2009 жылғы вегетациялық кезеңде Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің суармалы жерлерін сумен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі "Электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания "КЕGОС" акционерлік қоғамымен (бұдан әрі - "КЕGОС" АҚ) (келісім бойынша) бірлесіп және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі су жіберу көлемінің кестесіне сәйкес 2009 жылғы вегетациялық кезеңде (20 маусым - 25 тамыз аралығында) Қырғыз Республикасынан 526 млн. кВтс-қа дейінгі, оның ішінде:
"КЕGОС" АҚ - 331 млн. кВтс-қа дейінгі;
"Қазақстан Темір Жолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - "Қазақстан Темір Жолы" ҰК" АҚ) (келісім бойынша)- 79 млн. кВтс-қа дейінгі;
Оңтүстік Қазақстан облысы - 116 млн. кВтс-қа дейінгі көлемде электр энергиясын алу жөніндегі жұмысты ұйымдастырсын.
2. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы (келісім бойынша) "Қазақстан Темір Жолы" ҰК" АҚ мен "КEGОС" АҚ-ның 2009 жылғы вегетациялық кезеңде Тоқтағұл СЭС-ынан (Қырғыз Республикасы) Қазақстан Республикасына электр энергиясын қабылдауын қамтамасыз етсін.
3. 2009 жылғы вегетациялық кезеңде Қырғыз Республикасынан Қазақстан Республикасына өткізілетін барлық электр энергиясының тасқыны 2008 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстан Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Орталық Азия өңірінің су-энергетика ресурстарын 2008 жылғы IV тоқсанда және 2009 жылы пайдалану туралы хаттама шеңберінде жүзеге асырылады деп белгіленсін.
4. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті вегетациялық кезеңде судың ұтымды пайдаланылуына бақылау белгілесін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ө.Е. Шөкеевке жүктелсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов