нәтижелер туралы ақпарат береді;
3) адамдар туралы деректер ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органға ғана жіберілуі мүмкін. Адамдар туралы деректер басқа органдарға сұрау салынатын Тараптың жазбаша келісімімен ғана берілуі мүмкін;
4) сұрау салынатын Тарап берілуі тиіс ұсынылатын ақпараттың дәлдігі, сондай-ақ мұндай берудің қажеттілігі үшін жауапты болады. Егер, адамдар туралы дұрыс емес немесе шектеуге түскен деректердің жіберілгені дәлелденсе, онда сұрау салушы Тарап бұл туралы жедел хабардар етіледі. Ол қажетті түзетулерді енгізеді немесе адамдар туралы шектеуге түсетін деректерді дереу жояды;
5) мүдделі тұлғаға оның өтініші бойынша сұрау салынатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес оның берілген деректері және оларды пайдалану мақсаттары туралы анықтама берілуі мүмкін;
6) деректерді жіберу кезінде сұрау салынатын Тарап сұрау салатын Тарапты өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы деректерді жою үшін шекті мерзім туралы хабардар етеді. Адамдар туралы жеткізілген деректер оларға қажеттілік болмаған кезде белгіленген мерзімге қарамастан жойылуға тиіс. Сұрау салынатын Тарап берілген деректердің жойылғаны және мұндай жоюдың негізі туралы хабардар етілуі тиіс. Адамдар туралы алынған деректер осы Келісімнің қолданылу мерзімі тоқтатылған кезде жойылады;
7) әрбір Тарап адамдар туралы деректерді жөнелту, алу және жою тіркелімін жүргізуге міндетті;
8) Тараптар адамдар туралы алынған деректерді заңсыз енуден, өзгертуден немесе жария етуден қорғауға міндетті.
6-бап
1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында әрбір Тарап, беруші Тарап белгілеген қорғау деңгейіне сәйкес оған екінші Тарап ұсынған ақпаратты, деректерді, құжаттарды және техникалық жабдықты қорғауды қамтамасыз етеді.
2. Сұрау салынатын Тараптың жазбаша келісімінсіз ақпарат, деректер, құжаттар немесе техникалық жабдық үшінші тұлғаларға берілмейді.
7-бап
1. Осы Келісімнің шеңберіндегі ынтымақтастық не Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында жасалған хаттамалар негізінде не Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының сұрау салуы бойынша жүзеге асырылады. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары, егер бұл осы Келісімнің мақсаттарына сәйкес келсе және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына қайшы келмесе, Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз бастамасы бойынша да әрекет етуі мүмкін.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген сұрау салу сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына жазбаша нысанда берілуге тиіс. Жазбаша сұрау салу почтамен, факсимилдік жолмен немесе Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарымен келісілген кез келген басқа тәсілмен жіберілуге тиіс.
3. Сұрау салу оны орындау үшін қажетті мәліметтерді қамтуға, жазбаша түрде ресімделуге, қол қойылуға және сұрау салушы Тарап мемлекетінің құзыретті органының елтаңбалық мөрімен бекітілуге, сондай-ақ іске қатысы бар құжаттардың көшірмелерін қамтуға тиіс.
4. Жеделдік жағдайында мұндай сұрау салу ауызша жасалуы мүмкін және кейіннен жиырма төрт сағаттың ішінде жіберілетін жазбаша растауға жатады.
5. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы мұндай сұрау салуды кідіріссіз орындайды. Қажет болған жағдайда сұрау салуды орындау жөніндегі қосымша ақпарат сұратылуы мүмкін.
6. Сұрау салынатын Тарап, егер мұндай сұрауды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе басқа да маңызды мүддесіне қатер төндіруі мүмкін болса немесе егер мұндай сұрау салуды орындау оның мемлекетінің ұлттық заңнамасына немесе оның халықаралық келісімдердің нәтижесі болып табылатын міндеттемелеріне қайшы келсе, ынтымақтастыққа немесе көмек көрсетуге арналған сұрау салуды орындаудан толығымен немесе ішінара бас тартуы мүмкін.
7. Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапты сұрау салуды орындаудан бас тарту себептеріне қатысты немесе оны ішінара орындауға қатысты жедел хабардар ететін болады.
8-бап
1. Осы Келісімге сәйкес тікелей және жедел ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің ынтымақтастық хаттамалары мен бағдарламаларын жасасуға және тиісінше қолдануға уәкілетті құзыретті органдары жүзеге асырады.
2. Тараптар осы Келісім күшіне енгеннен кейін мүмкіндігінше қысқа мерзімде бірін-бірі дипломатиялық арналар бойынша Тараптардың құзыретті органдары туралы бірін-бірі хабардар етеді, олардың байланыстық мекен-жайларын, телефон және факс нөмірлерін қоса алғанда; олар бірін-бірі осы деректердің өзгерістері кезінде дереу хабардар етеді.
3. Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше келісілмесе, Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында ақпаратпен алмасу ағылшын тілінде жүзеге асырылады.
9-бап
Осы Келісімнің шеңберіндегі ынтымақтастықты үйлестіру мен бағалауды нығайту мақсатында Тараптар қажет болған кезде Тараптар мемлекеттері құзыретті органдарының өкілдерінен бірлескен комиссия құрады.
10-бап
Осы Келісім Тараптар мемлекеттері қатысушылар болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.
11-бап
Тараптар, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, олар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді.
12-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны Тараптар дипломатиялық арналар арқылы алған күннен кейін отыз күн өткенде күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және әр Тарап дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда Келісімнің қолданысын тоқтату туралы хабарлама алынған күннен бастап алты ай өткенде Келісім өз қолданысын тоқтатады.
3. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Өзгерістер мен толықтырулар жазбаша нысанда енгізіледі және күшіне осы баптың 1-тармағына сәйкес енеді.
2007 жылы қарашаның 21-де Братислава қаласында әрқайсысы қазақ, словак, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде қайшылықтар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Словак Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Марат Тәжин Йозеф Бучек
Сыртқы істер министрі Ішкі істер министрлігінің
Мемлекеттік хатшысы
РҚАО-ның ескертуі. Бұдан әрі - ағылшын, словак тілдерінде мәтіндері берілген.