"Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 желтоқсандағы N 1175 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы

      Мемлекеттік жоспарлаудың тұтас және тиімді жүйесін қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі бекітілсін.
      2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар:
      1) өз қызметінде Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін басшылыққа алсын;
      2) Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары қабылданған күннен бастап бір жыл ішінде қолданыстағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес келтірсін.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) 2009 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының жобасын әзірлесін;
      2) үш ай мерзімде осы Жарлықты іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне келісуге енгізсін;
      3) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
      4) Осы Жарлықтың 2-тармағының 2) тармақшасы орындалғанға дейін Қазақстан Республикасында Қазақстанның экономикалық, саяси, әлеуметтік-қоғамдық дамуының ұзақ мерзімді бағыттары мен басымдықтарын іске асыруға бағытталған Тұжырымдамалар, мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңірлік бағдарламалар әзірлеуге мораторий енгізілсін.
      5) Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      6) Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
200 жылғы N Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН    

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі (бұдан әрі - Мемлекеттік жоспарлау жүйесі) - мемлекеттік жоспарлау қағидаттарынан, құжаттарынан, процестерінен және оған қатысушылардан тұратын, ұзақ мерзімді және орта мерзімді кезеңде елдің дамуын қамтамасыз ететін өзара байланысты элементтердің кешені.
      2. Мемлекеттік жоспарлау мемлекеттік билік органдарының және елді дамыту процесіне өзге де қатысушылардың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатының өсуіне және ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған қызметін қамтиды.

2. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қағидаттары

      3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі мынадай қағидаттарға негізделеді:
      1) бірлік және тұтастық қағидаты - мемлекеттік жоспарлау саласындағы заңнаманың, Мемлекеттік жоспарлау жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаттарының бірлігі, мемлекеттік жоспарлау процесін жүзеге асыру тәртібінің бірлігі;
      2) ішкі теңгерімділік қағидаты - Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының даму мақсаттары, міндеттері және нәтижелер көрсеткіштері бойынша өзара келісімділігі;
      3) нәтижелілік және тиімділік қағидаты - мақсаттарды, міндеттерді және нәтижелер көрсеткіштерін таңдау барынша дұрыс (нәтижелі) болуы тиіс, ағымдағы жағдайды терең талдауға және ресурстарды барынша аз жұмсай отырып, қойылған нәтижелерге қол жеткізу қажеттілігіне негізделуі тиіс;
      4) міндеттерді шешу жолдарын таңдау дербестігі қағидаты - мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысушылардың мақсаттарға қол жеткізу жолдары мен әдістерін таңдаудағы және өз құзыреті шегінде елдің даму міндеттерін шешудегі дербестіктері;
      5) мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысушылардың жауапкершілігі қағидаты - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде міндеттерді шешудің тиімсіздігі және күтілетін нәтижелерге қол жеткізілмегені үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету;
      6) айқындық (ашықтық) қағидаты - меморандумдарды, операциялық жоспарларды, сондай-ақ мемлекеттік құпияларға жататын ақпаратты қамтитын ережелерді қоспағанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын міндетті жариялау;
      7) шынайылық және нақтылық қағидаты - Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында белгіленген даму мақсаттарына қол жеткізудің негізделген мүмкіндігі, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау процесінде пайдаланылатын нәтижелер көрсеткіштерінің негізділігі;
      8) үздіксіздік, сабақтастық және дәйектілік қағидаты - Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің сатылы сипаты, яғни жоғары тұрған құжаттардың мақсаттарына, міндеттеріне, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізудің сәттілігі төмен тұрған құжаттарды жоспарлау мен олардың мақсаттарына, міндеттеріне, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізудің сапасына және уақтылығына байланысты, сондай-ақ оның жұмыс істеуінің үздіксіз тетігі;
      9) ресурстық қамтамасыз етілу қағидаты - қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік органдар жоспарларының негізгі бағыттары бойынша қаржыландыру көздері мен көлемін адами, басқа да материалдық және материалдық емес ресурстарды айқындау.
      3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары
      4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына мыналар жатады:
      1) Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясы;
      2) Қазақстан Республикасының 10 жылға арналған Стратегиялық даму жоспары;
      3) 5 жылға арналған мемлекеттік бағдарламалар;
      4) Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы;
      5) аумақтарды дамытудың 5 жылға арналған бағдарламалары;
      6) әлеуметтік-экономикалық дамудың 5 жылға арналған және бюджеттік параметрлердің 3 жылға арналған болжамы;
      7) мемлекеттік органдардың 3 жылға арналған стратегиялық жоспарлары;
      8) 3 жылға арналған республикалық (жергілікті) бюджет;
      9) 1 жылға арналған Меморандумдар;
      10) мемлекеттік органдардың 1 жылға арналған операциялық
жоспарлары.
      5. Қазақстан Республикасының 10 жылға арналған Стратегиялық даму жоспары мен 5 жылға арналған мемлекеттік бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      Қазақстан Республикасының 10 жылға арналған Стратегиялық даму жоспары ел халқын кеңістікте дамыту мен таратып орналастырудың тиісті кезеңге арналған болжамды схемасын қамтиды.
      Елдің стратегиялық даму жоспарлары мен мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      6. Қазақстан Республикасының Президенті жыл сайын Қазақстан халқына елдегі жағдай және Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Жолдау арнайды.
      7. Аумақтардың дамытудың 5 жылға арналған бағдарламаларын жергілікті атқарушы органдар бекітеді.
      Аумақтарды дамыту бағдарламаларын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      8. Әлеуметтік-экономикалық даму мен бюджеттік параметрлердің болжамын Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы органдар мақұлдайды және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
      Әлеуметтік-экономикалық даму мен бюджеттік параметрлердің болжамын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      9. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын Қазақстан Республикасының Президенті немесе уәкілетті лауазымды тұлға бекітеді.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның стратегиялық жоспарын жергілікті атқарушы орган бекітеді.
      Аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның стратегиялық жоспары оны облыстық бюджеттен қаржыландырылатын тиісті салалық атқарушы органмен келіскеннен кейін бекітіледі.
      Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органның стратегиялық жоспары оны тиісті салалық орталық мемлекеттік органмен келіскеннен кейін бекітіледі.
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Парламенті Шаруашылық басқармасының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының стратегиялық жоспарлары Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен бекітіледі.
      Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      10. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары бекітілген күннен бастап екі апта мерзімде мемлекеттік органдардың басшылары меморандумдарды әзірлейді.
      Меморандумдарды:
      Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар бойынша - Қазақстан Республикасының Президенті немесе уәкілетті лауазымды тұлға;
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кіретін не оған бағынысты орталық атқарушы орган бойынша - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі бекітеді.
      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Қазақстан Республикасы Парламентінің Шаруашылық басқармасы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы және жергілікті бюджеттердің есебінен қаржыландырылатын атқарушы органдар меморандумдарды бекітпейді.
      Меморандумдарды әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      11. Операциялық жоспар жыл сайын әзірленеді және оны мемлекеттік органның жауапты хатшысы (басшысы) бекітеді.
      Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының операциялық жоспарларын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      12. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің әрбір жоғары тұрған құжатын іске асыру төмен тұрған деңгейдің құжатын әзірлеу және іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі.

4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процесі және
процеске қатысушылар

      13. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процестері оның құжаттарын әзірлеу және бекіту, іске асыру мониторингі, іске асырудың ішкі және сыртқы бақылауы, есептілік, нәтижелерді бағалау, түзету болып табылады.
      14. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процесіне қатысушылар мемлекеттік билік органдары, мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалар,қоғамдық, ғылыми және жеке ұйымдардың өкілдері, жеке тұлғалар болып табылады.
      Мемлекеттің қатысуы бар тұлғалардың, қоғамдық, ғылыми және жеке ұйымдар өкілдерінің қатысу форматы мен тетігі мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процесіне және құжатына байланысты айқындалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады