"Халықаралық еңбек ұйымының Теңізшілердің жеке куәліктері туралы N 185 (қайта қаралған) конвенциясын ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 3 қазандағы N 1523 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Халықаралық еңбек ұйымының Теңізшілердің жеке куәліктері туралы N 185 (қайта қаралған) конвенциясын ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Халықаралық еңбек ұйымының Теңізшілердің жеке куәліктері туралы N 185 (қайта қаралған) конвенциясын ратификациялау туралы

      Женевада 2003 жылғы 3 маусымда жасалған Халықаралық еңбек ұйымының Теңізшілердің жеке куәліктері туралы N 185 (қайта қаралған) конвенциясы ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

185-Конвенция

1958 ЖЫЛҒЫ КОНВЕНЦИЯНЫ ҚАЙТА ҚАРАЙТЫН ТЕҢІЗШІЛЕРДІҢ ЖЕКЕ КУӘЛІКТЕРІ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ

      Халықаралық еңбек бюросының Әкімшілік кеңесімен шақырылған және 2003 жылғы 3 маусымда Женева қаласында өзінің 91-ші сессиясына жиналған
      Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясы,
      жолаушылардың, экипаж мүшелерінің қауіпсіздігіне, сондай-ақ кемелердің қауіпсіздігіне, мемлекеттердің ұлттық мүддесі мен әрбір адамның қауіпсіздігіне төнген тұрақты қауіп-қатерді ұғына отырып,
      сондай-ақ, еңбектің лайықты жағдайларына ықпал етуді қамтитын Ұйымның негізгі мандатын ұғына отырып,
      теңіз көлігінің жаһандық сипатына байланысты теңізшілер айрықша қорғауды қажетсінеді деп есептей отырып,
      жағалауға сейілге шығу, транзит, басқа кемеге ауысу мақсатында немесе отанына қайтып оралу мақсатында мүше мемлекеттердің аумағына теңізшілерді жіберуді жеңілдетуге қатысты 1958 жылғы Теңізшілердің жеке куәліктері туралы конвенцияда көрініс тапқан принциптерді тани отырып,
      түзетулерімен бірге Халықаралық теңіз ұйымының 1965 жылғы Халықаралық теңіз кеме қатынасын жеңілдету жөніндегі конвенциясын, атап айтқанда 3.44 және 3.45 Стандарттарын назарға ала отырып,
      бұдан әрі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында қабылданған А/RЕS/57/219 Қарарда (Терроризмге қарсы күрес жағдайларында адам құқықтарын және негізгі бостандықтарды қорғау) мемлекеттер терроризмге қарсы күрес шеңберінде қабылданатын кез келген шаралар өздерінің халықаралық құқық жөніндегі міндеттемелеріне, атап айтқанда адам құқығы, босқындар мен гуманитарлық құқық саласындағы халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес болуын қамтамасыз етуі тиіс екендігі расталғанын назарға ала отырып,
      теңізшілердің халықаралық саудада пайдаланылатын кемелерде жұмыс істейтіні мен өмір сүретінін және жағалауда орналасқан әлеуметтік-тұрмыстық объектілерге қол жеткізу мен жағалауға сейілге шығу теңізшілердің жалпы амандығын қамтамасыз ететін, сондықтан кеме қатынасының қауіпсіздігі мен мұхит тазалығын қамтамасыз етуде үлкен мәнге ие болатын аса маңызды элементтер болып табылатынын ұғына отырып,
      бұдан әрі келісілген қызмет кезеңінен кейін кемеге қайтып келу немесе оны тастап кету үшін жағалауға шығу мүмкіндігінің басты мәні бар екенін ұғына отырып,
      2002 жылғы 12 желтоқсанда Халықаралық теңіз ұйымының Дипломатиялық конференциясында қабылданған теңіздегі қауіпсіздікті арттыру жөніндегі арнайы шараларға қатысты 1974 жылғы Теңізде адам өмірін қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға (түзетулерімен бірге) түзетулерді назарға ала отырып,
      сессияның күн тәртібінің жетінші тармағы болып табылатын теңізшілерді сәйкестендіру сенімділігін арттыруға қатысты бірқатар ұсыныстарды қабылдауға шешім қабылдай отырып,
      осы ұсыныстарға 1958 жылғы Теңізшілердің жеке куәліктері туралы конвенцияны қайта қарайтын халықаралық конвенция нысанын беруге шешім қабылдай отырып,
      осы екі мың үшінші жылғы маусымның он тоғызы күні 2003 жылғы Теңізшілердің жеке куәліктері туралы конвенция (қайта қаралған) деп аталуы мүмкін мына Конвенцияны қабылдайды.

1-бап
ҚОЛДАНЫЛУ САЛАСЫ

      1. Осы Конвенцияға қатысты "теңізші" термині әскери кемелерді қоспағанда, әдетте теңіз кеме қатынасында қолданылатын кеме бортында жалға алу бойынша еңбек ететін, кез келген мамандық иесі ретінде тартылған немесе жұмыс істейтін кез келген тұлғаны білдіреді.
      2. Осы Конвенцияға қатысты қандай да бір санаттағы тұлғалардың теңізші деп есептелуіне қатысты қандай да бір күмән туындаған жағдайда, бұл мәселені кеме иелері мен теңізшілердің мүдделі ұйымдарымен консультациялардан кейін осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес, осындай тұлғалар азаматы болатын немесе тұрақты тұратын мемлекеттің құзыретті органы шешеді.
      3. Балық аулайтын кеме иелерінің және балық аулайтын кемелердің бортында жұмыс істейтін тұлғалардың өкілетті ұйымдармен консультацияларынан кейін құзыретті орган осы Конвенцияның ережелерін теңізде коммерциялық балық аулауға қатысты қолдана алады.

2-бап
ТЕҢІЗШІЛЕРДІҢ ЖЕКЕ КУӘЛІКТЕРІН БЕРУ

      1. Осы Конвенцияның күші бар әрбір мүше мемлекет теңізші болып табылатын өзінің кез келген азаматының өтініші негізінде осы Конвенцияның 3-бабында қамтылған ережелерге сәйкес келетін теңізшінің жеке куәлігін береді.
      2. Егер осы Конвенцияда өзгеше ереже көзделмесе, онда теңізшілердің жеке куәліктерін беру жол жүру құжаттарын беруге қатысты ұлттық заңнамада және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген шарттарға бағынуы мүмкін.
      3. Сондай-ақ, әрбір мүше мемлекет 1-тармақта көрсетілген теңізшілердің жеке куәліктерін өз аумағында тұрақты тұратын тұлға мәртебесі берілген теңізшілерге де бере алады. Мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын тұлғалар барлық жағдайларда да 6-баптың 7-тармағындағы ережелерге сәйкес жол жүреді.
      4. Әрбір мүше мемлекет теңізшілердің жеке куәліктерінің негізделмеген кідіріссіз берілуін қамтамасыз етеді.
      5. Теңізшілердің өтініштерін қанағаттандырудан бас тартылған жағдайда, олардың әкімшілік шағымдануға құқығы болады.
      6. Осы Конвенция мүше мемлекеттердің ешқайсысына халықаралық ережелерден туындайтын, босқындарға және азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты өз міндеттемелерін орындауға бөгет болмайды.

3-бап
МАЗМҰНЫ ЖӘНЕ НЫСАНЫ

      1. Осы Конвенцияның ережелері қолданылатын теңізшінің жеке куәлігінің мазмұны, осы Конвенцияға I қосымшада берілген модельге сәйкес келеді. Осы құжаттың нысаны және оны дайындау кезінде пайдаланылатын материалдар, төменде баяндалған өлшемдерден осы модельде көзделген жалпы техникалық талаптарға сәйкес келеді. Түзету келесі тармақтарға қайшы келмейді деген шартпен, I қосымшаға қажеттілігіне қарай төмендегі 8-баптың ережелеріне сәйкес, атап айтқанда, технологиялық даму есепке алынған түзетулер енгізілуі мүмкін. Мүше мемлекеттерге теңізшілердің ұлттық жеке куәліктеріне қажетті өзгерістер енгізу үшін жеткілікті уақыт беру және тиісті рәсімдер талап етілетінін назарға ала отырып, түзетуді қабылдау туралы шешімде оның күшіне ену күні нақты көрсетіледі.
      2. Теңізшінің жеке куәлігі қарапайым нысанда жасалады, теңіздегі жұмыстың айрықша жағдайларын ескере отырып, берік материалдардан дайындалады және машиналық әдіспен оқуға жарамды болып табылады. Пайдаланылатын материалдар:
      а) осы құжаттың жасанды немесе жалған болуына мүмкіндігінше кедергі болады және өзгерістерді оңай анықтауға мүмкіндік береді;
      b) барлық үкіметтер үшін ең аз шығын жұмсаумен қол жетімді болады және жоғарыдағы а) тармақшасында қойылған мақсатқа сенімді қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
      3. Мүше мемлекеттер халықаралық жалпы стандартты қолдануға ықпал ету үшін пайдалануға жататын технология стандарттарына қатысты Халықаралық еңбек ұйымы дайындаған қолда бар барлық басшылық ету принциптерін назарға алады.
      4. Теңізшінің жеке куәлігінің мөлшері кәдімгі паспорттың мөлшерінен аспайды.
      5. Теңізшінің жеке куәлігі оны берген мекеменің атауын, осы мекемемен дереу байланысуға мүмкіндік беретін мәліметтерді, құжаттың берілген күні мен орнын, сондай-ақ мынадай:
      а) осы құжат Халықаралық еңбек ұйымының 2003 жылғы Теңізшілердің жеке куәліктері туралы конвенциясының (қайта қаралған) мақсаттары үшін теңізшінің жеке куәлігі болып табылады;
      b) осы құжат жеке сипатқа ие және паспорт болып табылмайды деген жазба белгілерін қамтиды.
      6) Теңізшінің жеке куәлігінің ең ұзақ жарамдылық мерзімі оны берген мемлекеттің заңнамасына және өзге нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес белгіленеді, бірақ оны бастапқы бес жыл өткеннен кейін ұзартқан кезде, ешбір жағдайда да он жылдан аспауға тиіс.
      7. Теңізшінің жеке куәлігінде оның иесі туралы мынадай мәліметтер ғана қамтылады:
      а) толық аты (тегі, аты және егер, болған жағдайда атының басқа бөліктері);
      b) жынысы;
      с) туған күні мен жері;
      d) азаматтығы;
      е) жеке басын сәйкестендіру үшін септігін тигізуі мүмкін дене бітімінің кез келген ерекше белгілері;
      f) цифрлық фотосуреті немесе фотосуретінің түпнұсқасы;
      g) қолы.
      8. Жоғарыдағы 7-тармақтың ережелеріне қарамастан, теңізшінің жеке куәлігі I қосымшада қамтылған техникалық талаптарды қанағаттандыратын куәлік иесінің биометрикалық элементтерінің қалыбын немесе өзге нысанда берілген биометрикалық деректерін мынадай алдын ала талаптарды сақтау шартымен қамтуы тиіс:
      а) биометрикалық деректер тиісті тұлғалардың жеке өміріне қол сұқпауды, оларға қолайсыздықтар келтірмей, олардың денсаулығы үшін қауіп төндірмей немесе олардың жеке басының қадір-қасиетіне қол сұқпай алынуы мүмкін;
      b) теңізшінің жеке куәлігінде осындай биометрикалық деректер көрнекі түрде айқын берілуі тиіс әрі қалыптан немесе ұсынылған басқа нысаннан олардың көшірмесін жасау мүмкіндігі болмауы тиіс;
      с) биометрикалық деректерді алу және тексеру үшін қажетті жабдық пайдалануға ыңғайлы және тұтастай алғанда үкіметтер үшін төмен құямен қол жетімді болуы тиіс;
      d) биометрикалық деректерді тексеру үшін қажетті жабдықты порттарда және басқа жерлерде, оның ішінде құзыретті органдар әдетте теңізшілердің жеке басын тексеруді жүргізетін кеме бортында оңай әрі сенімді пайдалануға болады;
      е) шеңберінде биометрикалық деректер пайдаланылуы тиіс жүйе (оның ішінде жабдық, технологиялар және қолданылатын рәсімдер) біркелкі сипаты бар нәтижелер алуға мүмкіндік береді және жеке тұлғаны сенімді сәйкестендіруді қамтамасыз етеді.
      9. Теңізші туралы барлық деректер жеке куәлікке көрнекі түрде ажыратуға болатындай түрде енгізіледі. Өздеріне қатысты жай көз жүгіртіп оқуға болмайтын кез келген деректерді тексеруге мүмкіндік беретін жабдыққа теңізшілердің кедергісіз қол жеткізуі қамтамасыз етіледі. Осындай қол жеткізуді куәлік беретін орган немесе оның атынан береді.
      10. Теңізшінің жеке куәлігінің мазмұны мен нысаны I қосымшада келтірілген тиісті халықаралық стандарттарды есепке ала отырып белгіленеді.

4-бап
ҰЛТТЫҚ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ДЕРЕКҚОР

      1. Әрбір мүше мемлекет өзі берген теңізшінің әрбір жеке куәлігі туралы, қолданылуын өзі уақытша тоқтатқан немесе өзі алып қойған куәлік туралы жазбаның электрондық дерекқорда сақталуын қамтамасыз етеді. Осы дерекқорды оған енгізулерден немесе оған санкциясыз қол жеткізуден қорғау үшін барлық қажетті шаралар қабылданады.
      2. Осы дерекқорда қамтылатын ақпарат теңізшілердің өздерінің дербес деректерінің құпиялылығына құқықтары толық сақталған және деректердің қорғалуына қатысты барлық қолданыстағы талаптар қанағаттандырылған жағдайда, теңізшінің жеке куәлігін немесе теңізшінің мәртебесін тексеру үшін қажетті мәліметтермен ғана шектеледі. Бұл мәліметтер осы Конвенцияға II қосымшада баяндалған, оған өздерінің ұлттық дерекқор жүйелеріне қажетті өзгерістер енгізу үшін мүше мемлекеттерге жеткілікті уақыт талап етілетінін назарға ала отырып, төмендегі 8-бапта белгіленген тәртіппен өзгерістер енгізілуі мүмкін.
      3. Әрбір мүше мемлекет теңізшінің жеке куәлігі берілген кез келген теңізшіге электрондық дерекқорға енгізілген немесе онда сақталған осы тұлғаға қатысты барлық деректердің шынайылығын ақысыз зерделеуге және тексеруге және қажет болған жағдайда, түзетулер беруге мүмкіндік беретін рәсімдерді енгізеді.
      4. Әрбір мүше мемлекет мақсаты өзінің органы берген теңізшілердің жеке куәліктерінің түпнұсқалылығы мен жарамдылығына қатысты көші-қон қызметтерінен немесе Ұйымның барлық мүше мемлекеттерінің басқа құзыретті органдарынан түсетін сұрауларды қанағаттандыру болып табылатын, тұрақты әрекет ететін үйлестіру орталығын тағайындайды. Тұрақты әрекет ететін үйлестіру орталығы туралы егжей-тегжейлі мәліметтер Ұйымның барлық мүше мемлекеттеріне берілетін тізімді жүргізетін Халықаралық еңбек бюросына жолданады.
      5. Көші-қон қызметтері немесе Ұйымның мүше мемлекеттеріндегі басқа құзыретті органдар үшін жоғарыдағы 2-тармақта көрсетілген мәліметтерге электрондық құралдардың көмегімен немесе жоғарыдағы 4-тармақта көзделген үйлестіру орталығы арқылы тұрақты және дереу қол жеткізу қамтамасыз етіледі.
      6. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін деректер мен жеке өмірін қорғауға қатысты тиісті нормалардың сақталуын қамтамасыз ететін тетіксіз деректермен, атап айтқанда фотосуреттермен қандай да бір алмасуды болдырмау үшін тиісті шектеулер енгізіледі.
      7. Мүше мемлекеттер электрондық дерекқорда қамтылған дербес деректердің теңізшінің жеке куәлігін тексеру үшін ғана пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

5-бап
САПАНЫ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ БАҒАЛАУЛАР ЖҮРГІЗУ

      1. Сапаны бақылау рәсімін қоса алғанда, теңізшілердің жеке куәліктерін беру тәртібі мен рәсімдеріне қатысты ең төменгі талаптар осы Конвенцияға ІІІ қосымшада жазылған. Осы ең төменгі талаптармен өзінің теңізшілердің жеке куәліктерін беру жүйесін басқаруда барлық мүше мемлекеттер қол жеткізуі тиіс міндетті нәтижелер белгіленеді.
      2. Мыналар:
      а) теңізшілердің жеке куәліктерінің толтырылмаған бланкілерін шығару және жеткізу;
      b) толтырылмаған бланкілер мен теңізшілердің толтырылған жеке куәліктерін сақтау, өңдеу және олар бойынша есеп беру;
      с) өтініштерді өңдеу, теңізшілердің жеке куәліктерінің бланкілерін толтыру және оларды беру үшін жауапты орган мен бөлімшенің дайын жеке куәліктерді ресімдеуі және теңізшілердің жеке куәліктерін жеткізуі;
      d) дерекқордың жұмыс істеуі және оны сүйемелдеу;
      е) рәсімдердің сапасын бақылау және мерзімдік бағалау жүргізу үшін қажетті қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тәртіп  пен рәсімдер белгіленеді.
      3. Жоғарыдағы 2-тармақтың ережелері сақталған кезде, мүше мемлекеттерге өздері белгілеген тәртіп пен рәсімдерге қажетті өзгерістер енгізу үшін жеткілікті уақыт беру талап етілетінін назарға ала отырып, III қосымшаға 8-бапқа сәйкес түзетулер енгізілуі мүмкін.
      4. Әрбір мүше мемлекет кем дегенде бес жылда бір рет өзінің теңізшілердің жеке куәліктерін беру жүйесін басқаруды, оның ішінде сапаны бақылау рәсімдерін тәуелсіз бағалауды жүргізеді. Мұндай бағалаулар жөніндегі баяндамалардан барлық құпия материалдарды алып тастау шартымен олар Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына және көшірмелері тиісті мүше мемлекеттердің кеме иелері мен теңізшілерінің өкілетті органдарына жолданады. Бұл есеп беру жөніндегі талап мүше мемлекеттерді Халықаралық еңбек ұйымы Жарғысының 22-бабы бойынша міндеттемелерден босатпайды.
      5. Халықаралық еңбек ұйымы бағалау жөніндегі осы баяндамаларды мүше мемлекеттерге танысу үшін ұсынады. Осы Конвенциямен рұқсат етілетін жария етуден басқа, кез келген жария ету осы баяндаманы дайындаған мүше мемлекет тарапынан келісімнің болуын талап етеді.
      6. Халықаралық еңбек бюросының Әкімшілік кеңесі өзі қабылдаған рәсімдерге сәйкес барлық тиісті ақпараттың негізінде әрекет ете отырып, жоғарыдағы 1-тармақта көрсетілген ең төменгі талаптарды толыққанды қанағаттандыратын мүше мемлекеттердің тізімін бекітеді.
      7. Бұл тізім мүше мемлекеттердің алғашқы талап етуі бойынша оларға қол жетімді болуы тиіс және тиісті ақпараттың түсуіне қарай жаңартылып тұруы тиіс. Атап айтқанда, мүше мемлекеттер 8-тармақта көрсетілген рәсімдер шеңберінде кез келген мүше мемлекеттің тізімге енгізілуі дәлелді негіздермен дауланған жағдайлар туралы кідіріссіз хабардар етілуі тиіс.
      8. Әкімшілік кеңес белгілеген рәсімдерге сәйкес тізімнен шығарылған немесе шығарылуы мүмкін мүше мемлекеттер, сондай-ақ Конвенцияны ратификациялаған мүдделі мүше мемлекеттердің үкіметтері және кеме иелері мен теңізшілердің өкілетті ұйымдары үшін жоғарыда көрсетілген рәсімдерге сәйкес өз пікірін Әкімшілік кеңеске жеткізу және барлық келіспеушіліктерді әділ және турашыл түрде уақтылы реттеу мүмкіндігі көзделеді.
      9. Қандай да бір мүше мемлекет берген теңізшілердің жеке куәліктерін мойындау осы мүше мемлекеттің жоғарыдағы 1-тармақта аталған ең төменгі талаптарды сақтауына байланысты болады.

6-бап
ТЕҢІЗШІЛЕРДІҢ ЖАҒАЛАУҒА СЕЙІЛГЕ ШЫҒУЫНА, СОНДАЙ-АҚ ТРАНЗИТІНЕ ЖӘНЕ БАСҚА КЕМЕЛЕРГЕ АУЫСУЫНА ЖӘРДЕМДЕСУ

      1. Теңізшінің жеке куәлігінің түпнұсқалылығына күмән келтіруі мүмкін айқын негіздемелер болған жағдайларды қоспағанда, ол үшін осы Конвенцияның күші бар мүше мемлекет осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес берген теңізшінің жарамды жеке куәлігі бар кез келген теңізші осы Конвенцияның мәнінде теңізші ретінде танылады.
      2. Теңізшілер немесе кеме иелері төмендегі 3-6 немесе 7-9-тармақтарға сәйкес оған қатысты елге келуіне рұқсат сұралатын теңізші осы Конвенцияның талаптарына сәйкес берілген теңізшінің жеке куәлігінің иеленушісі болып табылатындығына көз жеткізуге бағытталған тексеру және кез келген басқа қажетті тергеу жүргізу мен ресмиеттілік бойынша шығыстарды көтермейді.

      Жағалауға сейілге шығу

      3. Құзыретті органдар куәлік иесінің келуі туралы хабарламаны мейлінше алдын ала алады деген шартпен, жоғарыдағы 2-тармақта аталған тексеру және кез келген басқа да қажетті тергеу жүргізу мен ресмиеттілік мүмкіндігінше аса қысқа мерзімдерде жүргізіледі. Куәлік иесінің келуі туралы хабарлама II қосымшаның 1-бөлімінде көзделген егжей-тегжейлі ақпаратты қамтиды.
      4. Өзі үшін осы Конвенцияның күші бар әрбір мүше мемлекет мүмкіндігінше қысқа мерзімдерде және теңізшінің жеке куәлігінің түпнұсқалылығына күмән келтіруге мүмкіндік беретін айқын негіздемелер болмағанда, егер осындай кіру кеме портта болған уақытта уақытша жағалауға сейілге шығу мақсатында сұратылса, теңізшінің жарамды жеке куәлігі бар кез келген теңізшіге өз аумағына кіруге рұқсат етеді.
      5. Мұндай кіруге кеменің келуі бойынша барлық ресмиеттіліктер орындалған және құзыретті органның қоғамдық денсаулықты, қоғамдық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе ұлттық қауіпсіздікті қорғау тұрғысынан алғанда жағалауға сейілге шығуға рұқсат беруден бас тарту үшін негіздемелері болмаған кезде рұқсат беріледі.
      6. Жағалауға сейілге шығу үшін теңізшілерден виза алу талап етілмейді. Бұл талапты толық орындау мүмкіндігі жоқ әрбір мүше мемлекет өз заңнамасында, өзге нормативтік құқықтық актілерінде немесе қолданылып жүрген практикасында негізінен осы талапқа сәйкес келетін рәсімдердің көзделуін қамтамасыз етеді.

      Транзит және басқа кемеге ауысу

      7. Егер мұндай кіру:
      а) өз кемесіне келу немесе басқа кемеге ауысу үшін;
      b) басқа елдегі өз кемесіне бару мақсатында транзитпен жол жүру үшін немесе отанына қайтып оралу үшін; не мүдделі мүше мемлекеттің құзыретті органдары мақұлдаған кез келген өзге мақсат үшін сұратылса, өзі үшін осы Конвенцияның күші бар әрбір мүше мемлекет паспортын қоса, теңізшінің жарамды жеке куәлігі бар кез келген теңізшіге мүмкіндігінше аса қысқа мерзімдерде өз аумағына кіруге рұқсат етеді.
      8. Мұндай кіруге теңізшінің жеке куәлігінің түпнұсқалылығына күмән келтіруге мүмкіндік беретін айқын негіздемелер болмаған және құзыретті органның қоғамдық денсаулықты, қоғамдық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе ұлттық қауіпсіздікті қорғау тұрғысынан алғанда жағалауға сейілге шығуға рұқсат беруден бас тарту үшін негіздемесі болмаған жағдайда рұқсат беріледі.
      9. Жоғарыдағы 7-тармақта аталған мақсаттардың біреуі үшін өз аумағына кіруге рұқсат берместен, бұрын кез келген мүше мемлекет теңізшінің ниеті мен оның осы ниетін іске асыру қабілетіне қатысты қанағаттанарлық дәлелдемелерді, оның ішінде құжаттамалық дәлелдемелерді талап ете алады. Сондай-ақ, мүше мемлекет теңізшінің аумақта болу ұзақтығын мұндай болу мақсатын есепке алғанда орынды деп есептелетін мерзімге шектей алады.

7-бап
КУӘЛІКТІ ТҰРАҚТЫ ИЕЛЕНУ ЖӘНЕ ОНЫ АЛЫП ҚОЮ

      1. Куәлікті сақтау мақсатында теңізшінің жазбаша келісімімен ол тиісті кеменің капитанында болатын жағдайларды қоспағанда, теңізшінің жеке куәлігі тұрақты түрде өзінде болады.
      2. Егер теңізші осы Конвенцияның мұндай куәлікті беруге қатысты талаптарын бұдан әрі қанағаттандырмайтынына сенімді дәлелдемелер болса, теңізшінің жеке куәлігін берген мемлекет оны дереу алып қояды. Теңізшінің жеке куәлігінің қолданылу мерзімін тоқтата тұру немесе оны алып қою рәсімдері кеме иелері мен теңізшілердің өкілді ұйымдарымен консультациялар барысында белгіленеді және оған әкімшілік шағымдану рәсімдері кіреді.

8-бап
ҚОСЫМШАЛАРҒА ТҮЗЕТУЛЕР ЕНГІЗУ

      1. Осы Конвенцияның тиісті ережелерін сақтау шартымен Халықаралық еңбек конференциясы Халықаралық еңбек ұйымының тиісті түрде құрылған үш жақты теңіз органымен консультациялар негізінде Қосымшаларға түзетулер енгізе алады. Шешім осы Конвенцияны ратификациялаған мүше мемлекеттердің кем дегенде жартысын қоса алғанда, Конференцияға қатысып отырған делегаттардың үштен екі бөлігінің көпшілік дауысымен қабылданады.
      2. Осы Конвенцияны ратификациялаған әрбір мүше мемлекет мұндай түзету қабылданған күннен кейінгі алты ай ішінде Бас директорға жазбаша хабарлама жолдау арқылы оның осы мүше мемлекет үшін күшіне енбейтінін немесе тек неғұрлым кешірек мерзімдерде жаңа жазбаша хабарламаның берілуі бойынша күшіне енетіндігін хабарлайды.

9-бап
ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕ

      1958 жылғы Теңізшілердің жеке куәліктері туралы конвенцияның тарабы болып табылатын және Халықаралық еңбек ұйымы Жарғысының 19-бабына сәйкес шаралар қабылдайтын кез келген мүше мемлекет осы Конвенцияны ратификациялау мақсатында Бас директорға осы Конвенцияны уақытша қолдану ниеті туралы хабарлай алады. Осы Конвенцияның 2-5-баптарында баяндалған талаптардың сақталуы және осы Конвенцияға сәйкес берілген теңізшілердің жеке куәліктерін тиісті мүше мемлекеттердің тануы шартымен осындай мүше мемлекет беретін теңізшілердің жеке куәліктері осы Конвенцияға қатысты оның ережелеріне сәйкес берілетін теңізшілердің жеке куәліктері ретінде қаралады.

ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

10-бап

      Осы Конвенция 1958 жылғы Теңізшілердің жеке куәліктері туралы конвенцияны қайта қарайды.

11-бап

      Осы Конвенцияны ратификациялау туралы ресми грамоталар тіркеу үшін Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына жолданады.

12-бап

      1. Ратификациялау грамоталарын Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры тіркеген Халықаралық еңбек ұйымының мүше мемлекеттері үшін ғана осы Конвенцияның міндетті күші болады.
      2. Бұл Ұйымның екі мүше мемлекетінің ратификациялау грамоталарын Бас директор тіркеген күннен кейін алты айдан соң күшіне енеді.
      3. Кейіннен осы Конвенция әрбір мүше мемлекет үшін оның ратификациялау грамотасы тіркелген күннен кейін алты айдан соң күшіне енеді.

13-бап

      1. Осы Конвенцияны ратификациялаған әрбір мүше мемлекет оның бастапқы күшіне енген күнінен бастап он жыл өткеннен кейін Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына тіркеу үшін жіберілген күшін жою туралы өтініш арқылы оның күшін жоя алады. Күшін жою туралы өтініш тіркелген күнінен кейін 12 ай өткен соң күшін жою күшіне енеді.
      2. Осы Конвенцияны ратификациялаған және алдыңғы тармақта көрсетілген он жыл аяқталғаннан кейін бір жыл мерзімде осы бапта көзделген күшін жою құқығын пайдаланбаған әрбір мүше мемлекет үшін Конвенция келесі он жыл ішінде күшінде болады және кейіннен ол осы бапта көзделген тәртіппен әрбір он жыл өткеннен кейін оның күшін жоя алады.

14-бап

      1. Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры өзіне Ұйымның мүше мемлекеттері жолдаған барлық ратификациялау грамоталарының және күшін жою туралы өтініштердің тіркелуі туралы Халықаралық еңбек ұйымының барлық мүше мемлекеттеріне хабарлайды.
      2. Бас директор Ұйымның мүше мемлекеттерін өзі алған екінші ратификациялау грамотасын тіркеу туралы хабардар ете отырып, олардың назарын осы Конвенцияның күшіне ену күніне аударады.
      3. Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры 8-баптың ережелеріне сәйкес Қосымшаға енгізілетін кез келген түзетулер, сондай-ақ оларға қатысты жазбаша хабарламалар туралы Халықаралық еңбек ұйымының барлық мүше мемлекеттерін хабардар етеді.

15-бап

      Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тіркеу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына алдыңғы баптардың ережелеріне сәйкес тіркелген барлық ратификациялау грамоталары мен күшін жою туралы өтініштер туралы толық мәліметтерді жолдайды.

16-бап

      Халықаралық еңбек бюросының Әкімшілік кеңесі қажет деп есептеген әрбір жағдайда, ол Бас конференцияға осы Конвенцияны қолдану туралы баяндама ұсынады және сондай-ақ, 8-баптың ережелерін назарға ала отырып Конференцияның күн тәртібіне оны толықтай немесе ішінара қайта қарау туралы мәселені енгізудің орындылығын қарайды.

17-бап

      1. Егер Конференция осы Конвенцияны толықтай немесе ішінара қайта қарайтын жаңа конвенцияны қабылдаса және егер жаңа конвенцияда өзгеше көзделмесе, онда:
      а) қандай да бір мүше мемлекеттің жаңа қайта қарайтын конвенцияны ратафикациялауы жаңа қайта қарайтын конвенцияның күшіне ену шартымен 13-баптың ережелеріне қарамастан, осы Конвенцияның өздігінен дереу күшін жоюға әкеп соқтырады;
      b) жаңа қайта қарайтын конвенция күшіне енген күнінен бастап осы Конвенция Ұйымға мүше мемлекеттердің ратификациялауы үшін ашық болуын тоқтатады.
      2. Осы Конвенция нысаны мен мазмұны бойынша оны ратификациялаған, бірақ қайта қарайтын конвенцияны ратификацияламаған мүше мемлекеттер үшін кез келген жағдайда күшінде қалады.

18-бап

      Осы Конвенцияның ағылшын және француз тілдеріндегі мәтіндерінің бірдей күші бар.

I Қосымша

Теңізшінің жеке куәлігінің моделі

      Нысаны мен мазмұны төменде келтірілген теңізшінің жеке куәлігі жоғары сапалы материалдардан жасалады, бұлар практикалық мүмкіндік шамасына қарай және шығындар сияқты пайымдауларды есепке ала отырып, қалың жұртшылық үшін оңай қол жетімді болмауы тиіс. Осы құжатта Конвенцияның ережелерімен көзделген ақпаратты қосу үшін қаншалықты қажет болса, соншалықты кеңістік болады.
      Ол берген мемлекеттің атауын және мынадай белгіні қамтиды:
      "Осы құжат Халықаралық еңбек ұйымының 2003 жылғы Теңізшілердің жеке куәліктері туралы конвенциясының (қайта қаралған) мақсаттары үшін теңізшінің жеке куәлігі болып табылады. Осы құжат жеке сипатқа ие және паспорт болып табылмайды".
      Төменде қою түспен бөліп көрсетілген деректер қамтылған құжаттың парақтарын ламинат немесе лак қабатын жағу арқылы не фотосуреттердің және басқа да биографиялық деректердің жалған болуына тең дәрежеде кедергі болатын бейнелерді шығару технологиясы мен субстрата материалын қолдану есебінен қорғауға жатады.
      Пайдаланылатын материалдар, деректердің мөлшері мен орналастырылуы 9303 Құжаттың 3-бөлігінде (2-басылым, 2002 жыл) немесе 9303 Құжаттың 1-бөлігінде (5-басылым, 2003 жыл) қамтылған Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) техникалық талаптарына сәйкес келеді.
      Қорғаудың басқа әдістері кем дегенде мынадай элементтердің бірін қамтиды:
      Су белгілері, қорғаудың ультракүлгін элементтері, арнайы бояуларды пайдалану, арнайы түрлі-түсті дизайндер, перфорацияланған бейнелер, голограммалар, лазерлік нақыштау, микро мөр және термикалық ламинаттау.
      Теңізшінің жеке куәлігінде қамтылуы тиіс деректер мыналарды қамтиды:

I. Куәлікті берген орган:
II. Куәлікті берген органның телефон(дар) нөмірлері, электрондық почтасының мекен-жайы және Интернет-сайты:
III. Берілген күні мен жері:

Теңізшінің цифрлық фотосуреті немесе фотосуретінің түпнұсқасы

      а) Теңізшінің толық аты-жөні:................................
      b) Жынысы:...................................................
      с) Туған күні мен жері.......................................
      d) Азаматтығы:...............................................
      е) Жеке тұлғаны сәйкестендіруге септігін тигізуі мүмкін дене бітімінің кез келген ерекше белгілері:.............................
      f) Қолы:.....................................................
      g) Қолданылу мерзімінің аяқталу күні:........................
      h) Құжаттың үлгісі немесе мақсаты:...........................
      і) Құжаттың бірегей нөмірі:..................................
      j) Дербес сәйкестендіру нөмірі (факультативті):..............
      k) Саусақ таңбаларының негізінде жасалған және стандарты әзірленуге тиіс штрих-кодтағы цифрлар түрінде берілген биометрикалық қалып:..............................................................
      l) жоғарыда аталған 9303 Құжатта қамтылған ИКАО техникалық талаптарына сәйкес келетін машиналық әдіспен оқылатын аймақ.........

IV. Куәлікті берген органның ресми мөрі немесе мөртаңбасы.

Деректер түсіндірмесі

      Деректер қамтылған парақтардың жиектеріндегі тақырыптар куәлікті беретін елдің тіл(дер)іне аударылуы мүмкін. Егер ұлттық тілі ағылшын француз немесе испан тілдері болып табылмаса, онда тақырыптар осы тілдердің бірінде де енгізіледі.
      Құжаттағы барлық жазбалар латын әліпбиінің әріптерін қолданумен жүзеге асырылады.
      Жоғарыда көрсетілген ақпараттың мынадай сипаттамалары бар:
      I. Берген органы: берген мемлекеттің ИСО коды, теңізшінің жеке куәлігін берген ұйымның толық атауы мен толық мекен-жайы, сондай-ақ куәлікті беруге рұқсат еткен тұлғаның аты-жөні мен лауазымы.
      ІІ. Телефон нөмірі, электрондық почтасының мекен-жайы және Интернет-сайты Конвенцияда көрсетілген үйлестіру орталығына сілтемелерге сәйкес келеді.
      ІІІ. Берілген күні мен орны: күні екі таңбалы араб цифрларымен мынадай кезектілікпен жазылады: күні/айы/жылы (мысалы, 31/12/03); берген орынның атауы ұлттық паспорттағыдай жазылады.

Фотосуреттің мөлшері: жоғарыда аталған ИКАО 9303 Құжатында қамтылған техникалық талаптарға сәйкес

      а) Теңізшінің аты толық: алдымен тегі, содан соң мән-жайларға байланысты теңізші атының басқа бөліктері жазылады;
      b) Жынысы: ер адам үшін "М" немесе әйел адам үшін "Ғ" деп көрсету керек;
      с) Туған күні мен жері: күні екі таңбалы араб цифрларымен мынадай кезектілікпен жазылады: күні/айы/жылы; туған жерінің атауы ұлттық паспорттағыдай жазылады;
      d) Азаматтығы туралы ақпарат: азаматтығын көрсету керек;
      е) Дене бітімінің ерекше белгілері: тұлғаны сәйкестендіруге көмегін тигізетін кез келген айрықшалық белгілері;
      f) Теңізшінің қолы;
      g) Қолдану мерзімінің аяқталу күні: екі таңбалы араб цифрларымен мынадай кезектілікпен: күні/айы/жылы;
      h) Құжат үлгісі немесе мақсаты: латын әліпбиінің бас әріптерінен (S) тұратын құжат үлгісінің коды;
      і) Құжаттың бірегей нөмірі: ел коды (жоғарыдағы 1-тармақты қараңыз), одан соң тоғыздан аспайтын белгілерден құралған әріптік-цифрлық есеп нөмірі;
      j) Дербес сәйкестендіру нөмірі: 14-тен аспайтын әріптік-цифрлық белгілерден құралған теңізшінің факультативтік дербес сәйкестендіру нөмірі;
      k) Биометрикалық қалып: нақты техникалық талаптар әзірленуі тиіс;
      l) Машиналық әдіспен оқылатын аймақ: жоғарыда аталған ИКАО-ның 9303 Құжатында қамтылған техникалық талаптарға сәйкес.

II Қосымша

Электрондық дерекқор

      Осы Конвенцияның 4-бабының 1, 2, 6 және 7-тармақтарына сәйкес әрбір мүше мемлекет қолдайтын электрондық дерекқордағы әрбір жазба бойынша берілетін деректерге мыналар кіреді:

      1-бөлім

      1. Берген органның жеке куәлікте көрсетілген атауы.
      2. Жеке куәлікте көрсетілгендей, теңізшінің толық аты.
      3. Жеке куәліктің бірегей нөмірі.
      4. Жеке куәліктің қолданылу мерзімінің аяқталу, қолданылуын тоқтата тұру немесе оны алып қою күні.

      2-бөлім

      5. Жеке куәлікке енгізілген биометрикалық қалып.
      6. Фотосурет.
      7. Теңізшілердің жеке куәліктеріне қатысты келіп түскен барлық сұраулар туралы егжей-тегжейлі мәліметтер.

III Қосымша

Теңізшілердің жеке куәліктерін беруге қатысты талаптар, сондай-ақ ұсынылатын рәсімдер мен практика

      Осы Қосымшада сапаны бақылау рәсімдерін қоса алғанда, осы Конвенцияның 5-бабына сәйкес теңізшілердің жеке куәліктерін (бұдан әрі "ТЖК" деп аталатын) беруге қатысты әрбір мүше мемлекет қабылдауы тиіс рәсімдерге қойылатын ең төменгі талаптар қамтылады.
      А бөлігінде ТЖК-ні беру рәсімдерін жүзеге асырған кезде, кем дегенде әрбір мүше мемлекет қол жеткізуі тиіс міндетті нәтижелер санамаланған;
      В бөлігінде рәсімдерге және осы нәтижелерге қол жеткізудің практикалық әдістеріне қатысты Ұсынымдар қамтылған. В бөлігін мүше мемлекеттер толық көлемде ескеруі тиіс, бірақ міндетті болып табылмайды.

А бөлігі. Міндетті нәтижелер

      1. ТЖК-нің бланкілерін шығару және жеткізу
      ТЖК бланкілерін шығарудың және жеткізудің қажетті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ету үшін мынадай элементтерді қамтитын тәртіп пен рәсімдер белгіленеді:
      ТЖК-нің барлық бланкілерінің сапасы болады және нысаны мен мазмұны бойынша I қосымшада баяндалған техникалық талаптарға жауап береді;
      а) шығару үшін пайдаланылатын материалдар қорғауға және бақылауға жатады;
      b) ТЖК-нің бланкілері шығару және жеткізудің бүкіл процесі барысында қорғауға, бақылауға, сәйкестендіруге және қадағалауға жатады;
      с) өндірушілер ТЖК бланкілерін шығару және жеткізу тұрғысынан өз міндеттерін тиісінше орындауға арналған құралдарға ие болады;
      d) ТЖК бланкілерін өндірушіден беретін органға дейін тасымалдау қауіпсіздік талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.
      2. Бланкілер мен толтырылған ТЖК-ні сақтау және өңдеу, сондай-ақ олар үшін есептілік
      Бланкілер мен толтырылған ТЖК-ні сақтау және өңдеу кезінде қажетті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ олар үшін есептілікке қатысты мынадай элементтерді қамтитын тәртіп пен рәсімдер белгіленеді:
      а) бланкілер мен толтырылған ТЖК-нің сақталуын және өңделуін бақылауды берген орган жүзеге асырады;
      b) олардың үлгілерін қоса алғанда, бланкілер, сондай-ақ толтырылған және күшін жойған ТЖК қорғауға, бақылауға, сәйкестендіруге және қадағалауға жатады;
      с) осы процеске қатысатын персонал олардың қызметтік жағдайына қойылатын мінсіз бедел, түзу ниеттілік пен сенімділік стандарттарына жауап береді және тиісті дәрежеде кәсіби даярлығы болады;
      d) міндеттерді уәкілетті лауазымды адамдардың арасында бөлу ТЖК-нің санкциясыз берілуін болдырмауға бағытталған.
      3. Өтініштерді өңдеу; ТЖК-нің қолданылуын тоқтата тұру немесе алып қою; апелляция рәсімдері
      ТЖК-ні беруге және жеткізуге жауапты орган мен бөлімше өтініштерді өңдеген, ТЖК бланкілерін толтырған және дайын ТЖК-ні ресімдеген кезде қауіпсіздіктің қажетті деңгейін қамтамасыз ету үшін мынадай элементтерді қамтитын тәртіп пен рәсімдер белгіленеді:
      а) бірінші өтініштен кейін және қолданылу мерзімін жаңғырту кезінде ТЖК-нің тек қана мыналардың:
      і) I Қосымшада белгіленген талаптарға сәйкес барлық ақпаратты қамтитын өтініштердің;
      іі) куәлікті беретін мемлекеттің заңнамасына және практикасына сәйкес өтініш берушінің жеке тұлға ретіндегі дәлелдемесінің;
      ііі) азаматтығының немесе мемлекеттің аумағында тұрақты тұратынының дәлелдемесінің;
      iv) 1-баптың ережелеріне сәйкес өтініш берушінің теңізші болып табылатындығы дәлелдемесінің;
      v) өтініш берушілердің, әсіресе бірнеше мемлекеттің азаматы болып табылатын немесе мемлекетінің аумағында тұрақты тұру мәртебесіне ие тұлғалардың біреуден артық ТЖК алмағанын қамтамасыз етудің;
      vi) халықаралық актілерде баяндалған негіз қалаушы құқықтар мен бостандықтар тиісті дәрежеде сақталған кезде, өтініш берушінің қауіпсіздікке қатер төндірмегенін тексерудің негізінде берілуін қамтамасыз ететін тексеру және бекіту тәртібі;
      b) бұл тәртіп мыналарды:
      і) II қосымшада қамтылған әрбір тармақ бойынша нақты мәліметтердің ТЖК-нің берілуімен бір уақытта дерекқорға енгізілуін;
      іі) өтініш берушіден алынған деректердің, фотосуреттің, оның қолымен биометрикалық элементтерінің өзіне сәйкес келуін;
      ііі) өтініш берушіден алынған деректердің, фотосуреттің, оның қолы мен биометрикалық элементтерінің ТЖК-ні өңдеудің, берудің және жеткізудің барлық рәсімдері барысында өтінішке сәйкес келуін қамтамасыз етеді;
      с) берілген ТЖК-нің қолданылу мерзімі тоқтатыла тұрған немесе оны алып қойған жағдайда дерекқорды жаңарту үшін жедел шаралар қабылданады;
      d) теңізшіге ТЖК-нің мерзімін ұзарту немесе жаңасын беру қажет болған мән-жайларға байланысты, сондай-ақ ол жоғалған жағдайда ұзарту және/немесе жаңарту жүйесі орнатылады;
      е) ТЖК-нің қолданылуы тоқтатыла тұруы немесе оны алып қою мүмкін мән-жайлар кеме иелері мен теңізшілердің ұйымдарымен консультациялар негізінде айқындалады;
      f) апелляцияның тиімді және транспарентті рәсімдері белгіленеді.
      4. Дерекқордың жұмыс істеуі, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны қолдау.
      Дерекқордың жұмыс істеуі және оны қолдау үшін қауіпсіздіктің қажетті шараларын қамтамасыз етудің мынадай элементтерді қамтитын тәртібі мен рәсімдері белгіленеді:
      а) дерекқорды деректерді санкциясыз өзгертуден және оған рұқсатсыз қол жеткізуден қорғау қамтамасыз етіледі;
      b) деректер үнемі жаңартылады және ақпаратты жоғалтудан қорғалады, сондай-ақ сұрау бойынша кез келген уақытта үйлестіру орталығы арқылы берілуі мүмкін;
      с) дерекқорды басқа дерекқорлармен біріктіруге немесе олармен байланыс орнатуға, оны көшіруге немесе басқа дерекқорға ауыстыруға жол берілмейді; дерекқордан алынатын ақпарат тек теңізшілердің жеке тұлғасын сәйкестендіру мақсаттары үшін ғана пайдаланылады;
      d) жеке тұлғаның құқықтарын, оның ішінде:
      і) дербес деректерді жинау, сақтау, өңдеу және оны беру кезінде жеке өмірінің құпия болу құқығын;
      іі) өзіне қатысты деректерге қол жеткізу Және кез келген дәлсіздіктерді уақтылы түзету құқығын құрметтеу қамтамасыз етіледі.
      5. Рәсімдер сапасын бақылау және мерзімді бағалау
      а) Процестер мониторингін қоса алғанда, талап етілетін мынадай стандарттардың сақталуын қамтамасыз ету үшін рәсімдер сапасын бақылау және мерзімді бағалау есебінен қауіпсіздіктің қажетті деңгейін қамтамасыз ету үшін мыналарға:
      і) ТЖК-нің бланкілерін шығаруға және жеткізуге;
      іі) бланкілерді, күшін жойған және толтырылған ТЖК-ні сақтауға және өңдеуге, сондай-ақ олар үшін есептілікке;
      ііі) өтініштерді өңдеуге, ТЖК-нің бланкілерін толтыруға және берілуі мен жеткізілуі үшін жауапты органның және бөлімшенің дайын ТЖК-ні рәсімдеуіне;
      iv) дерекқордың жұмыс істеуіне, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қолдауға қатысты тәртіп пен рәсімдер белгіленеді;
      b) беру жүйесі мен рәсімдерінің сенімділігін, сондай-ақ олардың осы Конвенцияның талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін шолу мерзімді негізде жүзеге асырылады;
      с) ратификациялайтын басқа мүше мемлекеттер ұсынатын мерзімді бағалаулар туралы баяндамаларда қамтылған ақпараттың 1 құпиялылығын қорғау үшін рәсімдер белгіленеді.

В бөлігі. Ұсынылатын рәсімдер мен практика

      1. ТЖК-нің бланкілерін шығару және жеткізу
      1.1. ТЖК-нің сақталуын және біркелкі болуын қамтамасыз ету мүддесінде құзыретті орган мүше мемлекет беретін ТЖК-нің бланкілерін шығару үшін тиімді көз таңдауға тиіс.
      1.2. Егер бланкілер ТЖК-нің берілуі үшін жауапты органның ("берген орган") үй-жайларында шығарылуы тиіс болса, онда төмендегі 2.2-тармақтың ережелері қолданылады.
      1.3. Сыртқы кәсіпорынды таңдаған жағдайда құзыретті орган:
      1.3.1. бұл кәсіпорынның мінсіз беделіне, қаржылық тұрақтылығы мен сенімділігіне көз жеткізуі;
      1.3.2. кәсіпорынға ТЖК-нің бланкілерін шығаруға қатысатын барлық қызметкерлерді тағайындау талабымен жүгінуі;
      1.3.3. кәсіпорынға тағайындалған қызметкерлердің сенімділігін, мінсіз беделін және түзу ниетін қамтамасыз ететін барабар жүйелердің бар екенін куәландыратын дәлелдемелерді берген органға ұсыну және оны кәсіпорынның осындай әрбір қызметкерді өмір сүру үшін жеткілікті қаражатпен және жұмыспен қамтамасыз етудің жеткілікті кепілдіктерімен қамтамасыз ететіні туралы сендіру талабымен жүгінуі;
      1.3.4. ТЖК-ні беруге жауапты органның жеке жауапкершілігіне қысым жасамай, атап айтқанда, төмендегі 1.5-тармақта аталған техникалық талаптар мен нұсқауларды белгілеуге тиіс кәсіпорынмен жазбаша келісім жасасуы және кәсіпорыннан мыналарды:
      1.3.4.1. ТЖК бланкілерін шығаруға өзіне құпиялылықты қамтамасыз ету жөнінде қатаң міндеттерді қабылдауға тиіс тағайындалған қызметкерлердің ғана қатысуын қамтамасыз етуді;
      1.3.4.2. ТЖК бланкілерін кәсіпорыннан берген органның үй-жайына дейін тасымалдау кезінде барлық қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдауды. Бланкілерді беретін лауазымды адамдардың тарапынан осы тұрғыдан ұқыпсыздық анықталмағандығы негізінде олар жауапкершіліктен босатылмайды;
      1.3.4.3. осындай әрбір партияны оның құрамы туралы нақты ақпараты бар жүкқұжатпен сүйемелдеуді талап етуі тиіс; атап айтқанда жүкқұжатта әрбір орамдағы ТЖК-нің нөмірлері көрсетілуі тиіс;
      1.3.5. егер бастапқы мердігердің келісімді орындауды жалғастыруға мүмкіндігі болмаса, келісімде жұмыстарды аяқтауға жол беретін ереженің болуын қамтамасыз етуі;
      1.3.6 келісімге қол қойғанға дейін кәсіпорынның жоғарыда көрсетілген міндеттемелерді тиісті дәрежеде орындауы үшін қаражаты бар екендігіне көз жеткізуі тиіс.
      1.4 Берген орган немесе кәсіпорын ТЖК бланкілерін мүше мемлекеттің аумағынан тыс жерге жеткізген жағдайда, мүше мемлекеттің құзыретті органы осы тармақтың талаптарын орындау мақсатында шетелдік мемлекеттің тиісті органына өкілеттік бере алады.
      1.5 Құзыретті орган өзгесінен бөлек:
      1.5.1. ТЖК бланкілерін шығаруда пайдаланылатын барлық материалдарға қатысты егжей-тегжейлі техникалық талаптарды белгілеуі; бұл материалдар осы Конвенцияның I Қосымшасында баяндалған жалпы техникалық талаптарға сәйкес болуы тиіс;
      1.5.2. ТЖК бланкілерінің нысаны мен мазмұнына қатысты I Қосымшада белгіленген талаптарға сәйкес нақты техникалық талаптарды белгілеуі;
      1.5.3. егер кейіннен әр түрлі баспа машиналары пайдаланылатын болса, ТЖК бланкілерінің біркелкі басып шығарылуына осы техникалық талаптардың ықпал етуін қамтамасыз етуі;
      1.5.4. ТЖК-нің әрбір бланкісінде белгілі бір кезектілікпен және I Қосымшаның ережелеріне сәйкес басып шығарылатын құжаттың бірегей нөмірін генерациялау үшін нақты нұсқаулар беруі;
      1.5.5. өндірістік процесс барысында барлық материалдардың сақталуына қатысты нақты техникалық талаптарды белгілеуі тиіс.
      2. Бланкілер мен толтырылған ТЖК-ні сақтау және өңдеу, сондай-ақ есептілік мәселелері
      2.1. Куәліктерді беру процесіне байланысты барлық операциялар (ТЖК-нің бланкілерін, күшін жойған және толтырылған ТЖК-ні, оларды толтыруға арналған құралдар мен материалдарды сақтауды, өтініштерді қарауды, ТЖК-ні беруді, дерекқорды жүргізуді және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қоса алғанда) берген органның тікелей бақылауымен жүргізілуі тиіс.
      2.2. Берген орган куәліктерді беру процесіне қатысатын барлық ресми тұлғаларды бағалауды және олардың әрқайсысына қатысты мінсіз беделі, таза ниеті және сенімділігі туралы куәлік дайындауы тиіс.
      2.3. Берген орган куәліктерді беру процесіне қатысатын ресми тұлғалардың бір отбасының мүшелері болмауын қамтамасыз етуі тиіс.
      2.4. Куәліктерді беру процесіне қатысатын ресми тұлғалардың нақты жауапкершілік салаларын берген орган тиісті түрде белгілеуі тиіс.
      2.5. Бірде-бір ресми тұлға ТЖК-ні алу туралы өтініштерді қарауға және тиісті ТЖК-ні дайындауға байланысты барлық операцияларды орындауға жауапты болмауы тиіс. ТЖК-ні беруге жауапты ресми тұлғаға өтініш жолдайтын ресми тұлға куәліктерді беру процесіне қатыспауы тиіс. Өтініштерді қарау және ТЖК-ні беру жөніндегі әр түрлі міндеттерді орындайтын ресми тұлғалар арасында алмастыру жүргізілуі тиіс.
      2.6 Берген орган ішкі пайдалану үшін мыналарды:
      2.6.1. ТЖК бланкілерінің жабық үй-жайларда сақталуын, олардың операциялардың күндізгі межелі көлеміне сәйкес және оларды дербес деректермен толтыру үшін жауапты ресми тұлғаларға ғана, сондай-ақ кез келген арнайы уәкілеттік берілген ресми тұлғаға берілуін және ТЖК-нің артық бланкілерінің әр күннің соңында қайтарылуын; ТЖК-нің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар санкциясыз қол жеткізуді болдырмау және тәртіп бұзушыларды анықтаудың басқа да тәсілдерін қамтуы тиіс;
      2.6.2. үлгі ретінде пайдаланылатын барлық ТЖК бланкілерінің мәнінің жойылуын және тиісті таңбалануын;
      2.6.3. ТЖК-нің әрбір бланкісінің және толтырылған, бірақ берілмеген әрбір ТЖК-нің болуы туралы, олардың ішінде жабық үй-жайда сақталатындарын және нақты ресми тұлғаның немесе ресми тұлғалардың қолындағыларын көрсете отырып, күн сайынғы ведомостің дайындалуын және қауіпсіз жерде сақталуын; ведомсті ТЖК бланкілерімен немесе толтырылған, бірақ әлі берілмеген ТЖК-мен жұмысқа қатыспайтын ресми тұлға жүргізуі тиіс;
      2.6.4. ТЖК бланкілеріне, сондай-ақ оларды толтыруға арналған құралдар мен материалдарға ТЖК бланкілерін толтыруға жауапты ресми тұлғаларды немесе кез келген арнайы уәкілеттік берілген тұлғаны қоспағанда, кез келген тұлғалардың қол жеткізуін болдырмауды;
      2.6.5. әрбір толтырылған ТЖК-нің жабық үй-жайда сақталуын және оның ТЖК-ні беруге жауапты ресми тұлғаға ғана не кез келген арнайы уәкілеттік берілген тұлғаға берілуін;
      2.6.5.1 арнайы уәкілеттік берілген ресми тұлғалар тобын:
      а) берген органның атқарушы басшысы немесе атқарушы басшыны ресми білдіретін кез келген тұлға берген жазбаша рұқсат негізінде әрекет ететін тұлғалармен; және
      b) төмендегі 5-тармақта ескерілген бақылаушымен және тексеру жүргізу немесе өзге бақылауды жүзеге асыру үшін тағайындалған тұлғалармен шектеген жөн;
      2.6.6. олардың отбасы мүшелерінің немесе жақын досының өтініші бойынша куәліктерді беру процесіне ресми тұлғалардың кез келген қатысуына қатаң тыйым салуды;
      2.6.7. ТЖК-нің немесе оны толтыруға арналған құралдар мен материалдардың кез келген ұрлануын немесе ұрлауға әрекет жасауын тергеу үшін полиция билік орындарына дереу хабарлауды қамтамасыз ететін ережелерді дайындауы тиіс.
      2.7. Берілу тәртібінде қателік жасалған жағдайда, тиісті ТЖК күшін жоғалтады, оған түзетулер енгізуге болмайды және оны беруге болмайды.
      3. Өтініштерді өңдеу; ТЖК-нің қолданылуын тоқтата тұру немесе алып қою, апелляция рәсімдері
      3.1. Берген орган ТЖК-ні алуға арналған өтініштерді қарауға жауапты ресми тұлғалардың жалғандық пен компьютерлік техниканы пайдалануды анықтау әдістерін тиісті оқытудан өтуін қамтамасыз етуге тиіс.
      3.2. Берген орган ТЖК-ні: мүдделі теңізші толтырған және қол қойған өтініштің, ұсынылған тұлға дәлелдемелерінің, азаматтық тиістілігі немесе мемлекет аумағында тұрақты тұруының дәлелдемесі, сондай-ақ өтініш берушінің теңізші болып табылатындығының дәлелдемесі негізінде ғана беруді қамтамасыз ететін ережелерді әзірлеуі тиіс.
      3.3. Өтініште осы Конвенцияға I Қосымшада міндетті ретінде белгіленген барлық ақпарат болуы тиіс. Өтініштің бланкісінде өтініш берушілерді кез келген көрінеу жалған деректерді хабарлағаны үшін сотпен қудалануы мен қылмыстық жазалануы мүмкін екендігі туралы ескертетін жазба белгісі болуы тиіс.
      3.4. ТЖК-ні алуға алғашқы өтініш жасаған кезде және оның қолданылу мерзімін ұзартуға байланысты болашақтағы кез келген қажеттілік жағдайында:
      3.4.1. толтырылған, бірақ қол қойылмаған өтінішті өтініш беруші берген орган тағайындаған ресми тұлғаға жеке беруге тиіс;
      3.4.2. өтініш берушінің цифрлық фотосуретін немесе фотосуретінің түпнұсқасын шығаруды және биометрикалық деректерін  іріктеу тағайындалған ресми тұлғаның бақылауымен жүзеге асырылуы тиіс;
      3.4.3. өтінішке тағайындалған ресми тұлғаның қатысуымен қол қойылуы тиіс;
      3.4.4. осыдан кейін өтінішті тағайындалған ресми тұлға оны қарау үшін берген органға жіберуі тиіс.
      3.5. Берген орган цифрлық фотосуреттің немесе фотосурет түпнұсқасының және биометрикалық деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауы тиіс.
      3.6. Өтініш беруші ұсынған жеке басының дәлелдемесі беретін мемлекеттің заңнамасы мен практикасына сәйкес келуі тиіс. Кеме иесінің, кеме капитанының немесе өтініш берушінің өзге жұмыс берушісінің тарапынан не өтініш берушінің оқу орны директорының тарапынан оның ұқсастығын растайтын жақын кезеңдегі фотосурет жеке басының осындай дәлелдемесі бола алады.
      3.7. Әдетте өтініш берушінің паспорты немесе мемлекет аумағында тұрақты тұруға рұқсат беретін құжаты азаматтық тиістілігінің немесе мемлекет аумағында тұрақты тұруының дәлелдемесі болып табылады.
      3.8. Өтініш берушілер өздерінде болуы мүмкін кез келген басқа азаматтық туралы жариялауы және олар басқа мүше мемлекеттердің бірінен де ТЖК-ні алмағандығы және оларды беру туралы өтініштермен жүгінбегенін де растауы тиіс.
      3.9. Егер өтініш берушінің басқа ТЖК-сі болса, оған ТЖК берілмеуі тиіс.
      3.9.1. Теңізшіге қызмет атқару мерзімдеріне байланысты оның ТЖК-нің қолданылу немесе оны жаңарту мерзімінің өту күні өтінішпен жүгіне алмайтындығы алдын ала белгілі болған жағдайларда, ТЖК-ні мерзімінен бұрын жаңарту жүйесі әрекет етеді;
      3.9.2. мерзімін ұзарту жүйесі ТЖК қолдану мерзімін ұзарту, қызмет мерзімінің кездейсоқ ұзартылуына байланысты талап етілген жағдайда қолданылуы тиіс;
      3.9.3. ауыстыру жүйесі ТЖК жоғалған жағдайда қолданылуы тиіс. Тиісті уақытша құжат берілуі мүмкін.
      3.10. Осы Конвенцияның 1-бабына сәйкес өтініш берушінің теңізші болып табылатындығының дәлелдемелері ең болмағанда мыналарды қамтуы тиіс:
      3.10.1. алдыңғы ТЖК-ні немесе теңізшінің жұмыстан босатылғаны туралы анықтаманы; немесе
      3.10.2. білімі, біліктілігі немесе өзге де тиісті даярлығы туралы аттестаты; не
      3.10.3. тең күші бар дәлелдемелерді.
      3.11. Егер оған қажеттілік туындаса, қосымша дәлелдемелер сұратылуы тиіс.
      3.12. Барлық өтініштер ТЖК-ні беретін органның құзыретті ресми тұлғасы тарапынан ең болмағанда мынадай тексеру рәсімдеріне ұшырауы тиіс:
      3.12.1. өтініштің толық толтырылуын және хабарланған мәліметтердің шынайылығына күмән келтіретін алшақтықтардың болмауын тексеру;
      3.12.2. хабарлаған мәліметтер мен қолы өтініш берушінің паспортындағы немесе сенім туғызатын басқа құжаттардағы деректері мен қолына сәйкес болуын тексеру;
      3.12.3. төлқұжаттың немесе өзге де ұсынылған құжаттың түпнұсқалылығын паспортты бақылау органымен немесе басқа да құзыретті органмен бірлесіп тексеру; паспорттың түпнұсқалылығына қатысты күмән туындаған жағдайда, оның түпнұсқасын тиісті органға жіберу керек; өзге жағдайларда тиісті беттерінің көшірмелері жіберілуі мүмкін;
      3.12.4. мән-жайларға байланысты ұсынылған фотосуретті жоғарыдағы 3.4.2-тармақта айтылған цифрлық фотосуретпен салыстыру;
      3.12.5. жоғарыдағы 3.6-тармақта айтылған, айқын шынайы дәлелдемелерінің сәйкестігін тексеру;
      3.12.6. жоғарыдағы 3.10-тармақта айтылған, өтініш берушінің шын мәнінде теңізші болып табылатындығын растайтын дәлелдемелерді тексеру;
      3.12.7. тиісті өтініш берушіге ТЖК-нің берілмегендігін анықтау үшін Конвенцияның 4-бабында айтылған дерекқорға жүгіну арқылы тексеру; егер өтініш беруші бірден артық елдің азаматы болып табылса немесе өзінің азаматтық тиістілігінен тыс елде тұрақты тұратын болса, қажетті сұрау салуды басқа елдің немесе басқа да тиісті елдердің құзыретті органдарына да жіберу керек;
      3.12.8. өтініш берушіге сәйкес келетін тұлғаның ықтимал қауіпсіздікті төндірмейтіндігін анықтау үшін берген орган қол жеткізе алатын кез келген тиісті ұлттық немесе халықаралық дерекқорға жүгіну арқылы тексеру.
      3.13. Жоғарыдағы 3.12-тармақта айтылған ресми тұлға тексерулердің әрқайсысының нәтижесін жария ететін іс бойынша қысқаша түсіндірмелерді және өтініш берушінің теңізші болып табылатындығы туралы қорытындыны негіздейтін фактілерді дайындауға тиіс.
      3.14. Толық тексерілгеннен кейін өтініш қосымша ұсынылған құжаттармен және ресми түсіндірмелермен бірге ТЖК-ні толтыруға жауапты ресми тұлғаға тапсырылады, ол өтініш берушіге берілетін болады.
      3.15. Толтырылған ТЖК берген органның тиісті құжаттар жинағымен бірге берген органның ресми басшы тұлғасының біреуіне бекітуге жіберіледі.
      3.16. Ресми басшы тұлға ең болмағанда ресми түсіндірмелерді қарағаннан кейін, егер рәсімдер тиісті дәрежеде сақталғандығына және өтініш берушіге ТЖК-ні беру негізделген болып табылатындығына көз жеткізген жағдайда ғана құжаттар жинағын бекітеді.
      3.17. Бұл шешім жазбаша түрде ресімделуі және арнайы қарауды талап ететін өтініштің кез келген аспектілеріне қатысты түсіндірмелермен сүйемелденуі тиіс.
      3.18. ТЖК (паспортпен немесе ұсынылған осыған ұқсас құжатпен бірге) өтініш берушіге тікелей қол қойдыру арқылы берілуі немесе өтініш берушіге не оның өтінішіне сәйкес тапсырылғандығы туралы хабарламамен бірге сенімді почталық жөнелту арқылы оның капитанына немесе жұмыс берушісіне жіберілуі тиіс.
      3.19. ТЖК өтініш берушіге берілгенде Конвенцияға II Қосымшада көрсетілген мәліметтер Конвенцияның 4-бабында айтылған дерекқорға енгізілуі тиіс.
      3.20. Берген органның ережесінде ТЖК-ні алу мен жөнелтудің арасындағы уақыттың ең жоғарғы кезеңі белгіленуі тиіс. Егер тапсыру туралы хабарлама осы уақыт кезеңі ішінде алынбаған болса және теңізшіге тиісті хабарланғаннан кейін тиісті жазба белгісі дерекқорға енгізілсе, ТЖК жоғалған деп ресми түрде танылады, бұл туралы тиісті ақпарат теңізшіге жіберіледі.
      3.21. Барлық жазба белгілер, атап айтқанда, ресми түсіндірмелер (жоғарыдағы 3.13-тармақты қараңыз) және 3.17-тармақта айтылған түсіндірмелер тәрізділер ТЖК-нің қолданылу мерзімі ішінде және ол аяқталғаннан кейін үш жыл қауіпсіз жерде сақталуы тиіс. 3.17-тармаққа сәйкес талап етілетін бұл жазба белгілері мен түсіндірмелер: а) жедел бақылауға жауапты тұлғаларға; b) ТЖК алуға өтініштерді қарауға қатысатын, ресми тұлғаларға; с) оқыту мақсатында қолжетімді болатын жеке ішкі дерекқорға енгізілуі тиіс.
      3.22. ТЖК-ның дұрыс берілмегендігі туралы немесе солардың негізінде ол берілген шарттардың өзгеруі туралы ақпарат алынған кезде осы мәселе куәлікті дереу қайтарып алу мақсатында берген органның қарауына дереу тапсырылады.
      3.23. ТЖК-нің қолдануын тоқтата тұру немесе алып қою кезінде берген орган өзінің дерекқорын жаңартуға және осы ТЖК қазіргі кезде жарамды деп танылмайтындығын дереу көрсетуі тиіс.
      3.24. Өтінішке сәйкес ТЖК-ні беру туралы теріс шешім қабылданған жағдайда немесе ТЖК-нің қолдануын тоқтата тұру немесе алып қою туралы шешім қабылданған жағдайда өтініш беруші оның аппеляция құқығы туралы ресми хабардар етілуі, сондай-ақ тиісті шешімнің қабылдану себептері туралы толықтай хабардар етілуі тиіс.
      3.25. Аппеляция рәсімдері мейлінше жылдам болуы және объективті әрі толық қаралуы туралы талаптарға сәйкес келуі тиіс.
      4. Дерекқордың жұмыс істеуі, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны қолдау
      4.1. Берген орган осы Конвенцияның 4-бабының ережелерін іске асыру үшін атап айтқанда:
      4.1.1. Конвенцияның 4-бабының 4, 5 және 6-тармақтарының талаптарына сәйкес үйлестіру орталығының немесе аптасына жеті күн ішінде тәулік бойы электрондық қол жеткізудің болуын;
      4.1.2. дерекқордың қауіпсіздігін;
      4.1.3. деректерді сақтау, өңдеу және хабарлау процесінде тұлғаның құқықтарын құрметтеуді;
      4.1.4. оған қатысты деректердің дәлдігін тексеруге және дәлсіздіктер анықталған жағдайда оларды уақтылы түзетуге теңізшілердің құқықтарын құрметтеуді қамтамасыз ететін қажетті шарттар мен ережелерді дайындауы тиіс.
      4.2. Берген орган:
      4.2.1. берген органның үй-жайларынан тыс қауіпсіз жерде тасымалдаушыда сақталған дерекқордың қосалқы көшірмелерін жүйелі түрде жасау туралы талабын;
      4.2.2. ол тек қана арнайы уәкілеттік берілген ресми тұлғаға беретін дерекқорға қол жеткізу немесе дерекқордағы жазбаларға оларды жасайтын тұлға растағаннан кейін өзгерістер енгізуге рұқсатты қоса алғанда, дерекқорды қорғау үшін тиісті рәсімдерді әзірлеуі тиіс.
      5. Рәсімдер сапасын бақылау және мерзімді бағалау
      5.1. Берген орган ТЖК-ні сақтау немесе өңдеу процесіне қатыспайтын, өзінің мінсіз беделімен, түзу ниетімен және сенімділігімен белгілі ресми басшы тұлғалардың бірін:
      5.1.1. осы ең төменгі талаптарды орындаудың тұрақты мониторингін жүзеге асыру үшін;
      5.1.2. оларды орындаудағы кез келген кемшіліктерге дереу назар аударту үшін;
      5.1.3. ТЖК берудің рәсімдерін жетілдіру мәселелері бойынша атқарушы басшы мен мүдделі ресми тұлғаларға кеңес беру үшін;
      5.1.4. жоғарыда айтылған мәселелер бойынша сапаны бақылау туралы баяндаманы басшылыққа ұсыну үшін бақылаушы ретінде тағайындауы тиіс. Мүмкіндігінше бақылаушы бақылауға жататын барлық операциялармен танысуы керек.
      5.2. Бақылаушы беру органының атқарушы басшысының алдында тікелей есеп беруі тиіс.
      5.3. Атқарушы басшыны қоса алғанда, беру органының барлық ресми тұлғаларына бақылаушыға, оның өз міндеттерін орындауы үшін қажетті деп есептеген барлық құжаттамаларды немесе ақпаратты ұсыну міндеті жүктелуі тиіс.
      5.4 Берген орган ресми тұлғаның бақылаушымен шабуылға ұшырау қаупінсіз еркін сөйлесе алатындай болуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдауы тиіс.
      5.5. Бақылаушыға берілген өкілеттік шеңберінде, мынадай міндеттерді шешуге айрықша көңіл бөлінуі тиіс:
      5.5.1. берген органның функцияларын тиімді орындау үшін ресурстардың, үй-жайлардың, жабдықтың және персоналдың жеткілікті болуын тексеру;
      5.5.2. ТЖК-нің бланкілері мен толтырылған ТЖК-нің қауіпсіз сақталуы үшін тиісті шарттарды қамтамасыз ету;
      5.5.3. жоғарыда көрсетілген 2.6, 3.2., 4 және 5.4-тармақтарға сәйкес тиісті ережелердің, шарттардың немесе рәсімдердің қабылдануын қамтамасыз ету;
      5.5.4. тиісті ресми тұлғалардың осы ережелерді, шарттарды немесе рәсімдерді тиісті білуі мен ұғынуын қамтамасыз ету;
      5.5.5. ТЖК алуға өтінішті қабылдаудан бастап оны беру рәсіміне дейінгі жиналған нақты мәліметтерді қарауға байланысты тиісті жазба белгілер мен басқа да жазбаларды қоса алғанда, әрбір орындалатын операцияны іріктеу негізінде егжей-тегжейлі мониторинг;
      5.5.6. ТЖК бланкілерін, құралдар мен материалдарды сақтау үшін қолданылатын қауіпсіздіктің тиімді шараларын тексеру;
      5.5.7. электронды түрде сақталатын ақпараттың қауіпсіздігі мен шынайылығын және егер қажет болса, сенім білдірілген сарапшының көмегімен, аптасына жеті күн тәулік бойы қол жетімділік туралы талаптың сақталуын тексеру;
      5.5.8. ТЖК-ні негізсіз беру мүмкіндігі, қолдан жасау мүмкіндігі немесе ТЖК-ні алдау тәсілімен алуы туралы сенім туғызатын хабарлама жағдайында ішкі регламентті бұзушылықтарды немесе ТЖК-ні негізсіз беруге, қолдан жасауға немесе ТЖК-ні негізсіз беруге әкеліп соқтыруы мүмкін жүйедегі осал тұстарды табу мақсатында тергеу жүргізу;
      5.5.9. Конвенцияның 4-бабының 2, 3 және 5-тармақтарының талаптарын ескере отырып, дерекқорда қамтылған егжей-тегжейлі мәліметтерге қол жетімділіктің жеткіліксіздігі туралы не осы мәліметтердегі дәлсіздіктер туралы шағымдарды тексеру;
      5.5.10. беру рәсімдерін жетілдіру және осал тұстарын жою мақсатында берген органның атқарушы басшысы тарапынан уақтылы және тиімді шаралар қабылданылуын қамтамасыз ету;
      5.5.11. жүзеге асырылатын сапаны тексерудің нәтижелерінің есебін жүргізу;
      5.5.12. басшылардың сапаны тексерудің нәтижелерін қарауын қамтамасыз ету және осындай қараудың хаттамаларын жүргізу.
      5.6. Берген органның атқарушы басшысы куәліктерді беру жүйесінің сенімділігіне және рәсімдеріне мерзімді талдау жүргізілуін, сондай-ақ олардың осы Конвенцияның талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуі тиіс. Осындай талдау шеңберінде:
      5.6.1. куәліктерді беру жүйесі мен рәсімдерінің кез келген тексерулерінің нәтижелері;
      5.6.2. хаттамалар мен тексеру қорытындылары, сондай-ақ анықталған осал тұстарды және қауіпсіздік режимін бұзушылықтарды түзеуге бағытталған тиімді шараларды қамтамасыз етуге қатысты өзге де мәліметтер;
      5.6.3. берілген, жоғалған, күшін жойған немесе бүлінген ТЖК-ні есепке алу ведомосі;
      5.6.4. сапаны бақылау функциясына байланысты материалдар;
      5.6.5. дерекқорға келіп түскен сұрауларды қоса алғанда, электрондық дерекқордың сенімділігіне немесе қауіпсіздігіне қатысты проблемалар туралы тіркелген ақпарат;
      5.6.6. технологияны жетілдіру немесе ТЖК-ні беру рәсімін жаңарту нәтижесінде куәліктерді беру жүйесіне және рәсіміне енгізілген өзгерістердің салдары;
      5.6.7. басшылық жүзеге асыратын қараулардың нәтижелері бойынша қорытындылар;
      5.6.8. ХЕҰ тиісті актілерінде іске асырылған еңбек саласындағы негіз қалаушы принциптер мен құқықтарға толық сәйкестікте қолданылуын қамтамасыз ету үшін рәсімдерді тексеру ескерілуі тиіс.
      5.7. Басқа мүше мемлекеттер ұсынатын материалдарды санкциясыз жария етуге кедергі келтіретін тәртіп пен рәсімдер белгіленуі тиіс.
      5.8. Түгендеп бақылау рәсімін қоса алғанда, тексерудің барлық рәсімдері мен тәртібі өндірістік әдістер мен қауіпсіздік шаралары осы Ереженің талаптарына жауап беретіндігіне кепілдік беруі тиіс.

      Осы қазақ тіліндегі мәтін 2003 жылғы 3 маусымда Женева қаласында жасалған "Халықаралық Еңбек Ұйымының Теңізшілердің жеке куәліктері туралы N 185 (қайта қаралған) конвенциясының куәландырылған көшірмесінің мәтініне дәлме-дәл болып табылатындығын куәландырамын.

      Құжаттамалық қамтамасыз ету
      және мемлекеттік тілді дамыту
      департаментінің директоры                          Е. Маличева

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады