Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Серік Нұртайұлы Баймағанбетовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 5 маусымдағы
N 831 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы
Корольдігінің Үкіметі арасындағы Терроризмге, ұйымдасқан
қылмысқа, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және
олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес
саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі (бұдан әрі - Тараптар) қазіргі қарым-қатынастарды қолдай отырып және терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына және олардың екі жаққа немесе олардың аумақтары арқылы контрабандасына қарсы күрес саласында ынтымақтастық орнатуға ниеттене отырып, осы салалардағы ынтымақтастық өзара пайда әкелетіндігіне сенім білдіре отырып, төмендегілер туралы келісті:
I. Терроризмге және ұйымдасқан қылмысқа қарсы ынтымақтастық 1-бап
Тараптардың әрқайсысы екінші Тарап мемлекетінің және оның азаматтарының қауіпсіздігіне қарсы бағытталған террористік актілерге дайындықты болдырмау үшін тиімді шаралар қабылдайды. Осы мақсаттарда Тараптар осындай әрекеттер туралы ақпарат алмасады.
2-бап
Тараптар кез келген Тарап мемлекетінің аумағында екінші Тарап мемлекетіне қарсы әрекет етуі мүмкін террористік ұйымдарға қарсы тұрады. Тараптар олардың әрекеттері және оларға қарсы күрес тәсілдері туралы ақпаратпен алмасады.
3-бап
Тараптар әуе, жер үсті және теңіз тасымалдарына; әуежайларға, темір жол станцияларына, теңіз порттарына, индустриялық құрылыстарға, энергия көздеріне және террористік агрессияның нысанасы болуы мүмкін басқа да объектілерге байланысты қауіпсіздік шараларын жетілдіру жөнінде ақпаратпен және зерттеулермен алмасады.
4-бап
Ұйымдасқан қылмыстың барлық нысандарымен күресу мақсатында Тараптар өздерінің құзыретті органдары арқылы кез келген Тарап мемлекетінің мүдделеріне қол сұғатын адамдар мен қылмыстық ұйымдарға қатысты ақпаратпен және деректермен, сондай-ақ осындай ұйымдарға қарсы пайдаланылатын жоспарлар мен әрекет бағыттарымен алмасады.
5-бап
Тараптар өздерінің құзыретті органдары арқылы экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес саласында ақпаратпен, деректермен және тәжірибемен алмасады.
II. Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың
прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы ынтымақтастық 6-бап
Есірткі құралдары мен психотроптық заттар - бұл оған 1972 жылғы Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулермен 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияда , 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы конвенцияда және 1988 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі құралдарының және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясында санамаланған табиғи немесе синтетикалық заттар.
7-бап
Тараптар екінші Тарап мемлекетіне қарсы тікелей бағытталған немесе оның аумағы арқылы жүзеге асырылатын есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күресте ынтымақтасады.
8-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің құзыретті органдары арқылы екі мемлекет арасында есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымын болдырмауға қажетті бақылауды күшейтетін шараларды алдын ала қабылдайды. Тараптар осы мәселе бойынша, оның ішінде осындай қылмыстарға қатысы бар адамдар, олардың әдістемелері мен күдікті әрекеттері туралы ақпарат пен пікірлер алмасады.
9-бап
Тараптар тергеу және сұрау салулар кезінде, сондай-ақ есірткі құралдарына, психотроптық заттарға және олардың прекурсорларына байланысты қылмыстарға қатысты заңды әрекеттерді қабылдауды қамтамасыз ету және ықпал ету үшін ынтымақтасады.
10-бап
Тараптар, егер қылмыс екінші Тарап мемлекетінің аумағында бір немесе одан да көп адамдармен байланысты болған жағдайда Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағында есептермен және алынған есірткі құралдары мен психотроптық заттардың химиялық анализдерінің нәтижелерімен, сондай-ақ есірткі құралдары мен психотроптық заттардың өндірісі бойынша тыйым салынған зертханаларға, олардың техникалық сипаттамаларына байланысты деректермен және ақпаратпен және осы мәселеге қатысы бар кез келген ақпаратпен алмасады.
11-бап
Тараптар есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күреске қатысты зерттеулердің нәтижелерімен, бюллетеньдермен, фотосуреттермен және фильмдермен алмасады.
12-бап
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары мұндай әрекеттерді жүргізуге дейін алдын ала жазбаша нысанда хабарланған жағдайда Тараптар есірткі құралдары мен психотроптық заттарды алушыларды және қылмысқа байланысты кез келген басқа да адамдарды қамауға алу мақсатында екі мемлекет арасында немесе олардың аумақтары арқылы "бақыланатын жеткізілім" әрекеттеріне ықпал етеді.
13-бап
1988 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі құралдарының және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының 5-бабының шарттарын міндетті түрде ескерген кезде және үшінші адамның құқықтарына зиян келтірмей, Тараптар мүлікті немесе ол иеліктен шығарылған кездегі оның құнына баламаны, сондай-ақ мемлекетінің аумағында қылмыс жасалған Тарапқа есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз саудасынан алынған кірістерді қайтару жөнінде қажетті шаралар қабылдайды және оларды дипломатиялық арналар арқылы алуға ықпал етеді.
III. Жалпы ережелер 14-бап
Егер бір Тарап мемлекетінің азаматы екінші Тарап мемлекетінің аумағында осы Келісімде көрсетілген қылмысты жасаса, онда мемлекетінің аумағында қылмыс жасалған Тарап екінші Тарапты тағылған айып туралы хабардар етеді.
15-бап
Осы Келісімді орындау үшін мыналар жауапты құзыретті органдар болып табылады:
Қазақстан Республикасы тарапынан:
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі;
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы);
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті;
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі;
Сауд Арабиясы Корольдігі тарапынан Сауд Арабиясы Корольдігі - Ішкі істер министрлігі.
Құзыретті органдар осы Келісім шеңберінде ынтымақтастыққа ықпал ету мақсатында тікелей екі жақты байланысты жүзеге асыру үшін жазбаша нысанда байланыс деректерін және байланыс құралдарын айқындайды.
16-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді орындауға байланысты барлық шығыстарды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес дербес көтереді.
17-бап
Тараптар қажет болған жағдайда екі Тараптың өкілдерінен тұратын, міндеті осы Келісім ережелерінің орындалуын бақылау және оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу болып табылатын бірлескен комиссия құрады. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай екі мемлекеттің аумағында кезекпен өткізіледі.
18-бап
Тараптар осы Келісімде қамтылған салаларда әр Тарап мемлекетінің аумағындағы қолданыстағы заңнамалар шеңберінде ынтымақтасады. Осы Келісім кез келген Тарап мемлекеті қатысушы болып табылатын кез келген екі жақты немесе көп жақты шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.
Осы Келісім қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және 1 адамдарды беру мәселелерін қозғамайды.
19-бап
Тараптардың кез келгені осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықтан мынадай жағдайларда:
а) егер ынтымақтастық оның мемлекетінің егемендігіне және қауіпсіздігіне қауіп төндірсе;
b) егер ынтымақтастық оның мемлекетінің ұлттық заңнамасына немесе ережелеріне қайшы келсе;
с) егер ынтымақтастық тергеу барысына немесе тиісті іс-шараларға қауіп төндірсе;
d) егер ынтымақтастық оның мемлекеті аумағында жүріп жатқан сот рәсімдеріне қайшы келсе ішінара не толық бас тарта алады.
20-бап
Тараптар осы Келісім шеңберінде алмасу нәтижесінде алынған ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етеді. Алмасу нәтижесінде алынған ақпарат тек сұрау салынған мақсатта ғана пайдаланылуға тиіс. Тараптардың ешқайсысы мұндай ақпаратты ақпарат беруші Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа бермейді.
Құпия мәліметтерді беру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
21-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың тиісті жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткен соң өзінің қолданылуын тоқтатады.
Осыларды куәландыру үшін өздерінің Үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшы өкілдер осы Келісімге қол қойды.
200 жылғы (хижра бойынша 143 жылғы сәйкес келеді) қаласында, әрқайсысы қазақ, араб, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.
Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігінің
Үкіметі үшін Үкіметі үшін