Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық және қорғаныс салаларында құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 31 шілдедегі N 1161 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 қаңтардағы № 38 Қаулысымен

      Ескерту. Қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.01.13 № 38 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық және қорғаныс салаларында құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық және қорғаныс салаларында құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2009 жылғы 31 шілдедегі
N 1161 қаулысымен 
мақұлданған   

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің
Үкіметі арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық және
қорғаныс салаларында құпия ақпаратты өзара қорғау туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және Израиль Мемлекетінің Үкіметі атынан Израиль Мемлекетінің Қорғаныс министрлігі,
      тәуелсіздік, егемендік, бір бірінің ішкі істеріне араласпау және өзара түсіністік принциптерін құрметтеу негізінде әскери-техникалық және қорғаныс салаларындағы екі жақты ынтымақтастықты қолдау жөніндегі бірлескен күш-жігерді жүзеге асырудың маңыздылығын мойындай отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Израиль Мемлекетінің әскери-техникалық ынтымақтастық және қорғаныс салаларындағы құпия ақпаратын қорғауды қамтамасыз етудегі Тараптардың өзара мүдделерін ескере отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Келісімнің қолданылу саласы

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес әскери-техникалық ынтымақтастық және қорғаныс шеңберінде Тараптар арасындағы кез келген құпия ақпаратпен алмасуға қолданылатын жалпы тәртіпті белгілейді.

2-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мынаны білдіреді:
      құпия ақпарат - нысанына, табиғатына немесе беру тәсіліне қарамастан, ынтымақтастық процесінде берілетін және/немесе қалыптасатын ақпарат, құжаттар немесе материалдар, оларға құпиялылық дәрежесіне сәйкес құпиялылық белгісі беріледі немесе қорғау дәрежесі белгіленеді және олар ұлттық қауіпсіздік мүддесінде әрі Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес кез келген жария етуден, жоғалтудан, иемденуден, санкциясыз қол жеткізуден немесе беделін түсірудің кез келген басқа да түрінен қорғауды талап етеді;
      құзыретті орган - Тараптың осы Келісім шеңберінде құпия ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етуді бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органы;
      уәкілетті орган - Тараптардың өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыруға, осы Келісім шеңберінде Тараптардың ынтымақтастығы процесінде берілетін немесе қалыптасатын құпия ақпаратты жасауға, алуға, беруге, сақтауға, пайдалануға және қорғауға уәкілетті мемлекеттік органдары;
      объектілер - әскери-техникалық ынтымақтастыққа байланысты жұмыстар жүргізілетін ұйымдар немесе үй-жайлар.

3-бап
Құзыретті және уәкілетті органдар

       1. Мыналар осы Келісімді орындау бойынша Тараптардың құзыретті органдары болып табылады:
      Қазақстандық тараптан - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті,
      Израильдік тараптан - Израиль Мемлекеті Қорғаныс министрлігінің Қауіпсіздік қызметі.
      2. Әрбір Тарап уәкілетті органды айқындайды:
      Қазақстандық тараптан - Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында айқындалған ережелер шеңберінде Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі,
      Израильдік тараптан - Қорғаныс министрлігінің Қауіпсіздік департаменті (DSDE/MALMAB).
      3. Тараптар арасында айналымда жүретін құпия ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың құзыретті органдары өз мемлекеттерінің мемлекеттік құпияларын пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыруға уәкілетті болуға тиіс.
      4. Құзыретті немесе уәкілетті органдарының атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бір бірін дипломатиялық арналар арқылы және Тараптармен келісілген басқа байланыс арналары арқылы дереу хабардар етеді.

4-бап
Қорғау дәрежелерінің салыстырмалылығы

      Тараптар ақпараттың маңыздылығы дәрежесін және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген қорғау шаралары мен жауапкершілікті ескере отырып, осы Келісімнің шеңберінде берілетін ақпаратты тиісінше қорғауды мынадай салыстырмалы кестеге сәйкес қамтамасыз етеді.     

Қазақстан Республикасында

Израиль Мемлекетінде

Ағылшын тіліндегі балама тіркес

Орыс тіліндегі балама тіркес

Өте құпия

Sodi Beyoter

TOP SECRET

"Совершенно секретно"

Құпия

Sodi

SECRET

"Секретно"

"Қызмет бабында пайдалану үшін"

"Shamur"

CONFIDENTIAL

"Для служебного пользования"

5-бап
Құпия ақпаратпен жұмыс істеу шарттары

      1. Тарапқа құпия ақпаратты берген Тараптың алдын ала жазбаша рұқсатынсыз қандай да болмасын үшінші тарапқа осы Келісімге сәйкес басқа Тараптан алынған құпия ақпаратты ашуға тыйым салынады.
      2. Осы Келісімге сәйкес өзара ынтымақтастық салалары мен іс-шараларына қатысты кез келген түрдегі ақпаратты жариялау Тараптардың өзара консультацияларынан кейін жүзеге асырылады.
      3. Құпия ақпаратты көшіру, тираждау құпия ақпаратты берген Тараптың уәкілетті органының жазбаша рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
      4. Алынған құпия ақпарат басқа тілге аударылған, көшірілген немесе тираждалған жағдайда алушы Тарап құпия ақпаратты жеткізгішке түпнұсқаның құпиялылық белгісіне сәйкес келетін құпиялылық белгісін қояды.

6-бап
Құпия ақпаратқа рұқсат беру және өзара бару тәртібі

      1. Құпия ақпаратқа рұқсатты және объектілерге рұқсатты бір Тарап екінші Тараптың өкілдеріне қабылдаушы Тараптың құзыретті органының алдын ала рұқсатын алғаннан кейін береді. Мұндай рұқсат мүдделі Тараптың құзыретті органының бұрын келісілген өтініші бойынша құпия ақпаратқа тиісті рұқсаты және объектілерге рұқсаты бар адамдарға беріледі.
      Тараптардың құзыретті органдары осы Келісім шеңберінде өз өкілдерінің рұқсатына қатысты өзгерістер туралы, атап айтқанда, құпия ақпаратқа рұқсат қайтып алынған немесе оның деңгейі төмендетілген жағдайда бірін бірі хабардар етеді.
      2. Жіберуші Тараптың құзыретті органы қабылдаушы Тараптың құзыретті органына барушылар туралы жоспарланып отырған баруға дейін 3 (үш) аптадан кешіктірмей хабарлайды.
      3. Баруға арналған өтініштер мынадай мәліметтерді қамтиды:
      баратын Тарап өкілінің тегі және аты, туған күні мен жері, азаматтығы және паспортының нөмірі;
      баратын Тарап өкілінің лауазымы мен ол жұмыс істейтін ұйымның атауы;
      құпиялылық дәрежесіне сәйкес келетін құпия ақпаратқа рұқсаттың болуы;
      болжамды бару күні мен оның ұзақтығы;
      сапардың мақсаты;
      жоспарланып отырған баратын объектілердің атауы;
      онымен кездесу жоспарланып отырған қабылдаушы Тарап өкілінің лауазымы, тегі мен аты және ол өкілдік ететін ұйымның атауы.
      Баруға арналған арыз өкілдік ететін дипломатиялық арналар арқылы беріледі.
      5. Әрбір Тарап объектіге баруға рұқсатты 12 (он екі) айдан аспайтын мерзімге сұрайды. Рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзарту қажет болған кезде, жіберуші Тарап қабылдаушы Тарапқа, бірақ ағымдағы рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) апта бұрын жаңа рұқсат алу туралы арызбен өтініш білдіреді.
      6. Тараптардың уәкілетті органдары келісім бойынша құпия ақпаратты өзара қорғау мәселелері бойынша консультациялар жүргізеді.
      7. Тараптардың бірінің өкілдері екінші Тараптың аумағына барған кезде қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасы сақталады.

7-бап
Құпия ақпаратты беру тәсілдері

      1. Тараптардың бірінің құпия ақпаратты екінші Тарапқа беруге арналған сұрауы жөнелтуші Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырылады.
      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті немесе уәкілетті органдары құпия ақпаратты басқа жолмен беру туралы дипломатиялық арналар оларды беруге бейімделмеген болған немесе дипломатиялық арналар арқылы мұндай беру қиын болған жағдайларда уағдаласады.
      3. Көлемі ауқымды құпия ақпаратты беру тәртібін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті немесе уәкілетті органдары әрбір нақты жағдайда айқындайды.
      4. Құпия ақпаратты электронды байланыс арналары арқылы беру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес тек шифрланған түрде ғана жүзеге асырылады. Мұндай беру үшін пайдаланылатын құралдар мен техника Тараптардың құзыретті органдары арасындағы келісім бойынша айқындалады.
      5. Егер Тараптардың біреуі құпия ақпарат жеткізгіштерді өз мемлекетінің аумағынан тыс пайдалануға ниеттенген жағдайда, онда оларды пайдалану алдын ала екінші Тараппен келісіледі.

8-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі шаралар

      1. Тараптардың әрқайсысының құзыретті және уәкілетті органдары осы Келісім шеңберінде құпия ақпарат алмасу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тәртіпті әзірлейді.
      2. Әрбір Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес міндетті түрде екінші Тараптың құпия ақпаратын қорғау жөніндегі тиісті шараларды қабылдайды. Құпия ақпаратқа қатысты Тараптар құпиялылық дәрежесі осыған ұқсас өз құпия ақпаратын қамтамасыз ететіндей қорғау дәрежесін қамтамасыз етеді.
      3. Құпия ақпаратты алған сәттен бастап Тараптар бұл ақпаратқа осы Келісімнің 4-бабында айқындалған құпиялылық белгісін береді.
      4. Құпия ақпаратты алардан бұрын алушы Тарап объектінің құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға сәйкестігін тексеру актісінің болуын тексереді.
      5. Құпия ақпаратқа қол жеткізуге Тараптар мемлекеттерінің тиісті құпиялылық дәрежесіндегі құпия ақпаратқа рұқсаты бар азаматтарына ғана және оларға мұндай ақпарат әскери-техникалық және қорғаныс салаларындағы ынтымақтастық процесінде қызметтік міндеттерін орындау үшін қажет болған кезде беріледі.
      6. Жөнелтуші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз алушы Тараптың берілген құпиялылық белгісін төмендетуге немесе өзіне берілген құпия ақпаратты ашуға құқығы жоқ.
      7. Осы Келісім шеңберінде берілген, алынған немесе бірлесіп жасалған құпия ақпаратты қорғауға ықпал етуі мүмкін кез келген өзгеріс туралы Тараптар бірін бірі дереу хабардар етеді.
      8. Берілген құпия ақпарат тек қана әскери-техникалық және қорғаныс салаларындағы ынтымақтастықпен көзделген мақсаттарда пайдаланады.
      9. Баламалы нормаларды қолдау мақсатында Тараптардың құзыретті және уәкілетті органдары ұлттық заңнамаға және осы Келісімді іске асыру шеңберінде құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету үшін қолданылатын рәсімдерге қатысты қажетті мәліметтермен алмасады.

9-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі талаптарды бұзу
және залал мөлшерін айқындау

      1. Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі талаптар екінші Тараптың уәкілетті органы берген және (немесе) ынтымақтастық процесінде қалыптасқан құпия ақпараттың санкциясыз таралуына әкеп бұзылған жағдайда тиісті Тараптың құзыретті органы екінші Тараптың құзыретті органын бұл туралы дереу хабардар етеді.
      2. Алушы Тараптың бұзушылық бар деп анықтаған немесе пайымдайтын құзыретті органы өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес (қажет болған жағдайда екінші Тарап өкілдерінің көмегімен) дереу тергеуге кіріседі.
      Алушы Тараптың тергеу жүргізетін құзыретті органы барынша қысқа мерзімдерде екінші Тараптың құзыретті органына мән-жайлар, тергеу нәтижелері, қабылданған шаралар мен бұзушылықты жою жөніндегі іс-қимыл туралы хабарлайды.
      3. Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі талаптардың бұзылуы нәтижесінде туындаған залалды өтеу тәртібі мен мөлшері әрбір жағдайда Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына, өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес қажет болған жағдайда Тараптардың құзыретті органдарының қатысуымен уәкілетті органдар арасындағы келісім бойынша айқындалады.

10-бап
Келісім-шарттар

      Тараптардың уәкілетті ұйымдары жасасатын келісім-шарттарға мыналарды қамтитын жеке бөлім қосылады:
      құпия ақпараттың тізбесі және оның құпиялылық дәрежесі;
      құпия ақпаратты жеткізгіштерді қорғаудың және олармен жұмыс істеудің ерекшеліктері;
      құпия ақпаратпен жұмыс істеу мәселесі бойынша келісім-шартты орындау процесінде туындайтын даулы жағдайларды шешу тәртібі;
      құпия ақпараттың санкциясыз таралуынан келуі мүмкін залалды өтеу тәртібі.

11-бап
Байланыстың ресми жолдары

      1. Тараптар осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 90 күн ішінде уәкілетті органдардың құрылымдық бөлімшелері мен байланыс жасайтын адамдарды айқындайды және бірін бірі дипломатиялық арналар мен Тараптармен келісілген басқа байланыс арналары арқылы жазбаша нысанда хабардар етеді.
      2. Құрылымдық бөлімшелер мен байланыс жасайтын адамдар өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бірін бірі дипломатиялық арналар мен Тараптармен келісілген басқа байланыс арналары арқылы дереу хабардар етеді.

12-бап
Шығыстар

      Егер өзгеше тәртіп келісілмеген болса, осы Келісімді іске асыру жөніндегі шығыстарды Тараптар дербес көтереді.

13-бап
Дауларды шешу

      1. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау қандай да болмасын үшінші тарапқа немесе халықаралық сот  органына арызданбай, Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен ғана реттеледі.
      2. Кез келген дау реттелгенге дейін Тараптар осы Келісімнен туындайтын міндеттемелерді сақтауды жалғастырады.

14-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.

15-бап
Өзге халықаралық шарттарға қатысы

      Осы Келісімнің ережелері Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

16-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны Тараптар алғаннан кейін 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
      2. Дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу жолымен Тараптардың әрқайсысы оның қолданысын тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданысы мұндай хабарламаны алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң тоқтатылады.
      3. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда құпия ақпаратқа қатысты оны қорғау жөніндегі осы Келісімде көзделген шараларды қолдану белгіленген тәртіппен ақпараттың құпиялылығы ашылғанға дейін жалғаса береді.

      2009 жылғы "__" ___________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, иврит, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

       Қазақстан Республикасының    Израиль Мемлекетінің
            Үкіметі үшін              Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады