Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Фархад Шаймұратұлы Қуанғановқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 14 қыркүйектегі
N 1375 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік
Республикасының Үкіметі арасындағы Білім саласындағы
ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі,
білім саласындағы екі жақты қарым-қатынастарды дамытуға ұмтылысты ескере отырып,
тиісті академиялық және білім беру қажеттіліктерін негізге ала отырып,
тең әрі өзара тиімді қағидаттарға сәйкес осы Келісімге қол қоюға шешім қабылдай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар Тараптар мемлекеттерінің білім беру ұйымдары арасындағы қарым-қатынастардың дамуын қолдайды.
Тараптар ынтымақтастықты мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырады:
техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындары арасында өзара тиімді келісімдер жасасу;
оқу әдебиеттерімен, брошюралармен, мерзімді басылымдармен, компьютерлік бағдарламалармен, фильмдермен және жоғары білім мен ғылыми зерттеулерге байланысты өзге де материалдармен алмасу және оларды ұсыну;
көрмелер, конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру және өткізу;
зерттеу бағдарламаларына және жарияланымдарға рұқсат беруді ұйымдастыру;
Тараптар мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында білім алатын әкімшілер, ғылыми-педагогикалық қызметкерлер үшін оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру;
оқушылармен, ғылыми-педагогикалық қызметкерлермен алмасу;
ақпараттық технологиялар, компьютерлік білімдер, математика және басқа да салаларда өзара көмек беру.
Білім берудің басқа да салаларындағы ынтымақтастық Тараптардың келісім бойынша анықталады.
2-бап
Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде іске асырылады.
Осы Келісімнің ережелері өз мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
3-бап
Осы Келісімде көзделген іс-шараларды іске асыру Тараптар мемлекеттерінің мүдделі білім беру ұйымдары арасында тікелей шарттар жасасу негізінде жүзеге асырылады, онда олардың құқықтары, міндеттері және жауапкершіліктері айқындалуы тиіс.
4-бап
Осы Келісім шеңберінде іске асырылатын барлық іс-шаралар Қазақстан тарапынан - мүдделі білім беру ұйымдарының бюджеттен тыс қаражатының, Вьетнам - тарапынан мүдделі білім беру ұйымдарының қаржы қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
5-бап
Тараптар екі мемлекеттің де азаматтарына білім алушылардың өз қаражаты есебінен жоғары оқу орындарында оқуын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
6-бап
Тараптар оқытушылармен академиялық алмасу жолымен Вьетнам Социалистік Республикасының оқу орындарында қазақ тілін және Қазақстан Республикасының оқу орындарында вьетнам тілін үйрену үшін жағдайлар жасауға жәрдемдеседі.
7-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру әрі қолдануға қатысы кез келген даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
9-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бір де біреуі ағымдағы 5 жыл кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын оның қолданысын ұзартпауға өзінің ниеті туралы жазбаша хабарламаны басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жібермесе, келесі бес жыл кезеңге өздігінен ұзартылады.
Осы Келісімнің қолданысын тоқтату оның қолданысын тоқтату күніне дейін аяқталмаған, оның шеңберінде жүзеге асырылатын жобаларға әсер етпейді.
20__ жылғы "__" _________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, вьетнам және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды және де барлық мәтіндер тең дәлме-дәл болып табылады.
Осы Келісім ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік
Үкіметі үшін Республикасының
Үкіметі үшін