Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 9 маусымдағы N 553 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Шораұлы Сарыбайға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2008 жылғы 9 маусымдағы
N 553 қаулысымен  
мақұлданған     

жоба  

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - "Тараптар" деп аталатын),
      екі мемлекеттің достық қарым-қатынасты нығайтуға ұмтылысын назарға ала отырып және
      Тараптар мемлекеттерінің дипломатиялық және қызметтік паспорттары бар азаматтарының өзара сапарларына жәрдемдесуге тілек білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары, жарамды дипломатиялық немесе қызметтік паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу, болу немесе транзитпен өту үшін визалық талаптардан отыз (30) күннен аспайтын кезеңге босатылады.

2-бап

      Әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары, екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің немесе халықаралық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын жарамды дипломатиялық немесе қызметтік паспорттардың иелері, сондай-ақ дипломатиялық немесе қызметтік паспорттары бар олардың отбасы мүшелері және олармен бірге тұратындар екінші Тарап мемлекетінің аумағына өздеріне тағайындалған кезеңде визасыз келуге, болуға және кетуге құқылы.

3-бап

      Осы Келісім бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы қолданыстағы заңнамасын сақтау міндеттерін қозғамайды.

4-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің аумағында болуы қолайсыз деп танылған екінші Тарап мемлекеті азаматының келуінен бас тарту не болу мерзімін қысқарту құқығын сақтайды.
      2. Тараптардың бірінің азаматы/азаматшасы дипломатиялық немесе қызметтік паспортын екінші Тарап мемлекетінің аумағында жоғалтқан жағдайда, ол болатын мемлекетінің құзыретті органдарына бұл туралы қажетті шаралар қабылдау үшін хабарлауға міндетті. Бұл ретте осы азамат мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі оған жаңа жол жүру құжатын береді және болатын мемлекетінің құзыретті органдарын бұл туралы хабардар етеді.

5-бап

      1. Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптар жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттардың үлгілерімен, мұндай құжаттардың толық сипаттамасын қоса алғанда, осы Келісімге қол қойылған күннен бастап отыз (30) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
      2. Әрбір Тарап, сондай-ақ жаңа және өзгертілген паспорттардың үлгілерін, мұндай құжаттардың толық сипаттамасын қоса алғанда, олар қолданысқа енгізілгенге дейін отыз (30) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жолдауға тиіс.

6-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және қоғамдық салауаттылықты қамтамасыз ету мақсатында, осы Келісімнің қолданылуын уақытша тоқтата тұру, ішінара немесе толық тоқтату құқығын өзінде сақтайды. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру, тоқтата тұруды алып тастау туралы шешім, ол күшіне енгенге дейін жетпіс екі (72) сағаттан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жеткізілуі тиіс.
      2. Бұл ретте оның қолданылуын тоқтата тұру екінші Тараптың аумағында болатын, осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген азаматтардың құқықтық жағдайларына әсер етпейді.

7-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге кез келген уақытта өзгерістер енгізілуі мүмкін. Тараптар келіскен кез келген өзгеріс осы Келісімнің 9-бабында белгіленген рәсімге сәйкес күшіне енеді.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға байланысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешілетін болады.

9-бап

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      2. Тараптардың әрқайсысы кез келген уақытта осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабарлауға құқылы. Мұндай жағдайда Келісім оның қолданылуын соңғысының тоқтату ниеті туралы бір Тараптың жазбаша хабарламасын екінші Тарап алған күннен бастап тоқсан (90) күн өткенге дейін күшінде қалады.
      3. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
      2008 жылғы "___" __________________________ әрқайсысы қазақ, хорват, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіннің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының       Хорватия Республикасының
            Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады