Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Куба Республикасының Үкіметі арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 8 қыркүйектегі N 828 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2008 жылғы 28 қаңтарда Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Куба Республикасының Үкіметі арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН КУБА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
(2009 жылғы 13 наурызда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2009 ж., № 3, 15-құжат)

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Куба Республикасының Үкіметі, тең құқықтық және өзара тиімділік қағидаттарының негізінде екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға ұмтыла отырып, өзара сауда-экономикалық байланыстарды дамыту үшін құқықтық негізді және қолайлы жағдайларды жасауға ниет ете отырып мына төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар халықаралық саудада танылған қағидаттар мен практикалық тәжірибені негізге ала отырып, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес сауда-экономикалық ынтымақтастықты қолдауға және дамытуға ықпал етеді, тауарлар мен қызметтер алмасуды ынталандырады және дамытады.

  2-бап

      Тараптар мыналарға:
      1) осындай салықтарды, баждар мен алымдарды өндіріп алудың тәсілдерін қоса алғанда, импортқа және экспортқа салынатын кеден баждары мен кез-келген түрдегі алымдарға;
      2) кедендік рәсімдерді, транзитті, қоймаға жинауды және тиеп-түсіруді қоса алғанда, импорт пен экспортқа қатысты ережелер мен нысандылықтарға;
      3) импорт немесе импортталатын тауарларға қатысты тікелей немесе жанама қолданылатын салықтар мен кез-келген түрдегі басқа да ішкі алымдарға жататын барлық мәселелер бойынша Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және мүдделеріне сәйкес өзара негізде неғұрлым қолайлылық режимін ұсынады.

  3-бап

      Неғұрлым қолайлылық режимі:
      1) Тараптардың әрқайсысының кеден одақтарына, еркін сауда аймақтарына және өңірлік экономикалық ықпалдасудың басқа да нысандарына қатысуынан туындайтын;
      2) Тараптардың бірі екі жақты саудаға ықпал ету мақсатында көрші елдерге берген немесе беретін;
      3) Тараптар халықаралық келісімдер негізінде дамушы елдерге беретін немесе берген жеңілдіктер мен артықшылықтарға қолданылмайды.

  4-бап

      Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы тауар алмасу мен қызметтер көрсету Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес келісім-шарттар негізінде және халықаралық практикада қолданылатын сауда тәсіліне сай жүзеге асырылады.

  5-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің аумақтарында Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес сауда өкілдіктерінің, сондай-ақ фирмалардың, компаниялардың, банктердің және басқа да кәсіпорындардың филиалдарын ашуды және олардың қызметін қолдайды.

  6-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар өзара сауданы дамыту үшін жәрмеңкелерді, көрмелерді, конференцияларды және басқа да іс-шараларды ұйымдастыруда және өткізуде өзара көмек көрсетеді.

  7-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар өз мемлекеттерінің аумағында шығу тегі немесе дайындаушы мемлекетті көрсетудің, тауарлардың әртүрлілігін, сыныбы немесе сапасын жалған белгілеулері бар маркаларды, атауларды, жазбаларды, ескертулерді және басқа да осындай белгілерді пайдалана отырып, екінші Тарап дайындаған тауарлардың импортын болдырмау үшін қажетті шараларды қабылдайды.

  8-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар осы Келісімнің объектісі болып табылатын сауданы жосықсыз бәсекелестіктен өз аумақтарында қорғау үшін қажетті шараларды қабылдайды.

  9-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар туризм саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

  10-бап

      Екі жақты ынтымақтастықты тереңдетуге және дамытуға жәрдемдесу мақсатында осы Келісіммен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-куба үкіметаралық комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) құрылады.
      Комиссия мәжілісі Тараптардың уағдаластықтары бойынша Қазақстан Республикасында және Куба Республикасында кезекпен өткізіледі.
      Комиссияның негізі міндеттері:
      екі жақты ынтымақтастықтың жай-күйін талқылау және дамыту;
      екі   жақты ынтымақтастықты жақсарту және қарқынды ету мақсатында ұсыныстар әзірлеу;
      бірлескен жұмыстың басымдықтарын айқындау;
      осы Келісімнің мақсаттарын іске асыру үшін ұсынымдар енгізу болып табылады.
      Осы Келісімді түсіндіруге немесе орындауға қатысты Тараптар арасында пайда болған келіспеушіліктер мен қайшылықтар шешілетін болады.
      Комиссияның бірінші мәжілісі шеңберінде Тараптар Комиссия регламентін әзірлеп, бекітеді.

  11-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асырумен байланысты қаржы шығындарын, егер әрбір нақты жағдайда қаржы шығындарын өтеудің өзге тәртібі ескертілмесе, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес дербес көтереді.

  12-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісу бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар 13-бапқа сәйкес күшіне енеді.

  13-бап

      Осы Келісім Тараптардың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы, дипломатиялық арналар бойынша жіберілген соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім 5 жыл мерзімге жасалады және бұл мерзім өткеннен кейін, егер Тараптардың бірі Келісімнің көрсетілген қолдану мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 6 ай бұрын оның күшін тоқтату ниеті туралы екінші Тарапты жазбаша нысанда хабардар етпесе, өздігінен бес жыл мерзімдерге ұзартылады.
      Осы Келісімнің ережелерін өзгерту немесе оның қолданылуын тоқтату олар толық аяқталғанға дейін оның қолданылу кезеңінде жасалған шарттар (келісім-шарттар) бойынша жобаларды орындауға әсер етпейді.
      Осы Келісім күшіне енген сәттен бастап 1991 жылғы 25 желтоқсанда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің күші өздігінен тоқтатылады.

      2008 жылғы 28 қаңтарда Астана қаласында қазақ, испан, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

       Қазақстан Республикасының           Куба Республикасының
      Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

       РҚАО-ның ескертуі: әрі қарай мәтін ағылшын және испан тілдерінде берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады