Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 тамыздағы N 941 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 тамыздағы N 941 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. "Дипломаттық дәрежелерді беру тәртібі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 тамыздағы N 941 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 28, 309-құжат) мынадай толықтырулар енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Дипломаттық дәрежелерді беру тәртібі туралы ережеде:
3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші, үшінші, төртінші және бесінші абзацтармен толықтырылсын:
"Жоғарыда аталған дипломаттық дәрежелерді беруге арналған ұсынымды Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саяси бастамаларын іске асырудың, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен саяси және экономикалық ынтымақтастығын дамытудың, маңызды сыртқы саяси іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізудің тиімділігін есепке ала отырып енгізеді.
Төтенше және Өкілетті Елші дипломаттық дәрежесі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министріне, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарына, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысына, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасарына, Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісіне, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты өкіліне берілуі мүмкін.
I сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломаттық дәрежесі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің комитет төрағасынан, департамент директорынан, ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісінен төмен емес лауазымды иеленетін қызметкерлерге берілуі мүмкін.
II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломаттық дәрежесі Қазақстан Республикасының істеріндегі сенімді өкілден, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасарынан, Қазақстан Республикасының Бас консулынан, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің кеңесші-уәкілінен, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің комитет төрағасының орынбасарынан, департамент директорының орынбасарынан төмен емес лауазымды иеленетін қызметкерлерге берілуі мүмкін.".
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастан қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев