"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 14 қазандағы N 940 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

                                                      Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне
азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

       1-бап . Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне мен толықтырулар енгізілсін:
      1. "Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы" 1998 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасының Заңынам (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 11-12, 173-құжат;.2000 ж, N 5, 115-құжат; 2004 ж., N 14, 82-құжат; N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 16, 70-құжат; 2007 ж., N 1,4-құжат):
      1) 1 бап мынадай мазмұндағы оныншы абзацпен толықтырылсын:
      "азық-түлік қауіпсіздігі - экономиканың, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешеннің мемлекет халықтың азық-түлік тағамдары мен ауыз суға деген құқығы мен қажеттілігін тұлғаның физикалық және әлеуметтік дамуы, тұрғын халықтың денсаулығы мен ұдайы өсуін қамтамасыз ету үшін жеткілікті физиологиялық тұтыну нормаларында көзделген сан мен сапада қамтамасыз етуге қабілетті жай-күйі;";
      2) 4-баптың 10) тармақшасындағы "ынтымақтастықты дамыту" деген сөздерден кейін (;) қойылып, мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:
      "11) мемлекеттің азық-түлік тәуелсіздігін сақтау үшін отандық агроөнеркәсіптік кешенді орнықты дамыту.";
      3) 5-бап мынадай мазмұндағы 14) тармақшамен толықтырылсын:
      "14) агроөнеркәсіптік кешеннің тиісті ресурстармен, әлеуетпен және кепілдіктермен жеткілікті қамтамасыз етілмеуі, шетелден азық-түлік тауарлары жеткізілімінің азаюына апаратын басқа елдердің сауда саясатының кері әсері (экономикалық эмбарго, экспортқа шек қою), отандық азық-түлік тауарларының бәсекеге қабілеттілігінің жеткіліксіз деңгейі, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың кері әсері нәтижесінде азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің төмендеуі.";
      4) 4-тарау мынадай мазмұндағы 24-1-баппен толықтырылсын:
      "24-1-бап. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету
      1. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлеуметтік-саяси, сауда-экономикалық, соның ішінде кеден-тарифтік және тарифтік емес, ғылыми-техникалық, ұйымдастыру, ақпараттық, әкімшілік және азық-түлік дағдарысының алдын алуға және (немесе) жеңуге бағытталған өзгеде шараларды әзірлеу мен іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
      2. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету:
      1) Азық-түлік жасына, мүліктік және лауазымдық жағдайына, тұрған және тұратын жеріне қарамастан тұтынудың физиологиялық нормаларына сәйкес азық-түлік тауарларының физикалық және экономикалық қол жетімділігін қамтамасыз ету;
      2) Қазақстан Республикасында өндірілетін және сатылатын азық-түлік тауарлары сапасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі;
      3) ішкі және сыртқы қолайсыз факторлардың әсеріне қарамастан ауыл шаруашылығы өнімінің мемлекеттік ресурстарын қалыптастыру, жаңарту және толықтыру;
      4) барлық жеке меншік нысандары ұйымдарын агроазық-түлік нарығына қол жеткізу жолымен тең бәсекелі ортаны құру;
      5) мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығы;
      6) азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпкерлер қауымдастықтарының (одақтарының) рөлін арттыруға жәрдемдесу;
      7) агроазық-түлік нарығының жай-күйі туралы ақпараттың ашықтығы принциптерінен құралады.
      3. Мынадай:
      1) азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйін төмендететін;
      2) азық-түлік тауарларына бағаның көтерілуін, азық-түліктің ішкі ресурстарының төмендеуін өршітетін;
      3) азық-түлік тауарларын елден тысқары жерлерге заңсыз (контрабандалық) шығаруға ықпал ететін шешімдер мен әрекеттер қабылдауға жол берілмейді.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйі нашарлаған кезде азық-түлік тауарларының экспорты мен импортына уақытша тыйымдар мен шектеулер енгізуі мүмкін.".
      2. "Мемлекеттік материалдық резерв туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., N 20, 378-құжат; "Казахстанская правда" 2000 жылғы 30 қарашадағы N 304-305):
      5-бап мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "8-1) рынокқа реттеушілік ықпал жасау үшін мемлекеттік резервті пайдаланған жағдайда мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды шығаруға қатысушы ұйымдардың тізбесін, шығарылатын материалдық құндылықтардың көлемі мен бағаларын айқындайды.";
      3. "Астық туралы" 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 2, 12-құжат; N 15-16, 232-құжат; 2003 ж., N 19-20, 148-құжат; 2004 ж.,  N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 24, 148-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 3, 20-құжат; N 9, 67-құжат):
      1) 1-баптың 3) тармақшасы алып тасталсын;
      2) 6-бап мынадай мазмұндағы 21) тармақшамен толықтырылсын:
      "21) астық қабылдау кәсіпорнын тексеру актісінің нысанын әзірлеу және бекіту.";
      3) 6-1-бапта 11) тармақшаның үшінші абзацындағы "астық қабылдау" деген сөздердің алдынан "уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша" деген сөздермен толықтырылсын;
      4) 16-бапта:
      1-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатыспайтын астық қабылдау кәсіпорындары астық қолхаттарын ұстаушылар алдындағы өз азаматтық-құқықтық жауапкершілігін мынадай шарттармен сақтандыруды жүзеге асырады:
      1) сақтандыру объектісі - астық қабылдау кәсіпорындарының, оның сапасы жоғалған және (немесе) нашарлаған астықтың құнын өтеу міндетімен байланысты мүліктік мүдделері;
      2) сақтандыру жағдайы - сақтауға қабылданған астық сапасының жоғалу немесе нашарлау фактісі;
      3) франшиздердің болмауы;
      4) сақтандыру сомасы сақтауға қабылданған астықтың шарт жасасу сәтіне рынок құнынан төмен болмауы тиіс;
      5) әр астық қолхатын ұстаушылар үшін сақтандыру төлемінің сомасы сақтауға тапсырылған, сапасы жоғалған немесе нашарлаған астық құнының ең кемінде сексен пайызын құрауы тиіс.";
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Астық қабылдау кәсіпорны - астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорына қатысушы сақтауға қабылдаған астық сапасының жоғалу немесе нашарлау фактісі туындаған кезде астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қоры осы астық қабылдау кәсіпорнының астық қолхаттарын ұстаушылар алдындағы міндеттемелерін сақтауға тапсырылған, сапасы жоғалған және нашарлаған астық құнының сексен пайызынан кем болмайтын ақша қаражатымен өтеуді жүргізеді.
      Астық сапасының жоғалу немесе нашарлау фактісін уәкілетті орган белгілейді.
      Астық қабылдау кәсіпорындарының астық қолхаттарын ұстаушылар алдындағы міндеттемелерін өтеуді жүзеге асырған астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорына астық қолхатын ұстаушының осы астық қабылдау кәсіпорнына бар талап ету құқығы оның төлеген сомасы шегінде көшеді.
      Астық қабылдау кәсіпорындары - астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорына (қорларына) қатысушылар астық қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуын кепілдендіру мақсатында астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорына (қорларына) астық қолхаттарының тізілімін беруге міндетті.
      3-тармақта "сондай-ақ мемлекеттің осындай қорларға қатысу нысаны мен тәртібін" деген сөздер алып тасталсын;
      5) 30-бапта:
      1-тармақ "өкілдерінен" деген сөзден кейін ", астық қабылдау кәсіпорындары қатысу шартын жасасқан астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорынан (қорларынан)" деген сөздермен толықтырылсын;
      2-тармақта "астық қабылдау кәсіпорнына" деген сөздерден кейін ", астық қабылдау кәсіпорны қатысу шартын жасасқан астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорына (қорларына)" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
      "4-1. Астық қабылдау кәсіпорнының астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорында (қорларында) қатысуы жағдайында уақытша басқару жөніндегі комиссиядағы өкілдердің шешім қабылдау кезіндегі дауыстары проценттік арақатынаста мынадай үлгіде бөлінеді:
      1) астық қолхаттарын ұстаушылар жиырма бес процент;
      2) астық қабылдау кәсіпорны жиырма бес процент;
      3) уәкілетті орган жиырма бес процент;
      4) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қоры (қорлары) жиырма бес процент.".
      4. "Тұқым шаруашылығы туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., N 3, 16-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат):
      1) 1-бапта:
      1) тармақша алып тасталсын;
      2) 5-бапта:
      мынадай мазмұндағы 7-1) және 7-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      "7-1) мемлекеттік сынау; өтініш беруші деректері бойынша патенттік қабілеттілігі және шаруашылық пайдалылығы бағаланатын өсімдіктердің тұқымдары мен түрлерінің тізбесін бекітеді;
      7-2) гендік инженерия (генетикалық түрлендірілген) негізінде алынған тұқым сорттарының партияларын мемлекеттік тіркеу тәртібін бекітеді;";
       3) 6-бапта:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы 7-1) және 7-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      "7-1) мемлекеттік сынау; өтініш беруші деректері бойынша патенттік қабілеттілігі және шаруашылық пайдалылығы бағаланатын өсімдіктердің тұқымдары мен түрлерінің тізбесін әзірлейді;
      7-2) гендік инженерия (генетикалық түрлендірілген) негізінде алынған тұқым сорттарының партияларын мемлекеттік тіркеу тәртібін әзірлейді;";
      4) 15-бап алып тасталсын.
      5. "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., N 13, 52-құжат; 2007 ж., N 5-6,42-құжат):
      1) 1-бапта:
      мынадай мазмұндағы 5-1), 5-2), 5-3), 5-4), 5-5), 5-6), 5-7), 5-8) және 16-1) тармақшалармен толықтырылсын:
      "5-1) азық-түлік дағдарысы - республиканың барлық аумағында немесе едәуір бөлігінде халықтың тұтынудың физиологиялық нормаларына сәйкес азық-түлік қамтамасыз етілуі қауіп-қатерде болатын жағдай;
      5-2) азық-түлік тауарлары адамның тамағына пайдалануға арналған ауыл шаруашылығы, балық өнімі және олардың тереңдетіп қайта өңделген өнімдері, сондай-ақ ауыз су мен тұз;
      5-3) азық-түлік тауарларына физикалық қол жетімділік - республиканың барлық аумағында азық-түлік тауарларының әр уақыт сәтіне және халықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін жеткілікті мөлшерде болуы;
      5-4) азық-түлік тауарларына экономикалық қол жетімділік - азық-түлік тауарларын тұтынудың қолда бар құрылымы, бағалар жүйесі, табыстар деңгейі, әлеуметтік жәрдемақылар мен жеңілдіктер кезінде халықтың азық-түлік тауарларын тұтынуының физиологиялық нормаларына сәйкес сатып алу мүмкіндігі;
      5-5) азық-түлік тәуелсіздігі - азық-түлікті шетелден жеткізу тоқтатылған жағдайда азық-түлік дағдарысы туындамайтын азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарты;
      5-6) ішкі азық-түлік ресурстары - белгілі уақыт кезеңінде республика аумағында өндірілетін азық-түлік тауарларының болуы;
      5-7) ауыл шаруашылығы өнімін тереңдетіп қайта өңдеу - оның физикалық-механикалық қасиеттері өзгере отырып, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеудің технологиялық процесі;
      5-8) ауыл шаруашылығы өнімін алғашқы қайта өңдеу - оның физикалық-механикалық қасиеттері өзгерусіз ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеудің алғашқы сатысындағы процесі;
      16-1) тұтынудың физиологиялық нормалары - сау адамның физиологиялық қажеттілігі толық қанағаттандырылатын тағамдық заттар мен энергияны тұтынудың ғылыми негізделген және денсаулық сақтау, білім беру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту салаларындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың бірыңғай шешімімен бекітілген нормалары";
      16) тармақшада "ішкі нарықта" деген сөздер "ішкі және сыртқы нарықтарда" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2) 5-бапта:
      мынадай мазмұндағы 1 -1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) азық-түлік қауіпсіздігі саласында бірыңғай мемлекеттік саясаттың жүргізілуін қамтамасыз етеді;";
      мынадай мазмұндағы 15) тармақшамен толықтырылсын:
      "15) азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингін жүргізу тәртібін бекіту;";
       3) 6-бапта:
      1-тармақта:
      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ветеринариялық, фитосанитарлық және техникалық бақылауды жүзеге асыру;
      8) тармақшаның төртінші абзацындағы "бағалары мен нарықтарының" деген сөздерден кейін (;) қойылып, мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "азық-түліктің ішкі ресурстарына қатысты азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйінің;";
      21) тармақшадағы "қамтамасыз ету" деген сөздерден кейін (;) қойылып, мынадай мазмұндағы 22), 23) тармақшалармен толықтырылсын:
      "22) Нарыққа реттеушілік ықпал жасау үшін мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын шығару туралы және мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын, шығарылатын материалдық құндылықтардың көлемі мен бағаларын шығаруға қатысушы ұйымдардың тізбесі бойынша ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізу;
      23) агроөнеркәсіптік кешені өнімінің тауар қозғалысы жүйесін ұйымдастыру";
      4) 7-бапта:
      2-тармақта:
      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) өңірлік жағдайларды ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігі саласында мемлекеттік саясатты іске асыру;";
      8) тармақшада "бағалары мен нарықтарының" деген сөздерден кейін ", азық-түліктің ішкі ресурстарына қатысты азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің" деген сөздермен толықтырылсын;
      12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "12) асыл тұқымды малды сатып алуды ұйымдастыру;";
      5) 11-баптың 2-тармағында:
      2) тармақшада "ауыл шаруашылығы малының," деген сөздерден кейін "басым тұқымдарды қоса алғанда, сондай-ақ" деген сөздермен толықтырылсын;
      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "8) жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің көпжылдық көшеттерін отырғызу және өсіру (соның ішінде қалпына келтіру);";
      мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "5-1) отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге тыңайтқыштардың (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) құнын арзандату;"
      6) 12-бапта:
      7) мынадай мазмұндағы 3-1-тараумен толықтырылсын:
      "3-1-тарау. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мемлекеттік реттеу
      19-1-бап. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өлшемдері мен негізгі бағыттары
      1. Азық-түлік қауіпсіздігінің өлшемдері:
      1) азық-түлік тауарларына физикалық қол жетімділік;
      2) азық-түлік тауарларына экономикалық қол жетімділік;
      3) тамақ өнімі қауіпсіздігінің кепілдігі болып табылады.
      2. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі бағыттары:
      1) ішкі агроазық-түлік нарығын молықтыру үшін, соның ішінде отандық ауыл шаруашылығы өнімі мен оны қайта өңдеу өнімдерін өндірушілерді қолдау жолымен қажетті жағдайлар жасау;
      2) азық-түліктің ішкі ресурстарына қатысты азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингі;
      3) азық-түлік тауарларына сұраныс пен ұсынысты болжау;
      4) азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындауға бағытталған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік, салалық (секторалдық), өңірлік бағдарламаларын орындауды іске асыру;
      5) тамақ өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз;
      6) орталық және жергілікті атқарушы әрі өкілді органдардың агроөнеркәсіптік кешені субъектілері мен өзара іс қимылы болып табылады.
      19-2-бап. Азық-түліктің ішкі ресурстарына қатысты азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингі
      1. Азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингі:
      1) азық-түлік тауарлары өндірісінің көлеміне, олардың тауар қозғалысына және қорларының болуына;
      2) ауыл шаруашылығы өнімінің мемлекеттік ресурстарының қалыптасуына, болуына және пайдаланылуына;
      3) астықтың мемлекеттік ресурстарын қалыптастыруға қатысты жүргізіледі.
      2. Азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингін жүргізу тәртібін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган әзірлейді. Азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингін жергілікті атқарушы органдар мен статистикалық қызмет саласында, соның ішінде нақты уақыт режимінде мониторингіні жүзеге асыратын уәкілетті органның мәліметтері негізінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.
      3. Азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингі негізінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган азық-түлік қауіпсіздігі саласында мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастырады.
      19-3-бап. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыру
      1. Азық-түлік қауіпсіздігі:
      1) ауыл шаруашылығы өнімінің мемлекеттік ресурстарын қалыптастыру;
      2) астық туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттік астық ресурстарын қалыптастыру;
      3) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ережелерге сәйкес ауыл шаруашылығы өнімінің мемлекеттік ресурстарын пайдалану;
      4) азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейінің мониторингі мен талдауы;
      5) генетикалық түрлендірілген тамақ өнімдерін, генетикалық түрлендірілген организмдерді қамтитын азық-түлік тауарларын ауылшаруашылығы өнімінің мемлекеттік ресурстарына сатып алуды болдырмау жолымен қамтамасыз етіледі.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган әзірлеген ауыл шаруашылығы өнімінің мемлекеттік ресурстарын қалыптастыру, сақтау, жаңалау және қорларды пайдалану ережесіне сәйкес ауыл шаруашылығы өнімінің мемлекеттік ресурстарын қалыптастырады.
      3. Ауыл шаруашылығы өнімінің мемлекеттік ресурстары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ережелерге сәйкес ішкі агроазық-түлік нарығына реттеушілік әсерін жасау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.
      4. Азық-түлік қауіпсіздігі жағдайы мониторингісінің нәтижелерін талдау статистика қызметі саласында мониторингті жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның азық-түлік тауарларының өндірісі, тауар қозғалысы, түрлері, бағалары туралы деректері негізінде жүзеге асырылады.
      5. Генетикалық түрлендірілген тамақ өнімдерін, генетикалық түрлендірілген организмдер бар азық-түлік тауарларын ауыл шаруашылығы өнімінің мемлекеттік қорларына сатып алуды қаржыландыруға республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатын пайдалануға рұқсат етілмейді.
      6. Егер азық-түлік тауарларының жылдық өндірісі республикада физиологиялық тұтыну нормаларына сәйкес тұрғындардың жылдық қажеттілігінің 80 (сексен) пайызынан төмен болса, онда Қазақстан Республикасының азық-түліктік қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген деп есептелінеді.
      6. "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі N 303 Заңында (Қазақстан Республикасы Парламентінің ведомостілері 2004 ж, N 17 (2498), 135-м.):
      1) 4-баптың:
      1-тармағының:
      38) тармақшасы:
      "ауыл шаруашылығы өнімі" сөздерінен кейін "және оны қайта өңдеу өнімдері" сөздерімен толықтырылсын;
      "сондай-ақ оны сақтау жөніндегі қызметтерді" сөздері "сондай-ақ, оларды сақтау жөніндегі қызметтерді" сөздерімен алмастырылсын";
      2) 13-баптың 17) тармақшасы мынадай редакцияда баяндалсын:
      "17) сатып алу операцияларын және бағалық интервенцияны, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімі мен оны қайта өңдеу өнімдерін сақтау, қайта өңдеу, тасымалдау бойынша қызметтерді сатып алуды жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдардың (агенттердің) тізімін бекітеді;";
      3) 44-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
      "3. Ауыл шарушылығы өнімі және оны қайта өңдеу өнімдерін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырарда оның біліктілік талаптарына сай келген кезде жеткізушіні таңдау басымдық тәртіппен отандық азық-түлік тауарларын өндірушілер пайдасына қарай жүзеге асырылады.
       2-бап . Осы Заң оның ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады