Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпаратты қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқайұлы Әбіқаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпаратты қорғау туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.11.11 № 1148 Қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 20 наурыздағы
N 386 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Польша Республикасының Үкіметі арасындағы
Құпия ақпаратты қорғау туралы
келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі,
Тараптар арасында алмасатын немесе өзара ынтымақтастық шеңберінде құрылатын құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету ниетін басшылыққа ала отырып,
ынтымақтастықтың әр түрлі бағыттарындағы екі жақты келісімдерді іске асыруға өзара ниетін ескере отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мынаны білдіреді:
1) "құпия ақпарат" - кез келген нысанда баяндалған, Тараптардың әрқайсысы және осы Келісімде белгіленген тәртіппен берілген немесе алынған, сондай-ақ Тараптардың ынтымақтастығы процесінде қалыптасқан, Тараптардың әрқайсысының мемлекеті заңнамасына сәйкес қорғалуға тиісті, рұқсат етілмеген тарату Қазақстан Республикасының немесе Польша Республикасының қауіпсіздігіне немесе мүдделеріне залал келтіруі мүмкін мәліметтер;
2) "құпия жұмыстарды орындауға арналған келісім-шарт" - әзірленуі мен орындалуы құпия ақпаратқа қол жеткізуді немесе құпия ақпаратты пайдалану мен жасауды талап ететін шарт;
3) "контрагент" - Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес келіссөздер жүргізуге және құпия жұмыстарды орындауға арналған келісім-шарттарды жасауға уәкілеттік берілген Тараптар мемлекеттерінің жеке немесе заңды тұлғасы;
4) "құзыретті орган" - Тараптардың әрқайсысы үшін осы Келісімнің ережелерін бақылау мен іске асыру үшін жауапкершілік жүктелетін мемлекеттік орган;
5) "уәкілетті орган" - Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес Тараптардың ынтымақтастығы процесінде берілетін немесе пайда болған құпия ақпаратты жасауға, алуға, беруге, сақтауға, пайдалануға, қорғауға уәкілетті мемлекеттік орган немесе ұйым;
6) "жөнелтуші Тарап" - екінші Тарапқа құпия ақпарат беретін Тарап, оның ішінде өз Тарапының мемлекетінің заңнамасына сәйкес құпия ақпарат алмасуға уәкілеттік берілген ұйым;
7) "алушы Тарап" - екінші Тараптан құпия ақпарат алатын Тарап, оның ішінде өз Тарапының мемлекетінің заңнамасына сәйкес құпия ақпарат алмасуға уәкілеттік берілген ұйым.
2-бап
Келісімнің қолданылу аясы
Осы Келісім Тараптар арасында немесе Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес олардың осы ақпаратпен алмасуға уәкілеттік берілген ұйымдары арасында құпия ақпаратты кез келген алмасуға қолданылатын жалпы тәртіпті белгілейді.
3-бап
Құзыретті органдар
Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес құзыретті органдарды белгілейді, ол туралы дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі хабардар етеді.
4-бап
Құпия ақпаратты қорғау қағидаттары
1. Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес Тараптардың ынтымақтастығы шеңберінде алынған немесе бірлесіп жасалған құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылдайды және осы ақпарат үшін осы Келісімнің 5-бабы 1-тармағының ережелеріне сәйкес олардың жеке құпия ақпаратына қатысты қабылданатын шараларға сәйкес келетін қорғау шараларын белгілейді.
2. Жөнелтуші Тараптан құпия ақпаратты алған сәтте бұл ақпаратқа алушы Тарап осы Келісімнің 5-бабының 1-тармағында белгіленген құпиялылық белгісін береді.
3. құпия ақпаратқа рұқсат Тараптар мемлекеттерінің тиісті құпиялылық дәрежесіндегі құпия ақпаратқа рұқсаты бар және мұндай ақпаратты білу қызметтік міндеттерін орындау үшін қажет азаматтарына ғана беріледі.
4. Алушы Тарап жөнелтуші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз оған берілген құпия ақпараттың құпиялылық белгісін төмендете немесе оны құпиясыздандыра алмайды.
5. Тараптар берілген ақпараттың құпиялылық белгісінің өзгеруі немесе оны құпиясыздандыру туралы бірін-бірі дереу хабардар етеді.
6. Берілген құпия ақпарат осы Келісімнің шеңберінде беруге арналған мақсаттардан басқа, өзге де мақсаттарға пайдаланыла алмайды.
7. Алушы Тараптың Тараптардың ынтымақтастығы шеңберінде алынған немесе бірлесіп жасалған құпия ақпаратты үшінші мемлекетке, халықаралық ұйымға, үшінші мемлекеттің заңды немесе жеке тұлғасына жөнелтуші Тараптың құзыретті органының немесе уәкілетті органының алдын ала жазбаша келісімінсіз беруге немесе рұқсат беруге құқығы жоқ.
5-бап
Құпиялылық белгілерінің салыстырмалылығы
1. Тараптар төменде көрсетілген құпиялылық белгілері салыстырмалы болып табылатындығын келіседі:
Қазақстан Республикасында |
Польша Республикасында |
Орыс тілінде бейнеленген балама |
ӨТЕ ҚҰПИЯ |
SCISLE TAJNE |
СОВЕРШЕННО СЕКРЕТНО |
ҚҰПИЯ |
TAJNE |
СЕКРЕТНО |
ҚҰПИЯ |
POUFNE |
СЕКРЕТНО |
2. Қазақстан Тарабы берген "құпия" құпиялылық белгісі бар құпия ақпаратқа Польша Тарабы "Tajnе" құпиялылық белгісін береді.
3. Польша Тарабы берген "Таjnе" немесе "Роufnе" құпиялылық белгісі бар құпия ақпаратқа Қазақстан Тарабы "Құпия" құпиялылық белгісін береді.
4. Қазақстан Тарабы берген "Қызмет бабында пайдалану үшін" белгісі бар ақпаратқа Польша Тарабы "Zastrzezone" белгісін береді.
5. Польша Тарабы берген "Zastrzezone" белгісі бар ақпаратқа Қазақстан Тарабы "Қызмет бабында пайдалану үшін" белгісін береді.
6-бап
Тараптар арасында ақпарат беру
1. Құпия ақпарат Тараптар арасында жөнелтуші Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес дипломатиялық арналар арқылы беріледі.
2. Тараптардың құзыретті органдары құпия ақпаратты рұқсат етілмеген ашудан қорғауды қамтамасыз ететін оларды басқа жолмен беру туралы уағдаласа алады. Құпия ақпаратты электрондық байланыс арналары арқылы беру Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес тек шифрленген түрде жүзеге асырылады.
3. Көлемі үлкен құпия ақпаратты беру тәсілін Тараптардың құзыретті органдары әрбір нақты жағдай үшін жеке айқындайды.
4. Әрбір жағдайда алушы Тарап құпия ақпаратты алғанын жазбаша түрде растайды.
7-бап
Құпия ақпаратқа қол жеткізу рәсімі
1. Құпия ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін әрбір Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес құпия ақпаратқа рұқсат беру мақсатында өз мемлекетінің азаматтарын тексеру рәсімін жүргізеді.
2. Әрбір Тарап өзара негізде екінші Тарап мемлекетінің заңнамасына сойкес берілген құпия ақпаратқа рұқсат беруді таниды.
3. Осы Келісімнің шеңберінде Тараптардың құзыретті органдары Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес берілген рұқсаттардағы өзгерістер туралы бірін-бірі хабардар етеді.
4. Осы баптың 1-тармағында көзделген рәсімдерді өткізу мақсатында бір Тараптың құзыретті органы басқа Тараптың құзыретті органының жазбаша ұсынысы бойынша басқа Тарап мемлекетінің азаматтарына қатысты қолда бар мәліметтерді береді.
8-бап
Құпия ақпаратты аудару, көбейту және жою
1. Алушы Тарап осы Келісімнің 5-бабының 1-тармағында белгіленген құжаттар түпнұсқаларының құпиялылық белгісіне сәйкес олардың көбейтілген көшірмелері мен аудармаларына құпиялылық белгісін соғады және осы көшірмелер мен аудармаларды түпнұсқадағы сияқты, дәл сондай қорғауды қамтамасыз етеді.
2. " SCISLE TAJNE / Ө ТЕ ҚҰПИЯ / СОВЕРШЕННО СЕКРЕТНО" құпиялылық белгісі бар ақпаратты аудару және көбейту жөнелтуші Тарап мемлекетінің құзыретті органының немесе уәкілетті органының жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылады.
3. Құпия ақпарат Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес оны толық немесе ішінара қалпына келтіру мүмкін болмайтындай етіліп жойылады. "SCISLE TAJNE / Ө ТЕ ҚҰПИЯ / СОВЕРШЕННО СЕКРЕТНО" құпиялылық белгісі бар құпия ақпарат жойылуға жатпайды және қажеттіліктің болмауына орай жөнелтуші Тарапқа қайтарылады.
9-бап
Құпия жұмыстарды орындауға арналған келісім-шарттар
1. Құпия жұмыстарды орындауға арналған келісім-шартты жүзеге асыру басталғанға дейін контрагенттер пайдаланылуы осы келісім-шартта көзделетін ақпараттың аса жоғары құпиялылық белгісін көрсете отырып, әрбір осындай келісім-шартты жасасу туралы өз Тараптарының құзыретті органдарын хабардар етеді.
2. Құпия жұмыстарды орындауға арналған әрбір келісім-шартқа құпия ақпаратты қорғау жөніндегі талаптарды, оның ішінде құпиялылық белгісін беру тәртібін, сондай-ақ қорғауға жататын мәліметтер тізбесін қамтитын қосымша жасалады. Мұндай қосымшаның көшірмесі Тараптардың құзыретті органдарына беріледі.
3. Мемлекетінің аумағында құпия жұмыстарды орындауға арналған келісім-шарт жүзеге асырылатын Тараптың құзыретті органы, өз Тарапының мемлекеті заңнамасының талаптарына сәйкес мұндай келісім-шартты іске асыру барысында берілген немесе жасалған құпия ақпаратты қорғауға кепілдік береді.
4. Контрагенттің тапсырысы бойынша құпия жұмыстарды жүзеге асыратын қосалқы мердігерлер контрагент сияқты құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етудің дәл сондай шарттарын сақтауы тиіс.
10-бап
Сапарлар
1. Басқа Тарап өкілдерінің Тараптардың бірінің құпия ақпаратқа қол жеткізуін көздейтін сапарлары қабылдаушы Тараптың құзыретті органының алдын ала жазбаша рұқсаты негізінде ғана мүмкін болады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген сапарлар үшін әрбір келушінің тиісті құпиялылық дәрежесіне рұқсаты болуы қажет.
3. Сапарларға арналған өтінімдер сапар болжанып отырған күнге дейін 3 аптадан кешіктірмей қабылдаушы Тараптың құзыретті органына тікелей жіберіледі. Сапарларға арналған өтінімдер төменде көрсетілген мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:
1) келушінің тегі және аты, туған күні мен жері, азаматтығы, паспортының нөмірі;
2) келушінің лауазымы, ол жұмыс істейтін ұйымның атауы;
3) өз Тарапы мемлекетінің заңнамасына сәйкес берілген құпия ақпаратқа (құпиялылық дәрежесін көрсете отырып) рұқсаты туралы анықтама;
4) сапар күні, мерзімі мен мақсаты;
5) сапар үшін жоспарланып отырған ұйымның атауы;
6) келушінің кездесуі жоспарланып отырған тұлғалардың тегі мен аты;
7) күні, сұрау салушы Тарап құзыретті органының қолы мен мөрі.
4. Алушы Тараптың келушілердің алынған дербес деректерін пайдалануына жөнелтуші Тарап белгілеген мақсаттарда және шарттарда ғана жол беріледі.
5. Алынған дербес деректерді алушы Тарап қажеттілігі болмауына орай жояды.
6. Жөнелтуші Тарап бұл деректердің растығы мен толықтығы үшін жауапты болады. Жөнелтуші Тарап кез келген өзгерістер мен толықтырулар туралы алушы Тарапты бұл туралы уақтылы хабардар етеді, ол оларды бұрын алған деректерге енгізеді.
7. Алушы Тарап алынған дербес деректерді бөгде адамдарға заңсыз беруден немесе олардың танысуынан, бұрмалаудан, жоғалудан және жойылудан сақтауды қамтамасыз етуге міндетті.
8. Келушілер алушы Тарап мемлекетінің құпия ақпаратты қорғау саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.
9. Тараптар Тараптардың құзыретті органдары айқындаған шарттарға сәйкес нақты жобалар немесе келісім-шарттар шеңберінде көп мәрте сапар шегуге рұқсат берілетін адамдардың тізімдерін жасай алады. Бұл тізімдер осы баптың 3-тармағының 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген деректерді қамтиды және 12 айға жасалады. Бұл мерзім Тараптардың құзыретті органдарының келісімі бойынша бір немесе бірнеше кезеңдерге ұзартылуы мүмкін, олардың әрқайсысы 12 айдан аспайды. Қабылдаушы Тараптың құзыретті органы тізімдерді бекіткеннен кейін әрбір сапардың шарттарын мүдделі уәкілетті органдар белгілей алады.
11-бап
Құпия ақпаратты қорғау қағидаттарын бұзу
1. Тараптардың бірі осы Келісімнің шеңберінде берілген құпия ақпаратты қорғау қағидаттарын бұзған жағдайда осы Тараптың құзыретті органы қысқа мерзімде бұл туралы басқа Тараптың құзыретті органын жазбаша хабардар етеді.
2. Бұзушылық туралы хабарлама жөнелтуші Тарап мұндай бұзылудың салдарын жан-жақты бағалауға кірісе алатындай, жеткілікті түрде нақты болуы тиіс.
3. Бұзушылықты анықтаған Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес қажет болған жағдайда басқа Тараптың көмегімен дереу тергеуге кіріседі және мән-жайлар, тергеудің нәтижелері, қабылданған шаралар мен бұзушылықты жою жөніндегі іс-қимылдар туралы басқа Тараптың құзыретті органын қысқа мерзімде хабардар етеді.
4. Үшінші тараптың аумағында осы Келісім шеңберінде берілген құпия ақпаратты қорғау қағидаттары бұзылған жағдайда мұндай ақпаратты берген Тарап осы баптың 1 - 3-тармақтарында көзделген шараларды қабылдайды.
12-бап
Ынтымақтастық қағидаттары
1. Тараптардың бірінің жазбаша ұсынысы бойынша басқа Тарап құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету үшін қолданылатын заңнама мен рәсімдерге қатысты қажетті мәліметтерді береді.
2. Әрбір Тарап осы Келісімнің ережелерін іске асыруға ықпал ете алатын өз мемлекетінің заңнамасының барлық өзгерістері туралы басқа Тарапты дереу хабардар етеді.
3. Тараптардың құзыретті органдары Тараптар мемлекеттерінің құпия ақпаратты қорғау саласындағы заңнамаларын талқылау, сондай-ақ осы Келісімнің ережелерін іске асыру үшін сарапшылардың кездесулерін ұйымдастыра алады.
13-бап
Шығыстар
Тараптардың әрқайсысы осы Келісімді іске асыруға байланысты өз шығыстарын мойнына алады.
14-бап
Дауларды реттеу
1. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау үшінші тарапқа немесе халықаралық сот органына өтініш жасамай-ақ, Тараптардың құзыретті органдары арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен ғана реттеледі.
2. Кез келген дауды реттегенге дейін Тараптар осы Келісімнің ережелерін сақтауды жалғастырады.
15-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім Тараптардың мемлекетшілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейінгі екінші айдың алғашқы күнінен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісімге Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енгенге дейін берілген құпия ақпаратты қорғау осы Келісімнің ережелеріне сәйкес қамтамасыз етіледі.
3. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар арқылы басқа Тарапқа тиісті жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісім жазбаша хабарлама алған күннен бастап 6 ай өткенге дейін күшінде болады, ал Тараптар ынтымақтастығы шеңберінде берілген немесе жасалған құпия ақпаратты қорғау, бұдан әрі тиісті құпиялылық белгісінің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін осы Келісімнің ережелеріне сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Төменде қол қойған, осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген екі Тараптың өкілдері осы Келісімге қол қойды.
___ __________ ________________қаласында әрқайсысы қазақ, поляк және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіннің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін шешуші болып саналады.
Қазақстан Республикасының Польша Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін