Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімнің жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 29 тамыздағы N 791 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімнің жобасына қол қою туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Жоба 

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын ұжымдық қауіпсіздік туралы  шарт  ұйымына мүше мемлекеттер
      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының (бұдан әрі - Ұйым) мақсаттары мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
      құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтер үшін кадрлар даярлау саласын сынақтар мен қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл, сондай-ақ олардың арасындағы Тараптардың одақтастық қарым-қатынастарды дамыту саласында тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі деп есептей отырып,
      Тараптардың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлаудың ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің көпжақты күштері алдында тұрған талаптарға жауап беретін деңгейіне қол жеткізуді қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын төменде келтірілген терминдер мыналарды білдіреді:
      "оқу орындары" - Тараптардың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері үшін кадрлар даярлау жүзеге асырылатын жоғары, орта және қосымша кәсіптік, оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін білім беру мекемелері;
      "кадрлар даярлау" - жоғары және орта кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау, қосымша кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау;
      "құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтер" - негізгі функциялары заңдылықты, мемлекеттік (ұлттық) қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті, қылмысқа, оның ішінде есірткінің заңсыз айналымы мен басқа да құқық бұзушылықтарға қарсы күресті қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлау, қарсы барлау қызметін және өзге арнайы функцияларды жүзеге асыру болып табылатын Ұйымға мүше мемлекеттердің арнайы уәкілетті органдары;
      "жіберуші Тарап" - құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтердің қызметкерлерін даярлау үшін басқа Тараптардың оқу орындарына жіберетін Тарап;
      "қабылдаушы Тарап" - басқа Тараптардың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтерінің қызметкерлерін өзінің оқу орындарында даярлау үшін қабылдайтын Тарап;
      "беруші Тарап" - басқа Тарапқа оқу-әдістемелік құралдарды, оқу әдебиеті мен оқу-материалдық базаның элементтерін тапсыратын Тарап.

2-бап

      Тараптар құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтер, сондай-ақ олардың құрылымына кіретін әскерлер мен Ұйымға мүше мемлекеттердің әскери құрамалары үшін келісілген мамандықтар мен оқыту бағдарламалары бойынша кадрлар даярлаудағы ынтымақтастық мақсатын көздейді.

3-бап

      Тараптар осы Келісімге сәйкес олар қатысушы болып табылатын ұлттық заңнама мен халықаралық шарттарды сақтаған кезде өз құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару мен арнайы қызметтердің органдары арқылы өз ынтымақтастығын жүзеге асырады.
      Осы Келісімге сәйкес олар үшін кадрлар даярланатын құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтердің тізбесін әрбір Тарап осы Келісім күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді өзінің орындағаны туралы хабарламаны тапсыру кезінде депозитарийге береді.
      Құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтердің тізбесіндегі өзгерістер туралы Тараптардың әрқайсысы бір ай ішінде депозитарийге жазбаша түрде хабарлайды.

4-бап

      Кадрлар даярлау қабылдаушы Тараптың құпиялылық режімді қамтамасыз етуге байланысты шектеулерді, таратылуы шектеулі қызметтік ақпарат пен құпия ақпараттың сақталуы ескеріле отырып, Тараптардың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері жасайтын келісім-шарттардың, сондай-ақ 2004 жылғы 18 шілдедегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымы шеңберінде құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің негізінде:
      а) оқу орындарының арнайы факультеттерінде (курстарында, топтарында) бөлек;
      б) қабылдаушы Тараптың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтерінің қызметкерлерімен бірлесіп жүзеге асырылады.
      Кадрларды бірлесіп және бөлек даярлауды ұйымдастыруды қабылдаушы Тарап айқындайды.
      Кадрлар даярлау және оқу процесін әдіснамалық қамтамасыз ету орыс тілінде жүзеге асырылады.

5-бап

      Кадрлар даярлау:
      жіберуші Тараптың қаражаты есебінен ақылы негізде;
      қабылдаушы Тарап белгілеген квоталар бойынша жеңілдікпен немесе өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
      Жеңілдік негізде даярлау кезінде қабылдаушы Тарап оқытуға арналған шығыстарды, ал жіберуші Тарап тұру және тамақтану төлемін қоса алғанда, ұстау шығыстарын мойнына алады.
      Өтеусіз негізде даярлау кезінде тұру және тамақтану төлемін қоса алғанда, оқытуға және ұстауға арналған шығыстарды қабылдаушы Тарап мойнына алады.
      Кадрлар даярлауды қамтамасыз етудің қаржылық және басқа түрлері келісім-шарттар негізінде жүзеге асырылады.

6-бап

      Жіберуші Тарап оқытуға өтінімдерді қабылдаушы Тарапқа оқыту басталатын жылдың 15 қаңтарына дейін ұсынады.
      Қабылдаушы Тарап оқыту басталатын жылдың 15 мамырына дейін жіберуші Тарапты оқу орындарын, мамандықтарды, оқыту бағдарламалары мен әрбір мамандық, оқыту бағдарламасы бойынша берілетін орындардың санын көрсете отырып, құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтер қызметкерлерінің, оның ішінде жеңілдікпен және өтеусіз даярлық квоталары бойынша оқытуға қабылданатындардың саны туралы хабардар етеді.
      Қабылдаушы Тараптың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері оқуға кандидаттарды іріктеу бойынша ұсынымдар (талаптар) белгілейді.

7-бап

      Оқуға кандидаттарды іріктеуді, оларды медициналық куәландыруды қабылдаушы Тараптың оқу орындарына қабылдау шарттары мен ұсынымдарын ескере отырып, жіберуші Тарап жүргізеді.
      Оқуға кандидаттар қабылдаушы Тараптың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтерінің қызметкерлерімен бірге жіберуші Тараптың аумағында қажет болған жағдайда қабылдаушы Тарап өкілдерінің қатысуымен қабылданатын қабылдау сынақтарының нәтижелері бойынша оқу орындарына қабылданады. Бұл ретте қабылдаушы Тарап өкілдерінің іссапарымен байланысты барлық шығыстар жіберуші Тараптың есебіне жатқызылады.
      Қабылдаушы Тараптың оқуға қойылатын талаптарына жауап бермейтін кандидаттар Тараптардың келісімі бойынша қабылдаушы Тараптың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтері органдарының қызметкерлерімен бірге арнайы факультеттерде (бөлімшелерде, топтарда) оқу үшін жіберілуі мүмкін.
      Арнайы факультеттерде (бөлімшелерде, топтарда) оқу тәртібі келісім-шарттармен айқындалады.
      Қабылдаушы Тарап өткізетін медициналық тексерудің және тестілеудің нәтижелері бойынша нақты мамандық бойынша оқуға жарамсыз деп танылған кандидаттар Тараптардың келісімі бойынша басқа оқу орындарына, басқа мамандықтарға жіберілуі немесе жіберуші Тараптың қарамағына қызметке жіберілуі мүмкін.
      Қажет болған жағдайда Тараптардың келісімі бойынша жіберуші Тараптың құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтерінің қызметкерлері үшін орыс тілін және жалпы білім беру пәндерін қосымша зерделеу үшін дайындық курстары ұйымдастырылуы мүмкін.

8-бап

      Осы Келісім күшіне енгенге дейін оқуға түскен құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдар мен арнайы қызметтердің қызметкерлеріне бұрын жасалған келісім-шарттардың негізінде Тараптардың оқу орындарында оқуды жалғастыру және аяқтау құқығы беріледі.

9-бап

      Тараптар қабылдаушы Тараптың оқу орындарын бітіргені, сондай-ақ ғылыми дәрежелер мен атақтар берілгені туралы құжаттардың баламалығын өзара негізде мойындайды.

10-бап

      Тараптар құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтердің кадрларын даярлау жөніндегі ұлттық оқу орындарын дамытуда өзара көмек көрсетеді.
      Осы мақсаттарда оқу-әдістемелік құралдарды, оқу әдебиеттің және оқу-материалдық база элементтерін (макеттерді, стендтерді, тренажерларды және т.б.) беру беруші Тараптың ішкі тарифтері бойынша болмаса қалдық құны бойынша ақылы негізде жүзеге асырылады.
      Беру тәртібі беруші Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес белгіленеді.
      Оқыту мақсаттарына қол жеткізу үшін Тараптар қажеттілігіне қарай ғылыми, оқу, ақпараттық анықтамалық және өзге де материалдарды бірлесе дайындауды және шығаруды жүзеге асырады.

11-бап

      Бір Тараптың мамандарын екінші Тараптың оқу орындарында сабақ беру үшін жіберу келісім-шарттар негізінде жүзеге асырылады.

12-бап

      Құқық қорғау, өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнайы қызметтердің кадрларын даярлаудың осы Келісімде көзделмеген ерекшеліктерімен байланысты мәселелерге келісім-шарттарда түсінік беріледі.

13-бап

      Тараптардың осы Келісім бойынша міндеттемелері олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша Тараптардың міндеттемелерін қозғамайды.

14-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және оның ажырамас бөлігі болып табылады.

15-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

16-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді. Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийге тиісті жазбаша хабарлама тапсырған күннен бастап күшіне енеді.

17-бап

      Әрбір Тарап шығу күніне дейін алты айдан кешіктірмей осы Келісімнің әрекет ету уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, депозитарийге жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнен шыға алады.

      Мәскеу қаласында 2008 жылғы "___"___________ орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Ұйымының Хатшылығында сақталады.

       Армения Республикасы үшін       Ресей Федерациясы үшін

      Беларусь Республикасы үшін      Тәжікстан Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін     Өзбекстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады