"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы N 2215 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне толықтырулар енгізілсін:
      1. 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 5-6, 24-құжат; № 17-18, 241-құжат; № 21-22, 281-құжат; 2002 ж., № 4, 33-құжат; № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 1-2, 3-құжат; № 4, 25-құжат; № 5, 30-құжат; № 11, 56, 64, 68-құжаттар; № 14, 109-құжат; № 15, 122, 139-құжаттар; № 18, 142-құжат; № 21-22, 160-құжат; № 23, 171-құжат; 2004 ж., № 6, 42-құжат; № 10, 55-құжат; № 15, 86-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 139, 140-құжаттар; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 7-8, 19-құжат; № 9, 26-құжат; № 13, 53-құжат; № 14, 58-құжат; № 17-18, 72-құжат; № 21-22, 86, 87-құжаттар; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 19, 20-құжаттар; № 3, 22-құжат; № 5-6, 31-құжат; № 8, 45-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 72, 77-құжаттар; № 13, 85, 86-құжаттар; № 15, 92, 95-құжаттар; № 16, 98, 102-құжаттар; № 23, 141-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 16, 18-құжаттар; № 3, 20, 23-құжаттар; № 4, 28, 33-құжаттар; № 5-6, 40-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 12, 88-құжат; № 13, 99-құжат; № 15, 106-құжат; № 16, 131-құжат; № 17, 136, 139, 140-құжаттар; № 18, 143, 144-құжаттар; № 19, 146, 147-құжаттар; № 20, 152-құжат; № 24, 180-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; № 12, 48, 51-құжаттар; № 13-14, 54, 57, 58-құжаттар; № 15-16, 62-құжат; № 20, 88-құжат; № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; № 24, 126, 128, 129-құжаттар; 2009 ж., № 2-3, 7, 21-құжаттар; № 9-10, 47, 48-құжаттар; № 13-14, 62, 63-құжаттар; № 15-16, 70, 72, 73, 74, 75, 76-құжаттар; № 17, 79, 80, 82-құжаттар; № 18, 84, 86-құжаттар; № 19, 88-құжат; 2009 жылғы 14 қарашада «Егемен Қазақстан» және 2009 жылғы 13 қарашада «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бағалау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2009 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы):
      1) мынадай мазмұндағы 169-2-баппен толықтырылсын:
      «169-2-бап. Электрондық ақша шығаратын банктердің Қазақстан
                  Республикасының электрондық ақша шығару және
                  пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген
                  талаптар мен міндеттерді бұзуы
      1. Өзі қабылдаған міндеттемелердің сомасына сәйкес келмейтін сомаға электрондық ақша шығару, -
      заңды тұлғаға үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер, -
      заңды тұлғаға алты жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      3. Эмитенттің электрондық ақша иесін сәйкестендірмей, бір жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын сомаға электрондық ақша шығаруы, сондай-ақ бір операцияның ең жоғарғы сомасы бойынша белгіленген шектеуден асатын сомаға операция жасаған кезде эмитенттің электрондық ақша жүйесіндегі электрондық ақшаны пайдалануға жол беруі, -
      заңды тұлғаға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер, -
      заңды тұлғаға бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      5. Азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша ақы төлеу кезінде заңды тұлға немесе дара кәсіпкер жеке тұлғалардан алған электрондық ақшаны өтемеу, уақтылы және толық өтемеу, -
      заңды тұлғаға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      6. Осы баптың бесінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер, -
      заңды тұлғаға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
      2) 572-баптың бірінші бөлігі «169,» деген цифрлардан кейін «169-2,» деген цифрлармен толықтырылсын.
      2. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 22-І, 22-ІІ, 112-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16, 18-құжаттар; № 13-14, 63-құжат; № 15-16, 74-құжат, № 17, 82-құжат; № 18, 84-құжат; 2009 жылғы 2 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2009 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы):
      1) 248-баптың бірінші бөлігінің 8) тармақшасы «төлем карточкаларымен» деген сөздерден кейін «және электрондық ақшамен» деген сөздермен толықтырылсын;
      2) 250-баптың 2-тармағының 7) тармақшасы «төлем карточкаларымен,» деген сөздерден кейін «электрондық ақшамен,» деген сөздермен толықтырылсын.
      3. «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 3-4, 23-құжат; № 12, 88-құжат; № 15-16, 100-құжат; № 23, 141-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 2, 184-құжат; № 11-12, 262-құжат; № 19, 370-құжат; 1997 ж., № 13-14, 205-құжат; № 22, 333-құжат; 1998 ж., № 11-12, 176-құжат; 1999 ж., № 20, 727-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 10, 123-құжат; 2003 ж., № 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж., № 11-12, 66-құжат; № 16, 91-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 14, 55-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 4, 24-құжат; № 13, 86-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 3, 20-құжат; № 4, 33-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; № 13-14, 63-құжат; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат):
      8-бап мынадай мазмұндағы з-2) тармақшамен толықтырылсын:
      «з-2) Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақшаны шығарудың, сатудың, пайдаланудың және өтеудің тәртібін, сондай-ақ электрондық ақша эмитенттеріне және жүйелеріне қойылатын талаптарды белгілейді;».
      4. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 15-16, 106-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 2, 184-құжат; № 15, 281-құжат; № 19, 370-құжат; 1997 ж., № 5, 58-құжат; № 13-14, 205-құжат; № 22, 333-құжат; 1998 ж., № 11-12, 176-құжат; № 17-18, 224-құжат; 1999 ж., № 20, 727-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 9, 86-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 5, 31-құжат; № 10, 51-құжат; № 11, 56, 67-құжаттар; № 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж., № 11-12, 66-құжат; № 15, 86-құжат; № 16, 91-құжат; № 23, 140-құжат; 2005 ж., № 7-8, 24-құжат; № 14, 55, 58-құжаттар; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 11, 55-құжат; № 16, 99-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 4, 28, 33-құжаттар; 2008 ж., № 17-18, 72-құжат; № 20, 88-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16, 18, 21-құжаттар; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат):
      1) 8-баптың 6-тармағы мынадай мазмұндағы 3-3) тармақшамен толықтырылсын:
      «3-3) электрондық ақшаны шығару, сату және өтеу, сондай-ақ электрондық ақшамен жасалатын операциялар бойынша ақпаратты жинау және өңдеу жөнінде қызметтер көрсету;».
      5. «Ақша төлемі мен аударымы туралы» 1998 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 11-12, 177-құжат; № 24, 445-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2003 ж., № 4, 25-құжат; № 10, 49, 51-құжаттар; № 15, 138-құжат; 2004 ж., № 23, 140-құжат; 2005 ж., № 14, 55-құжат; 2006 ж., № 11, 55-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат):
      1) 3-бапта:
      17) тармақша «ақша төлеу» деген сөздерден кейін «не электрондық ақша беру» деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 26), 27), 28), 29), 30), 31) және 32) тармақшалармен толықтырылсын:
      «26) электрондық ақша - электрондық нысанда сақталатын есепке алу бірліктерімен көрсетілген және электрондық ақша эмитентінің сөзсіз міндеттемесі болып табылатын электрондық ақша жүйесіндегі төлем құралы және құн өлшемі;
      27) электрондық ақша жүйесі - электрондық ақшаны пайдалана отырып, төлемдерді және өзге операцияларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдардың, құжаттаманың және ұйымдық техникалық іс-шаралардың жиынтығы;
      28) электрондық ақша жүйесінің қатысушысы - жасалған шартқа сәйкес электрондық ақшаның белгілі бір жүйесі шеңберінде электрондық ақшаны беру, қабылдау, пайдалану немесе өтеу жөніндегі құқық немесе міндеттеме туындайтын жеке немесе заңды тұлға;
      29) электрондық ақшаны өтеу - электрондық ақшаның иесі ұсынған не оларды иесі ұсынбай Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда өтелуі тиіс электрондық ақшаны оның номиналдық құны бойынша тең ақша сомасына айырбастау жөнінде эмитент жүзеге асыратын операция;
      30) электрондық ақшаны шығару - эмитенттің электрондық ақшаны жеке тұлғаларға және агенттерге оның номиналдық құны бойынша тең ақша сомасына айырбастау арқылы беруін көздейтін операция;
      31) электрондық ақша эмитенті - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес электрондық ақша жүйесінде электрондық ақшаны шығаруды және өтеуді жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банк;
      32) электрондық ақша эмитентінің агенті (агент) - электрондық ақша эмитентімен жасалған шарттың негізінде электрондық ақшаны сату және (немесе) олардың иелері-жеке тұлғалардан ақшаға айырбастау арқылы сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға.»;
      2) 7-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «5-1) электрондық ақшаны пайдалану;»;
      3) 23-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы «құжатын беру» деген сөздерден кейін «не электрондық ақшаны өткізу» деген сөздермен толықтырылсын;
      4) 24-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен
толықтырылсын:
      «Егер төлем электрондық ақша беру арқылы жүргізілсе, онда төлем пайдасына төлем жасалатын тұлға электрондық ақшаны алған сәтте аяқталады. Қабылданған электрондық ақшаның сомасы туралы, олардың басқа тұлға-бенефициардың пайдасына түскенін растайтын ақпаратты электрондық ақша жүйесінде көрсету электрондық ақшаны алу сәті болып табылады.»;
      5) мынадай мазмұндағы 3-1-тараумен толықтырылсын:
      «3-1-тарау. Электрондық ақша
      36-1-бап. Электрондық ақшаны шығару және сату
      1. Электрондық ақша шығаруды эмитент өзі қабылдайтын міндеттемелердің номиналдық құнына тең ақша сомасында жеке тұлғалардан немесе агенттерден ақша алғаннан кейін жүзеге асырады.
      Эмитент өзі шығарған электрондық ақшаны олардың теңгедегі номиналдық құнына сәйкес өтеу жөнінде сөзсіз және қайтарымсыз ақшалай міндеттеме қабылдайды.
      Эмитент өзінің қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырады.
      2. Эмитент электрондық ақшаны шығарған кезде комиссиялық сыйақы, сондай-ақ шарттың талаптарына сәйкес эмитент көрсететін қосымша қызметтер үшін ақы алуға құқылы.
      3. Мыналар:
      1) эмитенттен, агенттен немесе өзге де жеке тұлғалардан электрондық ақша алған жеке тұлғалар;
      2) иелігінде электрондық ақша бар агенттер;
      3) азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемақы ретінде жеке тұлғалардан электрондық ақша алған заңды тұлғалар немесе дара кәсіпкерлер электрондық ақша иелері болып табылуы мүмкін.
      Электрондық ақша иесінің құқықтары электрондық ақшаны алған сәттен бастап туындайды.
      4. Электрондық ақша эмитентінің және иесі - жеке тұлғаның арасындағы қатынастар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес олардың арасында жасалған шарт негізінде туындайды.
      5. Электрондық ақша эмитенті және иесі - жеке тұлға арасында жасалған шартта:
      1) электрондық ақша эмитентінің атауы, орналасқан жері және банктік деректемелері;
      2) электрондық ақша шығару не сатып алу талаптары;
      3) электрондық ақшаны пайдалану үшін белгіленген шектеулерді қоса алғанда, электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру талаптары;
      4) электрондық ақша иесінің электрондық ақшаны пайдалана отырып операциялар жүргізуге арналған құқықтарын куәландыру тәртібі;
      5) иесінің электрондық ақшаны өтеуге ұсыну тәртібі мен тәсілдері және оларды өтеу тәртібі;
      6) операцияларды жүргізу үшін электрондық ақшаны пайдалану кезінде электрондық ақша эмитенті және иесі арасында ақпарат алмасу тәртібі, оның ішінде эмитентке электрондық тасығыштың жоғалғаны немесе оны уәкілетті емес тұлғаның пайдаланғаны туралы хабарлау тәртібі мен мерзімдері, сондай-ақ өзге ақпарат алмасу тәртібі;
      7) электрондық ақша иесінің электрондық ақшаны пайдалану жөніндегі өтінішін қарау тәртібі, сондай-ақ электрондық ақшаны пайдалану кезінде туындайтын жанжалды жағдайларды шешу тәсілдері;
      8) комиссиялық сыйақыны төлеу мөлшері және тәртібі;
      9) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
      10) тараптардың өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісті
дәрежеде орындамағаны үшін жауапкершілігі;
      11) шартты өзгерту және бұзу тәртібі, сондай-ақ оны қолдану мерзімі қамтылуы тиіс.
      Тараптардың келісімі бойынша шартқа өзге де талаптар енгізілуі мүмкін.
      6. Эмитент бір жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын сомаға электрондық ақша шығарылған жағдайда электрондық ақша иесін сәйкестендіруді жүзеге асыруға міндетті.
      Электрондық ақша иесі - жеке тұлғаны сәйкестендіру үшін мынадай құжаттар ұсынылады:
      1) жеке басын куәландыратын құжат;
      2) салық қызметі органы берген, салық төлеуші ретінде тіркеу фактісін растайтын құжат.
      7. Эмитенттер Қазақстан Республикасының аумағында шығаратын электрондық ақша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ғана номиналдануы (көрсетілуі) тиіс.
      8. Жеке тұлғаларға электрондық ақшаны сатуды не жеке тұлғалардан электрондық ақшаны сатып алуды электрондық ақша эмитентімен жасалған, тараптардың құқықтары мен міндеттері, электрондық ақшаны сату және сатып алу тәртібі мен талаптары айқындалатын шарт негізінде агент жүзеге асырады.
      36-2-бап. Электрондық ақшаны пайдалану және өтеу
      1. Электрондық ақшаны пайдалану - электрондық ақшаның иесі - жеке тұлға электрондық ақша жүйесінде электрондық ақша жүйесінің басқа қатысушысына электрондық ақша беру арқылы төлем жүргізілетін төлемді жүзеге асырудың тәсілі.
      2. Электрондық ақшаны олардың иесі - жеке тұлға электрондық ақша жүйесінде азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемді жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ олардың эмитенті айқындаған және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін талаптарда өзге операцияларды жүргізу үшін қолданады.
      3. Заңды тұлғаның және (немесе) дара кәсіпкердің электрондық ақшаны азаматтық-құқықтық мәмілелер жасау кезінде төлемақы ретінде қабылдауы эмитентпен не электрондық ақша жүйесінің қатысушысы болып табылатын өзге банкпен жасалған шарт негізінде жүзеге асырылады.
      Азаматтық-құқықтық мәмілелер жасау кезінде электрондық ақша жүйесінде электрондық ақша алған заңды тұлғада немесе дара кәсіпкерде эмитентке қабылданған төлем сомасында ақшалай талап ету құқығы туындайды.
      4. Электрондық ақша эмитенті электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуін осы Заңда, «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптарды және шектеулерді ескере отырып қамтамасыз етуге міндетті.
      5. Электрондық ақшаның иесі - сәйкестендірілген жеке тұлға жүргізген бір операцияның ең жоғарғы сомасы бес жүз айлық есептік көрсеткішке тең сомадан аспауы тиіс.
      Электрондық ақшаның иесі - сәйкестендірілмеген жеке тұлға жүргізген бір операцияның ең жоғарғы сомасы бір жүз айлық есептік көрсеткішке тең сомадан аспауы тиіс.
      Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары электрондық ақшаны өтеу жөніндегі операцияларға қолданылмайды.
      6. Электрондық ақшаны өтеуді эмитент оның номиналдық құны бойынша тең ақша сомасын электрондық ақшаның иесі - жеке тұлғаның банк шотына аудару арқылы не оған қолма-қол ақша беру арқылы жүзеге асырады.
      7. Эмитент заңды тұлға немесе дара кәсіпкер азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша ақы төлеу кезінде жеке тұлғалардан алған электрондық ақшаны Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша жасалған азаматтық-құқықтық мәміле бұзылған жағдайда жеке тұлға - төлеушіге электрондық ақша қайтарылатын жағдайларды қоспағанда, пайдасына электрондық ақша түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асыруға міндетті.
      Иелері заңды тұлғалар немесе дара кәсіпкерлер болып табылатын электрондық ақшаны өтеу заңды тұлғаның немесе дара кәсіпкердің банк шотына оның номиналдық құны бойынша тең ақша сомасын аудару арқылы қолма-қол емес тәртіппен ғана жүзеге асырылады.».

      2-бап. Осы Заң 1-баптың 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 2-тармағын қоспағанда, алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады