Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 12 мамырдағы N 438 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. 2007 жылғы 13 қыркүйекте Душанбе қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы
Мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі,
      егемендік, өзара сыйластық, тең құқылық қағидаттары негізінде мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және нығайтуға ықылас білдіруді басшылыққа ала отырып,
      мұндай ынтымақтастық Тараптар мемлекеттері халықтарының өзара мүдделеріне, олардың араларындағы түсіністік пен достастыққа ықпал ететіндігіне сенім арта отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар мәдениет саласындағы ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес дамытады.

  2-бап

      Тараптар екі жақты шарттар негізінде көрмелер өткізу, алмасу гастрольдерін ұйымдастыру және мемлекеттік және жеке меншік секторларда шығармашылық қауымдастықтар, мәдениет ұйымдары мен мекемелері арасында байланыс орнату жолымен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытады.
      Тараптар мемлекеттерінің аумағында өткізілетін мәдениет және өнер саласындағы халықаралық іс-шараларға - конкурстарға, фестивальдарға, симпозиумдарға, конференцияларға өзара қатысуды көтермелейді.

  3-бап

      Тараптар мәдениет және өнер мәселелері жөніндегі ақпаратпен, әдебиетпен, әдіснамалық және статистикалық зерттеулермен, мерзімді басылымдармен және журналдармен алмасуды жүзеге асыруға ықпал етеді.

  4-бап

      Тараптар әр мемлекеттің мәдени және көркемөнер мұраларын реттеу, қорғау, қалпына келтіру, сақтау мен жаңғырту саласындағы ынтымақтастықты нығайтады және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің мәдени мұрасына өзара қол жетімділікке ықпал етеді.

  5-бап

      Тараптар мемлекеттерінің халықаралық құқық нормалары мен ұлттық заңнамаларына сәйкес әр Тараптың мәдени құндылықтарын заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқықтарын заңсыз беруге жол бермеуге бағытталған шаралар қолданады.

  6-бап

      Тараптар мәдени, ғылыми және білім беру мақсаттарында Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік кітапхана, мұрағат және мұражай қорларына өзара қол жеткізуге ықпал етеді.

  7-бап

      Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

  8-бап

      Осы Келісімге Тараптардың келісімі бойынша оның ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      Осы Келісім олар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың міндеттемелерін қозғамайды.

  9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін талқылау немесе қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар жолымен шешетін болады.

  10-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың біреуі кезекті мерзім аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа жазбаша хабарламасын жібермесе, келесі бес жылдық кезеңдерге ұзартылып отырады.
      Мұндай жағдайда осы Келісім Тараптардың бірі екінші Тараптың тиісті жазбаша хабарламасын алғаннан кейін алты айдан кейін өзінің қолданылуын тоқтатады.
      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату, егер Тараптармен өзгеше келісілмесе, ол қолданыста болған кезде басталған бағдарламалардың іске асырылуын қозғамайды.
      Душанбеде 2007 жылғы қыркүйектің»13-де әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру бойынша даулар туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

       Қазақстан Республикасының      Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

      Сыртқы істер министрі          Мәдениет министрі
      Марат Тәжин                    Мирзошохрух Асрори

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады