Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 13 қазандағы N 1581 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Васильевич Жигаловқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық, талаптардан босату туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 13 қазандағы
N 1581 қаулысымен  
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының
Үкіметі арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттардың
иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі (бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын),
      екі мемлекеттің өзара достық қарым-қатынастарын нығайтуға ұмтылысын назарға ала отырып,
      Тараптар мемлекеттерінің дипломаттық және қызметтік паспорттарды иеленуші азаматтарының өзара сапарларына ықпал етуге тілек білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптардың әрқайсысының мемлекетінің жарамды дипломаттық немесе қызметтік паспорттарды иеленуші азаматтары 30 (отыз) күннен аспайтын кезеңге екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу, болу немесе транзитпен өту үшін визалық талаптардан босатылады.

2-бап

      Тараптардың әрқайсысының мемлекетінің жарамды дипломаттық немесе қызметтік паспорттарды иеленуші, екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық, өкілдіктердің, консулдық мекемелердің немесе халықаралық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын азаматтары, сондай-ақ олардың жарамды дипломаттық немесе қызметтік паспорттары бар олармен бірге тұратын және отбасы мүшелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына өздеріне тағайындалған кезеңге визасыз келуге, болуға және кетуге құқылы.

3-бап

      Осы Келісім бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы қолданыстағы заңнаманы сақтау міндеттерін қозғамайды.

4-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің аумағында болуы қолайсыз деп танылған екінші Тарап мемлекеті азаматының келуінен бас тарту немесе болу мерзімін қысқарту құқығын өзінде сақтайды.
      2. Тараптардың бірі мемлекетінің азаматы дипломаттық немесе қызметтік паспортын екінші Тарап мемлекетінің аумағында жоғалтқан жағдайда, ол болатын мемлекеттің құзыретті органдарының қажетті шаралар қабылдауы үшін оларға бұл туралы хабарлауға міндетті. Бұл ретте осы азамат мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі оған жаңа жол жүру құжатын береді және болатын мемлекеттің құзыретті органдарын бұл туралы хабардар етеді.

5-бап

      1. Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптар осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы жарамды дипломаттық және қызметтік паспорттардың үлгілерімен, осындай құжаттардың толық сипаттамасын қоса алғанда, алмасады.
      2. Әрбір Тарап, сондай-ақ жаңа және өзгертілген паспорттардың үлгілерін, осындай құжаттардың толық сипаттамасын қоса алғанда, олар қолданысқа енгізілгенге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жолдауға тиіс.

6-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және денсаулықты қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын ішінара немесе толық тоқтата тұру құқығын өзінде сақтайды. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру, тоқтата тұруды алып тастау туралы шешім күшіне енгенге дейін 72 (жетпіс екі) сағаттан кешіктірілмей, ол дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жеткізілуі тиіс.
      2. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген, екінші Тараптың аумағында болатын азаматтардың құқықтық жағдайына әсер етпейді.

7-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша кез келген уақытта өзгерістер енгізілуі мүмкін. Тараптар келіскен кез келген өзгеріс осы Келісімнің 9-бабына сәйкес күшіне енеді.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.

9-бап

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы жазбаша хабарламалардың соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) күн өткеннен кейін күшіне енеді.
      2. Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап тоқсан (90) күн өткенге дейін ол қолданыста болады.
      _____ жылғы "___"_____ Астана қаласында әрқайсысы қазақ, серб, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндерінің бірдей күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының          Сербия Республикасының
      Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады