Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы жүйелерінің орнықты қосарлас жұмысын қамтамасыз ету үшін ресурстар резервін жасау және оларды тиімді пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
электр энергетикасы жүйелерінің орнықты қосарлас жұмысын
қамтамасыз ету үшін ресурстар резервін жасау және оларды
тиімді пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы
Астанада 2004 жылғы 15 қыркүйекте қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы жүйелерінің орнықты қосарлас жұмысын қамтамасыз ету үшін ресурстар резервін жасау және оларды тиімді пайдалану туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
электр энергетикасы жүйелерінің орнықты қосарлас жұмысын
қамтамасыз ету үшін ресурстар резервін жасау және
оларды тиімді пайдалану туралы
КЕЛІСІМ
Ресми куәландырылған мәтін
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
электр энергетикасы жүйелерінің орнықты қосарлас жұмысын
қамтамасыз ету үшін ресурстар резервін жасау және
оларды тиімді пайдалану туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын үкіметтердің атынан осы Келісімге қатысушы мемлекеттер,
экономиканы дамыту, халықтың әлеуметтік қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін электр энергетикасының маңызы зор екенін ескере отырып,
отын-энергетикалық және су ресурстарын ұтымды пайдаланудың, осы негізде өзінің электр энергиясына қажеттіліктерін қанағаттандырудың қажеттігін мойындай отырып,
энергия ресурстарын пайдаланудың экономикалық тиімділігінің өсуін, нарықтық қатынастардың қалыптасу жағдайларында отын-энергетикалық және су шаруашылық кешендерінің жұмыс істеуі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында,
мамандандырудың, кооперациялау мен технологиялық өзара байланысты өндірістердің ұзақ мерзімді негізінде дамыту мен қолдаудың орындылығы қағидатына орай,
энергетикалық қауіпсіздік деңгейін арттыруға ұмтыла отырып,
1991 жылғы 17 желтоқсандағы Энергетикалық Хартияның және Энергетикалық Хартияның 1994 жылғы 17 желтоқсандағы
Шартының
, 1998 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы жүйелерінің орнықты қосарлас жұмысын қамтамасыз ету туралы шартының ережелерін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай анықтамалар қолданылады:
отын-энергетикалық ресурстар
-
технологиялық процестерде пайдаланылатын немесе энергияның басқа түрлеріне өзгертілетін, жаққан кезде едәуір мөлшерде жылу бөлетін жанармай заттарының көздері;
материалдық-техникалық ресурстар
- салалық және салааралық мақсаттарға арналған шикізат, материалдар, тораптар, тетіктер, қосалқы бөлшектер, дайындамалар, жинақтаушы және басқа да бұйымдар;
ресурстардың резервтері
- отын-энергетикалық және материалдық-техникалық ресурстардың алдын ала құрылған қорлары;
құзыретті орган
- осы Келісімнің мақсаттары мен ережелерін іске асыруға байланысты жұмыстарды үйлестіру үшін әрбір Тарап тағайындаған орган;
шаруашылық жүргізуші субъект
-
Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес отын-энергетикалық ресурстарын өндірумен, берумен, таратумен және сатумен айналысатын заңды тұлға;
отын-энергетикалық және материалдық-техникалық ресурстардың мемлекетаралық жеткізілімдері
- есептік кезеңге (ай, тоқсан) берілетін және Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы сыртқы сауда шарттарына (келісім-шарттарына) сәйкес кедендік қатынаста ресімделген отын-энергетикалық ресурстарының шамалары (көлемі, квоталары);
отын-энергетикалық ресурстардың импорттық жеткізілімдері
-
оларды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ішкі рыногында сату үшін шетелдерден сатып алынған және әкелінген отын-энергетикалық ресурстар;
Тараптардың электр энергетикалық жүйелерінің қосарлас жұмысы
-
осы Келісімнің қатысушы мемлекеттерінің электр энергетикасы жүйесінде бірыңғай жиілікпен электр энергетикасы жүйелердің бірлескен жұмысы;
көлік энергетикалық жүйелер
- мұнайды, газды, мұнай-өнімдерін және электр энергиясын тасымалдау мен жеткізіп беруді жүзеге асыратын жүйелер.
2-бап
Тараптар өзара келісілген отын-энергетикалық және су ресурстарының екі және көпжақты баланстары негізінде отынмен қамтамасыз ету саласында өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
3-бап
Отын-энергетикалық және су ресурстарының мемлекетаралық жеткізілімдерінің көлемдерін Тараптар балансталған және өзара тиімді негізде жеке жасалынған екі және көпжақты келісімдер негізінде белгілейді.
4-бап
Тараптар күзгі-қысқы кезеңде ең жоғары жүктеменің тұрақты өткерілуі, сондай-ақ ірі жүйелік авариялар кезінде және форс-мажорлық жағдайларда энергия жүйелерінің сенімділігін қамтамасыз ету үшін өздерінің отын-энергетикалық және материалдық-техникалық ресурстарының резервтерін құрады.
5-бап
ТМД Электр энергетикалық кеңесі Тараптармен келіскеннен кейін белгіленген тәртіппен ресурстардың резервтерін пайдалану туралы үлгілік келісім-шарттың нысанын әзірлейді және бекітеді.
6-бап
Тараптар жаңа кенорындарын бірлесіп игеру, кешендік мақсаттағы генерирлеуші қуаттардың, көлік энергетикалық жүйелердің құрылысы, оларды пайдалану, қайта құру және жаңғырту жөніндегі келісілген бағдарламаларды әзірлеуге жәрдем көрсетеді.
7-бап
Тараптар энергия ресурстары жеткізілімдерінің жоспарлылығы мен үздіксіздігін бұзушылықтарды болдырмауға жәрдемдесе отырып, отын-энергетикалық ресурстарының мемлекетаралық рыногын қалыптастыру, трансұлттық көлік жүйелерінің, атап айтқанда, газ-, мұнай-, мұнай-өнімдері-құбырларының сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету кезінде одан әрі біріктіру үшін жағдайлар туғызуға шаралар қабылдайды.
8-бап
Тараптар энергия ресурстарын үнемдеуші жабдықтарды өндіруге, энергия үнемдеуші технологияларды әзірлеуге, энергия үнемдеуші жабдықтарды кеңінен тарату, тиімді енгізу мен пайдалану үшін экономикалық және құқықтық шарттар жасауға жәрдем көрсетеді.
9-бап
Тараптар:
оның энергия тиімділігі көрсеткіштерін қоса алғанда, энергия тұтынушы өнімге арналған стандарттардың бірдейлендірілген мемлекетаралық жүйелерін;
отын-энергетикалық ресурстарын тасымалдау, тарату және сақтау кезінде олардың нормалары мен шығын нормативтерін әзірлеу жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаларды;
энергетикалық ресурстарды тұтынудың тиімділігіне метрологиялық бақылау мен қадағалау жүргізуге бірыңғай тәсілдерді;
көлік энергетикалық жүйелері бойынша отын-энергетикалық ресурстардың транзиті жөнінде көрсетілген қызметтер үшін есептердің бірыңғай әдістерін құруға бағытталған бірлескен іс-шараларды жүргізуге жәрдем көрсетеді.
10-бап
ТМД Электр энергетикалық кеңесі Тараптардың құзыретті органдарымен бірлесіп, Тараптардың электр энергетикалық қуаттарының резервтерін орналастыруды оңтайландыру схемасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құрады.
11-бап
Тараптар электр энергетикасы жүйелерінің орнықты қосарлас жұмысының бұзушылықтарының алдын алу үшін пайдаланылатын қуаттардың келісілген резервін қолдайды.
Қуаттардың резервін беру тәртібі Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы шарттармен регламенттеледі.
12-бап
Тараптардың құзыретті органдары гидрометеорологиялық шарттардың сәйкес келмеу әсерін оңтайлы пайдалану және бірлескен жүйелерде қосарлас режимде жұмыс істейтін гидроэлектр станциялардың энергия берілісі көлемдерін арттыру жөніндегі ұсыныстарды зерттеу мен әзірлеуді жүргізеді.
13-бап
Тараптар Тараптардың шаруашылық етуші субъектілерінің қызметін реттейтін, ресурстардың резервтерін тиімді пайдалану, электр энергиясын жеткізу мен тарату саласындағы құқықты, жауапкершілік пен міндеттемелерді айқындайтын ұлттық заңнаманың нормативтік құқықтық актілерін бірдейлендіру жөніндегі келісілген іс-шараларды әзірлейді.
14-бап
Тараптар ТМД Атқару комитетін осы Келісім күшіне енгеннен кейін үш ай ішінде өздерінің құзыретті органдарын тағайындау туралы хабардар етеді.
15-бап
Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардың ережелерін қозғамайды.
16-бап
Осы Келісімді қолданумен немесе түсіндірумен байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптар арасында консультациялар және келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі. Даулы мәселелерді реттеу келіссөздер жолымен шешуге мүмкін болмағанда, Тараптар халықаралық сот инстанцияларына жүгінеді.
17-бап
Осы Келісім оған қол қойған күннен бастап, ал күшіне енуі үшін заңнамасы қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуын талап ететін мемлекеттер үшін - мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы құжаттарды депозитарийге берген күннен бастап күшіне енеді. Тараптар осындай рәсімдерді өткізудің қажеттігі туралы депозитарийге осы Келісімге қол қойған күннен бастап үш ай ішінде хабарлайды.
18-бап
Осы Келісім оның күшіне енген күнінен бастап бес жыл бойы қолданыста болады. Осы мерзімнің өтуі бойынша, егер Тараптар өзгеше шешім қабылдамаса, Келісім әр жолы бес жылдық жаңа кезеңге өздігінен ұзартылып отырады.
19-бап
Осы Келісім Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің, сондай-ақ мұндай қосылу туралы құжаттарды депозитарийге беру жолымен оның мақсаттары мен принциптерін бөлісетін үшінші мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
Егер Тараптардың бір де бірі осындай қосылуға қарсы еместігін үш ай ішінде тиісті хабарламаны депозитарийге жолдау жолымен жіберсе, үшінші мемлекеттердің қосылуы күшіне енген болып саналады.
20-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, бұлар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді. Өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің 17-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
21-бап
Әрбір Тарап осы Келісім бойынша туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерін орындап, осы Келісімнен шығу туралы депозитарийге шығу күнінен кемінде бір жыл бұрын жазбаша хабарлама жібере отырып, одан шыға алады.
2004 жылғы 15 қыркүйекте Астана қаласында бір түпнұсқалық данада орыс тілінде жасалды. Түпнұсқалық дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзірбайжан Республикасының Молдова Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Грузия Республикасының Түркіменстан
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украина
Үкіметі үшін Үкіметі үшін