Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының азаматтық мақсаттағы радиоқызметтерімен пайдаланылатын 30.0-1000.0 МГц радиожиілік жолағында шекаралық аймақтарда радиожиіліктерді тағайындауды үйлестіру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 22 қазандағы N 975 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. 2006 жылы 20 наурызда Ташкентте қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының азаматтық мақсаттағы радиоқызметтерімен пайдаланылатын 30.0-1000.0 МГц радиожиілік жолағында шекаралық аймақтарда радиожиіліктерді тағайындауды үйлестіру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының азаматтық мақсаттағы радиоқызметтерімен пайдаланылатын 30.0-1000.0 МГц радиожиілік жолағында шекаралық аймақтарда радиожиіліктерді тағайындауды үйлестіру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы
КЕЛІСІМ

      (2008 жылғы 14 қарашада күшіне енді – Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2008 ж., N 6, 29-құжат)

      Бұдан былай Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі,

      байланыс саласындағы ынтымақтастықты дамытуды ниет ете отырып,

      радиобайланыс, теледидар және радиохабар тарату қызметтеріне сұраныстың қарқынын ескере отырып,

      тараптар мемлекеттерінің радиоқызметтеріне зиянды бөгеуілдерді өзара шеттету мақсатымен 30.0-1000.0 МГц радиожиілік жолақтарын үйлестіруді қажет деп есептей отырып,

      Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) радиобайланыс регламентіне сәйкес әрекет ете отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім мақсатында мынадай терминдер қолданылады:

      "шекаралық аймақ" - теледидар мен радиохабар таратудан басқа, осы келісімде көрсетілген өзге Тараптың мемлекет аумағында бір тарап мемлекетінің радиоэлектрондық құралдары бөгеуілдер жасауы мүмкін Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы шекараның екі жағы бойынша ені 50 км болатын Тараптар мемлекеттерінің аумағы;

      "құпия ақпарат " - радиожиіліктерді үйлестіру процесіне қатысатын, қолжетімділігі уәкілетті мемлекеттік органдармен шектелген Тараптардың мемлекеттік құпиясына кірмейтін ақпарат;

      "жиіліктерді тағайындауды үйлестіру" - осы радиоэлектрондық құралдарды радиожиілік тағайындаулар сипаттамасына сәйкес радиоэлектрондық құралдарын қондыруға және пайдалануға Тараптардың келісімін алу рәсімі.

2-бап

      Тараптардың құқықтары, міндеттері және жауапкершіліктері халықаралық құқықтың жалпы қалыптасқан нормаларымен, мемлекеттер Тараптардың ұлттық заңнамаларымен және осы Келісім ережесімен анықталады және реттеледі.

3-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі бақылау мен үйлестіру іс-қимылын жүзеге асыру бойынша Тараптардың уәкілетті органдары:

      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі,

      Өзбекстан тарапынан - Өзбектің Байланыс және ақпараттандыру агенттігі болып табылады.

      Тараптардың уәкілетті органдары ресми атауларын өзгерткен, қайта ұйымдасқан жағдайда, олар кідірместен дипломатиялық арналар арқылы бір-біріне хабарлайды.

4-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары:

      осы Келісім шеңберінде қажетті ақпаратпен алмасуды жүзеге асырады;

      бөгеуілдер пайда болған жағдайда шараларды анықтайды және қолданады;

      осы Келісімді қолдану шегінде үйлестіру аймағын белгілейді, және рәсімдік тетіктерді анықтайды және қолданады;

      осы Келісім шеңберінде мемлекеттер Тараптардың ұлттық заңнамаларымен белгіленген тәртіпте радиоқызметтердің радиожиілік тағайындауын үйлестірудің техникалық негізі бойынша немесе жеке радиожиілік жолағын пайдалану бойынша келісім қорытындыларына қатысты ұсыныстар енгізеді.

5-бап

      Осы Келісім ережелеріне сәйкес шекаралық аймақтарда әртүрлі радиоқызметтердің станцияларымен 30.0-1000.0 МГц радиожиілік жолағында радиожиілікті пайдалануды үйлестіру мәселелерінде Тараптар бірлесе жұмыс жасайды.

6-бап

      1. Осы Келісімге сәйкес құрлықтық жылжымалы, тіркелген, радиохабар тарату және де басқа да радиоқызметтер станцияларымен радиожиіліктерді тағайындауды үйлестіру жүзеге асырылады.

      Тараптардың уәкілетті органдарының жауапкершілігіне жатпайтын радиоқызметтік станцияларының радиожиілік тағайындаулардың үйлестіру осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамамен рәсімделмегенге дейін осы Келісімнің ережелерімен реттелмейді.

      2. Егер де Тараптардың уәкілетті органдарымен бекітілген үйлестірудің техникалық негіздері бойынша қосымша Келісімге сәйкес қызметтер үшін шекаралық аймақтарда анықталған мүмкіндік деңгейінен жоғары бөгеуілдер туындайтын болса, 5-бапта көрсетілген радиожиілік жолағын үйлестіру мемлекеттердің шекаралық аймақтарда орналасқан радиожиілік тағайындау станциясына, сондай-ақ шекаралық аймақтардан шалғай орналасқан жеке станцияларына жатады.

      3. Бөгеуілден қорғау қажет болған жағдайда шекаралық аймақтардағы қабылдау станцияларының радиожиілік тағайындауларын үйлестіру жүзеге асырылуы мүмкін.

7-бап

      1. Тараптар радиожиіліктің мынадай санаттарын анықтайды:

      байланыс желілерін дамыту үшін Тараптардың уәкілетті органдарымен үйлестірілетін жоспарланған байланыс желілеріне арналған радиожиіліктер (ұялы байланыс желісі, радиохабар тарату, радиорелелік желілер және басқалар). Бұл желілер үлкен қаржы салымдарын, пайдалануға ұзақ мерзімді қажет етуі мүмкін және тек үйлестірілген және бекітілген жиілік-аумақтық жоспарлар нәтижесінде құрылуы мүмкін;

      радиожиіліктер үйлестірілген Тараптармен үйлестіру жүргізілді және оларды пайдалану жөніндегі келісімге қол жеткізілді.

      Үйлестірілген радиожиіліктерді тағайындау екінші Тараппен алдын ала жүргізілген үйлестіру жағдайларында жүзеге асырылады.

      2. Үйлестірілген жиілік санаттарының тізіміне енгізілген радиожиілік тағайындаулар Тараптармен өзара келісім негізінде жүзеге асырылған сияқты қаралады.

      Тараптардың әрқайсысымен тағайындалған барлық радиожиіліктер үйлестірілген болып саналады:

      1991 жылға дейін бұрынғы Кеңестер Одағының орталықтандырылған байланыс әкімшілігімен тағайындалған;

      осы Келісімді күшіне енгізу сәтіне дейінгі екі жақты Тараптардың байланыс әкімшіліктерімен үйлестірілген;

      Халықаралық электр байланыс одағының Дүниежүзілік және Өңірлік радиобайланыс конференцияларында енгізілген жоспарларда қабылданған Тараптардың радиожиілік тағайындаулары.

      Келісімге қол қою сәтінде ХЭО апталық циркулярының бірінші бөлімінде жарияланған Тараптардың радиожиілік тағайындауларына сұранымдары осы Келісімнің ережелеріне сәйкес үйлестіруге жатады.

      3. Тараптардың әрқайсысында жоғарыдағы көрсетілген санаттардың радиожиілік тізімі болуы қажет және оларды жүргізілген үйлестіру негізінде толықтыру керек.

      Тараптар келісілген нұсқа бойынша үйлестірілген радиожиіліктер (станциялар) тізімімен алмасады. Тізімдерге тек шекаралық аймақтарда

      орналасқан станциялар немесе осы аймақтарда бөгеуіл жасайтын станциялардың сипаттары енгізілген.

      Тараптардың радиожиілік тізімдері жыл сайын Тараптар сарапшыларының отырыстарында нақтыланады.

      4. Тараптар осы Келісімнің 5-бабында көрсетілген радиожиіліктер жолағында Тараптардың қолданыстағы станцияларының арасындағы мүмкін бөгеуілдік жағдайларды қарастырады және оларды жою бойынша шаралар қолданады.

      Радиобайланыс қызметтерінің сапасының едәуір нашарлауына әкелетін немесе бөгеуілдің кеңістік кернеуінің барынша мүмкін деңгейінен асуы оның қызмет етуін тоқтататын үйлестірудің техникалық негізі бойынша қосымша Келісіммен анықталатын кез келген сәуле шығару бөгеуіл ретінде қарастырылуы тиіс.

8-бап

      1. Тараптардың арасындағы ақпарат алмасу тәртібі, ақпараттың құпиялық дәрежесі және оны қорғау, сондай-ақ әрбір нақты жағдайда берілетін ақпараттың құпиялығын бұзғаны үшін жауапкершілік осы Келісім және мемлекеттер Тараптардың ұлттық заңнамалары негізінде анықталады.

      2. Тарап мемлекеттерінің ұлттық заңнамасымен белгіленген тәртіпте шекаралық аймақтарда орналасқан азаматтық тағайындалған радиоэлектрондық құралдардың қолданысы бойынша мәліметтерді ұсынатын құжаттарды Тараптар бір біріне қызмет қажеттілігі үшін беруге міндеттенеді.

      3. Өз қызметтерін ұйымдастыру үшін қажетті құпия ақпараты бар мәліметтерді алған Тараптар оны қатаң түрде тағайындалуы бойынша пайдалануы тиіс. Құпия ақпаратқа қолжетімділігі бар мамандар тобы мемлекеттер Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес анықталады. Мұнда Тараптар халықаралық жиілік тағайындауларды үйлестіру үшін жауапты құпия ақпаратқа рұқсаты бар тұлғалардың санының шағын болу қажеттілігін ескеріп отыруы тиіс.

      4. Құпиялы ақпаратқа рұқсаты бар тұлғалар құпиялы ақпаратпен жұмыс істеу кезінде Тараптардың мемлекеттерінде белгіленген талаптарын сақтауға міндетті.

      5. Тараптар алынған ақпараттарды құпия сақтауға және оны жарияламау бойынша барлық шараларды қолдануға міндет етеді.

      6. Берілетін ақпараттың құпиялық дәрежесі ақпаратты беретін Тараппен анықталады.

9-бап

      1. Тараптардың уәкілетті органдары көрсетілген рәсімдерге уақытылы ішінара түзетулер енгізу қажеттілігіне және байланыс техникасының жылдам дамуымен байланысты туындайтын басқа мәселелермен және пайдаланылатын техникалық құралды үйлестіруді жүргізетін рәсімдерді әзірлеу және келісу үшін жауапты сарапшыларды тағайындайды.

      2. Байланыс техникасының дамуын ескере отырып, Тараптар үйлестірудің техникалық негізінің әрі қарай дамуын айқындау мақсатында сарапшылар отырысын өткізіп отырады.

10-бап

      1. Тарап радиожиілік тізімінде қарастырылмаған жаңа радиожиілік тағайындауды пайдалануды бастамас бұрын немесе үйлестірілгендер санатына жататын радиожиілік тізіміне өзгерістер енгізуге ниет білдірсе ол ХЭО радиобайланыс регламентінің талаптарына сәйкес үйлестіру жүргізуі тиіс.

      2. Үйлестіруге сұрау жіберілген Тарап, оны қарап және 60 күн ішінде жазбаша дәлелді жауап жіберуі тиіс. Егер ол сұратылған радиожиілік тағайындауларды пайдаланумен келіспесе, ол мәселені қанағаттандырып шешуге өз ұсыныстарын жасауы керек.

      3. Егер үйлестіруге жазбаша тапсырыс жіберген Тарап, 90 күн ішінде жазбаша жауап алмаса, онда ол екінші Тараптың тапсырыстағы радиожиілік тағайындауларын пайдалануға қарсылығы жоқ деп есептейді, оны үйлестірілген радиожиіліктер тізіміне енгізеді және бұл жөнінде екінші тарапқа жазбаша түрде хабарлайды.

      4. Радиожиілік тағайындауларды үйлестіру мынадай жағдайларда талап етілмейді:

      1) егер үйлестірілген радиожиілік тағайындауларды пайдаланушы станцияда екінші Тараптың мемлекет аумағында бөгеуілдердің пайда болуына әкеліп соқпайтын сипаттамасы ғана өзгерсе;

      2) егер бұрынғы үйлестірілген радиожиілікте жұмыс істейтін қосымша станцияны пайдалануға енгізу екінші Тараптың мемлекет аумағында бөгеуілдердің пайда болуына әкеліп соқпаса.

      5. Үйлестірілген радиожиілік тағайындауларды пайдаланған негізгі станция жұмысын тоқтатқан жағдайда, екінші Тарапқа оның орнына енгізілген станцияның техникалық сипаттамалары хабарланады.

      6. Барлық жағдайларда, Тараптардың бірі үйлестірілген радиожиілік тағайындаулардың тізіміне үйлестіру жүргізуді талап етпейтін өзгерістер енгізсе, оның ішінде және үйлестірілген станцияларды пайдалануды тоқтатса, ол екінші Тарапқа осы өзгерістер жөнінде хабарлайды.

11-бап

      Бөгеуіл келтіріп отырған қабылдау станциясы жататын Тарап, ол туралы бөгеуіл тудырып отырған табыстаушы станцияларды жүргізуші екінші Тарапқа хабарлайды. Тараптар бөгеуілдерге қатысты мәселелерді реттеу үшін өзара түсіністік және ынтымақтастық негізінде мүмкін болатын шараларды қолданады.

12-бап

      1. Тараптар осы Келісіммен қарастырылмаған барлық мәселелер бойынша Дүниежүзілік радиобайланыс конференцияларының, Халықаралық радиобайланыс регламентінің ережелерін және Халықаралық электр байланысы одағының ұсыныстарының басшылыққа алады.

      2. Осы Келісім Тараптармен Тараптар қатысушысы болып табылатын халықаралық келісімдерді және әрбір Тараптың радиожиілікті қолдануды реттейтін ұлттық заңнамаларды орындауға кедергі болмайды.

13-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер және консультациялар жолымен шешетін болады.

14-бап

      Сарапшылардың кездесуі Тараптармен алдын ала келісіледі, ұйымдастыру жұмыстары кездесу болатын мемлекеттің аумағында Тараппен шешіледі, қаржылық - әр тараптың есебінен.

15-бап

      Осы Келісімге сәйкес Тараптардың өзара әрекет етуі кезінде орыс тілі қолданылады.

16-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

17-бап

      Тараптардың байланыс әкімшіліктері ХЭО Бас хатшысына осы Келісімнің қорытындылары туралы және мазмұны туралы хабарлайды.

18-бап

      Осы Келісім Тараптармен күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.

      2006 жылғы 20 наурызда Ташкент қаласында қазақ, өзбек және орыс тілдеріндегі екі түпнұсқа данада жасалды, барлық мәтіндердің бірдей күші бар.

      Осы Келісімді түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасы

Өзбекстан Республикасы

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін




      РҚАО-ның ескертуі: Бұдан әрі Келісімнің өзбек тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады