Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының қарулы күштері мүдделерінде әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы бірлескен жұмыстардың бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 9 қыркүйектегі N 1330 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының қарулы күштері мүдделерінде әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы бірлескен жұмыстардың бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының қарулы күштері мүдделерінде әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы бірлескен жұмыстардың бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 9 қыркүйектегі
N 1330 қаулысымен 
мақұлданған   

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Ресей
Федерациясының қарулы күштері мүдделерінде әскери-техникалық
ынтымақтастық саласындағы бірлескен жұмыстардың бағдарламаларын
әзірлеу және іске асыру туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      1992 жылғы 25 мамырдағы Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартты, 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы шартты басшылыққа ала отырып,
      1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді негізге ала отырып,
      2000 жылғы 20 маусымда қол қойылған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімді ескере отырып,
      2002 жылғы 7 қазанда қол қойылған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісім шеңберінде жеткізілетін әскери мақсаттағы өнімдердің нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы хаттаманы назарға ала отырып,
      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық саладағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың оң тәжірибесін атап көрсете отырып,
      бұдан әрі әскери-техникалық ынтымақтастықты жалғастыру және нығайту ниетін растай отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының мүдделерінде әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы бірлескен жұмыстардың бағдарламаларын (бұдан әрі - бағдарламалар) әзірлеу және іске асыру тәртібін мынадай:
      Тараптар мемлекеттерінің қарулы күштерін қазіргі заманғы қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру жөніндегі әскери-техникалық ынтымақтастықты одан әрі тұрақты дамытуды қамтамасыз ету;
      әскери мақсаттағы өнімді жеткізудің жеделдігін арттыру;
      Тараптар мемлекеттерінің қару-жарағы мен әскери техникасын жаңғырту және жөндеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
      қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлерін жасау жөнінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу;
      әскери мақсаттағы өнімді әзірлеу, шығару, жөндеу, жаңғырту және кәдеге жарату саласында бірлескен кәсіпорындар құру;
      өндірістің өсуін ынталандыру, оны дамытуға инвестициялар тарту, ғылымның және алдыңғы қатарлы технологиялардың жаңа жетістіктерін өндіріс процестеріне енгізу, әскери мақсаттағы өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
      Тараптар мемлекеттері ұйымдарының өндірістік, еңбек және зияткерлік әлеуетін сақтау және дамыту;
      бірыңғай ақпараттық кеңестік құру және оны жетілдіру мақсатында айқындайды.

2-бап

      Осы Келісімді орындау жөніндегі Тараптардың уәкілетті органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
      Ресей Тарапынан - Әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі федералдық қызмет.
      Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлайды.

3-бап

      Бағдарламаларды Тараптардың уәкілетті органдары әзірлейді, келіседі және қол қояды.

4-бап

      Бағдарламаларды іске асыру мақсатында Тараптардың уәкілетті органдары және (немесе) олар айқындаған Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес әскери мақсаттағы өнімге қатысты сыртқы сауда қызметін жүзеге асыруға құқығы бар Тараптардың ұйымдары тиісті жүгінулердің негізінде әскери мақсаттағы өнімді жеткізудің құқықтары мен міндеттерін, номенклатурасын, көлемін, мерзімі мен басқа да шарттарын айқындайтын келісім-шарт жасасады.
      Егер Тараптардың бірі мемлекетінің заңнамасымен тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді мемлекеттік сатып алуға байланысты сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізуге байланысты рәсімдер көзделсе, онда бұл жағдайда Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары және олар айқындаған ұйымдар бағдарламаларды іске асыру шеңберінде келісім-шарттар жасасу кезінде мұндай рәсімдерді жүргізу қажеттілігінен босатылады.

5-бап

      Тараптар бағдарламаларды іске асыру шеңберінде жеткізілетін әскери мақсаттағы өнімді тек мәлімделген мақсатта ғана пайдаланады және жеткізуші Тарап мемлекетінің алдын ала жазбаша келісімінсіз оның кері экспортталуына немесе үшінші мемлекетке берілуіне жол бермейді.

6-бап

      Тараптардың бағдарламаларды іске асыру шеңберінде берілетін құпия ақпаратты қорғауы Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына, 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге және екі Тарап та олардың қатысушылары болып табылатын жекелеген халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

7-бап

      Тараптар бағдарламаларды іске асыру шеңберінде құрылатын немесе берілетін, зияткерлік меншікті және оларды іске асыру барысында жасалатын келісім-шарттарды қорғауды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына, 2005 жылы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Екі жақты әскери-техникалық ынтымақтастық барысында пайдаланылатын және алынған зияткерлік меншік нәтижелеріне құқықтарды өзара қорғау туралы келісімге және екі Тарап та қатысушылары болып табылатын жекелеген халықаралық шарттарға сәйкес қамтамасыз етеді.

8-бап

      Осы Келісімді орындау кезінде Тараптар арасында туындауы мүмкін даулы мәселелерді Тараптар келіссөздер жолымен шешеді.

9-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

10-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

11-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім Тараптардың бірі оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
      Осы Келісім қолданысының тоқтатылуы, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісім шеңберінде іске асырылатын бағдарламалар бойынша аяқталмаған міндеттемелердің орындалуын қозғамайды.

      2009 жылғы "____" ____________ ____________қаласында қазақ және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі екі мәтіннің де бірдей күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының           Ресей Федерациясының
            Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады