Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 3 қазандағы N 1524 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Владимир Карпович Божкоға Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 3 қазандағы
N 1524 қаулысымен  
мақұлданған    

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының
Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың
алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі
      екі мемлекеттің халықтары арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынасты нығайтуға ұмтыла отырып,
      азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту олардың халқының әл-ауқаты мен ұлттық қауіпсіздігіне жәрдемдесетінін мойындай отырып,
      төтенше жағдайлардың Тараптардың мемлекеттері үшін қауіп төндіретінін сезіне отырып,
      азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ғылыми-техникалық ақпарат алмасудың Тараптардың мемлекеттері үшін пайдасын ескере отырып,
      Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі мен Француз Республикасының Ішкі істер, теңіз арғы департаменттері және жергілікті өзін-өзі басқару органдары министрі 2008 жылғы 16 мамырда қол қойған Азаматтық қорғаныс саласындағы қазақстан-француз ынтымақтастығын дамыту жөніндегі ниеттер туралы декларацияны назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Келісімнің мәні

      1. Осы Келісім Тараптардың азаматтық қорғаныс, елеулі табиғи және техногендік тәуекелдердің алдын алу, төтенше жағдайларды жою, апат, ірі авария немесе өзге де зілзала жағдайында ерікті және өзара көмек көрсету жөніндегі азаматтық қорғаныс мамандарын оқыту саласындағы өзара іс-қимылын айқындайды.
      2. Осы Келісімнің ережелері Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында және Француз Республикасының еуропа аумағында қолданылады.

2-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер

      1. Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:
      Сұрау салушы тарап - басқа Тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен құтқару жабдықтарын жіберу туралы сұрау салатын Тарап;
      Ұсынушы тарап - басқа Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен құтқару жабдықтарын жіберу туралы сұрауын қанағаттандыратын Тарап;
      Құзыретті орган - Тараптардың әрқайсысы осы Келісімді іске асыру үшін тағайындайтын орган;
      көмек көрсету жөніндегі топтар - көмек көрсету жөніндегі мамандар топтары, оның ішінде көмек көрсетуге арналған және қажетті жарақтармен қамтамасыз етілген Сұрау салушы тараптың сұрауы бойынша апат орнына келген әскери персонал;
      төтенше жағдай - адамдардың қаза табуына, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық объектілеріне залал келтіруге, қомақты материалдық шығындар және халықтың тіршілік жағдайының бұзылуына әкеп немесе әкеп соғуы мүмкін авария, зілзала немесе апат салдарынан туындаған белгілі бір аумақтағы жағдай;
      төтенше жағдайлардың алдын алу - алдын ала жүргізілетін және төтенше жағдайлардың туындау қаупін барынша ықтимал азайтуға, олар туындаған жағдайда адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтірілетін залал мен материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;
      құтқару жұмыстары - төтенше жағдайлар аймағында адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару, қоршаған ортаны қорғау, оны оқшаулау және оларға тән қауіпті факторлардың әсер етуін бәсеңдету немесе барынша ықтимал төмен деңгейге дейін жеткізу жөніндегі іс-қимыл;
      жарақ - техника, техникалық және көлік құралдары, көмек көрсету жөніндегі топтардың жабдықтары, сондай-ақ көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерінің жеке жарақтары;
      құтқару жарақтары - көмек көрсету топтарының пайдалануына арналған қосымша құралдар мен басқа да заттар.

3-бап
Құзыретті органдар

      1. Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін мынадай құзыретті органдарды тағайындайды:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі;
      Француз тарапынан - Француз Республикасы Ішкі істер, теңіз арғы департаменттері және жергілікті өзін-өзі басқару органдары министрлігі.
      2. Тараптар өзінің құзыретті органдарының атауларындағы өзгерістер туралы немесе олардың функцияларының басқа органдарға берілгендігі туралы дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі дереу хабардар етеді.

4-бап
Бірлескен комиссия

      1. Тараптар осы Келісімнің ережелерін орындау жөніндегі іс-шараларды іске асыру үшін азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады.
      2. Комиссияның құрамын, жұмыс тәртібін және міндеттерін Тараптардың құзыретті органдары айқындайтын болады.

5-бап
Ынтымақтастық нысандары

      1. Осы Келісімге сәйкес барлық қызмет Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады және Тараптардың әрқайсысының қажетті қаражатының болуына негізделеді. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін:
      төтенше жағдайларды болжамдау, алдын алу және бағалау туралы ақпарат алмасу;
      халықты төтенше жағдайларда іс-әрекет жасауға, оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша дайындауды ұйымдастыру тәжірибесімен алмасу;
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мүдделі мемлекеттік әрі қоғамдық құрылымдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
      өнеркәсіптік авариялардың немесе дүлей зілзалалардың салдарынан ықтимал ластануларға байланысты қоршаған табиғи орта мен халыққа төнген қауіп-қатерді бағалау;
      ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жоспарлау, әзірлеу және жүзеге асыру, ғылыми-техникалық әдебиетпен және зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен, ғылыми-әдістемелік материалдармен, оның ішінде кадр жұмысында алмасу;
      ақпарат, мерзімді баспалармен, әдістемелік әдебиетпен, бейне және фото материалдармен алмасу;
      бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқулар және жаттығулар ұйымдастыру;
      бірлескен жарияланымдар мен баяндамалар дайындау;
      азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында мамандар даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тағылымдамадан өткізу;
      көмек көрсету жөніндегі топтар пайдаланатын жарақтар мен техниканы бағалау;
      төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмек көрсету.
      2. Осы ынтымақтастық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы екі Тараптың құзыретті органдарының жалпы келісімімен анықталған кез келген басқа қызметке қолданылуы мүмкін. Қызметтің жаңа түрлеріне ынтымақтастықтың мұндай қолданылуы осы Келісімге толықтырудың мәні болып табылады.

6-бап
Ұйымдар мен мекемелер арасындағы ынтымақтастық

      Тараптар азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы қызметті жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерінің ұйымдары мен мекемелері арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

7-бап
Тарап өкілдерін қабылдау шарттары

      1. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, Жіберуші тарап төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсетуге тікелей байланысты емес осы Келісімнің 5-бабында белгіленген қызметке қатысу кезінде өз өкілдіктері өкілдерінің белгіленген пунктке дейін жол жүру, тұру және өз өкілдерінің тамақтану шығыстарын көтереді.
      2. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, Қабылдаушы тарап бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқулар мен жаттығулар ұйымдастыру жөніндегі, сондай-ақ Жіберуші тарап өкілдерінің өз мемлекетінің аумағында жүріп-тұруы жөніндегі шығыстарды көтереді.

8-бап
Көмек көрсету

      Тараптар төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмекті мынадай тәртіппен көрсетеді:
      1. Төтенше жағдайларды жою кезіндегі көмекті Тараптар дипломатиялық арналар арқылы ресми сұрау негізінде көрсетеді. Уақыт тығыз болған жағдайда мұндай сұрау ауызша жүзеге асырылады және кейіннен қысқа мерзімде жазбаша расталуға жатады.
      2. Сұрауда төтенше жағдайдың сипаты туралы, қажетті көмек түрлері мен көлемі туралы барлық ақпарат болуы тиіс.
      3. Сұрау алған Тараптың сұрауды орындаудан бас тартуына құқығы бар. Бұл ретте көмек көрсетуден бас тарту туралы шешімді қабылдау құқығы ұсынушы тарап мемлекетінің аумағында болжанатын қазіргі жұмыс тәуекелдерінің болуына және көмек көрсету жөніндегі бос топтардың болуына негізделуі мүмкін.
      4. Сұрау алған тарап қысқа мерзімде сұранысты қарайды және Сұрау салушы тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтардың құрамын, сарапшылардың мамандықтарын көрсете отырып, көмек көрсетудің мүмкіндігі, нысаны, көлемі, шарттары туралы және әкелінетін жабдық пен құтқару жарағы туралы хабардар етеді. Сондай-ақ төтенше жағдай аймағына баруға пайдаланылатын көлік түрін және мемлекеттік шекарадан өтуге жоспарланған пунктті көрсетеді.

9-бап
Көмек көрсету шарттары

      1. Сұрау салушы тарап Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының тұруы жөніндегі шығыстарды, сондай-ақ осы Келісімнің 10-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен тамақтану жөніндегі шығыстарды көтереді.
      2. Сұрау салушы тарап Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының Сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында болуы кезеңінде медициналық қызмет көрсетуін қамтамасыз етеді.
      3. Сұрау салушы тарап кез келген сәтте оған көмек көрсету туралы өз сауалын қайтарып ала алады. Бұл жағдайда Сұрау салушы тарап Ұсынушы тараптың келтірілген шығыстарын атқарылған жұмыстың нәтижелері туралы есеп негізінде өтейді. Шығыстарды Сұрау салушы тарап көмек көрсету туралы сұранысты кері қайтарған сәттен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде өтеуі тиіс.
      4. Ұсынушы тарап көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерін сақтандыруды қамтамасыз етеді. Сақтандыруды ресімдеу жөніндегі шығыстар көмек көрсету жөніндегі жалпы шығыстарға қосылады.

10-бап
Көмек түрлері

      1. Төтенше жағдайларды жою кезіндегі көмек - төтенше жағдайлардың сипаты мен ауқымына байланысты көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен құтқару құралдарын жіберу арқылы көрсетіледі.
      2. Көмек көрсету жөніндегі топтарды жабдықтау 3 тәулік ішінде төтенше жағдай аймағында автономдық іс-қимылдар жүргізу үшін жеткілікті болуы тиіс. Жабдықтар қоры біткеннен кейін Сұрау салушы тарап көмек көрсету жөніндегі топтарды олардың одан әрі жұмыс істеуі үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.

11-бап
Көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды басқару

      1. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстарға басшылықты көрсетілген топтар қызметін үйлестіретін Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топ басшылары арқылы Сұрау салушы тараптың құзыретті органы жүзеге асырады.
      2. Сұрау салушы тарап белгілеген міндеттерді орындау үшін Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтары өз басшысының айрықша басшылығында қалады.
      3. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері Сұрау салушы тарап белгілеген төтенше жағдайлар аймағында жұмыстарды орындау үшін барлық жерге кіре алады.
      4. Сұрау салушы тарап төтенше жағдайлар аймағында және жұмыстың нақты учаскелерінде қалыптасқан жағдай туралы Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтар басшысына ақпарат береді.
      5. Қажет болған жағдайда Сұрау салушы тарап Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі осы топтарын аудармашылармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

12-бап
Мемлекеттік шекараны кесіп өту шарттары және
Сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында болу режимі

      1. Көмек көрсету жөніндегі топтардың жедел жетуі үшін әрбір Тарап мемлекеттік шекарадан өту шарттарын жеңілдетеді.
      2. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері Сұрау салушы тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасын олардың жеке басын куәландыратын құжаттары бойынша халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы кесіп өтеді. Топ жетекшісінде көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерінің тізімі және Ұсынушы тараптың құзыретті ведомствосы берген, оның өкілеттігін растайтын құжат болуы тиіс.
      3. Тараптардың уағдаластығы бойынша өзінің міндетін орындау шеңберінде көмек көрсету жөніндегі топ мүшелері Сұрау салушы тараптың мемлекеті аумағында визасыз және тұруға ықтиярхатсыз жүріп-тұруы мүмкін.
      4. Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері Сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында болу уақытында сол мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті.
      5. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері Сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында авариялық-құтқару жұмыстарын орындау кезінде өздерінің нысанды киімдерін киюге құқылы.
      6. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топ мүшелері Сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына қаруларды, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды әкеле алмайды.

13-бап
Төтенше жағдайларды жою кезінде
жарақтар мен құтқару құралдарын әкелу және әкету

      1. Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсету үшін Сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына әкелінетін және Ұсынушы тарап мемлекетінің аумағынан әкетілетін жарақ пен құтқару жабдығы кедендік баждардан, алымдардан және салықтардан босатылады.
      2. Көмек көрсету жөніндегі топтың басшысында Ұсынушы тараптың құзыретті органы берген әкелінетін жабдықтар мен құтқару құралдарының тізбесі болуы міндетті.
      3. Көмек көрсету жөніндегі топтарға Сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына жарақтар мен құтқару жабдықтарынан басқа қандай да бір заттар әкелуге тыйым салынады.
      4. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін әкелінген жарақ Сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағынан әкетілуге жатады. Егер айрықша жағдайларға байланысты жарақты әкету мүмкін болмаса, ол келісілген жағдайда Сұрау салушы тараптың құзыретті органына көмек ретінде өтеусіз берілуі мүмкін. Бұл жағдайда берілетін жарақтың түрлерін, санын және орналасқан жерін көрсете отырып, Сұрау салушы тараптың кеден органдарына хабарлау қажет.
      5. Көмек көрсету жөніндегі медициналық топтар өздерінің штаттық жабдықтарымен келеді. Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету қажет болған кезде Сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына құрамында есірткі және психотроптық заттар бар медициналық препараттардың қажетті саны әкелінуі мүмкін. Бұл жағдайда көмек көрсету жөніндегі топтың жетекшісі Ұсынушы және Сұрау салушы тараптардың кеден органдарына олардың номенклатурасы мен саны көрсетілген құрамында есірткі және психотроптық заттар бар медициналық препараттардың болуы туралы декларацияны көрсетеді.
      6. Көрсетілген медициналық препараттарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес білікті медициналық персонал ғана пайдаланады және Сұрау салушы тарапқа беруге жатпайды. Сұрау салушы тараптың препараттарды пайдалануды оларды қолдану орнында тексеруге құқығы бар.
      7. Құрамында есірткі және психотроптық заттар бар пайдаланылмаған медициналық препараттар Сұрау салушы тараптың кедендік бақылауымен әкетілуге жатады.

14-бап
Әуе кемелерін пайдалану

      1. Ұсынушы тараптың құзыретті органы Сұрау салушы тараптың құзыретті органына әуе кемелерін көмек көрсету үшін пайдалану ниеті туралы хабарлайды. Сұрау салушы тарап әуе кемелерін пайдалануға келісімін берген жағдайда Ұсынушы тарап әуе кемелерін пайдаланудың тиесілігін, мақсатын, нақты үлгісін, тану белгілерін, бағытын, экипаж мүшелерінің санын, Жүктің сипатын, әуе кемелерінің ұшу және қону орны мен уақытын көрсетуі тиіс.
      2. Сұрау салушы тарап әуе кемелерінің өз мемлекетінің аумағындағы белгіленген пунктке ұшуына рұқсат береді.
      3. Әуе қозғалысына қатысты әрбір Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасы, атап айтқанда, әуе қатынасына жауапты органдарға ұшулар туралы ақпарат беру кезінде қолданылады. Ұшулар Халықаралық азаматтық авиация ұйымы және Тараптардың мемлекеттері белгілеген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.

15-бап
Жұмыстардың аяқталуы

      1. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін Сұрау салушы тарап Ұсынушы тарапқа берілген жарақ пен құтқару жабдығын қайтарғанда Сұрау салушы тарап Ұсынушы тараптың жарақ пен құтқару жабдығына жауапты адамын және Ұсынушы тараптың құзыретті органдарын хабардар етеді.
      2. Ұсынушы тарап жарақтар мен құтқару жабдығын бөлу тоқтатылған жағдайда Сұрау салушы тарапқа тиісті жазбаша тәртіппен хабардар етеді. Өз кезегінде, Сұрау салушы тарап ұсынылған ақпаратты жабдық пен қамтамасыз ету материалдарына жауапты Сұрау салушы тараптың адамына хабарлайды.
      3. Ұсынушы тараптың жұмыстардың аяқталғандығы туралы шешімі дереу күшіне енеді және дауласуға жатпайды.
      4. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін Ұсынушы тараптың құзыретті органы Сұрау салушы тараптың құзыретті органына жүргізілген жұмыстар туралы жазбаша баяндама жібереді.
      5. Сұрау салушы тараптың құзыретті органы Ұсынушы тараптың құзыретті органына болған оқиға туралы қорытынды баяндама жібереді, онда ең алдымен өнеркәсіптік аварияның, апаттың немесе дүлей зілзаланың сипаттамасы, алынған көмек түрі мен көлемі, жүргізілген жұмыстардың нәтижелері қамтылады.

16-бап
Шығыстарды өтеу

      1. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, Сұрау салушы тарап Ұсынушы тарапқа көмек көрсетуге байланысты шығыстарды өтейді.
      2. Ұсынушы тарап, ұшқаны, аэродромға қонғаны, тұрақтағаны үшін және одан әуе кемелерінің ұшуы үшін, сондай-ақ аэронавигациялық қызметтер үшін ақы төлеуден босатылады.
      3. Сұрау салушы тарап әуе кемелері отынының шығыстарын өтейді.

17-бап
Залалды өтеу

      1. Сұрау салушы тарап көмек көрсету жөніндегі топ мүшелері қаза болған немесе жарақат алған жағдайда, егер мұндай залал көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау барысында келтірілсе, төлемдер бойынша шығыстарды өзіне алады. Төлемдер осы топ мүшесіне не оның тікелей мұрагерлеріне жәрдемақы түрінде жүргізіледі. Сұрау салушы тарап техника жөнделген немесе зақымдалғаны, жойылғаны немесе жоғалғаны ауыстырылған жағдайда төлемдер бойынша шығыстарды өзіне алады.
      2. Техниканы жөндеуге немесе ауыстыруға арналған мұндай төлемдердің не шығыстардың мөлшері Ұсынушы тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалады.
      3. Осы ережелер көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшесі болып табылмайтын еске салынған фактілерге жауапты үшінші тұлғаға да қолданылады.
      4. Егер көмек көрсету жөніндегі жұмыс барысында Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топ мүшесі Сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында тұра отырып заңды немесе жеке тұлғаға залал келтірсе, онда залалды Сұрау салушы тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес Сұрау салушы тарап өтейді.
      5. Сұрау салушы тарап Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топ мүшесінің қасақана немесе өрескел ұқыпсыздықпен келтірген зиянының шығыстарын өтеуін Ұсынушы тараптан талап етуі мүмкін.
      6. Тараптардың құзыретті органдары орындау кезінде осы бапта еске салынған зиян келтірілген жұмыстарға қатысты барлық қажетті ақпаратпен алмасады.

18-бап
Ынтымақтастықты қаржыландыру

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық және көмек көрсету Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

19-бап
Ақпаратты пайдалану

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жариялауға жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келісімнің шеңберінде жүргізілген қызметтің нәтижесінде алынған ақпарат жарияланады және Тараптардың әрқайсысының әдеттегі практикасы мен ұйғарымының негізінде пайдаланылады.

20-бап
Басқа міндеттемелер мен халықаралық келісімдер

      Осы Келісім қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

21-бап
Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың арасында келіссөздер және консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.

22-бап
Келісімнің күшіне енуі, қолданылу мерзімі және бұзу тәртібі

      1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың өзара келісімі бойынша кез келген уақытта оған осы баптың 1-тармағында белгіленген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
      3. Осы Келісім Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
      4. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылуы басталған, бірақ оның қолданылуы тоқтатылғанға дейін аяқталмаған, оған сәйкес жүзеге асырылатын қызметті қозғамайтын болады.
      20_ жылғы "___" _________ __________ әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық үш мәтіннің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының              Француз Республикасының
      Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады