Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің салықтық қылмыстарға қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 желтоқсандағы N 1340 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Тбилиси қаласында 2005 жылғы 3 маусымда жасалған Тәуелсіз
Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің салықтық қылмыстарға қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К.Мәсімов

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің салықтық қылмыстарға қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісім

(2009 жылғы 16 қаңтарда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2009 ж., № 2, 6-құжат)

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер үкіметтері атынан, бұдан әрі - Тараптар,
      экономикалық қауіпсіздіктің қаупін туғызатын салықтық қылмыстардың ауқымына алаңдаушылық білдіре отырып,
      салықтық қылмыстарға қарсы күрестегі ынтымақтастық тиімділігін арттыруға өзара мүдделілікті негізге ала отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттарын және халықаралық нормаларын басшылыққа ала отырып,
      мыналар туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін "салықтық қылмыс" термині салық салу саласындағы Тараптардың қылмыстық заңнамасымен тыйым салынған кінәлі жасалған қоғамдық қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік).

2-бап

      Тараптар осы Келісімге, ұлттық заңнамаға және халықаралық міндеттемелерге сәйкес салықтық қылмыстардың алдын алуда, анықтауда, жолын кесуде және ашуда мынадай негізгі бағыттар бойынша ынтымақтасады:
      а) салық салу саласындағы қылмыстылық жағдайын талдау;
      б) салықтық қылмысқа қарсы күрестегі Тараптар ынтымақтастығының  құқықтық базасын жетілдіру, осы саладағы халықаралық шарттардың ережелерін есепке ала отырып, ұлттық заңнаманы үйлестіру;
      в) салықтық қылмыстарға қарсы күреске бірлескен бағдарламалар әзірлеу;
      г) салықтық қылмыстарға қарсы күреске бағытталған халықаралық шарттардың ережелерін орындау үшін келісілген шараларды жүзеге асыру.

3-бап

      1. Тараптар ынтымақтастықты өздерінің құзыретті органдары арқылы жүзеге асырады.
      2. Құзыретті органдардың тізбесін әрбір Тарап анықтайды және осы Келісімнің күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы хабарламаны сақтауға тапсырғанда депозитарийге беріледі.
      Құзыретті органдардың тізбесіндегі өзгерістер туралы әрбір Тарап бір ай мерзімде депозитарийге жазбаша хабарлайды.
      3. Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптардың құзыретті органдарының аумақтық бөлімшелері Тараптардың құзыретті органдары белгілейтін тәртіппен тікелей байланыстар орната алады.

4-бап

      Тараптардың ынтымақтастығы мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
      а) жедел және криминалды ақпаратпен, оның ішінде жоспарланған және жасалған салықтық қылмыстар, оларға қатысты жеке немесе заңды тұлғалар, салық және алымдар төлеуден жалтару тәсілдері мен әдістері туралы ақпаратпен алмасу;
      б) жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу туралы сұрау салуларды орындау;
      в) үйлестірілген жедел-іздестіру және алдын алу шараларын жоспарлау және жүзеге асыру;
      г) салықтық қылмыстар туралы арыздар мен хабарламаларға сұрау салулар бойынша тексеріс жүргізу;
      д) Тараптардың құзыретті органдарының келісімі бойынша бірлескен жедел-іздестіру және алдын алу іс-шараларын өткізу кезінде іс-қимылды үйлестіру үшін өкілдер жіберу;
      е) Тараптар құзыретті органдарының қызметкерлеріне олар қызметтік іссапарда болған кезде жәрдем көрсету;
      ж) жұмыс тәжірибесімен алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер, кеңестер, конференциялар және семинарлар өткізу;
      з) кадрларды даярлауда, қайта даярлауда және біліктілігін арттыруда жәрдем көрсету;
      и) заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілермен, ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен және әдістемелік ұсынымдармен алмасу.
      2. Тараптар өзге де өзара қолайлы нысандарда ынтымақтастықты жүзеге асыра алады.

5-бап

      Тараптар салықтық қылмыстарға қарсы тиімді күресу мақсатында:
      салықтар мен алымдар туралы ұлттық заңнаманы заңды және (немесе) жеке тұлғалардың бұзуы және осы бұзушылықтар үшін жауапкершілік шаралары туралы;
      кірістерді салық салудан жасыру, сондай-ақ осындай жасырулардың пайдаланылатын нысандары мен әдістері туралы;
      заңды тұлғаны құрмай-ақ, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалардың қаржы-шаруашылық қызметін жүргізу шарттары туралы;
      берілуі Тараптардың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін басқа ақпаратпен алмасуды жүзеге асыра алады.

6-бап

      1. Тараптардың құзыретті органдарының ынтымақтастығы жәрдем көрсету туралы сұрау салуларды (бұдан әрі - сұрау салу) орындау арқылы жүзеге асырылады.
      Егер осы Тараптың мүддесіне қажетті деп пайымдауға негіздер болса, басқа Тарапқа ақпарат сұраусыз берілуі мүмкін.
      2. Сұрау салу жазбаша нысанда жіберіледі. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салу ауызша, кейіннен міндетті түрде жазбаша растаумен үш тәуліктен кешіктірілмей жіберілуі мүмкін. Бұл ретте мәтінді берудің техникалық құралдары пайдаланылуы мүмкін.
      3. Сұрау салуда:
      а) сұрау салушы және сұрау салынатын Тараптардың құзыретті органдарының атаулары;
      б) сұрау салу жіберіліп отырған материалдың қысқаша мазмұны;
      в) сұрау салудың мақсаты мен негіздемесі;
      г) қажет болған жағдайда сұрау салуды орындаудың ерекше тәртібін сипаттау және осы қажеттіліктің негіздемесі;
      д) сұрау салуды орындауға пайдалы болатын өзге де мәліметтер көрсетіледі.
      Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды тиісінше орындауға қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.
      4. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының ресми бланкісінде жіберілген немесе жазбаша нысанда расталған сұрау салуға басшы немесе оны алмастырушы тұлға қол қоюы және осы органның елтаңбалық мөрімен расталуы тиіс.
      5. Егер сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындаудың қажетті деп тапса, онда осы орган сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына бұл туралы тез арада хабарлайды.

7-бап

       1. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы, егер сұрау салуды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне не ұлттық заңнамасына немесе оның мемлекетінің халықаралық міндеттемелеріне қайшы келуі мүмкін, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға әкеп соғуы мүмкін деп пайымдайтын болса, жәрдем көрсетуден толығымен немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.
      2. Жәрдем көрсету туралы сұрау салуды орындаудан бас тартпастан бұрын, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы қажетті болып табылатын белгілі бір шарттарды сақтау арқылы жәрдем көрсету мүмкіндігін қарастырады. Егер сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы өзге жағдайларда жәрдем көрсету мүмкіндігін қарастырса, онда сұрау салу осы жағдайларды ескере отырып орындалады.
      3. Жәрдем көрсету туралы сұрау салуды орындаудан толығымен немесе ішінара бас тарту не оны орындауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылданған жағдайда сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына мұндай шешімнің себептерін көрсете отырып, бұл туралы тез арада хабарлайды.

8-бап

       1. Егер жәрдем көрсету туралы сұрау салуды орындау сұрау салуды алған құзыретті органның құзыретіне жатпайтын болса, онда осы орган сұрау салынатын Тараптың тиісті құзыретті органына оны тез арада береді және ол туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына хабарлайды.
      2. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салудың толық және сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
      Сұрау салу, әдетте, түскен күннен бастап 30 тәуліктен аспайтын мерзімде орындалады, бұл ретте мүмкіндігіне қарай, сұрау салушы құзыретті органның сұрау салуды ол көрсеткен мерзімде орындау туралы тілегі ескеріледі.
      Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындауға кедергі болған немесе кешіктірген жағдайлар туралы тез арада хабардар етіледі.
      3. Сұрау салуды орындау кезінде сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасы қолданылады.
      4. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органының өтініші бойынша сұрау салуды орындауда оның өкілдерінің қатысуына мүмкіндік береді.
      5. Тараптардың әрқайсысының құзыретті органы, егер сұрау салушы Тараптың құзыретті органы оның мазмұнын жариялауды қажет емес деп тапса, басқа Тараптың құзыретті органынан алынған мәліметтердің, оның ішінде сұрау салуды алу фактісі мен мазмұнының құпиялылығын қамтамасыз етеді.
      Сұрау салуды орындау кезінде құпиялылықты сақтау мүмкін емес жағдайда сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына сұрау салуды мұндай жағдайда орындау мүмкіндігі туралы шешім қабылдау үшін ол туралы хабарлайды.

9-бап

      1. Сұрау салуды орындау жөніндегі іс-шараларды өткізу барысында алынған нәтижелерді сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салуда көрсетілгеннен басқа мақсаттарға пайдалана алмайды.
      2. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындау нәтижелерін басқа мақсаттарға тек сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының жазбаша келісімімен ғана пайдалана алады. Бұл жағдайларда сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы анықтаған сұрау салудың нәтижелерін пайдалану шектеулерін сақтайды.

10-бап

      Осы Келісімнің негізінде бір Тараптың құзыретті органы алған мәліметтерді үшінші Тарапқа беру үшін осы мәліметтерді берген басқа Тараптың құзыретті органының алдын ала жазбаша келісімі талап етіледі.

11-бап

       Тараптардың құзыретті органдары, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді.

12-бап

       Тараптардың құзыретті органдары ынтымақтастықты жүзеге асыру жұмыс тілі ретінде орыс тілін қолданады.

13-бап

       Осы Келісімді қолдану және талқылау кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.

14-бап

       Осы Келісімнің ережелері олар жасасқан басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

15-бап

       Осы Келісім оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарлама депозитарийге сақтауға тапсырылған күнінен бастап күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийге тиісті құжаттар тапсырылған күннен бастап күшіне енеді.

16-бап

       Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 15-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін хаттамамен ресімделеді.

17-бап

       Осы Келісім Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін депозитарийге осындай қосылу туралы құжаттарды беру арқылы ашық болады.
      Егер Тараптың бірде-біреуі депозитарий тиісті хабарламаны жібергеннен кейін үш ай ішінде қарсылық жібермесе, осы Келісімнің ережелерін бөлісетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кірмейтін мемлекеттер үшін қосылу күшіне енген болып саналады.

18-бап

       Осы Келісім бес жылға жасалады. Бұл кезең өткен соң ол автоматты түрде кейінгі бес жылдық кезеңге ұзартылады.

19-бап

       Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шығу күнінен үш ай бұрын депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттеген соң шығуға құқылы.

      2005 жылғы 3 маусымда Тбилиси қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

      Әзірбайжан Республикасының    Молдова Республикасының
      Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

      Армения Республикасының       Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

      Беларусь Республикасының      Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

      Грузияның                     Түркіменстанның
      Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының     Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының        Украинаның
      Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады