Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге Испания Корольдігінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлікті және персоналды транзиттеуді қамтамасыз ету туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 шілдедегі N 1019 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге Испания Корольдігінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлікті және персоналды транзиттеуді қамтамасыз ету туралы өзара түсіністік туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Марат Мұханбетқазыұлы Тәжинге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге Испания Корольдігінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлікті және персоналды транзиттеуді қамтамасыз ету туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің
Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру
мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге
Испания Корольдігінің қатысуына байланысты Қазақстан
Республикасының аумағы арқылы әскери мүлікті және персоналды
транзиттеуді қамтамасыз ету туралы өзара түсіністік туралы
меморандум

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі,
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 1368 (2001), 1373 (2001), 1386 (2001), 1444 (2002), 1510 (2003), 1536 (2004), 1589 (2005), 1623 (2005), 1659 (2006), 1707 (2006), 1776 (2007) және 1833 (2008) қарарларының ережелерін назарға ала отырып,
      Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру және қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге жәрдемдесу мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге Испания Корольдігінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлікті және персоналды транзиттеуді қамтамасыз ету туралы өзара түсіністік туралы меморандум (бұдан әрі - Меморандум) Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге жұмылдырылған Испания Корольдігінің әуе кемелерімен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеуді жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
      2. Авариялық қону жағдайларын қоспағанда, Испания Корольдігінің әуе кемелері Қазақстан Республикасының аумағына жанармай құю, экипаждардың демалысы немесе басқа да мақсаттар үшін техникалық тұрғыда қона алмайды.

2-бап

      Осы Меморандумда мынадай ұғымдар қолданылады:
      транзит - әскери мүлік пен персоналды тасымалдайтын Испания Корольдігі әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қазақстандық Тараптан берілетін бағыттар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы арқылы қонбай ұшып өтуі;
      әуе кемесі - 1944 жылғы 7 желтоқсандағы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға 16-қосымшаның I томының 2-тарауы қолданысының аясындағыларды қоса алғанда, Испания Корольдігінің әуе кемесі;
      әскери мүлік - 1990 жылғы 19 қарашадағы Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шартпен белгіленген шектеулер ескеріле отырып, Испания Корольдігінің жауапкершілігіндегі халықаралық қауіпсіздікке жәрдемдесу күштерінің (ХҚЖК) бітімгершілік операциялары шеңберінде айқындалған қару түрлерінің кешендері және оны жауынгерлік пайдалануды қамтамасыз ету құралдары, оның ішінде қарулы күштерді жарақтандыруға арналған жеткізу құралдары, бағыттау, жіберу, басқару жүйелері, оқ-дәрі және олардың құрамдастары, қосалқы бөлшектер, аспаптар және аспаптарға құрамдауыш бұйымдар, қарулы күштердің жеке құрамының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелері, жаппай қырып-жоятын қарудан ұжымдық және жеке қорғану құралдары, жаппай қырып-жоятын қаруды пайдалану зардаптарының алдын алу және емдеу құралдары, арнайы тылдық құрал-жабдық, әскери киім нысаны және оған арналған ерекшелік белгілері мен атрибуттар;
      персонал - Испания Корольдігінің әскери қызметшілері және азаматтық қызметшілері.

3-бап

      1. Әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілетін арнайы рұқсат негізінде жүзеге асырылады.
      2. Қазақстандық Тарап осы Меморандумның 1-бабында көрсетілген мақсатта транзиттік ұшуларға жыл сайын жаңартылып отыратын бірыңғай жылдық арнайы рұқсат нөмірін айқындайды.
      3. Испаниялық Тарап дипломатиялық арналар арқылы қазақстандық Тарапқа жеті жұмыс күні бұрын арнайы рұқсатты алу үшін тиісті сұрау жібереді.
      4. Осы Меморандумның қолданысы тоқтатылған жағдайда, арнайы рұқсат өздігінен жойылады.
      5. Испаниялық Тарап Қазақстан Республикасының Әуе қозғалысын жоспарлау жөніндегі бас орталығына (AFTN-UAAKZDZK) ұшу жоспарын жіберу жолымен жоспарлы ұшудан кемінде 24 сағат бұрын мерзімде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін қазақстандық Тарап ұсынған бағыттар бойынша (осы Меморандумға қосымша) әуе кемелерінің пайдалануы туралы хабарламаны мынадай ұшу мәліметтерін көрсете отырып береді:
      арнайы рұқсаттың бірыңғай жылдық нөмірі;
      әуе кемесінің түрі, тіркеу нөмірі мен радио шақыру белгісі;
      әуе кемесінің ұшып шығатын және баратын пункттері;
      тасымалдау жөніндегі жалпы мәліметтер (адамдар, жүк, қауіпті жүк);
      күні, толық бағыты және ұшу бағытындағы әуежолдары, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне/нен кіру/шығу нүктелері міндетті түрде көрсетілген қозғалыс кестесі.
      6. Қазақстан Республикасының әуе жолдары арқылы әуе кемелерінің ұшуы азаматтық авиация үшін қолданыстағы халықаралық ұшу ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Ұшу кезінде әуе кемелері 0,9 М-дан аспайтын жылдамдықты ұстанады. Әуе кемелерінің топтасып ұшуына тыйым салынады.
      7. Қазақстандық Тарап Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аэронавигациялық алымдарды өндіріп ала отырып, әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсетеді.
      8. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы ұшатын әуе кемелері:
      а) аэронавигациялық қызмет көрсетуді ұсынатын қызметпен екі жақты радио-байланысты ұстап отыруды қамтамасыз ететін радио-байланыс аппаратурасымен;
      b) Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) белгілеген тәртіпке сәйкес тиісті режімде әрекет ететін радиолокациялық қабылдау-жауап берушімен (транспондермен) жабдықталуы тиіс.
      9. ИКАО радио-байланыс фразеологиясының белгіленген ережелері бойынша әуе кемелері экипаждарының диспетчерлермен сөйлесулері ағылшын тілінде жүргізіледі.

4-бап

      1. Әуе кемесінің бортында болу персоналдың өміріне немесе денсаулығына қауіп туғызатын жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына авариялық жағдайда қонған әуе кемесінің бортындағы персонал Қазақстан Республикасының құзыретті органдарының рұқсатынсыз әуе кемесінің авариялық қонған орнын тастап кете алмайды.
      2. Қазақстан Республикасының аумағына авариялық қонған кезде персонал Қазақстан Республикасының заңнамасын, оның ішінде кедендік және өзге де ережелерді сақтауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішкі істеріне араласпауға міндетті.
      3. Персонал Қазақстан Республикасының аумағында болған кезеңде оған Қазақстан Республикасының заңының құзыреті қолданылады.
      4. Испания Корольдігінің әскери қызметшілері Қазақстан Республикасының аумағында болған уақытта Испания Корольдігінің әскери киім нысанын киіп жүре алады.
      5. Қазақстан Республикасының аумағына авариялық жағдайда қонған кезде әскери мүлік пен персонал шекаралық және кедендік тексеріп қарауға, ал қажет болған жағдайда қазақстандық құзыретті органдардың шешімі бойынша, осы Меморандумға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да бақылау мен ресімдеу түрлеріне тартылуы мүмкін.
      6. Шекаралық және кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде әскери мүлікті және персоналды тексеріп қарау, сондай-ақ шекаралық және кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті қосымша құжаттар мен мәліметтерді талап ету және тексеру тек Қазақстан Республикасының шекара және кеден органдарының көрсетілген мүлікті транзиттеуге рұқсат берілген мүлік болып табылмайды деп есептеуге негізі болған жағдайда ғана жүргізіледі.
      7. Әскери мүлік пен персоналдың Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы транзиті кедендік баждарды, кедендік ресімдеу үшін кедендік алымдарды және салықты төлеусіз жүзеге асырылады.

5-бап

      1. Тараптар қасақана әрекеттер немесе авариялық қону нәтижесі болып табылатын өлімге, дене жарақатына немесе материалдық нұқсанға байланысты шағымдарды қоспағанда, осы Меморандумды орындау үшін жүзеге асырылатын қызметке байланысты бір-біріне шағым білдірмейді және бір-біріне қатысты азаматтық сот ісін қозғамайды.
      2. Испаниялық Тарап Қазақстандық Тарапқа және қазақстандық заңды тұлғаларға әуе кемесінің Қазақстан Республикасының аумағына авариялық қонуына байланысты нақты әрекеттер үшін келтірілген шығынды өтейді.
      3. Транзитті жүзеге асыру кезінде испаниялық Тараптың кінәсі бойынша үшінші тұлғаларға шығын келтірілген жағдайда испаниялық Тарап оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өтеу жөнінде өзіне міндеттеме қабылдайды.

6-бап

      Транзитке байланысты бір Тарап алған ақпарат үшінші Тарапқа осы ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз берілуге тиіс емес.

7-бап

      Осы Меморандумның ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

8-бап

      Осы Меморандум дипломатиялық арналар арқылы Тараптар оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Меморандумның қолданысы ХҚЖК миссиясы аяқталғаннан кейін немесе Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екіншісіне өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы хабарлаған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін аяқталады.
      2009 жылғы "__"_________ __________ қаласында әрқайсысы қазақ, испан және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының              Испания Корольдігінің
      Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының            
Үкіметі мен Испания Корольдігінің       
Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам      
Республикасын тұрақтандыру мен қалпына    
келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге 
Испания Корольдігінің қатысуына байланысты  
Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери
мүлікті және персоналды транзиттеуді қамтамасыз
ету туралы өзара түсіністік туралы      
меморандумға қосымша            

Екі бағытта ұсынылатын маршруттер

      Ресейден:

      1. ОВАТА - G487 - АТR - А356 - NТ - А355 - RОDАМ

      Әзірбайжаннан:

      2. ВАLUN - G155 - АВDUN - А356 - NТ - А355 - RОDАМ

      Өзбекстаннан:

      1. ВОRIS - A480 - GЕNDI - A352 - АRВОL - B142 - NT - А355 - RОDАМ
      2. АВЕКА - А117 - DODUR - А121 - SMK - B114 - NТ - A355 - RОDАМ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады