Ұлттық экономиканының бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына бюджеттік кредиттер беру шарттарын айқындау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 21 желтоқсандағы № 2148 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «2009 - 2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Заңына сәйкес кейіннен «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «КРІ Inc.» ЖШС) 4000000000 (төрт миллиард) теңге мөлшерінде, «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамына (бұдан әрі -«КДБ» АҚ) 5000000000 (бес миллиард) теңге мөлшерінде және «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - «ҚТҚЖБ» АҚ) 18277000000 (он сегіз миллиард екі жүз жетпіс жеті миллион) теңге мөлшерінде кредит беру үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - қарыз алушы) 048 «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ кредит беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша 2009 жылы бюджеттік кредиттер берілсін.
      2. «КРІ Inc.» ЖШС-не кредит беру үшін қарыз алушыға кредит берудің мынадай шарттары айқындалсын:
      1) кредиттің мақсаты «Атырау облысындағы алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенінің инфрақұрылымын салу» жобасын (бұдан әрі - жоба) қаржыландыру болып табылады;
      2) кредит мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шартымен жылдық 1,5 (бір бүтін оннан бес) пайызға тең сыйақы ставкасы бойынша негізгі борышты өтеудің алты жылдық жеңілдікті кезеңімен 20 (жиырма) жыл мерзімге беріледі;
      3) «КРІ Inc.» ЖШС үшін сыйақы ставкасы жылдық 3 (үш) пайыздан артық болмауы тиіс;
      4) қарыз алушы кредит бойынша негізгі борышты өтеуді осы тармақтың 2) тармақшасына сәйкес тең үлестермен жылдық кезеңділікпен жүзеге асырады;
      5) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жылдық кезеңділікпен жүзеге асырылады. Есептелген сыйақының бірінші төлемі қаражат қарыз алушының шотына аударылған күнінен бастап 11 (он бір) ай өткен соң жүргізіледі;
      6) қарыз алушының кредитті игеру кезеңі әкімшінің есепшоттан қаражатты алған сәтінен басталады және 2010 жылғы 1 желтоқсанда аяқталады;
      Бұл ретте, «КРІ Inc.» ЖШС қаражатты игеруді:
      жобаны қаржыландыру үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қаражат бөлу туралы оң шешім болған;
      «КРІ Inc.» ЖШС Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне Қытайдың Экспорт-Импорт Банкі мен «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы арасындағы бас келісім шеңберінде «Атырау облысындағы алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін салу» жобасын қаржыландыру жөніндегі Қытайдың Экспорт-Импорт Банкінің ниетін растайтын құжаттарды тапсырған жағдайда жүзеге асырады.
      3. «ҚДБ» АҚ-на кредит беру үшін қарыз алушыға кредит берудің мынадай шарттары айқындалсын:
      1) кредиттің мақсаты «ҚДБ» АҚ-ның кредит саясаты туралы меморандумда белгіленген экономиканың басымды салаларындағы инвестициялық жобаларға кредит беру ставкасын азайту болып табылады;
      2) кредит мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шартымен
0,1 (нөл бүтін оннан бір) пайызға тең жылдық сыйақы ставкасы бойынша
20 (жиырма) жыл мерзімге беріледі;
      3) «ҚДБ» АҚ-на арналған сыйақы ставкасы жылдық 0,2 (нөл бүтін оннан екі) пайыздан артық болмауы тиіс;
      4) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген мерзімнің соңында бір мезгілде жүзеге асырылады;
      5) кредит бойынша есептелген сыйақы төлеу жарты жылдық кезеңділікпен жүзеге асырылады. Есептелген сыйақыны бірінші рет төлеу қаражат қарыз алушының шотына аударылған күнінен бастап 6 (алты) ай өткеннен кейін жүргізіледі;
      6) қарыз алушының кредитті игеру кезеңі әкімшінің шоттан қаражатты алған сәтінен басталады және 2010 жылғы 1 қарашада аяқталады.
      4. «ҚТҚЖБ» АҚ-на кредит беру үшін қарыз алушыға кредит берудің мынадай шарттары айқындалсын:
      1) кредиттің мақсаты «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 7 желтоқсандағы Заңының 8-бабына сәйкес анықталған азаматтардың санаттарына жылдық 4 (төрт) пайыз сыйақы ставкасы бойынша алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру болып табылады;
      2) кредит мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шартымен 0,5 (нөл бүтін оннан бес) пайызға тең жылдық сыйақы ставкасы бойынша 10 (он) жылға беріледі;
      3) «ҚТҚЖБ» АҚ үшін сыйақы ставкасы жылдық 1 (бір) пайыздан артық болмауы тиіс;
      4) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген кредит мерзімі аяқталған соң бір мезгілде жүзеге асырады;
      5) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жарты жылдық кезеңділікпен жүзеге асырылады. Есептелген сыйақыны алғашқы төлеу қарыз алушыға кредит бөлінген сәттен бастап 6 (алты) ай өткен соң жүргізіледі;
      6) игеру кезеңі кредит қарыз алушының шотына аударылған күнінен бастап 3 (үш) жылды құрайды.
      5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (бұдан әрі - кредит беруші), Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі (бұдан әрі - әкімші) және қарыз алушы кредит шартының, тараптары болып табылады.
      6. Республикалық бюджеттен кредит бөлу әкімші өтінішінің негізінде қарыз алушының келісімі бойынша әкімшінің шотынан қарыз алушының корреспонденттік шотына кредит сомасын бір мезгілде аудару жолымен жүзеге асырылады.
      7. Кредит қарыз алушының кредиттерді қайтару жөніндегі міндеттемелерін қамтамасыз етпей бөлінеді.
      8. Қарыз беруші мен әкімші заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 5-тармағында көрсетілген кредит шарттарын жасасуды қамтамасыз етсін.
      9. Әкімші заңнамада белгіленген тәртіппен кредиттің мақсатты және тиімді пайдаланылуын бақылауды және оның мониторингін, өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін қамтамасыз етсін.
      10. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады