Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2009 жылғы 10 маусымда Минск қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 29 қазандағы
N 1705 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының
Үкіметі арасындағы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі,
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы 1996 жылғы 17 қаңтардағы мәдениет, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
1996 жылғы 29 наурыздағы Экономикалық және гуманитарлық саладағы ықпалдастықты тереңдету туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтарына оқу орындарына түсуге тең құқықтар беру туралы 1998 жылғы 24 қарашадағы Келісімнің 1-бабын назарға ала отырып,
екі елдің арасындағы өзара тиімді қатынастарды дамытуға және нығайтуға ұмтыла отырып,
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастық халықтар арасындағы байланысты тереңдетуге және жақсы өзара түсіністікке ықпал ететініне сене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында Тараптар:
Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының білім беру ұйымдарының арасында ынтымақтастықтың орнауына және дамуына;
білім алушылармен, профессор-оқытушы құрамының өкілдерімен алмасуға;
Тараптар мемлекеттерінің құқықтары, міндеттері мен жауапкершіліктері айқындалатын олардың мүдделі білім беру ұйымдарының арасындағы шарттар негізінде Тараптардың мемлекеттерінде өткізілетін симпозиумдарға, конференцияларға және басқа форумдарға екі Тараптың да мемлекеттері білім алушыларының, ғылыми және педагогикалық қызметкерлерінің өзара қатысуына;
оқулықтармен және басқа оқу материалдарымен, мерзімді басылымдармен, білім беру және ғылыми-зерттеу қызметінің әр түрлі аспектілері туралы ақпаратпен алмасуға жәрдемдеседі.
Тараптар жыл сайын білім алушылармен баламалы алмасуды жүзеге асырады.
Қазақстан тарапы бакалавриат бағдарламалары бойынша - үш адамды, магистратура - екі адамды, докторантура (Doctor of Philosophy (Ph.D) - бір адамды толық оқу курсына қабылдайды.
Беларусь тарапы жоғары білімнің бірінші деңгейіне - үш адамды, жоғары білімнің екінші деңгейіне (магистратура) - екі адамды, ғылым кандидатының ғылыми дәрежесін алуға (Doctor of Philosophy (Ph.D) (аспирантура) - бір адамды оқуға қабылдайды.
Қабылдаушы Тарап осы Келісімнің 2-бабына сәйкес алмасуға қатысушыларды оқуы үшін, оқу құралдарын, ғылыми-техникалық құжаттаманы, зерттеу жабдықтарын пайдаланғаны үшін төлемақыдан босатады және оларға:
оқуын, оқытатын елде қолданыстағы білім стандарттарының талаптарына сәйкес ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуді;
өз мемлекетінің азаматтарымен тең жағдайда жоғары оқу орнының жатақханасында тұруды;
өз мемлекетінің денсаулық сақтау саласындағы ұлттық заңнамасы шеңберінде медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
Қабылдаушы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес алмасуға қатысушыларға стипендия төлейді.
Көліктік шығыстарды төлеу алмасуға қатысушылардың өздерінің, жіберуші білім беру ұйымдарының, жіберуші Тараптың заңнамасында тыйым салынбаған өзге көздердің есебінен жүргізіледі.
Жіберуші Тарап жыл сайын 30 сәуірден кешіктірмей қабылдаушы Тарапқа ұсыныстар және осы Келісімнің 2-бабына сәйкес оқуға кандидаттардың қажетті құжаттарын ұсынады.
Қабылдаушы Тарап жыл сайын 30 маусымға дейін жіберуші Тарапты кандидаттарды қабылдау мүмкіндігі туралы хабардар етеді, қабылдайтын білім ұйымдарының атауларын және алмасуға қатысушылардың оқу мерзімін хабарлайды.
Жіберуші Тарап қабылдаушы Тарапқа оқудың басталуына дейін екі апта бұрын алмасуға қатысушылардың келетін күнін хабарлайды.
Қабылдаушы Тарап жіберуші Тарапты осы Келісім шеңберінде оқуға қабылданған алмасуға қатысушылардың орналасқаны туралы хабардар етеді.
Тараптар басқа Тарап мемлекетінің азаматтарына оның тілімен, мәдениетімен, ұлттық тарихымен, әдебиетімен, географиясымен, әдет-ғұрыптарымен және дәстүрлерімен танысуға мүмкіндік беретіндей жағдай жасауға ықпал етеді.
Тараптар жоғары білім, ғылыми дәрежелер мен атақтар туралы құжаттарды тану және оның баламалылығын белгілеу мәселелері бойынша ақпаратпен алмасуға және консультациялар өткізуге жәрдемдеседі.
Өзара келісім негізінде Тараптар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді және ғылыми зерттеулерді басқару жүйесімен және сол саладағы саясатпен танысу үшін жоғары оқу орындары басшыларының және профессор-оқытушы құрамы өкілдерінің делегацияларымен алмасады.
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес басқа Тарап мемлекетінің сұрауларына сай оның жоғары оқу орындарында лекциялар оқу үшін және оқытушылық қызметті жүзеге асыру үшін тіл немесе басқа мамандықтар мұғалімдерін жібереді.
Осы Келісімнің 7 - 8-баптарында көзделген ынтымақтастықты қаржыландыру Тараптар мемлекеттерінің мүдделі жоғары оқу орындарының арасында жасалған шарттарға сәйкес жүзеге асырылады, онда олардың құқықтары, міндеттері және жауапкершіліктері анықталады.
Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
Қазақстан Республикасынан - Білім және ғылым министрлігі;
Беларусь Республикасынан - Білім министрлігі Тараптардың уәкілетті органдары болып табылады.
Осы Келісімге екі Тараптың да келісімі бойынша хаттамалар нысанында осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Келісім Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату, егер Тараптар әрбір нақты жағдайда кері шешім қабылдамаса, оның шеңберінде жүзеге асырылатын білім алушылармен алмасуға, осы Келісімнің қолданылуын тоқтату күніне дейін аяқталмаған жобаларға немесе бағдарламаларға әсер етпейді.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім бес жыл мерзім ішінде қолданыста болады. Егер Тараптардың ешқайсысы кезекті бес жылдық кезеңнің аяқталуына дейін кемінде алты ай бұрын басқа Тарапқа оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, осы мерзім өткен соң ол кейінгі бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылатын болады.
2009 жылғы 10 маусымда Минск қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің күші бірдей. Осы Келісімді түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланатын болады.
Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін