"Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 13 қазандағы N 936 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

                                                    Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы
 
 
"Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

       1-бап . "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., N 17, 135-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) 1-баптың 1-тармағында:
      1) тармақшада "акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы" деген сөздер "дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан астам проценті" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 2-1) және 2-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      "2-1) отандық тауар өндірушілер - Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын және:
      ауыл шаруашылығы өнімдерін;
      елу пайыздан астамы Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін (жиналмайтын) бөлшектерден (материалдардан) тұратын пайдалануға (қолдануға) дайын тауар өндіретін және/немесе жеткілікті қайта өңдеу өлшемдеріне сәйкес Қазақстан Республикасында қайта өңделген және тұтынуға (қолдануға) дайын тауарды өндіретін заңды және (немесе) жеке тұлғалар;
      2-2) жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің отандық әлеуетті өнім берушілері - Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету бойынша Қазақстан Республикасының жергілікті еңбек ресурстарының кемінде тоқсан бес пайызын пайдаланатын заңды және жеке тұлғалар;";
      10) тармақша алып тасталсын;
      13) тармақша алып тасталсын;
      20) тармақшада:
      "мемлекеттік қаржылық бақылау органының" деген сөздер "уәкілетті органның" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "анықталған бұзушылықтарды" деген сөздерден кейін "және (немесе) оларға мүмкіндік беретін себептер мен жағдайларды" деген сөздермен толықтырылсын;
      22) және 23) тармақшаларда "сондай-ақ" деген сөздер тиісінше "не" деген сөзбен ауыстырылсын;
      24) тармақшада:
      "акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы" деген сөздер "дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан астам проценті" деген сөздермен ауыстырылсын;
      ", Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша ауылдық елді мекендерде орналасқан әлеуметтік саланың мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарын қоспағанда," деген сөздер "ұлттық холдингтерді, ұлттық басқару компаниясын, ұлттық компанияларды және олармен аффилиирленген заңды тұлғаларды қоспағанда," деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 27), 28) және 30) тармақшалармен толықтырылсын:
      "27) электрондық мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор - электрондық мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай техникалық саясатты іске асыруды жүзеге асыратын, меншік иесі мемлекет немесе ұлттық холдинг болып табылатын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
      28) электрондық мемлекеттік сатып алу - ақпараттық жүйелер мен электронды ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алу;
      29) мемлекеттік сатып алу веб-порталы - электрондық мемлекеттік сатып алудың электрондық қызметтерге қол жеткізудің бірыңғай нүктесін білдіретін ақпараттық жүйе;
      30) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы - мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға не оның құрылымдық бөлімшесі.";
      2) 4-бапта:
      6) тармақшада:
      "акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы" деген сөздер "дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан астам проценті" деген сөздермен ауыстырылсын;
      31) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "мемлекеттік органдардың оларға қатысты өздері осындай кәсіпорындардың негізгі қызмет нысанасы бойынша басқару органы функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындардан, сондай-ақ олардың акцияларының мемлекеттік пакеттеріне және қатысу үлесіне қатысты ол иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын акционерлік қоғамдардан және шаруашылық серіктестіктерінен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді сатып алуы;";
      36) тармақшада "заңдарында" деген сөз "заңнамалық актілерінде" деген сөздермен ауыстырылсын;
      38) тармақшада:
      "ауыл шаруашылығы өнімдерін" деген сөздерден кейін "және оның қайта өңдеу өнімдерін" деген сөздермен толықтырылсын;
      43) тармақшада "өндірушілерден" деген сөз "тауар өндірушілер мен жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің отандық өнім берушілерінен" деген сөздермен ауыстырылсын;
      46) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "46) электр энергиясын, оның ішінде теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алу";
      47) тармақша алып тасталсын;
      48) тармақшада:
      "акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы" деген сөздер "дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан астам проценті" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 49)-53) тармақшалармен толықтырылсын:
      "49) нарыққа реттеушілік әсер ету үшін мемлекеттік материалдық резервке тауарлар сатып алу";
      50) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы субъектілерінің авиа отынын тікелей отандық мұнайды қайта өңдеу кәсіпорындарынан сатып алуы;
      51) отандық тауар өндірушілердің, "Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың құрамына кіретін өнімдерді өндіру үшін мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушылардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;
      52) мемлекеттік кәсіпорындардың, дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан астам проценті мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және мемлекеттік сатып алу бойынша өнім жеткізуші деп анықталған, олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың мемлекеттік сатып туралы жасалған шарттар шеңберінде белгіленген өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;
      53) ғарышкерлерді даярлау және ғарышкерлердің ғарышқа ұшуын жүзеге асыру жөніндегі қызметтерді сатып алу.";
      3) 5-бапта:
      2-тармақтың 2) тармақшасындағы "ақша сомасы" деген сөздерден кейін (;) қойылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
      "3) әр бірлігінің саны, көлемі, бағасы, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін жоспарланып отырған ақшаның сомалары:
      жасалуының технологиялық мерзімінің ұзақтығы оларды жеткізуді келесі (одан кейінгі) қаржы жылына (жылдарына) келісілген тауарлар;
      жобалау-сметалық құжаттамасында аяқталу мерзімі келесі (одан кейінгі) қаржы жылына (жылдарына) көзделген жұмыстар;
      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда бір қаржы жылынан артық мерзімдегі қызметтер.";
      3-тармақтың 3) тармақшасындағы "қызметі мен орны" деген сөздерден кейін (;) қойылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын;
      "4) осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайларда тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтерді көрсетудің жоспарланған мерзімдері кестеге және әрбір қаржы жылына бөлінген және көзделген сомалар шегінде бөлінген жылдарға сәйкес";
      5-тармақтың бірінші бөлігінде:
      1) және 2) тармақшалар алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 11-тармақпен толықтырылсын:
      "11. Тапсырыс беруші және (немесе) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу кезеңінде не қорытындылары шығарылғаннан кейін Қазақстан Республикасы мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының бұзылғанын тапқан кезде мемлекеттік сатып алуды қайта қарау және (немесе) бас тарту туралы шешім қабылдауға құқылы.";
      4) 7-бапта:
      1-тармақта "алда болатын мемлекеттік сатып алуда" деген сөздерден кейін ", тапсырыс беруші мен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны бір тұлға білдіретін жағдайларды қоспағанда" деген сөздермен толықтырылсын;
      2-тармақтың бірінші абзацында "Тапсырыс беруші" деген сөздер "Тапсырыс берушінің өзі тікелей, не" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4-тармақтың үшінші абзацында "Акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы" деген сөздер "дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан астам проценті" деген сөздермен ауыстырылсын;
      5) 8-бапта:
      3-тармақтың 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдары мен қаржылық ресурстары болуы;
      2) еңбек ресурстарының болуы - мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті деңгейдегі кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі бар мамандары бар болуы тиіс";
      6) 11-бапта:
      5-тармақта:
      3) тармақша алып тасталсын;
      5) мынадай мазмұндағы сегізінші абзацпен толықтырылсын:
      "Тапсырыс беруші, осы тармақтың 2) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, оған әлеуетті өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы хабар белгілі болған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, кейіннен уәкілетті орган мұндай әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алудың теріс пиғылды қатысушысы деп тану туралы сотқа білдіруі үшін, мұндай әлеуетті өнім беруші туралы мәліметті уәкілетті органға жіберуге міндетті.";
      6-тармақта "мемлекеттік сатып алу туралы республикалық веб-сайтта" деген сөздер "мемлекеттік сатып алу веб-порталында" деген сөздермен ауыстырылсын;
      7) 12-бапта:
      1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) конкурс тәсілімен. Конкурс екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып өткізілуі мүмкін;";
      4-тармақта:
      "1)-3)" деген сандар "1), 3)" деген сандармен ауыстырылсын;
      "ақпараттық жүйелер және электрондық құжат айналымы пайдаланыла отырып" деген сөздер "электрондық мемлекеттік сатып алумен" деген сөздермен ауыстырылсын;
      Мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
      "5. Осы баптың 1-тармағы 2) тармақшасында көзделген тәсілмен жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен электрондық мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізіледі.";
      8) 13-бапта:
      2) және 4) тармақшалар алып тасталсын;
      5) тармақшадағы "акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы" деген сөздер "дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан астам проценті" деген сөздермен ауыстырылсын;
      14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "14) электрондық мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібін айқындайды;";
      17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "17) сатып алу операцияларын және баға интервенциясын жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдардың (агенттердің) тізбесін бекітеді;";
      мынадай мазмұндағы 20) тармақшамен толықтырылсын:
      "20) электрондық мемлекеттік сатып алу саласында бірыңғай операторды айқындайды.";
      9) 14-бапта:
      5) тармақша алып тасталсын;
      6) тармақшада "осы Заңда көзделген" деген сөздер алып тасталсын;
      8) тармақшада "ақпараттық" деген сөздің алдынан "мемлекеттік" деген сөзбен толықтырылсын;
      9) және 10) тармақшалар алып тасталсын;
      10) мынадай мазмұндағы 14-1-баппен толықтырылсын:
      "14-1-бап. Электрондық мемлекеттік сатып алу саласында біріңғай оператордың өкілеттігі
      Электрондық мемлекеттік сатып алу саласында біріңғай оператор:
      1) мемлекеттік сатып алу саласында мемлекеттік ақпараттық жүйелерді әзірлеуді, енгізуді, ақпараттық-техникалық сүйемелдеуді және пайдалануды жүзеге асырады;
      2) мемлекеттік сатып алу саласында тізілімді техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;
      3) мемлекеттік сатып алу веб-порталының құрылуын, жұмыс істеуін және техникалық сүйемелденуін қамтамасыз етеді;
      4) осы Заңға сәйкес міндетті жариялауға жататын мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтерді мемлекеттік сатып алу веб-порталына орналастырады;
      5) ақпараттандыру туралы Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйені қолдана отырып мемлекеттік сатып алу жүйесінің субъектілеріне және басқа да мүдделі тұлғаларға электрондық қызмет көрсетеді;
      6) электрондық мемлекеттік сатып алу саласында мемлекеттік органдарға консультациялық және практикалық көмек көрсетеді;
      7) электрондық мемлекеттік сатып алу жобаларын басқару функцияларын және техникалық сүйемелдеуді мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырады;
      11) 15-бапта:
      5-тармақта:
      1), 2) және 3) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының жазбаша өтініші;
      2) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және прокуратура органдарының жазбаша тапсырмалары;
      3) құқық қорғау органдарының қаулылары түскен кезде;";
      мемлекеттік тілдегі мәтінінде 4) тармақшадағы "бойынша" деген сөзден кейін "жүзеге асырылады." деген сөздермен толықтырылып, 5) тармақша алып тасталсын;
      6-тармақтың 2) тармақшасы алып тасталсын;
      7-тармақта:
      1) тармақшада "қаулылар (ұсынулар, нұсқамалар)" деген сөздер "ұсынулар" деген сөзбен ауыстырылсын;
      2) тармақша алып тасталсын;
      12) 16-бапта:
      1 және 2-тармақтар алып тасталсын;
      3-тармақтың бірінші, екінші және үшінші абзацтарындағы "ашық не жабық" деген сөздер алып тасталсын;
      13) 17-бапта:
      4-тармақтың 1) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарында "тауарлар," деген сөз алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
      "5-1. Ірі және күрделі құрылыс объектілері немесе салыну ұзақтығы алты айдан жоғары объектілер бойынша мердігерлік жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды өткізуге арналған конкурстық құжаттамаға техникалық өзіндік ерекшеліктер конкурстық құжаттама бекітілгенге дейін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның жобаларды мемлекеттік сараптауына жатады.";
      14) 18-бапта:
      1-тармақта:
      1) тармақша алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру мәтінін мемлекеттік сатып алу веб-порталына орналастыруға;";
      2) тармақшадағы "ашық" деген сөз алып тасталсын;
      3) тармақша алып тасталсын;
      4) тармақшада:
      екінші абзацтағы "ашық" деген сөз алып тасталсын;
      үшінші және төртінші абзацтар алып тасталсын;
      2-тармақ алып тасталсын;
      15) 19-баптың 3-тармағында "ашық" және "немесе жабық конкурсқа қатысуға шақыру туралы хабарлама жіберілгенге дейін" деген сөздер алып тасталсын;
      16) 20-баптың 3-тармағының 2) тармақшасында ", жабық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда," деген сөздер алып тасталсын;
      17) 23-бапта:
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Әлеуетті өнім беруші, егер ол:
      1) екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың бірінші кезеңінде;
      2) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыста көзделген көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсқа қатысатын болса, конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.";
      6-тармақта "акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы" деген сөздер" "дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан астам проценті" деген сөздермен ауыстырылсын;
      18) 24-бапта:
      1-тармақтың үшінші абзацында екінші сөйлем алып тасталсын;
      3-тармақтың 2) тармақшасында екінші абзац алып тасталсын;
      19) 25-бапта:
      6-тармақтың 2) тармақшасында "осы" деген сөздің алдында "оларға" деген сөзбен толықтырылсын;
      7-тармақтың 2) тармақшасында екінші сөйлем алып тасталсын;
      20) 26-баптың 1-тармағының екінші абзацындағы екінші сөйлем алып тасталсын;
      21) 27-бапта:
      2-тармақта:
      2) тармақшаның екінші абзацы алып тасталсын;
      2) тармақша алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
      "3) конкурс тәсілімен өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы ақпаратты мемлекеттік сатып алу веб-порталына орналастыруға.";
      4) тармақшада "ашық" деген сөз алып тасталсын;
      22) 29-бапта:
      2-тармақтың 1) тармақшасында:
      бесінші абзацта "және мұндай веб-сайттың электрондық мекенжайы туралы уәкілетті органға жазбаша түрде хабарлау" деген сөздер алып тасталсын;
      бесінші абзацта:
      "Бюллетеньде" деген сөзден кейін ", мемлекеттік сатып алу веб-порталында" деген сөздермен толықтырылсын;
      "Бюллетеньде" деген сөз алып тасталсын;
      23) 30-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "30-бап. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру негіздері
      1. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу егжей-тегжей ерекшеліктерінің тапсырыс беруші үшін елеулі маңызы жоқ тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге жүргізіледі, бұл ретте баға шешуші шарт болып табылады.
      2. Біртекті болып табылмайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді лоттарға бөлуге міндетті.
      Біртекті тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтердің бірнеше түрлерін баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді оларды жеткізу (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.
      Біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың бірдей түрлері бойынша және (немесе) оларды жеткізу (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.
      Осы тармақта көзделген жағдайларда баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу жеңімпазын анықтау әрбір лот бойынша жүзеге асырылады.";
      24) 31-бапта:
      1-тармақта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) сатып алу үшін бөлінген соманы көрсете отырып, мемлекеттік сатып алу мәні болып табылатын тауар саны, орындалатын жұмыстар, көрсетілетін қызметтер көлемі туралы;";
      мынадай мазмұндағы 1-1), 1)-2) және 1-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      "1-1) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипаттамасы;
      1-2) тауарды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету орны;
      1-3) тауарды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтерді көрсетудің талап етілетін мерзімдері;";
      3) тармақшада үшінші абзац алып тасталсын;
      7-тармақтың 2) тармақшасындағы "ұсынса" деген сөзден кейін ";" белгісі қойылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
      "3) әлеуетті өнім беруші бірден астам баға ұсыныстарын ұсынса";
      25) 32-баптың 3) тармақшасындағы "қажеттілігі болса" деген сөздерден кейін ";" белгісі қойылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
      "4) осы Заңның 31-бабының 6-тармақшасында көзделген тапсырыс беруші қабылдаған шаралар мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуға әкелмесе.";
      26) 35-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "35-бап. Ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру
      Әлеуетті өнім берушілерге ұйымдастырылған электрондық сауда-саттыққа рұқсат беру, ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды тіркеу мемлекеттік сатып алу саласында мемлекеттік те, сондай-ақ мемлекеттік емес те ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылады.
      Ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта мемлекеттік сатып алу туралы ақпаратты жинау, қорыту және талдау мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану арқылы жүзеге асырылады.";
      27) 37-бапта:
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Осы Заңның 31-бабының 11-тармағында көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасу мерзімін қоспағанда, мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасу мерзімі мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасын әлеуетті өнім берушіге жіберген күннен бастап отыз күнтізбелік күннен аспауы тиіс";
      4-тармақта "мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан" деген сөздерден кейін "және ол қазынашылық органдарында тіркелген" деген сөздермен толықтырылсын;
      5-тармақ мынадай мазмұндағы 5) және 6) тармақшалармен толықтырылсын;
      "5) қару-жарақ және әскери техниканы;
      6) тиісті бюджетте, даму жоспарында (бизнес-жоспарда) қаржыландыру жоспарында белгіленген келесі (кейінгі) қаржы жылында (жылдарда) орындалу (көрсету, жеткізу) мерзімі себепші болатын орындау ұзақтығына байланысты тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтерді. Мемлекеттік сатып алу туралы мұндай шарттың қолданылу мерзімі үш жылдан аспауы тиіс";
      6-тармақта "акциясының (үлесінің) елу проценттен астамы" деген сөздер "дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан астам проценті" деген сөздермен ауыстырылсын;
      28) 40-баптың 3-тармағы алып тасталсын;
      29) 41-бапта:
      1-тармақ алып тасталсын;
      3-тармақтың 6) тармақшасындағы "қызметтерді" деген сөзден кейін ";" белгісі қойылып, мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
      "7) олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияны құрайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді";
      30) 42-баптың 1-тармағында "акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы" деген сөздер "дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан астам проценті" деген сөздермен ауыстырылсын;
      31) 44-баптың 1-тармағында "Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған отандық әлеуетті өнім берушілердің өзге де санаттары" деген сөздер "отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер" деген сөздермен ауыстырылсын;
      32) 45-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "45-бап. Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, комиссияның, сарапшының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасау
      "Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, комиссияның, сарапшының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасау сот тәртібімен жүзеге асырылады.";
      33) мынадай мазмұндағы 47-1-баппен толықтырылсын:
      "47-1-бап. Өтпелі ережелер
      1. Осы Заңның 30-бабы 2-тармағының ережесі электрондық мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізілетін мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.
      2. 47-1-баптың 1-тармағының ережелері 2010 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.".
       2-бап . Осы Заң 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Заңның 1-бабы 1) тармақшасының тоғызыншы абзацын, 7) тармақшасының бесінші, алтыншы және сегізінші абзацтарын, 9) тармақшасының екінші абзацын, 14) тармақшасының үшінші абзацын, 21) тармақшасының үшінші абзацын, 22) тармақшасының алтыншы абзацын және 23) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады