Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Екі мемлекет азаматтарының өзара сапарлары туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 25 желтоқсандағы № 2198 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2009 жылғы 15 қыркүйекте Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Екі мемлекет азаматтарының өзара сапарлары туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы кол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік
Республикасының Үкіметі арасындағы Екі мемлекет
азаматтарының өзара сапарлары туралы келісім

(2010 жылғы 11 сәуірде күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі,
      достық қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ екі мемлекет азаматтарының өзара сапарларын қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Шет елге шығу үшін жарамды құжаттардың иелері, екінші Тарап мемлекетінің визасы бар не осы Келісімнің 2, 3 және 5-баптарына сәйкес визалық талаптардан босатылған бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынастарға ашық кедендік пункттер арқылы немесе басқа да белгіленген кедендік пункттер арқылы келе алады, кете алады немесе транзитпен ете алады.
      2. Осы Келісімнің ұғымында шетелге жол жүру үшін жарамды құжаттар мыналар болып табылады:
      Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:
      дипломаттық паспорт;
      қызметтік паспорт;
      Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
      теңізші паспорты
      Қазақстан Республикасы әуе кемесінің экипаж мүшесінің сертификаты;
      Қазақстан Республикасына қайта оралуына арналған АБ және АЖ сериялы куәлік;

      Вьетнам Социалистік Республикасының азаматтары үшін:
      дипломаттық паспорт;
      ресми паспорт;
      паспорт;
      теңізші паспорты;
      Вьетнам Социалистік Республикасының Laissez-passer

2-бап

      1. Жарамды дипломаттық немесе қызметтік/ресми паспорттары бар Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары, сондай-ақ ата-анасының паспорттарында аттары және суреттері көрсетілген олардың балалары екінші Тарап мемлекетінің аумағына визалық талаптарсыз келе алады, кете алады және транзитпен өте алады және екінші Тарап мемлекетінің аумағында бірінші кірген күнінен бастап санағанда 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге қала алады.
      2. Бір Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінің немесе консулдық мекемесінің жазбаша өтініші негізінде екінші Тарап осы баптың 1-тармағында көрсетілген паспорттарды иеленуші азаматтарға болу уақытын ұзартады.

3-бап

      Екінші Тарап мемлекетінің аумағында дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің қызметкері ретінде жұмыс істейтін жарамды дипломаттық немесе қызметтік/ресми паспорттары бар Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары, сондай-ақ жарамды дипломаттық немесе қызметтік/ресми паспорттары бар олармен бірге тұратын отбасы мүшелері келген күнінен бастап 30 (отыз) күн ішінде екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органдарында болуын қажетті аккредиттеу рәсімдерін аяқтағаннан кейін өз қызметтік міндеттерін орындау кезеңі ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, бола алады және кете алады.

4-бап

      1. Осы Келісімнің 2, 3 және 5-баптарында көрсетілген Тараптардың бірінің мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіруі, шығуы, болуы және жүріп-тұруы осы Келісімге және екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Дипломаттық және қызметтік/ресми паспорттардың иелері болып табылатын және болатын мемлекетте аккредиттелген Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болуы кезінде болатын мемлекеттің ұлттық заңнамасын құрметтеуге міндетті. Болатын мемлекетте артықшылықтары мен иммунитеттері жоқ Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары болуын, жүріп-тұруын және транзитін тіркеу үдерісін қоса алғанда, екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған кезінде болатын мемлекеттің ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.

5-бап

      1. Теңізші паспорты бар Тараптардың бірінің теңіз кемесі экипажының мүшелері кеме рөлі болған жағдайда, егер олар екінші Тарап мемлекетінің аумағына айлақтар арқылы кіретін және шығатын болса, визалық талаптардан босатылады, сондай-ақ айлақ орналасқан қалада немесе ауданда бола алады.
      2. Теңіз кемесі экипажының мүшелері болып табылатын жоғарыда көрсетілген Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары айлақ орналасқан қаладан немесе ауданнан шыққан жағдайда немесе күтпеген және форс-мажорлық жағдайлардың себебінен құрлықта немесе әуеде жол жүруін жалғастыру қажет болған жағдайда екінші Тарап мемлекетінің визасын алуға міндетті.
      3. Шет елге шығу үшін жарамды паспорттары және әуе экипажының сертификаттары бар әуе кемесі экипажының мүшелері болып табылатын Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіру, шығу немесе транзитпен ету кезінде визалық талаптардан босатылады. Күтпеген және форс-мажорлық жағдайларда оларға әуежай аумағында қалуға рұқсат беріледі.

6-бап

      Бір Тарап мемлекетінің екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелген дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Тарап мемлекетінің қызмет бабында бара жатқан азаматтарына екінші Тарап мемлекетінің Сыртқы істер министрлігінің нотасы негізінде тиісті виза беруді жүзеге асырады.

7-бап

      1. Осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары құжаттарын жоғалтқан жағдайда құжаттарын жоғалтқандығы туралы мәлімдемені растайтын анықтама алу үшін ол туралы дереу болу мемлекетінің құзыретті органдарына хабарлауға тиіс.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген азаматтарға өз мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері шет елдерге шығу үшін жарамды жаңа құжаттар береді.

8-бап

      Осы Келісімнің 7-бабы 1-тармағының ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан тарапынан: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Сыртқы істер министрлігі.
      Вьетнам тарапынан: Вьетнам Социалистік Республикасы Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі және Сыртқы істер министрлігі.
      Жоғарыда айтылған құзыретті органдардың атаулары немесе олардың функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабарлайды.

9-бап

      1. Ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп немесе денсаулық сақтау мүддесі үшін Тараптардың әрқайсысы екінші Тарап мемлекетінің азаматына, егер көрсетілген тұлға жағымсыз болып танылса, кіруге рұқсат беруден бас тартуға, оның болу мерзімін қысқартуға немесе тоқтатуға құқылы.
      2. Мұндай жағдайда қабылдаушы Тарап бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы жағымсыз тұлғаның болу мерзімін қысқарту, болу мерзімін тоқтату не келуіне тыйым салу туралы шешім қабылданғаннан кейін 20 күн ішінде екінші Тарапқа хабарлайды.

10-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы індет, табиғи апаттар немесе басқа да төтенше жағдайлар болған жағдайда осы Келісімнің қолданысын толық немесе ішінара уақытша тоқтата тұруы мүмкін.
      2. Осындай уақытша тоқтата тұру туралы Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы хабардар етілуі тиіс.
      3. Осы Келісімнің қолдалынысын толық немесе ішінара тоқтата тұру осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Тараптардың бірі мемлекетінің аумағындағы Тараптар мемлекеттері азаматтарының жүріп-тұруы тәртібіне қолданылмайды.

11-бап

      Тараптар қажеттілігіне қарай дипломатиялық арналар арқылы ақпарат алмасады және осы Келісімнің ережелерін іске асыруға байланысты мәселелер бойынша консультациялар алады.

12-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және оның ажырамас бөліктері болып табылады.

13-бап

      Осы Келісімді түсіндіру немесе орындау кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер және консультациялар арқылы шешеді.

14-бап

      1. Тараптар осы Келісімнің 1-бабының 2-тармағында көрсетілген жарамды шетелдік құжаттардың үлгілерімен осы Келісімнің күшіне енуіне дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
      2. Тараптар дипломатиялық арналар арқылы жаңа жарамды шетелдің құжаттарды енгізу туралы хабарлайды және олар күшіне енгізілгенге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей олардың үлгілерімен алмасуға тиіс.

15-бап

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі мемлекетінің дипломатиялық арналары арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты (6) ай өткенге дейін күшінде болады.
      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап алпыс бірінші (61-ші) күні күшіне енеді.

      Астана қаласында ___ жылғы «___» __________ әрқайсысы қазақ, вьетнам, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан                           Вьетнам Социалистік
      Республикасының Үкіметі             Республикасының Үкіметі
      үшін                                үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады