Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Болгария Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттарды иеленуші азаматтардың визасыз сапарлары туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 13 қазандағы N 1582 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Болгария Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттарды иеленуші азаматтардың визасыз сапарлары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Васильевич Жигалов Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Болгария Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттарды иеленуші азаматтардың визасыз сапарлары туралы келісімге кол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
      3. Осы қаулы кол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 13 қазандағы
N 1582 қаулысымен
мақұлданған   

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Болгария Республикасының
Үкіметі арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттарды
иеленуші азаматтардың визасыз сапарлары туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Болгария Республикасының Үкіметі,
      өзара достық қатынастарды одан әрі нығайтуға және Тараптар мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу ниетін басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптардың бірі мемлекетінің жарамды дипломаттық немесе қызметтік паспорттары бар азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келеді, кетеді, транзитпен өтеді және онда алғашқы келген күнінен бастап есептегенде 6 (алты) ай ішінде 90 (тоқсан) күнге дейінгі мерзімде уақытша болады.
      2. Тараптардың бірі мемлекетінің артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытында оның ұлттық заңнамасын құрметтейді.

2-бап

      1. Тараптардың бірінің мемлекетінің қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында жұмыс істейтін дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын азаматтары қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына өздерінің ресми мәртебесін растайтын құжаты және жарамды дипломаттық немесе қызметтік паспорты болған жағдайда визасыз келеді, кетеді және өзінің аккредиттелу мерзімінің бүкіл кезеңінде тұрады. Мұндай қызметкерлердің тағайындалуы туралы жіберуші Тарап дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты алдын ала хабардар етеді.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелері санамаланған азаматтардың ресми болу мерзімінде олармен бірге тұратын дипломаттық немесе қызметтік паспорттары бар отбасы мүшелеріне де қолданылады:
      а) Қазақстан Республикасының азаматтары үшін - жұбайы немесе зайыбы, некеге тұрмаған 18 жасқа дейінгі балалары;
      б) Болгария Республикасының азаматтары үшін - жұбайы немесе зайыбы, некеге түрмаған 18 жасқа дейінгі балалары; қабылдаушы мемлекетте оқитын және некеге тұрмаған 25 жасқа дейінгі еңбекке жарамсыз балалары.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген тұлғалардың виза алу қажеттілігінен босатылуы оларға өздері азаматы болып табылмайтын Тараптардың бірінің мемлекетінде коммерциялық немесе еңбек қызметімен айналысу құқығын бермейді.

3-бап

      1. Тараптардың әрқайсысының өз шешімін уәждемей-ақ екінші Тарап мемлекеті азаматының келуіне рұқсат беруден бас тартуға немесе оның өз мемлекетінің аумағында болу мерзімін қысқартуға құқығы бар.
      2. Тараптардың әрқайсысының ерекше жағдайларда, ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп және денсаулық сақтау мүдделерінде осы Келісімнің қолданылуын толық, ішінара немесе уақытша тоқтата тұруға құқығы бар.
      Тараптардың бірі диптоматиялық арналар арқылы екінші Тарапқа мүмкіндігінше өте қысқа мерзімдерде, бірақ 24 сағаттан кешіктірмей, осындай шаралардың қабылданғаны және тиісінше олардың жойылғаны туралы хабарлайды.
      3. Келісім осы баптың 2-тармағында көрсетілген шараларды қабылдау сәтінде екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған бір Тарап мемлекетінің дипломаттық паспорттарының иелері - Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты қолданылуын жалғастыра береді.

4-бап

      Тараптар мемлекеттерінің Сыртқы істер министрліктері осы Келісімге кол қойылғаннан кейін дереу, бірақ 30 (отыз) күннен кешіктірмей, дипломатиялық арналар арқылы қолданыстағы дипломаттық және қызметтік паспорттардың үлгілерімен алмасады, сондай-ақ жаңа паспорттарды енгізуге дейінгі 30 (отыз) күннен кешіктірмей, олардың үлгілерін бір-біріне жолдайды және оларды қолданудың тәртібі туралы хабарлайды.

5-бап

      1. Дипломаттық немесе қызметтік паспорттардың иелері болып табылатын Тараптар мемлекеттерінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында оларды жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда, бұл туралы болатын мемлекеттің Сыртқы істер министрлігін хабардар ететін өз мемлекетінің дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне дереу хабарлайды.
      2. Жоғалған немесе бүлінген құжаттың орнына сол адам азаматы болып табылатын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі оған паспортты уақытша алмастыратын құжат береді. Қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағынан кету сол мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес мүмкін болады.

6-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар немесе келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар жолымен шешеді.

7-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

8-бап

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап 30-шы күні күшіне енеді.
      2. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапты жазбаша хабардар ету жолымен осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Осы Келісім екінші Тарап дипломатиялық арналар арқылы осындай жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап үш айдан кейін қолданысын тоқтатады.
      200_ жылғы ___________"___"_________ қаласында әрқайсысы қазақ,
болгар және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, орыс тіліндегі мәтін қолданылады.

      Қазақстан Республикасының          Болгария Республикасының
      Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады