Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Серік Нұртайұлы Баймағанбетовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 14 желтоқсандағы
№ 2103 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам
Республикасының Үкіметі арасындағы Есірткі құралдарының,
психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының
заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы күрестегі
ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі
есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымы және оларды теріс пайдалану Тараптар мемлекеттері халқының денсаулығы мен әл-ауқатына айтарлықтай қауіп төндіретінін түсіне отырып,
1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға түзетулер туралы 1972 жылғы Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулері бар 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияның, 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы конвенцияның және Біріккен Ұлттар Ұйымының 1988 жылғы Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының ережелерін назарға ала отырып,
Тараптар мемлекеттерінің егемендігін және ішкі істерге араласпау принципін қатаң құрметтей отырып, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күреспен айналысатын органдар арасындағы тиімді ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға ұмтылысты ескере отырып,
өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары мен халықаралық міндеттемелерін басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар осы Келісімнің шеңберінде және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прескурсорларының заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы күрес саласында ынтымақтасады.
2-бап
Осы Келісімде көзделген ынтымақтастық Тараптардың құзыретті органдары арасындағы тікелей байланыстар мен уағдаластықтар арқылы жүзеге асырылады.
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары:
Қазақстан Республикасы тарапынан:
Ішкі істер министрлігі;
Денсаулық сақтау министрлігі;
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы);
Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті;
Бас прокуратура.
Ауғанстан Ислам Республикасы тарапынан: Ішкі істер министрлігі;
Қаржы министрлігі;
Денсаулық сақтау министрлігі;
Есірткіге қарсы күрес министрлігі;
Ұлттық қауіпсіздік басқармасы;
Бас прокуратура.
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының атауларындағы өзгерістер туралы және олардың функцияларын басқа органдарға беру туралы Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.
3-бап
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпарат алмасу;
2) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша, оның ішінде олардың заңды айналымын бақылау бойынша заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілермен және олардың орындалу практикасы туралы материал алмасу;
3) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына байланысты қылмыстық әрекет нәтижесінен алынған ақшалай қаражатты заңдастыруға қарсы күрес саласында көмек көрсету;
4) нашақорлықтың алдын алу, нашақорлықпен ауыратын адамдарды емдеу және оңалту саласында өзара іс-қимыл жасасу.
4-бап
Осы Келісімнің шеңберінде ақпарат алмасу:
1) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналоггары мен прекурсорларының заңсыз айналымға түсу көздерін анықтаудың нысандары мен әдістеріне және олардың таралуының жолын кесу үшін қолданылатын әдістерге;
2) есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын тасымалдау кезінде қолданылатын оларды жасыру тәсілдеріне және оларды табу әдістеріне;
3) есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын бір Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына заңсыз өткізуге немесе заңсыз өткізу пиғылына байланысты нақты фактілер мен оқиғаларға;
4) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына қатыстылығы, сондай-ақ олардың екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы күдікті байланыстары туралы күдік туған адамдарға, ұйымдарға, ұйымдасқан қылмыстық топтарға;
5) есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын алып етудің анықталған бағыттарына;
6) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының жаңа түрлеріне;
7) есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың
аналогтарымен және прекурсорларымен жасалған заңсыз операциялардан
алынған кірісті заңдастыру тәсілдері мен әдістеріне;
8) есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын пайдаланушыларды анықтау әдістемесіне және оларды есепке алуды ұйымдастыруға қатысты жүзеге асырылады.
Осы Келісім Тараптарға ынтымақтастықтың өзге де өзара тиімді бағыттары мен нысандарын орнатуға және дамытуға кедергі келтірмейді.
5-бап
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес «бақыланатын жеткізілімдерді» өткізуді қоса алғанда, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын заңсыз өткізу арналарын жабу жөнінде келісілген іс-шаралар (операциялар) өткізудің орындылығы мен мүмкіндігін қарастырады.
Бақыланатын жеткізілімді өткізу туралы шешім әрбір нақты жағдайда қабылданады және қажет болғанда Тараптардың қаржылық уағдаластықтарын ескеруі мүмкін.
6-бап
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық сұрау салулардың негізінде немесе Тараптардың бірінің бастамасы бойынша жүзеге асырылады.
Көмек көрсету туралы сұрау салу жазбаша түрде фирмалық бланкіде жасалады, сұрау салуды жіберуші Тарап мемлекетінің құзыретті органының елтаңбалық мөрімен бекітіледі және оған:
1) сұрау салатын Тарап мемлекеті құзыретті органының және сұрау
салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органының атауы;
2) істің мәні мен сұрау салудың негізін баяндау, сондай-ақ оны орындау үшін қажетті басқа ақпарат кіреді.
Көмек көрсету туралы сұрау салу және қоса берілетін құжаттар осы Келісімге сәйкес ағылшын тілінде немесе сұрау салу жіберілетін Тараптың тілінде дайындалады.
Қажет болған жағдайда Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары сұрау салудың орындалуын жеңілдететін қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.
7-бап
Сұрау салу жіберілетін Тарап сұрау салуды алған күннен бастап екі айдан кешіктірмей оған ресми жауап береді.
Егер сұрау салынатын құзыретті орган сұрау салуды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне және басқа да маңызды мүдделеріне қауіп төндіруі мүмкін не өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп ұйғарса, сұрау салуды толық немесе ішінара орындаудан бас тартады. Сұрау салуды орындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда бас тарту себептері көрсетіле отырып, сұрау салатын Тарапқа жазбаша хабарланады.
8-бап
Тараптар Тараптардың кез келгені өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларының ережелеріне сәйкес құпия деп таныған алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді.
Тараптар осы Келісімге сәйкес алынған мәліметтер мен құжаттаманы сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдарымен алдын ала келіспей, үшінші мемлекеттерге бермейді.
9-бап
Тараптар осы Келісімнің ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өкілдерінің Бірлескен Комиссиясын құрады.
Бірлескен Комиссия өзара қызығушылық тудыратын мәселелерді қарау қажеттігіне байланысты Тараптар мемлекеттерінің астаналарында кезекпен шақырылады.
10-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше Тәртіп келісілмеген болса, Тараптар Осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру жөніндегі қаржылық шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес белгілейді және көтереді.
11-бап
Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
12-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.
Мұндай түзетулер осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіпке сәйкес күшіне енеді.
13-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты кез келген келіспеушіліктер Тараптар арасындағы өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
14-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше келісілмеген болса, осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде Тараптар ағылшын тілін пайдаланады.
15-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
16-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өзінің Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберген күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде болады.
Бұл ретте осы Келісімнің 8-бабының ережелері осы Келісімнің шеңберінде ұсынылған кез келген құпия ақпаратқа қатысты әрекет ететін болады.
____________ қаласында 200__ жылғы «____» ____________ әрқайсысы қазақ, дари, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Ауғанстан Ислам Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін