Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 607 қаулысымен.
2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексі 13-бабының 3-2) тармақшасына және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 607 қаулысымен.1. Қоса беріліп отырған Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру және босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру қағидалары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 607 қаулысымен.2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 ақпандағы № 172 қаулысымен бекітілген |
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру және босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне кері ауыстыру қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 607 қаулысымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру және босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 13-бабының 3-2) тармақшасына және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 7-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру және босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру тәртібін айқындайды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша:
1) ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары болмаған кезде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының объектілерін және қорғаныс мұқтажы үшін объектілерді салу, жайластыру, олардың жұмыс істеуі үшін;
2) ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары болмаған кезде ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарын салу және олардың жұмыс істеуі үшін және шектеулі шаруашылық қызмет режимі белгіленген жер учаскелерін ғана;
3) Заңның 84-2-бабының 1-тармағына сәйкес қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру үшін және шектеулі шаруашылық қызмет режимі белгіленген жер учаскелерін ғана;
4) туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылым салу үшін (жолдар, электр беру желілері, құбырлар) босалқы жерге ауыстыру жағдайларын қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін ауыстыруға жол берілмейді.
Бұл ретте, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың функционалдық аймақтарға бөлінуін осы Қағидалардың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген мақсаттар үшін шектеулі шаруашылық қызмет режимін белгілеу мақсатында түзетуге жол берілмейді.
Учаскеде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес қатты пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есеппен расталған барлауға арналған келісімшарт немесе қатты пайдалы қазбалардың кен орнын барлауға арналған лицензия бойынша барлау не геологиялық бөлу учаскесі шегінде орналасқан жер қойнауының табылуы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін осы Қағидалардың 1-тармағы екінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес қатты пайдалы қазбаларды өндіру үшін босалқы жерге ауыстыруға негіз болып табылады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін осы Қағидалардың 1-тармағы екінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіру мақсаттары үшін ауыстырған кезде:
жер қойнауын пайдаланушының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша ауыстырылатын учаске алаңының екі еселенген мөлшерінде орман дақылдарын өтемдік отырғызу, сондай-ақ жұмыстар аяқталғаннан кейін пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесінің құнарлы қабатын қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді қабылдауы;
экологиялық әсерге бағалау жүргізу;
мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының болуы;
тиісті әкімшілік-аумақтық пункттерде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар орналасқан елді мекендерде кеңінен қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, олардың бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілуі өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуді бастау шарттары болып табылады.
Бұл ретте жер учаскесін үшінші тұлғаларға немесе кепілге беруге жол берілмейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының объектісі (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара объектісі) – шекара қызметінің бөлімшелері орналасқан, инженерлік-техникалық құрылыстар мен тосқауылдарды, шекаралық белгілерді, шекаралық соқпақ жолдарды, коммуникацияларды және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін жайластыруға және күтіп ұстауға арналған орын;
2) ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары – Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге енгізілген, мемлекеттік меншіктегі және Қазақстан Республикасының Су кодексі 25-бабының 2-тармағында көзделген ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарын иеліктен шығару құқығынсыз жалға және сенімгерлік басқаруға беруді қоспағанда, жалға, сенімгерлік басқаруға беруге болмайтын және иеліктен шығаруға жатпайтын, су ресурстарын пайдалануды және қорғауды, сумен жабдықтауды, су бұруды реттеу және судың зиянды әсерін жою мақсатында қолдан жасалған гидротехникалық құрылыстар мен құрылғылар (бұдан әрі – су шаруашылығы құрылыстары);
3) қорғаныс мұқтажы үшін объектілер – Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қажет ғимараттар, құрылыстар, объектілер және басқа да мүлік;
4) қатты пайдалы қазбалар – жер қойнауында немесе жер бетінде қатты күйде болатын табиғи минералдық түзілімдер, органикалық заттар мен олардың қоспалары.
2-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру тәртібі
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда су шаруашылығы құрылысын, Мемлекеттік шекара объектілері мен қорғаныс мұқтажы үшін объектілерді, туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымдарды (бұдан әрі – объектілер) ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары (орындары) болмауы бөлігінде оларды орналастыру орындары, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтан табылған кен орнында қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру орындары ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органмен (бұдан әрі – уәкілетті орган) келісіледі.
4. Уәкілетті орган салынуы мен жұмыс істеуі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыруды талап ететін объектілерді ықтимал орналастырудың басқа нұсқаларының (орындарының) болмауы мәселесін қарау, сондай-ақ өндіру ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыруды талап ететін, барлау не геологиялық бөлу учаскесі шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесіндегі пайдалы қатты қазбалар кен орнының анықталғанын растау үшін комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрады.
Комиссияның құрамына ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының, су ресурстарын реттеу жөніндегі бассейндік инспекцияның (су шаруашылығы құрылыстары қарастырылса), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің (мемлекеттік шекара объектілері қарастырылса), Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің (қорғаныс мұқтажы үшін объектілер қарастырылса), жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның (қатты пайдалы қазбалар кен орнының анықталғанын растау мәселесі қарастырылса және зерттелетін аумақта жер асты сулары болса), қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және өзге де мүдделі органдардың өкілдері енгізіледі.
5. Комиссияның уәкілетті орган бекіткен ерекше қорғалатын табиғи аумақтың функционалдық аймақтарға бөлінуін және оның инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарын ескере отырып шығарылған оң қорытындысы ерекше қорғалатын табиғи аумақта объектілерді орналастыру орындарын не қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру орындарын келісу үшін негіз болып табылады.
Қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру мақсаттары үшін осы Қағидалардың 1-тармағының екінші, үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінің ережелері Заңның 84-2-бабы қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған келісімшарт немесе берілген қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған лицензия бойынша барлау не геологиялық бөлу учаскесі шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде орналасқан кен орындарында ғана қолданылады.
Заңның 48-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында белгіленген тыйым салу пайдалы қатты қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін Заңның 84-2-бабы қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және берілген келісімшарттар мен лицензияларға қолданылмайды.
Объектілерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекараларының шегінен тыс ықтимал орналастырудың Комиссия ұсынған басқа нұсқалары болған жағдайда уәкілетті орган ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудан бас тартады.
6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта объектілерді орналастыру орындары немесе қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру орындары келісілгеннен кейін мүдделі орган ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді ұйымдастырады.
7. Объектілерді салу және олардың жұмыс істеуі үшін, сондай ақ қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру мақсаттары үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерлерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесі:
1) босалқы жерге ауыстырылатын сұралып отырған жер учаскесін бөліп берудің жерге орналастыру жобасын;
2) сұралып отырған жер учаскесін босалқы жерге ауыстыру бойынша залалды жабуға байланысты шығындардың есеп-қисабын;
3) сұралып отырған жер учаскесі мен оған іргелес аумақтардағы мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін барынша толық сақтау және қорғау жөніндегі іс-шараларды орындауға жұмсалатын шығындардың есеп-қисабын, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру мақсаттары үшін ауыстырылған жағдайда, орман дақылдарын өтемдік отырғызу жөніндегі міндеттемелердің есеп-қисабын;
4) мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің барынша сақталуын ескере отырып және ғимараттарды, құрылыстарды, коммуникацияларды, жолдарды орналастыру орындарын көрсетіп отырып, объектілерді салуға сұралып отырған жер учаскесінің эскизін (эскиздік жобасын);
5) қоршаған ортаға әсерін бағалауды қамтиды.
Қоршаған ортаға әсерін бағалауды жүргізу кезінде көзделіп отырған қызметтің табиғи кешендерге, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлеріне, сондай-ақ осы жерлерде және басқа да санаттағы жерлерде орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне, оның ішінде жануарлар дүниесінің жай-күйіне, мекендеу ортасына, жануарлардың өріс аудару жолдары мен көбею жағдайларына әсері бағаланады.
Тым қатты шу, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін, құрып кету қаупі төнген, эндемикалық және реликті түрлерінің қырылуына, популяциясының қысқаруына немесе мекендеу ортасының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін әрекет көзі болып табылатын жару және басқа да жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді.
Қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін ауыстыру мақсатында қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу кезінде гидрогеологиялық қор материалдарының жетіспеушілігі болмаған кезде депрессиялық құйын пайда болу қаупін болдырмау мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің шекарасында немесе ол болған кезде қорғау аймағының шекарасында тау-кендік бөлу аумағында қосымша зерттеулер жүргізу қажет.
8. Мүдделі орган техникалық-экономикалық негіздемені әзірлегеннен кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарында жария ете отырып, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар орналасқан елді мекендерде кең ауқымда қоғамдық тыңдаулар өткізеді.
9. Техникалық-экономикалық негіздемені мүдделі орган бекітеді және келісу үшін уәкілетті органға жіберіледі.
10. Уәкілетті орган материалдар келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде мүдделі органға техникалық-экономикалық негіздемені қарау нәтижелері туралы қорытындыны жібереді.
Уәкілетті орган құжаттарды пысықтауға қайтарған жағдайда, мүдделі орган құжаттарды пысықтағаннан кейін оларды уәкілетті органға қайта жібереді.
11. Уәкілетті органмен келісілген техникалық-экономикалық негіздеме қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылады.
12. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған техникалық-экономикалық негіздеме ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлеуге негіз болып табылады.
3-тарау. Босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру тәртібі
13. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларында немесе Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген туризм объектілерін салу және олардың жұмыс істеуі мақсатында жердің басқа санаттарына ауыстырылмаған босалқы жерлер мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің санатына:
1) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ бойынша – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органның облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен келісілген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің;
2) жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ бойынша – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган ведомствосының ұсынысы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының шешімімен ауыстырылады.
Босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру туралы шешімдер қабылдау үшін жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелердің жобаларын әзірлеу талап етілмейді.
14. Бұрын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерінің санатынан босалқы жерге ауыстырылған жер учаскесін зерттеп-қарау үшін, егер оларды босалқы жерге ауыстыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бір жыл ішінде олар басқа жер санатына ауыстырылмаса, комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрылады.
15. Комиссияны:
республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ бойынша – уәкілетті орган;
жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ бойынша – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы құрады.
16. Комиссия құрамына осы Қағидалардың 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және өзге де органдардың өкілдері кіреді.
Комиссия он бес жұмыс күні ішінде жер учаскесінің өзін зерттеп-қарайды, оны зерттеп-қарау актісін жасайды және жер учаскесінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкестігі туралы қорытынды береді және оны уәкілетті органға жібереді.
17. Комиссияның оң қорытындысы негізінде:
уәкілетті орган босалқы жерді республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізеді;
уәкілетті органның ведомствосы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қарауына босалқы жерді жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру жөнінде шешім қабылдау туралы ұсыныс енгізеді.