Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын іске асыру үшін облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне аударылатын ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттерін пайдалану ережесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 сәуірдегі N 603 Қаулысы.

      "2009 - 2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Заңына, "2009 - 2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 18 желтоқсандағы N 1184 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын іске асыру үшін облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне аударылатын ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттерін пайдалану ережесі (бұдан әрі - Ереже) бекітілсін.

      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері ай сайын, есептіден кейінгі айдың 5-күніне дейін:

      1) орталық атқарушы органдарға бөлінген нысаналы трансферттердің пайдаланылуы туралы есептер беруді;

      2) жергілікті бюджеттерді нақтылаған кезде аудандық мәслихаттардың бақылауымен дамудың, оның ішінде аумақтар мен жергілікті маңызы бар объектілерді абаттандырудың ағымдағы мәселелерін шешу үшін село (ауыл) әкімдеріне қаржылай қаражат бөлуді қамтамасыз етсін.

      3. Орталық атқарушы органдар ай сайын, есептіден кейінгі айдың 7-күніне дейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, экономика және бюджеттік жоспарлау және Қаржы министрліктеріне өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясының іске асырылу барысы туралы есептер беруді қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ай сайын, есептіден кейінгі айдың 10-күніне Қазақстан Республикасының Үкіметіне өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясының іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 30 сәуірдегі
N 603 қаулысымен
бекітілген

Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау
стратегиясын іске асыру үшін облыстық бюджеттерге, Астана және
Алматы қалаларының бюджеттеріне аударылатын ағымдағы нысаналы
трансферттер мен нысаналы даму трансферттерін пайдалану ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын іске асыру үшін облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне аударылатын ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттерін пайдалану ережесі (бұдан әрі - Ереже) "2009 - 2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Заңына, "2009 - 2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 18 желтоқсандағы N 1184 қаулысына сәйкес әзірленді және өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын (бұдан әрі - өңірлік жұмыспен қамту стратегиясы) іске асыру үшін облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне аударылатын ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттерін пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері - өңірлік жұмыспен қамту стратегиясы шеңберінде іске асырылатын жобаларды қаржыландыруды және оларды іске асыру мониторингін жүзеге асыратын білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және ақпарат, туризм және спорт, ауыл шаруашылығы, индустрия және сауда, көлік және коммуникация саласындағы орталық уәкілетті органдар;

      2) ведомствоаралық комиссия - Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия;

      3) қаржыландырудың жалпы лимиттері - босатылған қызметкерлер мен құрылатын жұмыс орындарының саны, оқу бітірушілердің саны және еңбек етуге қабілетті жастағы жұмысқа орналастыруды қажет ететін оралмандардың саны туралы облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері ұсынған мәліметтерге байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті орган айқындайтын облыстар, Астана және Алматы қалалары бөлінісіндегі жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі;

      4) жоба - құрылысқа, қайта жаңартуға, күрделі, орташа, ағымдағы жөндеуге, елді мекендерді абаттандыруға бағытталған, өңірлік жұмыспен қамту стратегиясын іске асыру мақсатында бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын іс-шаралардың жиынтығы.

      3. Нысаналы трансферттер халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, кадрларды даярлауға және қайта даярлауға, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасы бағдарламасын кеңейтуге пайдаланылады.

2. Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге берілетін нысаналы трансферттерді пайдалану тәртібі

      4. Тиісті республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалары бойынша халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге көзделген нысаналы трансферттер мынадай бағыттар бойынша жобаларды іске асыруға пайдаланылады:

      1) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және жөндеу (сумен жабдықтау және кәріз, жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау), елді-мекендерді абаттандыру;

      2) мектептерді, ауруханаларды және басқа да әлеуметтік объектілерді жөндеу және жылыту;

      3) облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу, қайта жаңарту және салу;

      4) кенттердегі, ауылдардағы (селолардағы), ауылдық (селолық) округтердегі әлеуметтік жобалар (мәдениет объектілерін жөндеу, селолық елді мекендердің кентішілік жолдарын абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру, ағымдағы жөндеу).

      5. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері жобаларды:

      1) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бөлінісінде бөлінген қаржыландырудың жалпы лимиттерін;

      2) мемлекеттік сараптамадан өткен объектілерді салуға, қайта жаңартуға және күрделі жөндеуге арналған жобалау-сметалық құжаттаманың болуын;

      3) жобалар шеңберінде орташа және (немесе) ағымдағы жөндеуді жүзеге асыру жоспарланып отырған орындалатын жұмыстар көлемінің ақаулық ведомосының, сметалық құжаттамасының, шығыстар сметасының болуын;

      4) мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімдерін және тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді отандық өндірушілерден сатып алу мүмкіндігін;

      5) оларды іске асырудың басталу және аяқталу мерзімдерін;

      6) оларды іске асыруды жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мүмкіндіктерін;

      7) құрылатын жұмыс орындарының санын және орташа айлық жалақының мөлшерін;

      8) оларды іске асыруға ықпал ететін өңірдің табиғи-климаттық жағдайлары мен басқа да ерекшеліктерін ескере отырып іріктеуді жүзеге асырады.

      6. Іске асыру үшін ұсынылатын жобаларды облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес талап етілетін техникалық құжаттамамен және жобаларды таңдау негіздемесімен қоса, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қарауына ұсынады.

      Талап етілетін техникалық құжаттамасы және жобаларды таңдау негіздемесі ұсынылмаған жобалар қаралмайды.

      7. Жобаларды қарау олар ұсынылған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Жобаларды қарау барысында республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі жобалардың осы Ереженің 4-тармағында көзделген бағыттарға, сондай-ақ жұмыс көлемінің ұсынылған техникалық құжаттамаға сәйкестігін тексереді.

      Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері инвестициялық жобаларды қараған жағдайда салалық сараптама жүргізіледі.

      Электрмен, жылумен және газбен жабдықтау саласындағы инвестициялық жобалардың салалық сараптамасын энергетика және минералдық ресурстар саласындағы уәкілетті орган, сумен жабдықтау және су бұру саласында - ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады. Осы жобалар бойынша салалық сараптаманың қорытындысы индустрия және сауда саласындағы орталық уәкілетті органға беріледі.

      Салалық сараптама жүргізу үшін тиісті бағыттағы сарапшыларды тартуға болады.

      Осы Ереженің 4-тармағының 3) тармақшасында көзделген жобалар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес ведомстволық сараптама жүргізіледі.

      Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жобаларды қарау нәтижелері бойынша тиісті қорытынды дайындайды.

      Жобаларға теріс қорытынды жасалған кезде республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне бас тарту себептерін көрсете отырып, дәлелді жауап қайтарады.

      8. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті орган республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ұсынған қорытындылардың негізінде республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бөлінісінде қаржыландырудың жалпы лимиттері шегінде өңірлік жұмыспен қамту стратегиясының бағыттары бойынша қаржыландыру лимиттерін айқындайды және ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынады.

      9. Ведомствоаралық комиссия мақұлдаған қаржыландыру лимиттері Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасына толықтырулар енгізу үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға, сондай-ақ ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалары бойынша қаржыландыру көлемін айқындау үшін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне беріледі.

      10. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалары бөлінісінде қаржыландыру көлемін ұсынады.

      11. Республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері нысаналы трансферттерді төмен тұрған бюджеттерге аударуды бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      12. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері жобаларды іске асыру шеңберінде:

      1) жаңа жұмыс орындарын құруды, жұмыс берушінің таратылуына, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуына байланысты босатылған адамдарды, оқу орындарының түлектері мен еңбек етуге қабілетті жастағы оралмандарды нысаналы топтарға жатқызуды және басым тәртіппен жұмысқа орналастыруды;

      2) қызметкерлердің кемінде сексен пайызын жергілікті жұмыспен қамту органдары ұсынатын үміткерлер қатарынан жалдауды, ал жұмыспен қамту органдарында ұсыныс болмаған кезде оларды жұмыспен қамту органдарының келісімінен кейін еңбек нарығынан жалдау мүмкіндігін;

      3) өндіріс ұйымындағы өзгеріске байланысты, оның ішінде жұмыс беруші қайта ұйымдастырылған және (немесе) жұмыс көлемі қысқарған кезде толық емес жұмыс уақыты режимінде жұмыс істейтін қызметкерлерді Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жіберуді қамтамасыз етеді.

      13. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге көзделген нысаналы трансферттерді төмен тұрған бюджеттердің кірісіне бастапқы аударуы өңірлік жұмыспен қамту стратегиясының тиісті бағытына көзделген республикалық бюджет қаражатының жалпы көлемінің 30 %-ынан аспайтын мөлшерде жүзеге асырылады.

      Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің кейінгі қаржыландыруы облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері өңірлік жұмыспен қамту стратегиясының тиісті бағытына көзделген қаражатты жергілікті бюджеттен бөлген жағдайда бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      14. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері төмен тұрған бюджеттердің кірісіне нысаналы трансферттерді аударуды:

      1) жобаларды іске асыру барысында ішінара бақылау кезінде анықталған кемшіліктерді және (немесе) жолсыздықтарды жоймаған;

      2) нысаналы трансферттерді уақтылы игермеген немесе бөлінген қаражатты нысаналы пайдаланбаған;

      3) бюджет заңнамасында көзделген растаушы құжаттарды бермеген немесе уақтылы бермеген жағдайларда тоқтата тұруы мүмкін.

      15. Жобаларды іске асыруға арналған бюджеттік қаражаттан қалдық қалыптасқан жағдайда облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісімен келісім бойынша көрсетілген қаражатты өңірлік жұмыспен қамту стратегиясының тиісті бағыты бойынша іске асырылатын өзге жобаларға бағыттай алады.

      16. Нысаналы даму трансферттерін пайдаланған кезде үнем қалыптасқан жағдайда облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен келісім бойынша үнем сомасын инвестициялық жобалардың түпкілікті нәтижелерінің көрсеткіштерін жақсартуға пайдалана алады.

      17. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері ай сайын, есептіден кейінгі айдың 5-күніне Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен облыстың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері арасындағы Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясының бағыттарын іске асыру шеңберіндегі нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімде (бұдан әрі - Келісім) бекітілген нысан бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті органға, бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органға және республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне:

      1) жобалар бөлінісінде орындалған жұмыстардың көлемі туралы;

      2) бөлінген нысаналы трансферттердің игерілуі және төмен тұрған бюджеттерден қаржыландыру көлемі туралы;

      3) жобалар бөлінісінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді отандық өндірушілерден сатып алу көлемі туралы;

      4) жіберілген жолсыздықтар мен оларды жою жөнінде қабылданған шаралар туралы мәліметтерді қамтитын есептер береді.

      Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті органға қосымша:

      1) жұмыстан босатылған қызметкерлер мен толық емес жұмыс уақыты режимінде жұмыс істейтін адамдардың саны туралы;

      2) құрылған жұмыс орындарының саны және жұмыстан босатылғандардың, оқу бітірушілердің, оралмандардың және қайта даярлаудан өткен адамдардың қатарынан жұмысқа орналастырылған адамдардың саны туралы, сондай-ақ олардың орташа жалақысының мөлшері туралы;

      3) жұмыстан босатылғандардың, оқу бітірушілердің және оралмандардың қатарынан кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан өткен, біліктілігін арттырған адамдардың саны туралы ақпарат береді.

      18. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жобаларды іске асыру мониторингін жүргізеді және ай сайын, есептіден кейінгі айдың 7-күніне еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі және бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органдарға есептер береді.

3. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне кадрларды даярлауға және қайта даярлауға бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану тәртібі

      19. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне кадрларды даярлауға және қайта даярлауға бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану жергілікті атқарушы органдардың кадрларды даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асыратын ұйымдармен жасаған шарттары негізінде жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік білім тапсырысы бойынша гуманитарлық, педагогикалық мамандықтар мен өнер мамандықтарынан басқа, кәсіптік лицейлер мен колледждердің 11 (он бірінші) сыныбы базасында мамандар даярлауды қаржыландыру толық көлемде жүзеге асырылады. Қаржы жылы ішінде кадрларды даярлауға және қайта даярлауға бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомалары қолданыстағы заңнамаға сәйкес, олардың нысаналы жұмсалуы сақтала отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша келесі қаржы жылында пайдаланылуы (толық пайдаланылуы) мүмкін.

      20. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы орталық уәкілетті орган бюджет заңнамасына сәйкес 078 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне кадрлар даярлауға және қайта даярлауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер" республикалық бюджеттік бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне ағымдағы нысаналы трансферттерді аударуды жүргізеді.

      21. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері білім беру және денсаулық сақтау саласындағы орталық уәкілетті органдарға ай сайын, есептіден кейінгі айдың 5-күніне дейінгі мерзімде Келісімде бекітілген нысан бойынша есептер береді.

      22. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері ай сайын, есептіден кейінгі айдың 5-күніне білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті органдарға Келісімде бекітілген нысан бойынша:

      1) мамандықтар мен кәсіптер бағыттары бойынша кадрларды даярлаудан және қайта даярлаудан өткен адамдардың (өңірлік жұмыспен қамту стратегиясы шеңберіндегі жобаларды іске асыруға арналған мамандар, макроөңірлерді экспорттық мамандандыруды іске асыруға арналған мамандар, шетелдік жұмыс күшін алмастыруға арналған мамандар) саны туралы;

      2) кадрларды даярлаудан және қайта даярлаудан өткен адамдар қатарынан жұмысқа орналастырылғандардың (өңірлік жұмыспен қамту стратегиясы шеңберіндегі жобаларды іске асыруға арналған мамандар, макроөңірлерді экспорттық мамандандыруды іске асыруға арналған мамандар, шетелдік жұмыс күшін ауыстыруға арналған мамандар) саны туралы есептер береді.

4. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасы бағдарламасын кеңейтуге бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану тәртібі

      23. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасы бағдарламасын кеңейтуге арналған ағымдағы нысаналы трансферттер халықты жұмыспен қамту туралы заңнамаға сәйкес халықтың нысаналы топтарының ішінен өтініш берген адамдарды жұмысқа орналастыру үшін бөлінеді.

      24. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті орган бюджет заңнамасына сәйкес 031 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне әлеуметтік жұмыс орындарын және жастар тәжірибесін кеңейту бағдарламаларына арналған ағымдағы нысаналы трансферттер" республикалық бюджеттік бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне ағымдағы нысаналы трансферттерді аударуды жүргізеді.

      25. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті органға ай сайын, есептіден кейінгі айдың 5-күніне дейінгі мерзімде Келісімде бекітілген нысан бойынша:

      1) бөлінген нысаналы трансферттердің игерілуі туралы;

      2) халықтың нысаналы топтарының қатарынан әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған адамдардың саны туралы;

      3) жастар практикасына жіберілген адамдардың саны туралы есептер береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады