Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 5 желтоқсандағы N 1151 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2008 жылғы 5 желтоқсандағы
N 1151 қаулысымен    
мақұлданған       

жоба

Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
      Еуразия экономикалық қоғамдастығының шеңберінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағында кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы уағдаластықтарға қол жеткізу мақсатында,
      2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімнің ережелерін басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім оның негізінде кеден одағында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттары қалыптасатын Еуразия экономикалық қоғамдастығының шеңберінде кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды (бұдан әрі тиісінше - тауарлардың кедендік құнын бақылау, кеден одағы) жүзеге асырудың негізгі ережелерін айқындайды.

2-бап

      Тауарлардың кедендік құнын бақылауды тауарларды кедендік ресімдеу кезінде де, тауарларды шығарғаннан кейін де, кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды кедендік ресімдеу және кедендік бақылау мәселелерін реттейтін халықаралық шарттарының ережелеріне сәйкес Тараптардың әрқайсысының мемлекетінің кеден органы (бұдан әрі - кеден органы) жүзеге асырады.
      Осы Келісімнің ережелері жеке тұлғалар жеке және өзге де кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес мұқтаждықтар үшін кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізетін тауарларға қолданылмайды.

3-бап

      Тауарлардың кедендік құнын бақылауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша кеден органы тауарлардың мәлімделген кедендік құнын қабылдау туралы немесе тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзету қажеттілігі туралы шешім қабылдайды.
      Кеден органы тауарлардың кедендік құнына қатысты шешім қабылдағанға дейін тауарлардың кедендік құнын бақылау аяқталмаған болып саналады.
      Тауарлардың кедендік құнын бақылауды жүргізу кезінде кеден органы осы Келісімнің 6-бабына сәйкес қосымша тексеру жүргізу туралы шешім қабылдауы мүмкін.
      Кеден органы қабылдаған шешім тауарларды декларациялайтын тұлғаға жазбаша нысанда жеткізілуі тиіс.

4-бап

      Егер, кеден органы тауарларды декларациялайтын тұлғаның тауарлардың кедендік құны туралы дұрыс емес мәліметтерді мәлімдегенін анықтаса, тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзету қажеттілігі туралы шешім қабылданады.
      Кеден органы қабылдаған тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзету қажеттілігі туралы шешім оған қабылданған шешімнің негіздемесі және оны орындау мерзімі болуы тиіс талапты жолдау жолымен тауарларды декларациялайтын тұлғаға жеткізіледі.
      Тауарларды декларациялайтын тұлға тауарлардың кедендік құны туралы дұрыс емес мәліметтер анықталған кезде жіберілген тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзету туралы кеден органының талабын белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда, тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзетуді кеден органы жүзеге асырады.

5-бап

      Тауарлардың кедендік құнын түзету және төлеуге жататын кедендік баждарды, салықтарды қайта санау кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарымен, ал мұндай шарттар күшіне енгенге дейін Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасында белгіленген тәртіппен және нысандар бойынша жүзеге асырылады.

6-бап

      Оларды шығарғанға дейін тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде кеден органы тауарлардың мәлімделген кедендік құны тиісті түрде расталмағанын не оның дұрыс емес болып табылуы мүмкін екендігін көрсететін белгілерді анықтаған жағдайда, кеден органы кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарында белгіленген тәртіппен қосымша тексеру жүргізеді.
      Тауарлардың кедендік құны туралы мәлімделген мәліметтерге қосымша тексеру жүргізу үшін кеден органы тауарларды декларациялайтын тұлғадан қосымша құжаттарды және мәліметтерді сұрауы мүмкін. Сұрау салу жазбаша нысанда жүзеге асырылады.
      Тауарларды декларациялайтын тұлға кеден органы сұрау салған қосымша құжаттар мен мәліметтерді ұсынуға не оларды ұсына алмауының себептерін түсіндіруді жазбаша нысанда беруге міндетті.
      Тауарларды декларациялайтын тұлға ол таңдаған тауарлардың кедендік құнын айқындау әдісін пайдаланудың заңдылығын және өзі ұсынған құжаттар мен мәліметтердің дұрыстығын дәлелдеуге құқылы.
      Кеден органы тауарлардың кедендік құны туралы мәлімделген мәліметтерге қосымша тексеру жүргізген кезде, сондай-ақ, егер тауарлардың кедендік кұнын айқындау кезінде тауарлардың кедендік құнына қатысты шешімді кейінге қалдыру қажеттілігі туындаған жағдайда, тауарларды декларациялайтын тұлға қажет болған кезде оларға мұндай тауарларға салынатын кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етуі бойынша жеткілікті кепілдік ұсыну кезінде осы тауарларды алуға құқылы.

7-бап

      Олардың кедендік құнына қатысты кеден органы бұрын шешім қабылдаған тауарлардың тауарларды шығарғаннан кейін кедендік құнын бақылау кеден одағына қатысушы мемлекеттердің оларды шығарғаннан кейін тауарларды кедендік бақылау мәселелерін реттейтін халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Мұндай халықаралық шарттар күшіне енгенге дейін Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысы заңнамаларының нормалары қолданылады.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізбеген жағдайда мүдделі Тараптардың кез келгені Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға береді.

9-бап

      Осы Келісімге Тараптардың уағдаластығы бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
      2008 жылғы "__"_______ __________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясы депозитарийдің функцияларын бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
      Депозитарий әрбір Тарапқа осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін жібереді.

       Беларусь             Қазақстан             Ресей
      Республикасының      Республикасының       Федерациясының
      Үкіметі              Үкіметі               Үкіметі
      үшін                 үшін                  үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады