Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 қазандағы N 1713 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2009 жылғы 29 қазандағы
N 1713 қаулысымен  
мақұлданған    

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының
Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы
келісім
(2010 жылғы 13 қыркүйекте күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2010 ж., N 6, 61-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі,
      Тараптар мемлекеттері арасындағы өзара түсіністікті және достық қатынастарды нығайтуға ұмтыла отырып,
      теңдік және өзара тиімділік негізінде туризмді дамыту мақсатында,
      Италия Республикасының Еуропалық одаққа мүшелігін назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелеріне және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға, Италия Республикасына қатысты Италия Республикасы қатысушы болып табылатын Еуропалық одақ заңнамасына және Шенген келісімдеріне сәйкес туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытады.

2-бап

      Тараптар Еуропалық одақ, Шенген келісімдері шеңберінде және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес туризм мақсатында екі мемлекет арасында саяхат жасайтын Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты шекаралық, кедендік және өзге де рәсімдерді оңайлатуға ұмтылады.

3-бап

      Тараптар туризмді дамытуға қатысатын қазақстандық және италиялық субъектілер салатын инвестицияларға жәрдемдеседі.

4-бап

      Тараптар туристік қызметті реттейтін нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ туризм статистикасы саласында ақпарат, білім және тәжірибе алмасуды көтермелейді.

5-бап

      Тараптар туризм саласындағы оқу технологияларымен және зерттеулермен, туристік индустрия үшін кадрлар даярлау, іс-шаралар, көрмелер өткізу жөніндегі ақпаратпен, сондай-ақ туристік сала мен туристік қонақ үй бизнесіндегі менеджментпен алмасады.

6-бап

      Осы Келісім Тараптардың өз мемлекеттері, атап айтқанда Еуропалық одақтың мүшесі және Шенген келісімдеріне қатысушы болып табылатын Италия Республикасы қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

7-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар жолымен шешеді.

9-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткенге дейін өз күшінде қалады.
      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оны қолдану барысында басталған іс-шаралар аяқталғанға дейін олардың орындалуына әсер етпейді.
      Осы Келісім 2009 жылғы "____ "_________________ қаласында қазақ, италия, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

       Қазақстан Республикасының       Италия Республикасының
       Үкіметі Үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады