"Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қарашадағы № 1978 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Министрі                                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Заңы

«Нормативтік құқықтық актілер туралы»
Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 2-3, 25-құжат; 2001 ж., № 20, 258-құжат; 2002 ж., № 5, 50-құжат; 2004 ж., № 5, 29-құжат; № 13, 74-құжат; 2005 ж., № 17-18, 73-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 12, 86-құжат; № 13, 100-құжат; № 19, 147-құжат; 2008 ж., № 13-14, 55-құжат; № 21, 97-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат 2009 жылғы 20 қазанда «Егемен Қазақстан» және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу мәселелері бойынша өзгеріс енгізу туралы» 2009 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы):
      1) 1-бап мынадай мазмұндағы 16) тармақшамен толықтырылсын:
      «16) заңдық техника - нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу тәсілдерінің, талаптары мен ережелерінің жиынтығы.»;
      2) 2-бапта:
      3-тармақта «, оның ішінде құқықтық нормаларды қамтитын шарттарды» деген сөздер алып тасталсын;
      4-тармақтың 3) тармақшасындағы «стандарттар» деген сөз «нормалар» деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Техникалық және технологиялық нормалар қамтылған нормативтік актілерде құқықтық нормалары болмауға тиіс.»;
      3) 3-баптың 3-тармағын 2) тармақшасындағы «немесе оның құрылымдық бөлімшесінің» деген сөздер алып тасталсын;
      4) 11-бап алып тасталсын;
      5) 14-бапта:
      3-тармақтың төртінші бөлігіндегі «ресімдеу мен» деген сөздер алып тасталсын;
      7-тармақта:
      «басқа нормативтік құқықтық актілерге» деген сөздер «бір деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге» деген сөздермен ауыстырылсын;
      «немесе тиісті органдарға осындай актілер дайындау туралы тапсырма берілуге» деген сөздер алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Егер Қазақстан Республикасы заңнамалық актісінің, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлығының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулысының дайындалып отырған жобасы нормаларының қолданылуын қамтамасыз ету үшін төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болса, негізгі акт жобасымен бір мезгілде көрсетілген өзгерістер мен толықтырулар көрсетілген актілердің жобалары дайындалуға немесе тиісті органдарға осындай актілерді дайындау туралы тапсырма берілуге тиіс.»;
      мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:
      «8. Әзірленген заң жобалары мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберіле отырып, бір мезгілде заң жобаларының ережелерін қоғамдық бірлестіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен және қалың көпшілікпен талқылау қамтамасыз етіліп, уәкілетті органның web-сайтында жарияланады (таратылады). Тиісті ақпарат заң жобаларының өтуіне қарай, оны Парламент қабылдағанға дейін жаңартылуға тиіс.»;
      6) 15-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші сөйлеммен толықтырылсын:
      «Егер Қазақстан Республикасы Заңының қолданылуын қамтамасыз ету үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдау қажет болса (егер мұндай қажеттілік болмаса, онда ол ілеспе хатта көрсетіледі), негізгі акт жобасына оны іске асыру үшін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары қоса беріледі. Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда Заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган заңға тәуелді актінің тиісті жобасын сұратады және бір мезгілде ұсынады.»;
      7) 17-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «17-бап. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын ресімдеу Нормативтік құқықтық актілердің жобалары осы Заңға қосымшада жазылған Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын ресімдеу жөніндегі ережеге (заң техникасы) сәйкес ресімделеді.»;
      8) 18-бапта:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Нормативтік құқықтық актінің мазмұнына қойылатын талаптар»;
      2-тармақ алып тасталсын;
      9) 19, 20, 27 және 28-баптар алып тасталсын;
      10) 21-баптың 2-тармағының 6) тармақшасы алып тасталсын;
      11) мынадай мазмұндағы 29-1-баппен толықтырылсын:
      «29-1-бап. Қабылданған нормативтік құқықтық актілерге қатысты құқықтық мирасқорлық
      Нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығы берілген мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған жағдайда, құқықтық мирасқорға оның құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығымен бірге бұрын қабылданған нормативтік құқықтық актілерді өзгерту және олардың қолданылуын тоқтату жөніндегі өкілеттік ауысады.»;
      12) 43-1-баптың 1-тармағында «және ескірген» деген сөздер «, ескірген және сыбайлас жемқорлықты тудыратын» деген сөздермен ауыстырылсын;
      13) осы Заңға қосымшаға сәйкес қосымшамен толықтырылсын.

      2-бап. Осы Заң алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

1998 жылғы 24 наурыздағы № 213   
«Нормативтік құқықтық актілер туралы»
Қазақстан Республикасының Заңына   
қосымша              

Заң техникасы

1. Жалпы талаптар

      1. Осы Заң техникасы кодекстерді, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдарды, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық заң күші бар жарлықтарын; Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлықтарын; Қазақстан Республикасы Президентінің өзге де нормативтік құқықтық жарлықтарын; Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның палаталарының қаулыларын; Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Жоғарғы Сотының және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулыларын; Қазақстан Республикасының министрлері мен өзге де орталық мемлекеттік органдар басшыларының бұйрықтарын; орталық мемлекеттік органдардың қаулыларын; мәслихаттардың шешімдерін, әкімдіктердің қаулыларын, әкімдердің шешімдерін (бұдан әрі - актілер) ресімдеу жөніндегі талаптарды белгілейді.
      2. Барлық актілерде міндетті түрде мынадай деректемелер болуы тиіс:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы;
      2) акт нысанына сілтеме;
      3) осы актінің реттеу мәнін білдіретін тақырыбы;
      4) актінің қабылданған орны мен күні;
      5) актінің тіркеу нөмірі;
      6) актілерге қол қоюға уәкілетті адамның немесе адамдардың қолы;
      7) елтаңбалы мөр.
      3. Актінің құрамдас бөліктері: бөліктер, бөлімдер, кіші бөлімдер, тараулар, баптар, тармақтар, тармақшалар және абзацтар.
      4. Актінің негізгі құрылымдық элементі құқық нормаларын қамтитын бап немесе тармақ болып табылады. Құқық нормалары баптар түрінде «бап» атауымен заңнамалық актілерге енгізіледі. Өзге актілер тармақтардан тұрады, олар «тармақ» сөзімен атап көрсетілмейді.
      5. Көлемі жағынан ауқымды актілердің мазмұны жағынан жақын баптары (тармақтары) тарауларға біріктірілуі мүмкін. Мазмұны жағынан жақын бірнеше тарау бөлімдерге, ал бөлімдер актінің бөліктеріне біріктірілуі мүмкін.
      6. Көлемі жағынан ауқымды бөлімдерде кіші бөлімдер бөліп көрсетілуі мүмкін.
      7. Актінің баптары жекелеген құқық нормаларын қамтитын тармақтарға, ал тармақтар тармақшаларға бөлінуі мүмкін. Баптардың, тармақтар мен тармақшалардың ішінде бөліктер - құқықтың қисынды аяқталған, абзацтармен бөлінген жекелеген нормалары болуы мүмкін. Бөліктер бас әріппен басталып, нүктемен аяқталады.
      Мәтіннің мағыналық жағынан тұтас, бірінші жолда абзацпен бөлініп көрсетілетін және кіші әріппен басталатын бөлігі, бөліктің бас әріппен басталатын бірінші абзацын қоспағанда, абзац деп саналады. Абзацтар (бөліктің бірінші және соңғы абзацтарынан басқасы) нүктелі үтірмен аяқталады.
      8. Актінің әрбір бабы (тармағы), сондай-ақ бөліктері, бөлімдері, кіші бөлімдері, тараулары араб цифрларымен нөмірленеді. Баптардың (тармақтардың) нөмірленуі бүкіл акт үшін тізбекті болып табылады. Актінің тармақшаларының, бөліктерінің, бөлімдерінің және тарауларының нөмірленуі де дербес және тізбекті болып табылады.
      9. Баптың тармақтары мен тармақшаларының нөмірлері әрбір бап үшін дербес болады, ал негізгі құрылымдық элементі бап емес, тармақ болып табылатын актілерде әрбір тармақтың тармақшалары дербес нөмірленеді. Актінің әрбір бөліміндегі кіші бөлімдердің нөмірленуі де тізбекті емес, дербес болып келеді.
      10. Баптың тармақтарындағы тармақшалардың нөмірлері жақшасы бар араб цифрларымен мынадай түрде белгіленеді: 1), 2), 3) және одан әрі.
      Бір тармақтан тұратын актілерде тармақтар нөмірленбейді.
      Бір тармақтан тұратын бапта тармақты нөмірлеу талап етілмейді.
      11. Актіні қабылдаудың мақсаты мен себептерін, оның алдында тұрған негізгі міндеттерді түсіндіру қажет болған жағдайларда құқық нормаларын баяндаудың алдынан кіріспе бөлім (преамбула) беріледі.
      12. Актіде пайдаланылатын терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болғанда олардың мәні түсіндірілетін бап (тармақ) беріледі. Мемлекеттік тілдегі актіде терминдер мен анықтамалар әліпби тәртібімен орналастырылады. Орыс тіліндегі актіде терминдер мемлекеттік тілде жазылған ретпен сәйкес келуге тиіс.
      Актіде пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар біртектес қоғамдық қатынастарды реттейтін жоғары деңгейде тұрған актіде қолданылатын терминдер мен анықтамаларға сәйкес келуге тиіс.
      13. Пайдалануға ыңғайлы болу мақсатында актінің әрбір тарауының, оның бөлімінің, бөлігінің, сондай-ақ кіші бөлімдерінің тақырыптары болуға тиіс. Өзгерістер және (немесе) толықтыруларды енгізетін заңнамалық актілерден басқа, заңнамалық актілер баптарының да тақырыптары болуға тиіс.
      Актілер бөлімдерінің, кіші бөлімдерінің, тарауларының тақырыптары алдыңғы мәтіннен екі, ал келесі мәтіннен бір жоларалық интервалмен бөлінеді.
      14. Кодекстердің қажетті құрылымдық элементі мазмұны болып  табылады.
      15. Актінің құрылымына қосымшалар кіруі мүмкін.
      16. Актілердің мәтіндері нақты тұжырымдалуға және қолдан өшіріп-түзетусіз, бірыңғай қаріппен басылуға тиіс.
      17. Актінің мәтіні әдеби тілдің және заң терминологиясының нормалары сақтала отырып жазылады, оның ережелері барынша қысқа болуы және нақты әрі әртүрлі түсіндіруге жатпайтын мазмұнды қамтуы тиіс. Ескірген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттерді, метафораларды, қысқарған сөздерді қолдануға жол берілмейді. Тармақтың мазмұны (нормасы) басқа тармақтарда қайталап жазылмайды.
      18. Актінің мәтінінде мағыналық және құқықтық жүктемесі жоқ  декларациялық сипаттағы ереже қамтылмауға тиіс.
      19. Актілердегі тапсырмалар мемлекеттік органдарға не қажет болғанда олардың басшыларына жолдануға тиіс.
      Тапсырма беруші адамға бағынысты емес мемлекеттік органдарға қатысты актілердегі тапсырмалар ұсынымдық сипатта не олармен келісім бойынша жазылуы тиіс. Соңғы жағдайда мемлекеттік органның атауынан кейін «(келісім бойынша)» деп көрсетіледі.
      20. Актілердің мәтініндегі мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауына сәйкес толық және бүкіл мәтін бойынша бір үлгіде жазылуға тиіс.
      Акт мәтінінің өзінде қысқартудың не аббревиатураның мағынасын ашып жаза отырып, мәтіннің қарапайым әрі ықшам болуын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдардың атауларын қысқартуға жол беріледі.
      21. Ерекшеленген әріптермен (қою қаріппен) жазылатын актінің тақырыбын, тараулардың, бөлімдердің, кіші бөлімдердің атауларын, «ҚАУЛЫ ЕТЕДІ», «БҰЙЫРАМЫН, (БҰЙЫРАМЫЗ)» деген сөздерді, қол қоятын адамның лауазымын, атының инициалы мен тегін қоспағанда, актілердің мәтінінде абзацтарды дефистермен немесе өзге де белгілермен белгілеуге, сондай-ақ жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін бөліп көрсетуге және астын сызуға жол берілмейді.
      «ҚАУЛЫ ЕТЕДІ» деген сөздер бас әріптермен жазылады, оны басқа жолға бөліп тасымалдауға жол берілмейді.
      22. Актілердің жобасы, оның ішінде құпия сипаттағылары, әдетте, мынадай параметрлерді ескере отырып, белгіленген үлгідегі бланкілерде ресімделуге тиіс (6.0 және одан жоғары нұсқасындағы "WORD for WINDOWS" мәтіндік редакторын қолданумен):
      сол жақ жиегі - 2,5 см, оң жақ жиегі - 1,5 см, колонтитулдар - 2,5 см;
      қаріп - «ТimesNewRoman» № 14 өлшемдегі (қосымшаларда кіші өлшемдегі, бірақ № 10-нан кіші емес қаріп қолданылуы мүмкін);
      жоларалық интервал - бір жолдық;
      абзацтық шегініс (бірінші жолдың шегінісі) - 1,25 см;
      тақырып пен мәтін, мәтін мен қолдың арасындағы интервал - 2 жоларалық интервал.
      23. Актілер мен оларға қосымшалардың беттері нөмірленуге тиіс, бұл ретте әрбір қосымша үшін беттер дербес нөмірленуге тиіс (беттерді нөмірлеу беттің жоғарғы жағына, ортасына жүргізіледі, бірінші бет нөмірленбейді).
      24. Егер актімен комиссияның, жұмыс тобының немесе өзге де уақытша органның, сондай-ақ үкімет делегациясының дербес құрамы бекітілетін жағдайда, онда олардың жұмысына қатысатын адамдардың тегі, аты, әкесінің аты және лауазымы толық келтіріледі. Бұл ретте алдымен комиссия (жұмыс тобы, өзге де уақытша орган, делегация) басшылығының - басшының, оның орынбасарының (орынбасарларының) және хатшының деректері келтіріледі, одан кейін хаттамалық үлкендікке және мемлекеттік басқару лауазымдарының деңгейлеріне сәйкес, ал бір лауазымдар деңгейінің ішінде - әліпби тәртібімен орналасатын олардың мүшелерінің деректері көрсетіледі.
      25. Қажет болған жағдайда актілерде жоғары тұрған деңгейлер актілерінің баптарына (тармақтарына) сілтемелер келтірілуі, сондай-ақ осындай актілерге сілтеме жасала отырып, жоғары тұрған деңгейлердің құқықтық актілерінің нормаларынан жекелеген ережелер келтірілуі мүмкін.
      Актінің баптарында (тармақтары мен тармақшаларында) оның басқа баптарына (тармақтары мен тармақшаларына) сілтемелер жасау тек құқықтық нормалардың өзара байланысын көрсету не қайталауды болдырмау қажет болатын жағдайларда рұқсат етіледі.
      26. Абзацтарға, жолдарға және сөйлемдерге сілтеме жасау кезінде олардың нөмірленуі реттік сан есімдермен (жазумен) белгіленеді.
      27. Актінің мәтінінде бапқа (тармаққа және тармақшаға) сілтеме оның араб цифрларымен (сын есімдерді пайдалануға рұқсат етілмейді) таңбаланатын реттік нөмірін көрсету арқылы келтіріледі.
      28. Егер актінің мәтінінде актіге сілтеме болған жағдайда, онда оның түрі, қабылданған күні, тіркеу нөмірі және осы актінің атауы (көрсетілген дәйектілікпен) беріледі.
      Заңнамалық актілерге сілтеме жасау кезінде, Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлықтарын қоспағанда, олар тіркелген нөмірлерді көрсету талап етілмейді.
      Бұрын қабылданған актіге өзгерістер, толықтырулар енгізуді және/немесе оның күші жойылды деп тануды көздейтін актінің атауында актінің түрі, оның қабылданған күні мен тіркеу нөмірі көрсетілуге тиіс.
      29. Егер актінің мәтінінде бір актіге екі және одан артық дәйекті сілтеме келтірілсе, онда кейіннен оған сілтеме жасала отырып, актінің толық атауы бір рет (мәтінде бірінші аталған кезде) көрсетіледі.
      30. Егер актіде қосымшаларға сілтемелер болса, онда актіге бір қосымша болатын жағдайларды қоспағанда, қосымшалардың актінің мәтінінде аталуы тәртібімен берілетін қосымшалардың нөмірлері көрсетіледі.
      31. Актілердің мәтінінде күндерді таңбалау кезінде сөздік-цифрлық тәсіл қолданылады, мысалы: «2005 жылғы 13 қаңтар».
      32. Актілердің ережелеріне ескертпелер тиісті нұсқауларды мәтінде норманың мазмұнына залал келтірмей жазу мүмкін болмайтын ерекше жағдайларда рұқсат етіледі.

2. Бұрын қабылданған актілерге өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы актілерді ресімдеу

      33. Бұрын қабылданған актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін актінің тақырыбында актінің нысаны мен тақырыбына сілтеме жасалуға тиіс.
      Актінің мәтінінде бұрын қабылданған актілерге бірінші кезекте өзгерістер (не өзгеріс) енгізілетін болса, онда актінің атауы «...өзгерістер (өзгеріс) мен толықтырулар (толықтыру) енгізу туралы» болып жазылады, қабылданған актілерге бірінші кезекте толықтырулар (немесе толықтыру) енгізілген жағдайда, актінің атауы «...толықтырулар (толықтыру) мен өзгерістер (өзгеріс) енгізу туралы» болып жазылады.
      34. Бұрын қабылданған заңдарға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді, сондай-ақ олардың күші жойылды деп тануды көздейтін заң жобасын дайындау кезінде күнінен, ол тіркелген нөмірден және бұл актінің атауынан кейін жақшаның ішінде оның жылы, нөмірі мен «Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы» жинағында жарияланған құжаты не егер бұрын қабылданған заң көрсетілген жинақта жарияланбаса, ресми жарияланған өзге көзі көрсетіледі.
      Бұрын қабылданған актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді, сондай-ақ олардың күші жойылды деп тануды көздейтін өзге нормативтік құқықтық акт жобасын дайындау кезінде күнінен, ол тіркелген нөмірден және бұл актінің атауынан кейін жақшаның ішінде оның жылы, нөмірі мен егер олар көрсетілген жинақтарда жарияланса, «Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілері жинағы», «Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге орталық мемлекеттік органдарының актілері жинағы» жинақтарында жарияланған құжаты көрсетіледі.
      35. Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда актінің мәтіні мынадай редакцияда жазылады:
      «Йод тапшылығы ауруларының алдын алу туралы» 2003 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 19-20, 149-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:».
      Бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда актінің мәтіні мынадай редакцияда жазылады:
      «Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. «Мұнай туралы» 1995 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 11, 76-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 11, 150-құжат; 1999 ж., № 21, 787-құжат; 2003 ж., № 6, 34-құжат; № 11, 56-құжат; 2004 ж., № 22, 131-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 16, 70-құжат; 2006 ж., № 16, 99-құжат):».
      36. Үштен астам актіні өзгерту мен толықтыру кезінде жеке қосымшалармен ресімделетін тізбелер жасалады.
      Егер белгілі бір актінің құрылымдық бөлігінің бір элементтерінің күші жойылды деп танылуы, ал осы актінің басқа бөліктері жаңа редакцияда жазылуға тиіс болса, онда мұндай акт өзгерістердің тізбесіне енгізіледі.
      Көрсетілген талаптар заңнамалық актілерге қолданылмайды.
      37. Сол деңгейдегі жаңа актінің қабылдануына байланысты күші қойылды деп тануға, өзгертуге немесе толықтыруға жататын актілердің немесе олардың бөліктерінің (тарауларының, тармақтарының, тармақшаларының) саны едәуір болған жағдайда (үш және одан да көп), олардың тізбесі жеке актімен ресімделеді. Мұндай актінің жобасын негізгі актінің жобасын әзірлеуші дайындайды және онымен бір мезгілде ұсынады.
      Бір ғана актіге енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар бір тармақпен немесе тармақшамен көзделеді. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін актілердің тізбесіндегі барлық актілер, күші жойылды деп танылатын актілер тізбесіндегі сияқты олардың заңдық күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ олардың қабылданған (шығарылған) күні бойынша хронологиялық тәртіппен орналастырылады.
      38. Актінің құрылымдық бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде, осы құрылымдық бөлік мәтінінің мазмұны жаңа редакцияда жазылады.
      39. Қолданыстағы актінің құрылымдық бөлігінің мәтіні өзгерген кезде мұндай бөлік өзгертілген редакциясында қолданыла береді. Өзгертілген құрылымдық бөліктің мәтінінен кейін бұл бөліктің оны өзгерткен актінің редакциясында қолданылатынына сілтеме жасалады.
      40. Егер актіде қосымшаға сілтеме болса, онда актіге бір қосымша болатын жағдайлардан басқа, осы қосымшаның нөмірі жақшаның ішінде көрсетіледі.
      41. Қосымша құрылымдық бөліктер, оның ішінде қосымшалар қолданыстағы актінің мәтініне былайша енгізіледі:
      нақ сондай түрдегі соңғы құрылымдық бөлікке енгізілетіндері - кейінгі реттік нөмірлерімен;
      нақ сол түрдегі құрылымдық бөліктердің арасына енгізілетіндері - актінің өзінен бұрын тұратын құрылымдық бөліктерінің нөмірлерін қайталайтын қосымша нөмірлермен, мысалы: 2-1, 2-2-тармақтар; 8-1), 8-2) тармақшалар; 5-1-бөлім; 3-1, 3-2, 3-3-қосымшалар.
      Бұл ретте қолданыстағы негізгі актіге тағы да қосымшалар мен туынды актілерді енгізу туралы актілерде енгізу туралы актіге қосымшаға сәйкес қолданыстағы негізгі актіні қосымшамен немесе туынды актімен толықтыру туралы тармақ (тармақша) болуға тиіс.
      Қолданыстағы актіде енгізілген құрылымдық бөліктің мәтінінен кейін жақшаның ішінде енгізу туралы актіге сілтеме беріледі. Актінің қалған бөліктерінің нөмірленуі сақталады.
      42. Құпиялылық белгісі немесе «Қызмет бабында пайдалану үшін» «қпү»), «баспасөзде жарияланбайды», «баспасөзге арналмаған» деген белгілері бар актілер тізбеге олардың тақырыптары (атаулары) көрсетілместен енгізіледі.
      43. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін актілер тізбесіндегі барлық актілер, күші жойылды деп танылатын актілер тізбесіндегі сияқты, олардың қабылданған күндері бойынша хронологиялық тәртіппен орналастырылады.
      Бір күннің ішіндегі актілер олардың нөмірлеріне немесе ресми жариялану көздеріндегі құжаттардың нөмірлеріне сәйкес көрсетіледі.

3. Бұрын қабылданған актілердің күші жойылды деп
тану туралы актілерді ресімдеу ережелері

      44. Актінің қабылдануына байланысты бұрын қабылданған барлық нормативтік құқықтық актілер немесе олардың құрылымдық бөліктері, егер олар жаңа актіге енгізілген құқық нормаларына қайшы келсе немесе оларда қамтылса, күші жойылды деп танылуға, өзгертілуге немесе толықтырылуға тиіс.
      45. Жоғары деңгейдегі актінің күші жойылды деп танылған кезде, оны іске асыру үшін қабылданған төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің де күші жойылды деп танылуға тиіс.
      Бұл талап жоғары деңгейдегі актінің жекелеген нормаларын іске асыру үшін төменгі деңгейдегі актілер қабылданған, сол нормалар алып тасталған жағдайларда да қолданылады.
      46. Актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға тиісті актілер мен олардың бөліктерінің тізбесі не актінің өзінде, не оны қолданысқа енгізу тәртібі туралы актіде қамтылуға тиіс.
      47. Қолданыстағы актінің құрылымдық бөліктерінің күші жойылды деп танылған кезде мұндай бөліктері қолданыстағы актіден алып тасталады, бірақ олардың нөмірлері сақталады. Сақталған нөмірге актінің (немесе оның бөлігінің) күші жойылды деп тану туралы актіге сілтеме жасалады. Сақталған құрылымдық бөліктердің нөмірлері өзгермейді.
      48. Жаңа актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға, өзгертілуге немесе толықтырылуға тиіс және жаңа актіден деңгейі төмендеу актілердің немесе олардың бөліктерінің (тарауларының, баптарының, тармақтары мен тармақшаларының) саны едәуір (үш немесе одан да көп) болған жағдайда уәкілетті орган тиісті мемлекеттік органға олардың актілерінің күші жойылды деп тану, оларды өзгерту мен толықтыру туралы актілер қабылдауды (шығаруды) олардың қабылдану (шығарылу) мерзімін көрсете отырып тапсырады.
      Мұндай тапсырманың жобасын уәкілетті органға жаңа актінің жобасын енгізетін уәкілетті орган дайындайды.
      49. Егер акт мәнін (заңдық күшін) толығымен жоймаса, ол күші жойылды деп тануға арналған тізбеге жаңадан қабылданатын актіге қайшы келетін немесе соңғысында қамтылған бөлігінде ғана енгізіледі.
      Егер көлемі жағынан қомақты акт тармақтарының елеулі бөлігі күші жойылды деп тануға жататын болса, онда тізбеге өзінің күшін сақтайтын тармақтары туралы айтылып, бүкіл акт енгізіледі.
      50. Басқа актілердің нормаларын қайталайтын және жаңалығы жоқ актілер де күші жойылды деп тануға жатады.
      51. Күші жойылуға ресми жарияланған да, жарияланбаған да актілер қойылады.
      52. Негізгі акті де, мәтініне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген актілер (немесе олардың бөліктері) де күші жойылды деп тануға жатады. Толық күші жойылды деп тануға жататын қандай да бір актінің (тармағының, тармақшасының, абзацының) редакциясы бірнеше мәрте өзгерген жағдайда, тізбеге ол туралы барлық актілер, оның ішінде редакциясын өзгерткен аралық актілер дербес тармақтар түрінде енгізіледі.
      Көрсетілген талап заңнамалық актілерге қолданылмайды.
      53. Тізбеге дербес тармақтар түрінде жаңа шешімге қайшы келетін немесе оларда қамтылған оның қолданылу аясын, сондай-ақ уақыт бойынша және адамдар тобы бойынша оның жекелеген құрылымдық бөліктерінің қолданылу аясын кейіннен кеңейту туралы барлық актілер енгізіледі.
      54. Егер актіде бұрын қабылданған актілердің күші жойылды деп тануды көздеген басқа актінің немесе оның бөлігінің күші жойылды деп танылған жағдайда, бұрын қабылданған актілердің қолданысы қайта жаңғыртылмайды.
      55. Күшіне енгізілмеген актілердің күші жойылды деп тануға болмайды. Қажет болған кезде мұндай актілер жойылуы мүмкін.
      56. Қолданылу мерзімі өткен уақытша сипаттағы актілер мен актілердің құрылымдық бөліктері күші жойылды деп тануға жатпайды.
      Актілерде қолданылу мерзімі өткен уақытша сипаттағы нормалармен қатар тұрақты қолданылатын нормалар қамтылған және барлық осы нормалар күші жойылды деп танылуға жататын жағдайларда, тізбеге бүкіл акт толығымен енгізіледі.
      57. Егер актінің бабында (тармағында) күші жойылды деп танылуға жататын қосымшаға сілтеме қамтылса, онда тізбеге осы бап (тармақ) қана енгізіледі (жойылуға қойылады), ал қосымша бөлек ескерілмейді.
      Егер актінің бабында (тармағында) қосымшаны бекітумен қатар мағынасы сақталатын басқа да мәселелерге қатысты нормалар қамтылса, ал қосымша толық күші жойылды деп танылуға жатса, онда осы тармақ тізбеге қосымшаға қатысты бөлігінде енгізіледі, ал қосымша бөлек ескерілмейді.
      58. Егер жекелеген тармақтар толығымен, ал басқалары белгілі бір бөлігінде ғана күші жойылды деп танылуға жатса, онда алдымен толығымен күші жойылды деп танылуға жататын тармақтар көрсетіледі.

4. Актілерге қосымшаларды ресімдеу ережелері

      59. Актінің құрылымына қосымшалар енгізілуі мүмкін.
      60. Актіге графиктерді, кестелерді, схемаларды, карталарды, тізбелерді және басқа да материалдарды қосу қажет болған жағдайда, соңғылары бөлек қосымшалармен ресімделеді.
      61. Туынды актінің не қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында сол арқылы ол қабылданған негізгі актінің түріне, актінің қабылданған күніне және тіркеу нөміріне нұсқау қамтылуға тиіс. Мысалы, егер актінің мәтінінде «Қоса беріліп отырған ...нұсқаулық (...қағида, ...ереже) бекітілсін» деген сілтеме келтірілсе, онда қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышына:
      Қазақстан Республикасы
      Президентінің
      200 ___ ________
      № Жарлығымен
      бекітілген деп жазылады.
      Егер актіге бірнеше қосымша болған жағдайда, әрбір қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышында оның реттік нөмірі, сондай-ақ сол арқылы ол қабылданған актінің түрі, актінің қабылданған күні және оның тіркеу нөмірі көрсетіледі. Егер актіге қосымша біреу болса, онда ол нөмірленбейді.
      Мысалы, егер актінің мәтінінде:
      «1 (2, 3,...)-қосымшаға сәйкес» не «1 (2, 3,...)-қосымша» деген сілтеме келтірілсе, онда қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышына:
      «Нормативтік құқықтық актілер туралы»
      Қазақстан Республикасының Заңына немесе
      Қазақстан Республикасы
      Президентінің (Премьер-
      Министрінің)
      200 ____ ________
      № ______ Жарлығына (өкіміне)
      1 (2, 3,...)-қосымша деп жазылады.
      62. Егер жеке қосымшамен ресімделетін Нұсқаулыққа, Қағидаға, Ережеге және өзге де туынды актілерге қосымша болса, онда соңғыларының жоғарғы оң жақ бұрышына:
      Нұсқаулыққа (Қағидаға,
      Ережеге)
      1 (2, 3,...)-қосымша деп жазылады,
      бұл ретте Нұсқаулықтың, Қағиданың, Ереженің және өзге де туынды актілердің атауы толық көрсетіледі.
      63. Қосымшаның тақырыбы (атауы) міндетті түрде ол қабылданған негізгі актінің мәтініне сәйкес болуы тиіс.
      64. Құпиялылық белгісі немесе «Қызмет бабында пайдалану үшін» «қпү») деген белгісі бар актілерді ресімдеу осы Заң техникасының және көрсетілген мәселелерді реттейтін актілердің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады