Рухани және білім салаларының дамуы үшін ғылыми, әлеуметтік-экономикалық және ұйымдастыру-әдістемелік базаны одан әрі жетілдіру, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану тиімділігін арттыру тетіктерін әзірлеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Мәдени мұра" стратегиялық ұлттық жобасының 2009 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізсін.
3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар тиісті шешімдерді әзірлеу кезінде Тұжырымдаманың негізгі ережелерін басшылыққа алсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 6 қарашадағы
N 1016 қаулысымен
мақұлданған
"Мәдени мұра" стратегиялық ұлттық жобасының
2009 - 2011 жылдарға арналған
тұжырымдамасы
Астана қаласы, 2008 жыл
Мазмұны
1. Кіріспе
2. Тарихи-мәдени мұраны зерделеу мен сақтаудың қазіргі жай-күйін талдау
3. Тарихи-мәдени мұра саласындағы мемлекеттік саясат - егеменді Қазақстанның тұрақты дамуының факторы
4. Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері
5. Тұжырымдаманың басым бағыттары
5.1. Ұлттық рәміздерді қалыптастыру
5.2. Мәдени туризмді дамыту
5.3. Ұлттық тарихи-мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттау
5.4. Өткен бес жылда табылған тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеу
5.5. Жүйеленген білімді оқу процесіне енгізу
5.6. Саланы дамытудың стратегиялық ресурсы ретінде кадр саясатын іске асыру
6. Тұжырымдаманың қағидаттары мен тетіктері
7. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер
1. Кіріспе
Мәдени мұра - орны толмас құнды рухани, мәдени, экономикалық және әлеуметтік қазына. Мұра осы заманғы ғылым, білім мен мәдениеттің де қайнар көзі. Бұл, табиғи байлықтарымен қатар, ұлттық өзін-өзі сыйлауы мен әлемдік қоғамдастықты мойындатуына басты негіз болып табылады.
2009-2011 жылдарға арналған "Мәдени мұра" стратегиялық ұлттық жобасының Тұжырымдамасы (бұдан әрі Тұжырымдама) Мемлекет басшысының 2008 жылғы 13 маусымда өткен "Мәдени мұра" бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысында берілген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.
Бұл Тұжырымдамада 2004 - 2006 жылдарға арналған "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі - Мемлекеттік бағдарлама) іске асырудың негізгі аспектілері және 2007 - 2009 жылдарға арналған "Мәдени мұра" салалық бағдарламасының (бұдан әрі - салалық бағдарлама) екі жылдық нәтижелері талданып, оны алдағы жылдары іске асырудың басым бағыттары көрсетілген.
Тұжырымдаманың өзектілігі Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұра құндылықтарына деген мемлекет көзқарасын жүйелі жетілдіріп отырумен айқындалады. Өткен кезеңдердегі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді қайта зерделеу мен бағалау процесі барынша күшейіп келе жатқан қазіргі уақытта ақиқатқа объективті, нақпа-нақ және сындарлы тұрғыдан қарап, мәдени мұраны сақтау мен тиімді пайдалану перспективаларын терең бағамдау қажеттілігі туындап отыр.
Осы Тұжырымдама халықтың әлеуеті мен ізгілік бағытын паш етіп, оның тарихи тәжірибесін байытқан және ұрпақтар жалғастығының сенімді тірегіне айналған стратегиялық ұлттық жобаны одан әрі іске асыру жөніндегі 2009 - 2011 жылдарға арналған "Мәдени мұра" салалық бағдарламасының іс-шаралар жоспарын жасауға негіз болады.
2. Тарихи-мәдени мұраны зерделеу мен сақтаудың
қазіргі жай-күйін талдау
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру Қазақстан тарихындағы шын мәнінде теңдесі жоқ, аса жемісті гуманитарлық акция болды. Отандық мәдениет пен ғылымды жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін жаңа құнды тәжірибе алынды.
Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, айрықша маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қайта қалпына келтіру жөнінде ауқымды жұмыс атқарылды. Бүгінгі күні мемлекеттік мұражайларда екі миллионнан астам мәдени құндылықтар сақталуда.
Ұлттық мәдениет пен жазудың сан ғасырлық тәжірибесін қорыту, әлемдік ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері негізінде гуманитарлық білімнің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын құру жөнінде жұмыс жүргізілді.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында 35 тарих және мәдениет ескерткіштерінде жаңғырту жұмыстары, 30 қалашық, қоныс, тұрақ пен қорғанда археологиялық зерттеу жұмыстары жүзеге асырылды.
Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапон, Египет, Өзбекстан, Армения, АҚШ, бірқатар Батыс Еуропа елдеріне ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылып, ғылыми ортаға бұрын белгісіз болып келген Қазақстанның тарихы, этнографиясы, өнері туралы бес мыңға жуық қолжазба мен баспа басылымдары табылды. Экспедициялар барысында тек Қытайдың өзінде ғана Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты бұрын зерттелмеген үш жарым мыңға жуық тың дерек табылды.
Осы зерттеулердің нәтижесінде, қазір Қазақстанда қазақ хандары мен сұлтандарының Қытай, Қоқан, Хиуа және де басқа шектес жерлердің билеушілерімен хат алмасуы жөнінде көптеген тарихи маңызды деректер жиналды, бұрын белгісіз қыпшақ жазбаларын иелендік.
Жүздеген жазба ескерткіштер Еуропа мемлекеттерінің кітапханалары мен дипломатиялық мұрағаттарынан табылды.
Шет елде Орталық Азиядағы көне көшпелі халықтардың шаруашылық құрылысы мен антропологиялық түріне, олардың тілдерінің өзара ықпалына және өзара қарым-қатынастарына қатысты этнологиялық деректердің табылуының маңызы айрықша зор.
Қожа Ахмет Иассауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық кешені сияқты екі ғажайып ескерткіш ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мұралар Тізіміне енді. Аталған тізімге ұсынылған келесі ескерткіш ежелгі Отырар қаласы болып отыр.
Мемлекеттік бағдарлама аясында 230 аталым кітап жарық көрді, арасында тарих, археология, этнография жөніндегі аса құнды сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер бар. Мысалы, "Бабалар сөзі" сериясы жүздеген жылдар бойы жасалған қазақ халқының бай ауыз әдебиетін жинақтауға мүмкіндік берсе, "Қазақтың ата заңдары" жинағы қазақ халқының құқықтық санасының даму тарихын ашып көрсетеді.
Мемлекеттік бағдарлама ТМД елдерінде ғана емес, сонымен қатар алыс шетелдерде де аса жоғары бағаланды. 2006 жылғы сәуірде Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде оның тұсаукесері табысты өтті.
Оны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен 2,7 миллиардқа жуық теңге бөлінді.
Мемлекеттік бағдарлама тарихи-мәдени мұраны қайта қалпына келтірумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты - қоғамдық санада оң өзгерістерге қол жеткізу және нақ осы тұрғыда ол маңызды идеологиялық, жалпымемлекеттік мәнге ие.
Біріншіден, мемлекеттіліктің аса маңызды рухани негізі болып табылатын ұлттың тарихи санасының көкжиегін кеңейту және рөлін күшейту туралы сөз болып отыр.
Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу барысында зерттеулер жүргізу ауқымын тарихи диапазонын концептуалды түрде анықталды. Ол қола дәуірінің соңынан бастап темір дәуіріне дейінгі екі мың жылдан асатын кезеңді қамтиды.
Нәтижесінде Еуразия кеңістігіне атты көшпелілердің шығуы және осы оқиғаның әлемдік діндер пайда болған "осьтік дәуірге" әсері, далалық өркениет пен қазақ хандықтарының жарқын әрі драмалық тағдыры, Ұлы Жібек жолы бойында қалалардың пайда болуы, олардың гүлденуі, құлауы мен қайта өркендеуі, отарлану, империя құрамында болу, егеменді мемлекет ретінде болашаққа жол іздеу сияқты іргелі тарихи оқиғалар назарға алынды.
Екіншіден, Мемлекеттік бағдарлама ұлттық сана-сезімнің қалыптасуы және нығаюына байланысты сұрақтарға жауап болды.
Үшіншіден, Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы елдің жаңа тарихи-мәдени ландшафтының қалыптасуына игі әсерін тигізді.
Төртіншіден, Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы қазақстандықтардың өз тарихына және мәдениетіне қызығушылықтарын арттыра түсті.
Бесіншіден, Мемлекеттік бағдарламаның елдегі этносаралық өзара түсіністіктің артуы мен ұлтаралық қатынастардың үйлесімділігі тұрғысынан алғандағы зор әлеуетін де атап көрсету қажет.
Жалпы алғанда, Мемлекеттік бағдарлама бойынша өте қомақты нәтижелерге қол жеткізілді, ол елдегі және шетелдік зиялы қауым тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Елдің мәдени мұрасын зерделеуге, сақтауға, қалпына келтіруге және тиімді пайдалануға бағытталған шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 желтоқсандағы N 1203 қаулысымен 2007 - 2009 жылдарға арналған "Мәдени мұра" салалық бағдарламасы бекітілді, ол Мемлекеттік бағдарламаның қисынды жалғасы болып келеді.
"Мәдени мұра" салалық бағдарламасын іске асырудағы 2 жыл ішінде (2007 - 2008 жж.) 16 тарих және мәдениет ескерткіштерінде жаңғырту жұмыстары аяқталды, 39 қалашық, қоныс, тұрақ пен қорғанда маусымдық археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ұлттық мәдениет үшін айрықша маңызы бар тарихи-мәдени, сәулет және археология ескерткіштерінде 8 қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізілді, Қазақстанның тарихы, археологиясы, этнографиясы және мәдениетінің мәселелері жөніндегі басылымдардың жаңа серияларын әзірлеп шығару бойынша жұмыстар жалғастырылды.
Салалық бағдарламаны іске асыруға 2007-2008 жылдары мемлекеттік бюджеттен 3,2 миллиардқа жуық теңге бөлінді.
Сонымен қатар, Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру тәжірибесі қысқа мерзім ішінде рухани-мәдени, гуманистік әлеуетті толығымен ашып жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін бірқатар тенденциялардың бар екендігін де көрсетті.
Егер Мемлекеттік бағдарламаның алдағы кезеңі негізінен аса ауқымды мәдени мұраны, соның ішінде, фольклор, салт-дәстүрлерді зерделеу, ұлттық мәдениет үшін маңызы айтарлықтай зор тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлттық әдебиет пен жазудың көпғасырлық тәжірибесін жинақтау бағытындағы игі істермен сипатталса, оны одан әрі іске асырудағы мақсат - мол тарихи-мәдени мұраны қоғам игілігіне айналдыруды қамтамасыз ету болып табылады.
3. Тарихи-мәдени мұра саласындағы мемлекеттік саясат - егеменді Қазақстанның тұрақты дамуының факторы
Егеменді Қазақстанның бүгінгі өмірі мен оның жан-жақты даму перспективаларын мәдени мұрасыз елестету мүмкін емес. Мәдени мұра сана-сезімді қалыптастыру негіздерінің бірі, ізгілік пен отаншылдық құндылықтар сабақтастығын орнықтыруда зор әлеуетке ие.
Мәдени мұраның экономикалық ресурсын жұмылдыру - елді қайта жандандырудың негізі. Тарихи ортаның сақталуы республикамыздың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етеді. Ол, сонымен қатар, бүкіл қазақстандық қоғамдастықтың игілігіне айналар жанама артықшылықтардың шеңберін кеңейтуге де алып келеді.
Мәдени мұраны сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың базалық қағидаты - бұл жұмыстың мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік дамуы аясында ғана тиімді болатындығына негізделген кешенді көзқараспен қарау. Мәдени мұраны сақтау орнықты даму стратегиясының шешуші элементі болуға тиіс.
Қазақстан өз экономикасының маңызды саласы бола алатын және болуы қажет туризм индустриясын дамыту үшін қуатты мәдени әлеуетке ие. Туризм тарих және мәдениет ескерткіштерін кең танытуға септігін тигізеді, республикамыздың ел ішіндегі, сондай-ақ шет елдердегі биік беделін нығайтады.
Мәдени мұраның туризмді дамытудағы артықшылықтарын пайдалануға негізделген мәдени туризмнің қазақстандық моделі ұмытылып кеткен дәстүрлер мен өнер түрлерін жаңғыртуға, туристік қызығушылық тудыратын жаңа орталықтар ашуға, ерекше бағыттар түрлерін ұйымдастыруға бағытталуы тиіс. Туристік-экскурсиялық жұмыс тәуелсіз Қазақстанның мәдени мұрасының бар әлеуетін пайдалана алады.
Кешенді сақтау қағидатына мемлекеттік басқару органдарының жұртшылықпен және мемлекеттік емес сектормен серіктестік қарым-қатынастарды дамытуда бастамашы, қадағалаушы және үйлестіруші функциялары да енеді. Мәдени мұраны барлық қолжетімді ресурстарды пайдалана отырып сақтау ісіне деген ведомствоаралық көзқарасты да қолдау қажет. Сақтау міндетін тек орталық атқарушы органдар ғана емес, жергілікті атқарушы билік органдары да шешуге тиіс.
"Мәдени мұра" стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында мәдениет жөніндегі мемлекеттік саясатты жүргізуге деген жаңа сапалы көзқарастарды айқындап бергендігін, Қазақстанның зор рухани, тарихи-мәдени және гуманитарлық әлеуетін паш еткенін атап өту қажет.
4. Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері
Осы Тұжырымдаманың мақсаты - рухани және білім беру салаларын дамытудың ғылыми, әлеуметтік-экономикалық және ұйымдастыру-әдістемелік базасын одан әрі жетілдіру, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану тиімділігін арттыру тетіктерін әзірлеу.
Қойған мақсаттарға жету үшін күш-жігерді мынадай негізгі міндеттерге жұмылдыру қажет:
тарихи-мәдени мұраны сақтап, одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай жасау;
мемлекеттік және салалық бағдарламалар іс-шаралар жоспарын іске асырудың тиімді тетіктері мен құралдарын әзірлеу;
Қазақстанның бай тарихи және мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау;
мемлекеттік және салалық бағдарламаларын іске асыру барысында жинақталған жаңа және жүйеленген білімді ғылыми айналымға енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
тарихи-мәдени мұраны туризмді дамыту үшін белсенді пайдалану, тарих және мәдениет ескерткіштерін туризм инфрақұрылымының маңызды бір бөлігі ретінде қарастыру;
тарихи-мәдени мұраны халыққа кеңінен тарату мақсатында қоғамдық білім және бұқаралық ақпарат салаларына аудару жолдарын іздестіру;
Түркістан қаласы мен Отырар қалашығындағы бірқатар маңызды ескерткіштерді, Есік пен Берел қорғандары және басқа да тарихи-мәдени кешендерді заман талабына сай қайта қалпына келтіру жөнінде шаралар әзірлеу, олардың мемлекет тарихындағы, елді біріктіруші құндылықтар ретінде алатын орнын айшықтайтын жүйелі іс-шаралар жүргізу;
еуразиялық кеңістіктегі көшпелі мәдениет мұрагері ретінде қазақ мәдениетінің ұлттық брэндін қалыптастыру және оны халықаралық деңгейде насихаттау;
шетелдік ғалымдармен, іргелі ғылыми орталықтармен бірлесе отырып ұлттық мұраларды кешенді түрде жан-жақты зерттеу, олардың ғылыми айналымға түсуін қамтамасыз ету.
5. Тұжырымдаманың басым бағыттары
Тұжырымдаманың басым бағыттары:
1) ұлттық рәміздерді қалыптастыру;
2) мәдени туризмді дамыту;
3) ұлттық тарихи-мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттау;
4) өткен бес жылда табылған тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеу;
5) жүйеленген білімді оқу процесіне енгізу;
6) саланы дамытудың стратегиялық ресурсы ретіндегі кадр саясатын іске асыру.
5.1. Ұлттық рәміздерді қалыптастыру
Бағдарламаның жаңа кезеңінде Есік, Берел қорғандары және Түркістан қаласы мен Отырар қалашығындағы бірқатар маңызды ескерткіштер сияқты мемлекеттілігіміздің асыл қазыналарын қайта жаңғырту және оларды ұлттық рәміздеріміз ретінде орнықтыру жоспарланып отыр.
Отырар - Ұлы Жібек жолында орналасқан ірі сауда орталығы, мұнда әлемге әйгілі ғұлама Әл-Фараби дүниеге келді. Бұл - әлем тарихындағы ірі кітапханалардың бірі орналасқан рухани бесік.
Түркістанда халқы үшін жан қиған, елі мен жері үшін қасық қаны қалғанша күрескен қазақ хандары, батырлары мен билері жерленген. Кеңес дәуірінде Есім, Тәуке, Жәңгір хандардың, Қазыбек бидің, Бөгенбай, Жәнібек, Жауғаш және Қойгелді батырлардың кесенелері мен зираттары жойылды.
Аталған объектілердің барлығы халықты біріктіретін киелі рәміздер мен қасиетті орындар болып саналады.
5.2. Мәдени туризмді дамыту
Ұлы Жібек жолының тарихи орындары негізінде мәдени туризмді дамыту, олардың мемлекет тарихындағы халықты біріктіретін құндылықтар ретіндегі рөлін ашып көрсететін жүйелі іс-шаралар өткізу мемлекеттің негізгі стратегиялық бағыттарының біріне айналуға тиіс. Бүгінгі күнге дейін біздің мол рухани қазынамыз әлемдік қауымдастық назарына жеткілікті ұсынылмай отыр, сол тұрғыда мәдени туризм де белсенді дамымай келеді.
Жоғарыда көрсетілген ұлттық рәміздеріміз негізінде мәдени туризмнің даму жолдарын анықтау ұсынылады. Қазақстан территориясын әлемге Ұлы Жібек жолының негізгі тармағы ретінде көрсету, соған орай нақты бағдарлар жүйесін құру қажет.
Әр қорық-мұражайға бөлек сипаттама беру мақсатында Ұлы Жібек жолының магистральді учаскілеріндегі қорық-мұражайлардың дамуын анықтайтын Бас жоспар құру жөнінде шаралар атқарылды.
Мәдени туризмді дамыту мақсатында барлық тарихи орындарды мұражайландыру жүзеге асырылады. Әр мұражай халықтың басынан өткен күрделі тағдырды танытып, Қазақстан тарихын кезең-кезең бойынша көрсететін болады. Қорық-мұражайлар көшпелілер тұрмысын өз дәуірінің рухына сай көрсетуі тиіс.
5.3. Ұлттық тарихи-мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттау
Әл-Фараби және Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс сияқты атақты тұлғалар ежелгі қазақ жерінен шыққандығы тарихтан белгілі. Біздің борышымыз - олардың түрік мәдениетінің ажырамас бөлігі екендігін әлемдік қауымдастыққа таныту.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Египет пен Сирияға ресми іссапары кезінде Дамаск қаласында Сұлтан Аз-Захир Бейбарыстың кесенесін қайта жаңғырту және Әл-Фараби кесенесі мен этномәдени орталығын салу, Каир қаласында Сұлтан Аз-Захир Бейбарыстың мешітін қайта жаңғырту туралы Келісім жасалды.
Бағдарламаның жаңа кезеңінде үкіметаралық келісім ережелерін іске асыру бағытында ауқымды кешенді шаралар жүзеге асырылады. 2007 жылы Дамаск қаласында Әл-Фараби кесенесі мен этномәдени орталығын салу (Сирия), Каир қаласында Сұлтан Аз-Захир Бейбарыстың мешітін қайта жаңғырту (Египет) жұмыстары басталды.
Берел мен Есік қорғандары, Түркістан қаласы мен Отырар қалашығының ескерткіштері, өзге де тарихи орындар туралы халықаралық талаптарға сай, терең мазмұнды, жоғары сапалы деректі фильмдер жасалып, оларды "Би-би-си", "Дискавери" сияқты әйгілі әлемдік телеарналардан көрсету ұйымдастырылады. Осындай жобалар, біріншіден, қазақ жерінің әлемдік деңгейде танылуына, екіншіден - туристердің көбеюіне игі әсерін тигізеді.
Сол сияқты халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар өткізу жоспарланып отыр, шетелдік ғалымдармен, іргелі ғылыми орталықтармен бірге жалпыәлемдік мәдени құндылықтар тұрғысынан ұлттық мұрамызды зерделеу жүзеге асырылады. Ұлттық мәдени мұраны жалпыәлемдік құндылық ретінде таныту мақсатында шетелдерде көрмелер ұйымдастырылатын болады.
Астана қаласында мемлекеттік және салалық бағдарламаларын іске асыру шеңберінде табылған аса құнды жәдігерлер жинақталатын, халықаралық деңгейдегі мұражай ашу жөнінде ұсыныс енгізіледі. Бұл туристердің нақты экспонаттар арқылы қазақ жерінің сақ және ғұндар кезінен бүгінгі күнге дейін адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесі туралы ақпарат алуына мүмкіндік береді.
5.4. Өткен бес жылда табылған тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеу
Бүгінгі таңда шетелден Қазақстанға қазақ тарихына қатысты 5000-ға жуық материалдың көшірмелері әкелінді. Жинақталған барлық ақпараттар мен материалдар ғылыми айналымға енгізілетін болады.
Сонымен қатар:
көне қалашықтарда, қоныстар мен қорғандарда археологиялық зерттеулер жүргізіледі;
қазақ халқының және Орталық Азия көшпенді халықтарының тарихы, материалдық және рухани мәдениетіне қатысты қолданбалы ғылыми зерттеу жобалары жүзеге асырылады;
өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу мақсатында мәдени мұра мәселелері бойынша мемлекеттік тілдегі кітаптардың жаңа сериялары әзірленіп шығарылды.
5.5. Жүйеленген білімді оқу процесіне енгізу
Бүгінгі күнгі басты міндеттердің бірі - төл мәдени дәстүрлерін жақсы білетін, өз халқының тарихын сүйетін ұрпақ, елдің болашағына тірек бола алатын ұрпақ тәрбиелеу.
Қазіргі Қазақстан - халықаралық қауымдастықтың толық құқылы, құрметті және беделді мүшесі. Негізгі экономикалық, әлеуметтік дамудың және тұрғындардың өмір сүру деңгейі көрсеткіштері бойынша біздің еліміз ТМД-да бірінші орында тұр. Елде бірнеше тілде еркін сөйлей алатын, заманға сай ақпараттық технологияларды игерген белсенді жас ұрпақ өсіп келе жатыр. Сонымен бірге халқының рухани құндылықтарын игермеген, өз тарихын білмейтін жас ұрпақ қазіргі жаһандану ағынына төтеп бере алмай түрлі догмалық бағыттарға еріп кету қауіпі бар екендігін жасыруға болмайды.
Мемлекеттің осы тұрғыдағы міндеті - жас қазақстандықтарды патриоттық рухта, халқына деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу. Бұл мәселені жан-жақты талқылау және тиісті шешім қабылдау үшін ұзақ мерзімді болашаққа арналған жұмыс жоспарлары жасалып, оларды жүзеге асыру қолға алынатын болады.
5.6. Саланы дамытудың стратегиялық ресурсы ретінде кадр саясатын іске асыру
Қоғамның тұрақты және өскелең дамуының кепілі - кәсіби кадрлар мәселесін тиімді шешу.
Қазіргі уақытта кәсіби біліктілігі жоғары кадрлар қажет. Кәсіби аудармашыларды даярлау міндеті әлі де лайықты шешімін таппай келеді.
Тарихи мұра мен ұлттық фольклорды басқа тілдерге, әлемдік ғылым мен қоғамдық ойдың озық үлгілерін қазақ тіліне сапалы аудара алатын мамандар қажет. Ежелгі қазыналарды қалпына келтіру үшін реставраторлар жетіспейді. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып:
аудармашы, тарихшы және этнографтар мамандарын даярлауын, жас мамандардың халықаралық оқыту бағдарламаларына қатысуларын қамтамасыз ету;
мәдениет қызметкерлерінің еліміздің және шет елдердің үздік мәдениет мекемелерінде біліктілік мектебінен өтуін ұйымдастыру;
жақын және алыс шет елдерде тәжірибе жинақтауын ұйымдастыру қажет.
6. Тұжырымдаманың қағидаттары мен тетіктері
Тұжырымдама келесі қағидаттарды ескере отырып, іске асырылады:
1) мемлекеттік саясатты іске асыру барысында инновациялық көзқарасты, жүйелілік пен сабақтастықты қамтамасыз ету;
2) тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау саласындағы әлемдік тәжірибені пайдалану;
3) тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау саласында осы заманғы инновациялық және ақпараттық технологияларды пайдалану;
4) мемлекеттік және салалық бағдарламалары аясында іске асырылған ғылыми-зерттеу және ізденіс жобаларының жалпыға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Тұжырымдаманы жүзеге асыру тетіктері мыналар:
1) 2009 - 2011 жылдарға арналған "Мәдени мұра" стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспарын әзірлеу;
2) 2009 - 2011 жылдарға арналған "Мәдени мұра" стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі шаралар мониторингін іске асыру;
3) "Мәдени мұра" стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі ақпараттық материалдарды "Мәдени мұра" Web-сайтына орналастыру;
4) "Мәдени мұра" бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысында секциялар жетекшілерінің есептерін тыңдау.
7. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер
Салалық бағдарламаны одан әрі іске асыру бойынша ұсынылған шаралар кешенін жүзеге асыру 2009 - 2011 жылдарға жоспарланған және:
әлемдік дамудың тенденциялары мен бағыттарына сәйкес, Қазақстан ғылымының гуманитарлық саласының теориялық және ғылыми базасын нығайтуға;
қазақ халқының ділі мен мәдениетінің ерекшеліктерін, халықаралық тенденциялары мен бағыттарын ескеретін, әлемдік кеңістікте елдің тарихи-мәдени мұрасын насихаттаудың бірыңғай механизмін әзірлеуге;
мәдениеттану ғылымы саласының дамуы үшін жағдайлар жасауға;
ұлттық тарихи мұраны халықаралық деңгейде насихаттауға;
мәдениет саласындағы шетелдік ғылыми-сараптамалық орталықтармен іскерлік байланыстар жасауға және аталған саладағы халықаралық трендтерді тиімді ескеруге;
2009 - 2011 жылдарға арналған "Мәдени мұра" стратегиялық ұлттық жоба бойынша жиналған деректер мен материалдарды ғылыми айналымға енгізуге;
2009 - 2011 жылдарға арналған "Мәдени мұра" стратегиялық ұлттық жобасын іске асыру нәтижелері бойынша алынған жүйеленген мәліметтерді орта және жоғары оқу орындарының оқулықтары мен оку бағдарламаларына енгізуге мүмкіндік береді.
Постиндустриялық өркениет мәдени мұраның аса жоғары әлеуетін, оны әлемдік экономиканың аса маңызды ресурстарының бірі ретінде сақтап, тиімді пайдаланудың қажеттігін терең сезініп отыр.
Қазақстан егеменді мемлекет құрудың жаңа сатысына өтуі кезеңінде халқы ұлттық даму мүддесінің аясына шоғырланып, тарихи мұраларымыз ел тұтастығының символына айналуы тиіс.
Осы Тұжырымдама тарихи-мәдени мұраның сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге, 2009 — 2011 жылдарға арналған "Мәдени мұра" стратегиялық ұлттық жобасын тұрақты даму стратегиясының негізгі факторларының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.