Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын аудару кезінде туындаған жинақтаушы зейнетақы қорларының міндеттемелері бойынша өзара есеп айырысу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 24 шілдедегі N 1134 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 848 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 26.08.2013 № 848 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңының 18-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын аудару кезінде туындаған жинақтаушы зейнетақы қорларының міндеттемелері бойынша өзара есеп айырысу ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 24 шілдедегі
N 1134 қаулысымен
бекітілген    

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын аудару кезінде
туындаған жинақтаушы зейнетақы қорларының міндеттемелері
бойынша өзара есеп айырысу ережесі

      Осы Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын аудару кезінде туындаған жинақтаушы зейнетақы қорларының міндеттемелері бойынша өзара есеп айырысу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын аудару кезінде туындаған жинақтаушы зейнетақы қорларының міндеттемелері бойынша өзара есеп айырысуды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      алушы қор - міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізімінің (бұдан әрі - бірыңғай тізім) негізінде уәкілетті ұйым (бұдан әрі - орталық) арқылы салымшының (алушының) зейнетақы жинақтарының аударымы түсетін жинақтаушы зейнетақы қоры;
      жіберуші қор - бірыңғай тізім негізінде салымшының (алушының) зейнетақы жинақтарын орталық арқылы басқа жинақтаушы зейнетақы қорына аудару жүзеге асырылатын жинақтаушы зейнетақы қоры;
      бірыңғай тізім - міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы неғұрлым кешірек жасалған шарттар, сондай-ақ орталықтың дерекқорындағы салымшылар (алушылар) туралы мәліметтер;
      өзара есеп айырысу нәтижесі бойынша таза позиция (бұдан әрі - таза позиция) - орталық есептеп шығаратын және басқа жинақтаушы зейнетақы қорларынан жинақтаушы зейнетақы қорына түсуге тиісті зейнетақы жинақтарының сомасы мен жинақтаушы зейнетақы қорынан аударылуға тиіс зейнетақы жинақтары сомасының арасындағы айырманы білдіретін шама. Егер айырма оң сан болған жағдайда, онда жинақтаушы зейнетақы қоры кредиттік таза позицияға, егер теріс болса - дебеттік таза позицияға ие болады;
      уәкілетті ұйым - Қазақстан Республикасының Үкіметі Заң талаптарындағы функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттілік берген заңды тұлға;
      электронды хабарлама - орталықтың салымшылардың (алушылардың) міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарын аудару туралы электронды құжаты.

2. Міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен
қамсыздандыру туралы шарттар жасасқан кезде салымшылардың
(алушылардың) зейнетақы жинақтарын аудару жөніндегі жинақтаушы
зейнетақы қорларының міндеттемелері бойынша өзара есеп
айырысу тәртібі

      2. Зейнетақы жинақтары алушы қорға аударылуға тиіс салымшылар (алушылар) туралы мәліметтерді және берілуі осы Ережеде көзделген басқа хабарларды қамтитын орталықтың электронды хабарламаларының нысаны, сондай-ақ хабарларды беру тәсілдері жинақтаушы зейнетақы қоры мен орталық арасындағы жасалған шартта айқындалады.
      Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын аудару жөніндегі жинақтаушы зейнетақы қорларының міндеттемелері бойынша өзара есеп айырысу барлық жинақтаушы зейнетақы қорлары орталықпен шарт жасасқан күннен бастап күн сайын, жұмыс күндері жүзеге асырылады.
      3. Жіберуші қор орталықтан электронды хабарламаны алған күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде:
      кредиторлық берешек шотындағы (инвестициялық кірісті есептемей) аударымдар бойынша міндеттемелерді көрсете отырып, зейнетақы жинақтары алушы қорға аударылуға тиіс салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарын жабады;
      Астана қаласының уақытымен сағат 15-ке дейін орталыққа әрбір салымшының (алушының) әлеуметтік жеке кодын, жинақтаушы зейнетақы қорынан аударылуға тиіс зейнетақы жинақтарының сомасын көрсете отырып, зейнетақы жинақтары алушы қорларға аударылуға тиіс салымшылардың (алушылардың) тізімін жібереді.
      Салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотында зейнетақы жинақтары болмаған жағдайда, сондай-ақ жіберуші қордың дерекқорында салымшы (алушы) болмаған кезде жіберуші қор тізімге нөлдік мән қояды.
      4. Орталық жіберуші қорлардан ақпарат алған күннен кейін бір жұмыс күні ішінде осы Ереженің 3-тармағы 2) тармақшасында белгіленген тәртіппен:
      1) әрбір жинақтаушы зейнетақы қорының қарсы міндеттемелері мен таза позициясын айқындайды;
      2) жинақтаушы зейнетақы қорларына таза позиция және қарсы міндеттемелердің өзара есеп айырысу сомасы туралы үзінді көшірмелер (бұдан әрі - үзінді көшірмелер) жібереді.
      5. Дебеттік таза позициясы бар жинақтаушы зейнетақы қоры электронды хабарлама алған күннен бастап тоғызыншы жұмыс күні орталықтан алынған үзінді көшірмелер негізінде таза позиция сомасын 014 төлемді тағайындау кодымен орталыққа аударуға арналған МТ 100 форматындағы төлем тапсырмасын қалыптастырады және ақша аударымдарының банкаралық жүйесі (бұдан әрі - банкаралық жүйе) арқылы одан әрі орындау үшін оны Астана қаласының уақытымен жұмыс күні сағат 11-ге дейін кастодиан банкке жібереді.
      Кастодиан банк жинақтаушы зейнетақы қорының дебеттік таза позициясының сомасын Астана қаласының уақытымен жұмыс күні сағат 15-ке дейін орталықтың шотына аударуды жүзеге асырады.
      6. Дебеттік таза позициясы бар жинақтаушы зейнетақы қорларынан ақша аударымдарының сомаларын алғаннан кейін орталық Астана қаласының уақытымен сағат 15-тен сағат 18-ге дейін ақша аударымдарының сомаларын 014 төлемді тағайындау кодымен банкаралық жүйе арқылы МТ 100 форматында кредиттік таза позициясы бар жинақтаушы зейнетақы қорларының шоттарына аударуды жүзеге асырады.
      Өзара есеп айырысудың таза позициялары нөлге тең қатысушылар бойынша өзара есеп айырысу нәтижелері бойынша ақша аудару жүзеге асырылмайды.
      7. Орталық өзара есеп айырысу жүзеге асырылған күні үзінді көшірмелерді жасап, зейнетақы жинақтарын аудару кезінде өзара есеп айырысудан өткен жеке тұлғалардың зейнетақы жинақтарын жинақтаушы зейнетақы қорына аудару жөніндегі тізімімен (бұдан әрі - жеке тұлғалар тізімі) қоса жинақтаушы зейнетақы қорларына жібереді.
      8. Алынған үзінді көшірмелер мен жеке тұлғалар тізімінің негізінде жинақтаушы зейнетақы қорлары тиісті жұмыс күні салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына түскен зейнетақы жинақтары аударымдарының сомаларын есептеуді, сондай-ақ кредиторлық берешек шоттарынан өзара есеп айырысудан өткен зейнетақы жинақтары аударымдарының сомаларын есептен шығаруды көрсетеді.
      9. Егер жинақтаушы зейнетақы қоры аударымды өзінің таза дебеттік позициясына сәйкес уақтылы және толық көлемде жүзеге асырмаса, онда аталған жинақтаушы зейнетақы қорына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ықпал ету шаралары қолданылады.
      10. Өзара есеп айырысуларды жүзеге асыру кезіндегі тәуекелді басқару әдістері жинақтаушы зейнетақы қоры мен орталық арасындағы шартта белгіленеді, сондай-ақ өзара есеп айырысуды үздіксіз жүргізу мен жинақтаушы зейнетақы қорларының таза позициясына сәйкес өзара есеп айырысу нәтижелері бойынша зейнетақы жинақтарын аударуды жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады