"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аралық соттар мен халықаралық коммерциялық төрелік қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 27 қарашадағы N 1090 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аралық соттар мен халықаралық коммерциялық төрелік қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                         К. Мәсімов

      Жоба 

Қазақстан Республикасының Заңы  

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аралық соттар мен халықаралық коммерциялық төрелік қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

       1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., N 16-17, 642-құжат; N 23, 929-құжат; 2000 ж. N 3-4, 66-құжат; N 10, 244-құжат; N 22, 408-құжат; 2001 ж. N 23, 309-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж. N 10, 102-құжат; 2003 ж. N 1-2, 7-құжат; N 4, 25-құжат; N 11, 56-құжат; N 14, 103-құжат; N 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж. N 3-4, 16-құжат; N 5, 25-құжат; N 6, 42-құжат; N 16, 91-құжат; N 23, 142-құжат; 2005 ж. N 21-22, 87-құжат; N 23, 104-құжат; 2006 ж. N 4, 24, 25-құжаттар; N 8, 45-құжат; N 11, 55-құжат; N 13, 85-құжат; 2007 ж. N 3, 21-құжат; N 4, 28-құжат; N 5-6, 37-құжат; N 8, 52-құжат; N 9, 67-құжат; N 12, 88-құжат):
      1102-бап мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "Шетелдік элементі бар азаматтық-құқықтық қатынастарда Қазақстан Республикасы, егер:
      Қазақстан Республикасының халықаралық шартында;
      Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болып табылмайтын жазбаша келісімде;
      сотқа мәлімдеу немесе нақты талқылау шеңберінде жазбаша хабарлау жолымен өзгеше белгіленбесе, соттық иммунитетті, қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан иммунитетті және сот шешімін орындаудан иммунитетті қоса алғанда, өзіне және өзінің меншігіне қатысты басқа мемлекеттің соттарының юрисдикциясынан юрисдикциялық иммунитетті пайдаланады.".
      2. 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., N 18, 644-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 10, 244-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 15-16, 239-құжат; N 21-22, 281-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 10, 49-құжат; N 14, 109-құжат; N 15, 138-құжат; 2004 ж., N 5, 25-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 140-құжат; N 24, 153-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат; N 13, 53-құжат; N 24, 123-құжат; 2006 ж., N 2, 19-құжат; N 10, 52-құжат; N 11, 55-құжат; N 12, 72-құжат, N 13, 86-құжат; 2007 ж., N 3, 20-құжат; N 4, 28-құжат; N 9, 67-құжат; N 10, 69-құжат; N 13, 99-құжат; 2008 ж., N 13-14, 56-құжат, N 15-16, 62-құжат):
      1) 422-бап алып тасталсын;
      2) мынадай мазмұндағы 45-2-тараумен толықтырылсын:
      "45-2-тарау. Шет мемлекеттің және оның меншігінің юрисдикциялық иммунитеті
      427-бап. Шет мемлекеттің иммунитеті
      Қазақстан Республикасында шет мемлекет осы Кодексте белгіленген соттық иммунитетті, қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан иммунитетті және алып қоюға сот шешімін орындаудан имунитетті коса алғанда, юрисдикциялық имунитетті пайдаланады.
      428-бап. Соттық иммунитет
      Осы Кодекстің ережелеріне сәйкес шет мемлекет, егер ол соттық иммунитеттен бас тартуға келіссе, сондай-ақ, егер ол мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асырғаннан өзге қызметті жүзеге асырса, оның ішінде осы Кодекстің 434-440-баптарында көрсетілген жағдайларда соттық иммунитетті пайдаланбайды.
      429-бап. Шет мемлекеттің қазақстандық соттық юрисдикциясына
               келісуі
      1. Егер ол тиісті мәселеге немесе іске қатысты, атап айтқанда:
      1) Қазақстан Республикасының халықаралық шартында;
      2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болып табылмайтын жазбаша келісімде;
      3) қазақстандық сотта мәлімдеу немесе нақты талқылау шеңберінде жазбаша хабарлау жолымен қазақстандық соттың юрисдикцияны жүзеге асыруына тікелей келісім білдірсе, шет мемлекет соттық иммунитеттен бас тартуға келіскені танылады.
      2. Шет мемлекеттің соттық иммунитеттен бас тартуға келісуі қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан иммунитеттен және сот шешімін орындаудан иммунитеттен бас тартуға оның келісуі ретінде қаралмайды.
      3. Шет мемлекеттік қазақстандық құқықтары қолдануға келісуі соттық иммунитеттен бас тартуға келісімі ретінде қаралмайды.
      430-бап. Сот талқылауына шет мемлекеттің қатысуы
      1. Егер осы мемлекет қазақстандық сотта оның бастамасы бойынша қозғалған талқылау тарапы болып табылса, немесе қазақстандық сотта істің мәнісі талқылауға келіп түссе, немесе істің мәнісі бойынша қандай да бір өзге әрекет қабылдаса, шет мемлекет соттық иммунитеттен бас тартуға келісті деп танылады. Алайда, егер мемлекет сотта ол қандай әрекет қабылдағанға дейін иммунитет туралы мәлімдеуге негіз беретін фактілер оған белгілі болмағанын дәлелдесе, ол осы фактілердің негізінде оған өзіне белгілі болғаннан кейін дереу иммунитетке сүйене алады.
      2. Шет мемлекет, егер қазақстандық сотта талқылауға кірсе немесе иммунитетке сүйену немесе талқылау мәні болып табылатын мүлікке қатысты өз құқықтарына дәлелдер келтіру мақсатында қандай да бір әрекет қабылдаса, соттық иммунитеттен бас тартқаны ретінде қаралмайды.
      3. Шет мемлекет өкілінің қазақстандық сотқа куәгерлік айғақтар беру үшін келуі соттық иммунитеттен бас тартуға осы мемлекеттің келісімі ретінде қаралмайды.
      4. Егер шет мемлекет қазақстандық сотта талқылауға қатыспаса, осы мән-жай өздігінен соттық иммунитеттен бас тартуға оның келісімі ретінде түсіндіріле алмайды.
      431-бап. Қарсы талап арызға қатысты иммунитеттен бас тарту
      1. Сотқа талап арыз ұсынған шет мемлекет осы мемлекеттің бастапқы талап арызындағы сол құқық қатынастарына немесе фактілеріне негізделген кез келген қарсы талап арызға қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келіскені ретінде танылады.
      2. Сотқа қарсы талап арыз ұсынған шет мемлекет бастапқы талап арызға қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келіскені ретінде танылады.
      432-бап. Төрелік (аралық) талқылауға қатысты иммунитеттен бас
               тарту
      Егер шет мемлекет жазбаша нысанда туындаған немесе болашақта туындауы мүмкін оның қатысуымен төрелікте (аралық сотта) дауларды қарауға келісім білдірсе, осы дауларға қатысты оның төрелікке қатысты функцияларын қазақстандық соттың жүзеге асыруына қатысты мәселелер бойынша соттық иммунитеттен бас тартуға ерікті түрде келіскені танылады.
      433-бап. Иммунитеттен бас тартуға келісімді қайтарып алу
      1. Шет мемлекеттің соттық имунитеттен, қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан иммунитеттен және сот шешімін орындаудан иммунитеттен бас тартуға келісуі, осындай келісімді қайтарып алуға жол беру дауға қатысушы басқа тараппен келісімде тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, қайтарып алынбайды.
      2. Шет мемлекеттің соттық иммунитеттен бас тартуға келісуі сот талқылауының барлық сатысына қолданылады.
      434-бап. Кәсіпкерлік қызметке байланысты даулар бойынша
               иммунитетті қолданбау
      1. Шет мемлекет Қазақстан Республикасында осы мемлекеттің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы кезінде туындаған даулар бойынша соттық иммунитетті пайдаланбайды.
      2. Шет мемлекет Қазақстан Республикасында осы мемлекет жасаған немесе мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асырғаннан гөрі өзгедей түрде байланысты кәсіпкерлік қызметтен тыс азаматтық-құқықтық мәмілелерден туындаған даулар бойынша соттық иммунитетті пайдаланбайды.
      3. Шет мемлекет жасаған немесе ол оның егеменді билігін жүзеге асырумен байланысты қызметке қатысы болатын мәміле болып табылатындығы туралы мәселені шешу кезінде қазақстандық сот осындай мәміленің сипаты мен мақсатын назарға алады.
      435-бап. Ұйымдарға қатысуға байланысты даулар бойынша
               иммунитетті қолданбау
      Шет мемлекет Қазақстан Республикасында оның шаруашылық серіктестіктерге және қоғамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында құрылған немесе негізгі қызмет орны бар өзге де коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарға қатысуына қатысты даулар бойынша соттық иммунитетті пайдаланбайды.
      436-бап. Мүлікке құқықтарға қатысты даулар бойынша иммунитетті
               қолданбау
      Шет мемлекет Қазақстан Республикасында:
      1) Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлікке оның құқықтарына, сондай-ақ осы мүлікке байланысты оның міндеттемелеріне;
      2) осы мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асырумен байланысты емес негіздер бойынша туындайтын мүлікке оның Құқықтарына қатысты даулар бойынша соттық иммунитетті пайдаланбайды.
      437-бап. Зиянды өтеу туралы даулар бойынша иммунитетті
               қолданбау
      Шет мемлекет Қазақстан Республикасында, егер талап Қазақстан Республикасының аумағында толық немесе ішінара орын алған әрекетпен немесе өзге де мән-жайлармен мүлікке зиян келтіруден туындаса, осы мемлекеттің адам өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеуі туралы даулар бойынша соттық иммунитетті пайдаланбайды.
      438-бап. Зияткерлік меншікке қатысты даулар бойынша иммунитетті
               қолданбау
      1. Шет мемлекет Қазақстан Республикасында зияткерлік қызмет нәтижелеріне (әдебиет, ғылым және өнер туындылары, өнертабыс және т.б.) және оларға теңестірілген заңды тұлғаны жараландыру және өнімдерді, орындалатын жұмыстарды немесе қызмет көрсетулерді (фирмалық атаулар, тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және т.б.) дараландыру құралдарына, оның құқықтарын белгілеу мен жүзеге асыруға қатысты даулар бойынша соттық иммунитетті пайдаланбайды.
      2. Шет мемлекет Қазақстан Республикасында осы мемлекеттің зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелеріне және оларға теңестірілген заңды тұлғаны дараландыру және өнімдерді, орындалатын жұмыстарды немесе қызмет көрсетулерді дараландыру құралдарына басқа адамдардың құқықтарын болжамды түрде бұзуына қатысты даулар бойынша соттық иммунитетті пайдаланбайды.
      439-бап. Еңбек даулары бойынша иммунитетті қолданбау
      1. Шет мемлекет Қазақстан Республикасының аумағында толық немесе ішінара орындалған немесе орындалуға тиіс жұмыстарға қатысты осы мемлекет пен қызметкердің арасындағы еңбек шартынан туындаған даулар бойынша соттық иммуниетті Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
      2. Осы баптың 1-бөлігінің ережесі:
      1) қызметкердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жері болған жағдайларды қоспағанда, талқылау қозғалған сәтте қызметкер оны жұмысқа қабылдаған мемлекеттің азаматы болып табылатын;
      2) қызметкер мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асыру бойынша міндеттерді орындау үшін жалданған;
      3) даудың мән-жайы еңбек шартын жасасу немесе қалпына келтіру болып табылатын жағдайларда қолданылмайды.
      440-бап. Теңіз кемелерін және ішкі суда жүзетін кемелерді
               пайдалануға байланысты даулар бойынша иммунитет
      1. Теңіз кемесінің немесе ішкі суда жүзу кемесінің меншік иесі болып табылатын не осы кемені пайдаланатын шет мемлекет Қазақстан Республикасында, егер талап арызға негіз болған фактілер туындаған сәтте кеме мемлекеттік коммерциялық емес мақсаттарға қарағанда өзге мақсаттарда пайдаланылса, осы кемені пайдалануға немесе осы кемемен жүкті тасымалдауға қатысты даулар бойынша соттық иммунитетті пайдаланбайды.
      2. Осы баптың 1-бөлігінің ережесі:
      1) әскери кемелеріне және әскери-қосымша кемелерге, сондай-ақ осындай корабльдер мен кемелердің бортында тасымалданатын жүктерге;
      2) мемлекетке тиесілі және осы жүк қандай кемеде тасымалданатынына қарамастан, тек мемлекеттік коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын немесе пайдаланылуға арналған жүкке қатысты қолданылмайды.
      3. Осы бапты кемені пайдалануға қатысты дауларда қолдану мақсаты үшін, атап айтқанда:
      1) кемелердің соқтығысуына, порттық және гидротехникалық құрылыстардың бұзылуына немесе басқа да кеме қатынасындағы аварияларға;
      2) көмектесуге, құтқару жұмыстары мен жалпы аварияға;
      3) кемеге қатысты жеткізуге, жөндеу және басқа да жұмыстарға, қызмет көрсетуге;
      4) теңіз ортасын ластау салдарына;
      5) теңізге батқан мүлікті көтеруге қатысты даулар ұғынылады.
      441-бап. Қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан және сот шешімін
               орындаудан имунитеттер
      Шет мемлекет:
      1) шет мемлекет осы Кодекстің 429-бабы 1-бөлігінде көзделген тәсілдердің бірімен осы бапта көрсетілген юрисдикциялық иммунитеттің түрлерінен бас тартуға тікелей келісім берген;
      2) шет мемлекет сотта талқылау мәні болып табылған талапты қанағаттандырған жағдайда мүлікті резервке қойған немесе өзгедей түрде белгілеген;
      3) Қазақстан Республикасының аумағындағы шет мемлекеттің мүлкі мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асырғаннан өзге мақсаттарда шет мемлекет пайдаланатын және (немесе) пайдалануына арналған жағдайларды қоспағанда, қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан иммунитетті және сот шешімін орындаудан иммунитетті пайдаланады.
      442-бап. Егеменді билікті жүзеге асыру мақсатында
               пайдаланылатын мүлік
      Мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асырғаннан өзге мақсаттарда шет мемлекет пайдаланатын және (немесе) пайдалануына арналған мүлік ретінде (осы Кодекстің 441-бабының 3) тармақшасы), атап айтқанда, шет мемлекеттің мынадай мүлкі қаралмайды:
      1) шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің немесе оның консулдық мекемелерінің функцияларын, халықаралық ұйымдардың жанындағы өкілдіктердің, халықаралық ұйымдар органдарында не халықаралық конференцияларда шет мемлекеттің делегацияларының арнайы миссияларын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын немесе пайдалануға арналған мүлік (соның ішінде банк шотындағы ақшалай қаражат);
      2) әскери сипаттағы мүлік немесе әскери мақсаттарда немесе Қазақстан Республикасы танитын бітімгершілік операцияларда пайдаланылатын не пайдалануға арналған мүлік;
      3) мәдени құндылықтар немесе сатуға қойылмаған не сатуға арналмаған мұрағаттар;
      4) ғылыми, мәдени немесе тарихи мүддені білдіретін көрмелер экспозияларының бөлігі болып табылатын және сатуға қойылмаған не сатуға арналмаған мүлік.
      443-бап. Шет мемлекеттің қатысуымен істер бойынша сот ісін
                жүргізу
      Шет мемлекет қатысатын істерді қазақстандық соттар, егер осы Кодексте немесе басқа да заңдарда өзгеше көзделмесе, заңды тұлғаларға, атап айтқанда шетелдік заңды тұлғаларға қатысты қолданылатын соттылық туралы ережені қосқанда, Қазақстан Республикасының сот ісін жүргізу ережесі бойынша қарайды.
      444-бап. Шет мемлекеттің соттық иммунитеті туралы мәселені шешу
               тәртібі
      Шет мемлекеттің соттық иммунитетті пайдалану немесе пайдаланбау туралы мәселені қазақстандық сот тараптарды шақырылған сот отырысында шешеді.
      445-бап. Соттың шет мемлекет қатысатын даулар бойынша
               қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы және сот
               шешімін орындау туралы мәселелерді шешуі
      1. Шет мемлекетке қарсы шығарылған қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы және шешімдерді орындау туралы мәселелерді қазақстандық сот шет мемлекетте тиісінше қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан иммунитеттің және сот шешімін орындаудан иммунитеттің болуына немесе жоқтығына қарай шешеді.
      2. Шұғыл шаралар қабылдамау сот шешімін орындауды қиындатуы немесе мүмкін емес ететін, атап айтқанда, сот шешімін орындауға жол бермеу мақсатында мүлікті жою, бүлдіру, ауыстыру ықтималдығының үлкен дәрежесіне немесе өзгедей иелік етуге байланысты жағдайларда, қазақстандық сот шет мемлекетті тиісті иммунитетті пайдаланады деп пайымдауға жеткілікті негізі жоқ кезде, тараптардың өтініші бойынша қамтамасыз ету шаралары туралы немесе орындауды қамтамасыз ету туралы шешім қабылдауға құқылы. Осындай шешім қабылдау шет мемлекетті тиісті иммунитеттің болуына сүйеніп, оны даулау құқығынан айырмайды.
      3. Шет мемлекеттерге қарсы шығарылған сот шешімдерін орындау, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, заңды тұлғаларға қатысты қолданылатын ережелерді қосқанда, Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасының негізінде жүзеге асырылады.
      446-бап. Өзара сыйластық қағидатын қолдану
      1. Қазақстандық сотта шет мемлекетке ұсынылған талап арызды қарау кезінде сот талапкердің немесе іске қатысушы басқа адамның қолдаухаты бойынша өзара сыйластық қағидатын қолданады.
      2. Кәсіпкерлік қызметке байланысты даулар бойынша, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметтен тыс азаматтық-құқықтық мәмілелерден туындаған даулар бойынша тиісті шет мемлекетте Қазақстан Республикасына ұсынылатын юрисдикциялық иммунитеттің көлемін дәлелдеу өзара сыйластық қағидатын қолдану туралы қолдаухат білдірген адамға жүктелуі мүмкін.
      3. Егер юрисдикциялық иммунитет туралы мәселе туындаған шет мемлекетте Қазақстан Республикасына осы Кодекске байланысты шет мемлекетке ұсынылғанға қарағанда өте шектелген көлемде юрисдикциялық иммунитет ұсынылатын дәлелденсе, онда қазақстандық сот көрсетілген мәселені шешу кезінде өзара сыйластық негізінде Қазақстан Республикасының тиісті шет мемлекетте юрисдикциялық иммунитетті қандай көлемде пайдаланатынын негізге алуға құқылы.
      447-бап. Осы Кодексті қолдану мәселелері бойынша сотқа
               жәрдемдесу
      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі қазақстандық соттың сауалы бойынша немесе өз бастамасымен шет мемлекетке, атап айтқанда, юрисдикциялық иммунитет туралы мәселе туындайтын тарап шет мемлекет болып табылатынына, мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асыру бойынша әрекет орын алғанына, шет мемлекетте Қазақстан Республикасының юрисдикциялық иммунитеті қандай көлемде ұсынылғанына қатысты осы Кодексті қолдануға байланысты мәселелер бойынша қорытынды береді.
      Қазақстандық сот белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында және шетелде өзге де органдар мен ұйымдарға жәрдемдесу мен түсіндіру немесе сарапшыларды тарту үшін осы Кодексті реттеу мәні болып табылатын мәселелер бойынша жүгіне алады. Алынған қорытындылар мен түсіндірулер істегі дәлелдемелердің жиынтығы ескеріліп, қазақстандық соттың бағалауына жатады.
      448-бап. Шет мемлекетке іс жүргізу құжаттарын жіберу және
               тапсыру
      1. Шет мемлекетке оған қарсы іс қозғалғаны туралы хабарламаны және өзге де сот құжаттарын жіберу дипломатиялық арналар бойынша жүзеге асырылады. Осы құжаттың тапсырылған күні болып тиісті мемлекеттің сыртқы істерін жүргізетін атқарушы билік органының оларды алған күні есептеледі.
      2. Қазақстандық соттардың шет мемлекетке құжаттарды тапсыру туралы және қазақстандық сотта оған қарсы іс қозғалуына байланысты өзге де іс жүргізу әрекеттерін жасауы туралы тапсырмасы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде және құқықтық көмек көрсетулі регламенттейтін Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген тәртіппен ресімделеді.
      449-бап. Сырттай шешім шығару
      Қазақстандық сотта іс қарауға қатыспаған шет мемлекетке қарсы шешім, егер сот:
      1) осы Кодекстің 448-бабы 1 және 2-бөліктерінің талаптары сақталмағанын;
      2) шет мемлекетке оған қарсы іс қозғалғаны туралы құжаттарды тапсыру туралы тапсырма берілген күннен бастап кемінде алты ай өткенін;
      3) осы Кодекстің ережелеріне сәйкес соттық иммунитетті пайдаланбайтынын анықтаған жағдайда шығарылуы мүмкін.".
      3. "Аралық соттар туралы" 2004 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., N 24, 151-құжат):
      1) 9-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Аралық соттарда іс жүргізу мемлекеттік және (немесе) ресми тілдерде, ал тараптардың келісіміне қол жеткізген жағдайларда - басқа тілде жүргізіледі.";
      2) 11-баптың 4-тармағының 4) тармақшасындағы "табылатын адам" деген сөздерден кейін ", депутат, әскери қызметші" деген сөздермен толықтырылсын;
      3) 44-баптың 2-тармағының 6) тармақшасы алып тасталсын.
      4. "Халықаралық коммерциялық төрелік туралы" 2004 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., N 24, 152-құжат):
      1) тақырыпта және мәтін бойынша "халықаралық коммерциялық төрелік", "халықаралық коммерциялық төреліктің" деген сөздер тиісінше "коммерциялық төрелік", "коммерциялық төреліктің" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2) 2-баптың 1) тармақшасында "немесе тұрақты негізде жұмыс істейтін", "сондай-ақ" деген сөздер алып тасталсын; "немесе тұрақты жұмыс істейтін төреші не" деген сөздермен толықтырылсын;
      3) мынадай мазмұндағы 4-1-баппен толықтырылсын:
      "4-1-бап. Қарсылық білдіру құқығынан бас тарту
      Осы Заңның қандай да бір ережелерінен тараптар шегіне алатыны, немесе төрелік келісімге сәйкес қандай да бір талаптар сақталмағаны туралы білетін тараптар тиісті ұзартусыз осындай сақтамауға қарсы қарсылық білдірместен, төрелік іс қарауға қатысуды жалғастырады, немесе егер осы мақсаттар үшін қандай да бір мерзім көзделсе, онда осында мерзімнің ішінде қарсылық білдіруге өз құқығынан бас тартқан деп есептеледі.";
      4) Мынадай мазмұндағы 5-1-баппен толықтырылсын:
      "5-1-бап. Құзыретті соттың араласу шектері
      Осы Заңда реттелетін мәселелер бойынша ешқандай соттың араласуы, осы Заңда көзделген жағдайлардан басқа, орын алмауға тиіс";
      5) 6-бап мынадай мазмұндағы 5, 6, 7-тармақтармен толықтырылсын:
      "5. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда дауды тұрақты жұмыс істейтін төрешіге берген кезде тұрақты жұмыс істейтін төрешінің регламенті төрелік келісімнің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады.
      6. Төрелік келісімнің күші ол жасалған сол тәртіппен тараптардың келісімімен тоқтатылуы мүмкін.
      7. Төрешіге кәмелетке толмаған адамдардың, заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделері қозғалатын даулар ведомстволық қарауына жатпайды.";
      6) мынадай мазмұндағы 6-1-баппен толықтырылсын:
      "6-1-бап. Төрелік келісім және даудың мәнісі бойынша талап арызды сотқа ұсыну
      1. Егер тараптардың кез келгені бұл туралы даудың мәнісі бойынша өзінің алғашқы өтінішін беруді кешіктірмей өтінсе, төрелік іс қараудың нысанасы бойынша талап арыз берілген сот, егер осы келісім жарамсыз емес, күшін жойды немесе орындалуы мүмкін емес деп таппаса, тараптарды төрелікке жіберуге тиіс.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген талап арыз ұсынылғанына қарамастан, төрелік іс қарау нысанасы өзіне қарауға жататындығы туралы мәселені қарастырғанша, төрелік іс қарау басталуы немесе жалғастырылуы және төрелік шешім шығарылуы мүмкін.";
      7) 7-бапта:
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Төрешілікке кандидаттарға қойылатын қосымша талаптар тараптармен тікелей келісілуі немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік регламентімен айқындалуы мүмкін.";
      4-тармақтың 4) тармақшасы ", депутат, әскери қызметші" деген сөздермен толықтырылсын;
      8) 9-бапта:
      1-тармақ "төрешілерді (төрешіні)" деген сөздерден кейін "тараптардың келісімі бойынша" деген сөздермен толықтырылсын;
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса немесе дауды тұрақты жұмыс істейтін төрелік қарамаса, құрамында үш төреші бар төрелік кезінде тараптардың әрқайсысы бір төрешіні тағайындайды, және осылайша тағайындалған екі төреші үшінші төрешіні тағайындайды.";
      мынадай мазмұндағы 6 және 7-тармақтармен толықтырылсын:
      "6. Тараптардың келісімі болмаған кезде, құзыретті сот отыз күннің ішінде:
      1) тараптар басқа тараптан бұл туралы өтініш алған сәттен бастап отыз күннің ішінде төреші тағайындамаған;
       2) егер екі төреші оларды тағайындаған сәттен бастап отыз күннің ішінде үшінші төрешінің таңдау туралы уағдаласпаған;
      3) жеке-дара төрешімен төрелік кезінде тараптар төрешінің таңдау туралы уағдаласпаған жағдайларда дау тараптарының біреуінің мәлімдеуі бойынша төрешілер тағайындай алады.
      7. Егер тараптар төреші құрамы туралы уағдаласпаса, дауды тұрақты жұмыс істейтін төреші қараған кезде, төрешілерді (төрешіні) отыз күннің ішінде тұрақты жұмыс істейтін төреші тағайындай алады.";
      9) Мынадай мазмұндағы 9-1-баппен толықтырылсын:
      "9-1-бап. Тұрақты жұмыс істейтін төреші қызметінің шарттары
      1. Тұрақты жұмыс істейтін төреші:
      1) өз төрешілерінің тізілімін жүргізеді;
      2) жалпыға қол жетімді телекоммуникациялар желілерінде өздерінің жұмыс регламенті, төрешілердің тізілімі және дау тараптары келіскен кезде төрелік талқылау бойынша шығарылған шешімдер туралы ақпаратты орналастыруға жағдай жасайды.
      2. Төрешілер тізілімі халықтың еркін танысуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті жариялануға жатады.";
      10) 11-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Төрешінің өкілеттіктері осы Заңда көзделген негіздер бойынша тараптардың келісімімен, сондай-ақ дауды қарау үшін белгіленген мерзім ішінде өз өкілеттіктерін орындамаған немесе сырқаттануына, қайтыс болуына, не дауды қарау бойынша өз өкілеттіктерінен бас тартуға байланысты өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілеті болмаған жағдайда тоқтатылуы мүмкін.";
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "Төрешінің өкілеттіктері нақты төрелік іс бойынша шешім қабылдағаннан кейін немесе, егер тараптар осындай тоқтатуға қатысты уағдаласқан жағдайда тоқтатылады. Осы Заңның 30-бабында көзделген жағдайларда төрешінің өкілеттіктері қайта басталады, ал содан соң, аталған бапта көзделген іс жүргізу әрекеттері жасалғаннан кейін тоқтатылады.";
      11) мынадай мазмұндағы 15-1-баппен толықтырылсын;
      "15-1-бап. Төрешінің қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы өкім шығару өкілеттігі
      Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, төреші кез келген тараптың өтініші бойынша басқа тараптың дауды қарау кезінде тиісті қамтамасыз ету шараларын қабылдағаны туралы өкім шығара алады.";
      17-баптың бірінші сөйлемінде "Тараптар" деген сөзден кейін "тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қарауына дау берілетін жағдайларды қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;
      12) мынадай мазмұндағы 18-1-баппен толықтырылсын:
      "18-1-бап. Төрелік іс қарауды қозғау
      1. Төреші талап-арызды қабылдап, өзінің ережесіне (регламентіне) немесе Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес аралық сотта іс қарауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралу орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап-арызға жазбаша пікір беруді ұсынады.
      2. Жауапкердің қарсылықтарын табыс етпеуі дауды қарауға кедергі бола алмайды.";
      13) 19-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "19-бап. Төрелік іс қараудың басталуы
      1. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, төреші тараптарға төрелік отырысының уақыты мен орны туралы алдын ала және тиісті түрде хабарлама тапсыруға міндетті.
      2. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда барлық құжаттардың, материалдардың көшірмелері мен төрелікке тараптардың бірі ұсынатын ақпаратты төрелік басқа тарапқа беруге тиіс. Төрелік өзінің шешімін негіздейтін сараптамалық қорытындыларын тараптарға беруге тиіс.";
      14) 22-баптың 1-тармағында "дәлелсіз деп таныса" деген сөздерден кейін "ұсынылған материалдар мен дәлелдердің негізінде" деген сөздермен толықтырылсын;
      15) мынадай мазмұндағы 22-1-баппен толықтырылсын:
      "22-1-бап. Тараптардың жазбаша хабарламалар алуы
      1. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса:
      1) егер ол адресаттың өз қолына оның тұрақты тұрғылықты жері бойынша немесе пошталық мекенжайы бойынша жеткізілсе, кез келген жазбаша хабарлама алынды деп есептеледі; мұндайлар анықтама жүргізу арқылы анықтала алмайды, егер ол соңғы белгілі тұратын жеріне тапсырыс хатпен немесе осы хабарламаны жеткізу әрекетін тіркеуді көздейтін өзге де түрде жіберілсе, жазбаша хабарлама алынды деп есептеледі.
      2) жазбаша хабарлама осындай жеткізу күні алынды деп есептеледі.
      2. Осы баптың ережелері құзыретті сотта іс жүргізу барысында хабарламаларға қолданылмайды.";
      16) мынадай мазмұндағы 23-1, 23-2-баптармен толықтырылсын:
      "23-1-бап. Тараптардың төрелік отырысына қатысуы
      1. Тараптардың әрқайсысына өз ұстанымын баяндау және өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тең мүмкіндіктер берілуге тиіс.
      2. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда төрелік іс қарау - тараптардың немесе олардың өкілдерінің қатысуымен төреліктің жабық отырысында жүзеге асырылады.
      Тараптар өкілдерінің өкілеттіктері Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресімделуге тиіс.
      23-2-бап. Дәлелдемелерді табыс ету және зерттеу
      1. Әрбір тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негіздемесі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс. Егер табыс етілген дәлелдемелер жеткіліксіз деп санаса, төреші тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етуді ұсынуға құқылы.
      2. Төреші іс бойынша барлық дәлелдемелерді тікелей зерттеуге міндетті.";
      18) 25-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Тараптар төрелік іс қарауға дейін немесе уақытында құзыретті сотқа талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдану туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Құзыретті соттың қамтамасыз ету шаралары туралы шешім қабылдауы төрелік келісіммен сыйыспайтын болып табылмайды.";
      19)мынадай мазмұндағы 25-1-баппен толықтырылсын:
      "25-1-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу
      1. Қарсы талаптың талапкердің талаптарымен өзара байланысы болған кезде, сондай-ақ аралық сот қарсы талап қоюды төрелік келісімге сәйкес қарауы мүмкін болған кезде, жауапкер талапкерге қарсы талап қоюға құқылы.
      2. Егер тараптар қарсы талап қою үшін өзге мерзімге келіспесе, төрелік шешім қабылдағанға дейін, төрелік іс қарау барысында қарсы талап қойылуы мүмкін.
      3. Қарсы талап осы Заңның 18-бабы 2-тармағының талаптарын қанағаттандыруға тиіс.
      4. Талапкер төрелік іс қарау регламентінде немесе ережелерінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде қарсы талапқа қарсылықтарын ұсынуға құқылы.
      5. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда жауапкер азаматтық заңнаманың талаптарын сақтай отырып, қарсы талапты есепке алуды талап етуге құқылы.".
      20) 30-баптың 2-тармағында "отыз" деген сөз "алпыс" деген сөзбен ауыстырылсын;
      21) 32-баптың 1, 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Төрелік шешім міндетті деп танылады және Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес құзыретті сотқа жазбаша өтініш берілген кезде орындалады.
      2. Төрелік шешімді негізге алатын немесе оны орындау туралы өтініш беретін тарап төрелік шешім мен келісімді немесе олардың тиісті түрде куәландырылған немесе апостильдендірілген көшірмелерін табыс етуге тиіс. Егер төрелік шешім немесе келісім шетел тілінде жазылса, тарап бұл құжаттардың мемлекеттік тілдегі немесе орыс тіліндегі тиісті түрде куәландырылған немесе апостильдендірілген аудармасын табыс етуге тиіс";
      22) 33-баптың 1-тармағы 1) тармақшасының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "төрелік келісімнің оны тараптар бағындырған заң бойынша немесе төрелік шешім шығарылған елдің заңы бойынша жарамсыздығының;".
 
       2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады