ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы саясаттың негізгі қағидаттары туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 қарашадағы N 1036 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы саясаттың негізгі қағидаттары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы саясаттың негізгі қағидаттары туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2008 жылғы 11 қарашадағы
N 1036 қаулысымен 
мақұлданған     

ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы саясаттың негізгі қағидаттары туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері және орталық (ұлттық) банктері,
      ТМД-ның Үкімет басшылары кеңесінің 2004 жылғы 15 қыркүйектегі шешімімен бекітілген Достастыққа қатысушы мемлекеттердің валюта саласындағы ынтымақтастық және қызметін үйлестіру тұжырымдамасында айқындалған мақсаттар мен қағидаттарды ұстанатынын растай отырып,
      валюта саласындағы тиімді ынтымақтастық экономикалық интеграцияның қажетті құрамдас бөлігі болып табылатынын, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға ықпал ететінін, ТМД-ға қатысушы әрбір мемлекеттің экономикалық әлеуетінің өсуін қамтамасыз ететінін мойындай отырып,
      ТМД шеңберінде ресурстарды тиімді бөлудің негізі болып табылатын капиталдың еркін қозғалысы үшін жағдай жасау қажеттігіне сүйене отырып,
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің валюта саласындағы ұлттық заңнаманы халықаралық практиканы ескере отырып одан әрі үйлестіру мен бірегейлендіруге және валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы келісілген саясатты жүргізуге ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

I бөлім
Жалпы ережелер

1-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мыналарды білдіреді:
      валюталық заңнама - валюталық реттеу және валюталық бақылау нормалары мен қағидаттарын белгілейтін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заңдары және өзге де нормативтік құқықтық актілері;
      үшінші елдер - ТМД-ға қатысушы мемлекет болып табылмайтын елдер;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттің резиденті - осы мемлекеттің валюталық заңнамасына сәйкес ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бірінің резиденті;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттің резидент емесі - үшінші елдің резиденті;
      валюталық шектеулер - валюталық операцияларды оларға тікелей тыйым салу, көлемдеріне, санына және жүргізілу мерзіміне, төлем валютасына лимит белгілеуде, оларды жүргізуге арнайы рұқсаттар (лицензиялар) алу талаптарын белгілеуде, жүргізілетін операциялар сомасының бір бөлігін немесе барлығын резервтеуде көрінетін валюталық операцияларға заңнамамен белгіленген шектеулер, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағында шоттар ашуға және жүргізуге байланысты шектеулер;
      ырықтандыру шаралары - нәтижесі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің резиденттері арасындағы валюталық операцияларға қатысты, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің резидент еместерімен операцияларға қатысты валюталық шектеулерді әлсірету немесе күшін жою болып табылатын шаралар.

2-бап

      Осы Келісім Тараптар валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында жүргізетін, валюталық операцияларға қатысты валюталық шектеулердің күшін бірте-бірте жоюға бағытталған саясаттың негізін қалайтын қағидаттарды, сондай-ақ оларға қатысты ырықтандыру шаралары қолданылатын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің резиденттері арасындағы валюталық операциялардың тізбесін айқындайды.

3-бап

      Осы Келісімнің ережелері ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің валюталық заңнамасында көзделген валюталық шектеулерге қолданылады және банк заңнамасымен, басқа қаржы-кредит ұйымдарының қызметін реттейтін заңнамамен, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің салық және кеден заңнамасымен реттелетін қарым-қатынастарды қозғамайды.

4-бап

      Осы Келісімде тікелей көзделмеген валюталық реттеу қағидаттары, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің резиденттерінің валюталық операцияларды жүзеге асыру және шоттар ашу тәртібі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заңнамасында айқындалады.

ІІ бөлім
Валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы саясаттың негізгі қағидаттары

5-бап

      Осы Келісімге сәйкес валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы келісілген саясаттың негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:
      1) ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің валюта саласындағы бірлескен іс-шараларға қатысу еріктілігі;
      2) валюта саласындағы бірлескен іс-шараларды жүзеге асырудың кезеңділігін, жүйелілігін және тұрақтылығын болжайтын тәсілдің эволюциялылығы;
      3) ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде қалыптасқан макроэкономикалық жағдайлар мен оның әр кезеңінде валюталық ынтымақтастық саясатының арасындағы теңгерімнің сақталуы;
      4) жекелеген мемлекеттерге олардың осындай ынтымақтастыққа даяр болуына орай валюталық ынтымақтастықтың ұжымдық тетіктеріне қосылуына мүмкіндік беретін әр түрлі шапшаңдықтағы тәсіліне жол берілуі.

6-бап

      Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің резиденттері арасында валюталық операцияларға қатысты, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің резидент еместерімен валюталық операцияларға қатысты тиімді экономикалық кооперацияға кедергі келтіретін валюталық шектеулерді бірте-бірте жоюды қамтамасыз етуге ұмтылады.
      Осы Келісімде айтылған ырықтандыру шаралары барлық ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің резиденттеріне қатысты кемсітпей жүзеге асырылуы тиіс.

7-бап

      Тараптар кез келген валюталық шектеулерді, сондай-ақ валюталық операцияларды жүзеге асыру кезінде жаңа шектеулер енгізуі мүмкін ұлттық валюталық заңнаманың кез келген өзгерісін енгізуді болдырмайтын шаралар қабылдайды.

8-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің 11-бабында көзделмеген ырықтандыру шараларын ТМД-ға қатысушы жеке мемлекетке қатысты не үшінші елдерге қатысты осы шараларды осы Келісімнің басқа Тараптарымен қатынастарға қолдану міндеттемесінсіз қолдануға құқылы.

9-бап

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің резиденттері ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің резидент еместерімен жүргізетін операцияларға және ТМД-ға қатысушы мемлекеттер резиденттерінің үшінші елдердің аумағында шоттар ашуына қатысты үшінші елдердің заңнамасынан басқа сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің валюталық заңнамасының нормалары да қолданылады.
      Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің резидент еместерімен жүргізілетін операцияларға қатысты валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы саясаттың бірыңғай тәсілдері мен бағыттарын пысықтайды.

10-бап

      Осы Келісімде айқындалатын міндеттемелер Тараптардың валюталық операцияларды жүзеге асыру (валюталық операцияларды жүргізу үшін негіз болып табылатын құжаттарды ұсыну бойынша талаптарды қоса алғанда), сондай-ақ Тараптар мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шараларды іске асырудың құқықтық қабілетін бақылау бойынша мүмкіндіктері мен өкілеттіктерін шектемейді.

III бөлім
Оларға қатысты ырықтандыру шаралары қолданылатын валюталық операциялар

11-бап

      Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің резиденттері арасындағы мынадай валюталық операциялар және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер резиденттерінің шоттар ашуына байланысты операциялар бойынша ақша төлемдері (есеп айырысулары) мен аударымдарын жүзеге асыруға валюталық шектеулерді қолданбайды:
      1) экспорт бойынша мерзімі бір жылға дейінгі төлемді кейінге қалдыруға немесе мерзімі бір жылға дейінгі импорт бойынша алдын ала ақы төлеуге (аванстық төлеммен) байланысты тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді), зияткерлік қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтарды жеткізушілер (сатушылар) және алушылар (сатып алушылар) арасында тікелей жүзеге асырылатын ақша төлемдері (есеп айырысулары) мен аударымдары;
      2) пайыздарды, дивидендтерді және салымдар (депозиттер), инвестициялар, қарыз және кредиттік операциялар бойынша өзге де кірістерді аудару және алу;
      3) сауда сипатындағы емес аударымдар мен төлемдер;
      4) әуе және теңіз кемелерімен, ішкі және аралас (өзен-теңіз) жүзумен, ғарыш объектілерімен операциялар бойынша есеп айырысуларды қоспағанда, жылжымайтын мүлікке жатқызылған мүлікпен жасалатын операциялар бойынша есеп айырысулар;
      5) заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы акцияларды, үлестерді, салымдарды (пайларды) сатып алуға байланысты ақша төлемдері (есеп айырысулары) мен аударымдары;
      6) ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұйымдасқан нарықтар (биржалар) арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алуға байланысты ақша төлемдері (есеп айырысулары) мен аударымдары;
      7) заңды тұлғалардың филиалдарын және өкілдіктерін ұстауға байланысты шығыстарды қаржыландыру мақсаттарына арналған шоттар ашуы;
      8) жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес төлемдерді жүзеге асыру мақсаттары үшін шоттар ашуы.

12-бап

      Тараптар осы Келісім күшіне енген күннен бастап екі жыл өткеннен кейін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің резиденттері арасында жүзеге асырылатын мынадай валюталық операциялар бойынша валюталық шектеулердің күшін жоюға міндеттенеді:
      ақшалай нысанда кредиттер (қарыздар) тартуға және беруге байланысты төлемдер;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұйымдасқан нарықтар (биржалар) арқылы облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың - ТМД-ға қатысушы мемлекеттер резиденттерінің облигацияларын және өзге де бағалы қағаздарын (акциялардан басқа) сатып алуға байланысты ақша төлемдері (есеп айырысулары) мен аударымдары.

13-бап

      Тараптардың әрқайсысы басқа Тараптардың хабарламасы бойынша айрықша жағдайларда валюталық шектеулерді осы Келісімнің 11 және 12-баптарында көрсетілген валюталық операцияларға екі жылдан аспайтын мерзімге белгілеуге құқылы.
      Айрықша жағдайларға мыналар жатады:
      ырықтандыру шараларын жүзеге асыру экономикалық және қаржылық ахуалдың нашарлауына әкеп соқтыруы мүмкін жағдайлардың туындауы;
      төлем теңгеріміндегі ахуалдың теріс дамуы, оның салдарынан алтын-валюта резервтерінің төмендеуі жол берілетін деңгейден төмен болуы мүмкін;
      ырықтандыру шараларын жүзеге асыру ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі және қоғамдық тәртіпті ұстап тұруға кедергі жасауы мүмкін жағдайлардың туындауы;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық валюта бағамының күрт ауытқуы.
      Валюталық шектеулерді енгізу туралы хабарламаны қолданған Тарап басқа Тараптарға осындай шектеулер күшіне енген күннен бастап 3 күннен кешіктірмей хабарлама жібереді.

IV бөлім
Қорытынды ережелер

14-бап

      Осы Келісімді орындауға бағытталған іс-шараларды үйлестіру жөніндегі функцияларды ТМД-ның Атқарушы комитетімен өзара іс-әрекет ете отырып, Мемлекетаралық валюта комитеті жүзеге асырады.

15-бап

      Осы Келісім қатысушылары ТМД-ға қатысушы мемлекеттер болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

16-бап

      Осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері арқылы шешіледі.
      Даулы мәселелерді консультациялар және келіссөздер арқылы реттеу мүмкін болмаған жағдайда Тараптар өзара келісім бойынша ТМД-ның Экономикалық Сотына немесе Тараптар келіскен басқа сот органына жүгінеді.

17-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

18-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшіне енеді. Мемлекетішілік рәсімдерді кеш орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті құжаттарды депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшіне енеді.

19-бап

      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады. Әрбір Тарап депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Мұндай Тарап үшін осы Келісімнің қолданылуы депозитарий жазбаша хабарламаны алғаннан кейін 12 ай өткен соң тоқтатылады.

20-бап

      Осы Келісім депозитарийге қосылу туралы құжаттарды тапсыру арқылы ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      200  жылғы " "           қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол Тараптардың әрқайсысына оның расталған көшірмесін жібереді.

       Әзірбайжан                    Әзірбайжан
      Республикасының Үкіметі       Республикасының Ұлттық
      үшін                          банкі үшін

      Армения                       Армения
      Республикасының Үкіметі       Республикасының Орталық
      үшін                          банкі үшін

      Беларусь                      Беларусь
      Республикасыны ң               Республикасының
      Ү кіметі ү шін                  Ұлттық банкі үшін

      Грузия Ү кіметі үшін           Грузия Ұлттық банкі
                                    үшін

      Қ азақстан                     Қазақстан
      Республикасыны ң               Республикасының
      Ү кіметі үшін                  Ұлттық банкі үшін

      Қ ыр ғ ыз                        Қырғыз
      Республикасыны ң               Республикасының
      Ү кіметі үшін                  Ұлттық банкі үшін

      Молдова                       Молдова Ұлттық
      Республикасыны ң               банкі үшін
      Ү кіметі үшін

      Ресей Федерациясыны ң          Ресей Федерациясының
      Ү кіметі үшін                  Орталық банкі үшін

      Т ә жікстан                     Тәжікстан
      Республикасыны ң               Республикасының
      Ү кіметі үшін                  Ұлттық банкі үшін

      Турікменстан                  Турікменстан
      Ү кіметі үшін                  Орталық банкі үшін

      Ө збекстан Республикасыны ң     Өзбекстан Республикасының
       Ү кіметі үшін                  Ұлттық банкі үшін

      Украина Ү кіметі үшін          Украина Ұлттық
                                    банкі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады