Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды кетермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 11 қаңтардағы № 2 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу  және өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2010 жылғы 11 қаңтардағы
№ 2 қаулысымен    
мақұлданған     

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының
Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және
өзара қорғау туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын),
      осы Келісімге сәйкес инвесторларға және олардың инвестицияларына берілетін режим экономикалық ресурстарды тиімді пайдалануға, халықты жұмыспен қамтуға арналған мүмкіндіктерді жасауға  және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететінін мойындай отырып;
      құқықтық нормаларға негізделген әділ, ашық және болжамды инвестициялық режимдер бүкіләлемдік сауда жүйесін толықтыратынын және оған пайда әкелетінін атап көрсете отырып;
      олардың достық қатынастарын күшейтуге және олардың арасындағы бір Тараптың азаматтары мен кәсіпорындарының екіншісінің аумағындағы инвестициялары бөлігіндегі экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесуге ниет білдіре отырып;
      барлық мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қоғам үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің халықаралық күш-жігеріне, әсіресе БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес конвенциясына (2003) қосылу қажеттігін атап көрсете отырып;
      инвестициялық келісімдер мен қоршаған ортаны, адам құқықтарын немесе еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі көп жақты келісімдер жаһандық орнықты дамуды көтермелеуге арналғанын және кез келген ықтимал келіспеушіліктер Тараптардың әрқайсысының бұл салалардағы стандарттарының талаптарын босаңсыту жолымен шешілуі тиіс емес екенін растай отырып;
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін
      1. «Тарап инвесторы» мыналарды:
      (а) Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматы болып табылатын және екінші Тараптың заңнамасына сәйкес оның аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын жеке тұлғаны;
      (б) Тараптың қолданылатын ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған немесе ұйымдастырылған, табыс табу немесе таппау мақсатында жұмыс істейтін, үкіметке немесе жеке секторға тиесілі немесе олар басқаратын заңды тұлғаны білдіреді, мысалы: корпорация, серіктестік, бірлескен кәсіпорын немесе кез келген басқа да қауымдастық, сол сияқты трест, жеке меншіктегі фирма немесе Тарап аумағында орналасқан  және онда тәуелсіз коммерциялық қызметті жүзеге асыратын филиал.
      2. «Тарап инвесторының инвестициялары» бір Тараптың аумағындағы екінші Тарап инвесторының меншігінде немесе тікелей немесе жанама басқаратын активтердің кез келген түрін білдіреді. Инвестициялардың мынадай: капитал немесе басқа да қаржыландыру көздері бойынша міндеттемелер, пайданы немесе табысты күту, қатерлерді қабылдау сияқты белгілі бір сипаттамалары болады және мыналарды қамтиды:
      (а) осы баптың 1-тармағының (б) тармақшасында айқындалғандай заңды тұлға;
      (б) осы баптың 2-тармағының (а) тармақшасында айқындалғандай акциялар, бағалы қағаздар мен кәсіпорынға үлестік қатысудың басқа да нысандары және олардан туындайтын құқықтар;
      (в) облигациялар, борыштық міндеттемелер, қарыздар мен борыштық құралдардың басқа да нысандары және олардан туындайтын құқықтар;
      (г) «дайын күйіндегі» жобаларды, құрылысты, басқаруды немесе кірістерді бөлу шарттарын, концессияны, лицензияны, экономикалық қызметті жүргізуге рұқсатты немесе рұқсаттаманы қоса алғанда, заңға немесе келісім-шартқа сәйкес ұсынылған кез келген құқық немесе ақша талабы немесе орындалу;
      (д) өнеркәсіптік меншік құқығын, авторлық құқықты, сауда маркаларын, патенттерді, географиялық көрсеткіштерді, өнеркәсіп үлгілерін, тауар белгілерін, ноу-хау мен гудвилді қоса алғанда, экономикалық құндылығы бар зияткерлік меншікке және материалдық емес активтерге құқықтар;
      (е) кез келген басқа материалдық немесе материалдық емес, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік немесе жалға алу, ипотека, мүлікті ұстап қалу құқығы, кепілдіктер немесе узуфруктілер сияқты кез келген байланысты меншік құқықтары.
      3. «Кірістер» пайданы, проценттерді, капитал құнының өсімін, дивидендтерді, роялтиді, лицензиялық төлемдерді, басқару қызметтері үшін қаламақыны, техникалық көмек төлемін және басқа да төлемдерді қоса алғанда, инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде алынатын қаражатты білдіреді.
      4. «Кідіріссіз» әдетте өтемақыны төлеу немесе төлемдерді аударуға қажетті рәсімдерді аяқтау үшін талап етілетін кезеңді білдіреді. Бұл кезең өтемақы төленген жағдайда экспроприациялау күнінен бастап және төлемдерді аударған жағдайда аудару туралы сұрау салу берілген күнінен бастап басталуы тиіс. Мұндай кезең ешқандай жағдайда бір айдан аспауы тиіс.
      5. «Аумақ» Тараптардың екеуіне қатысты Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасы халықаралық құқыққа сәйкес заң құзыретін жүзеге асыратын арнайы экономикалық аумақ пен құрлық қайраңын қоса алғанда, ішкі және аумақтық суларды, жер қойнауын, оның егемендігіндегі әуе кеңістігін қоса алғанда, жердің қүрлықтағы аумағын, теңіз кеңістігін білдіреді.
      8. «Нью-Йорк конвенциясы» 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте қол қойылған Шетелдік төрелік шешімдерді тану және атқару туралы конвенцияны білдіреді.

2-бап
Инвестицияларды көтермелеу

      1. Әрбір Тарап оның қолданылатын заңнамасына сәйкес екінші Тарап инвесторларының инвестицияларын көтермелейді және таниды.
      2. Активтер инвестицияланған немесе қайтадан инвестицияланған нысанның кез келген өзгерісі, мұндай өзгеріс аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылған жағдайда олардың инвестициялар ретіндегі мәртебесін қозғамауы тиіс.

3-бап
Инвестициялар режимі

      1. Әрбір Тарап екінші Тарап инвесторларының инвестицияларына әділ және тең құқықтық режимді, толық қорғау мен қауіпсіздікті ұсынады.
      2. Тарап екінші Тараптың инвесторларына тиесілі инвестицияларды басқаруға, пайдалануға, қызмет көрсетуге, қолдануға, иелік етуге, сатуға және жоюға заңсыз немесе кемсітушілікпен қарсы әрекет етпейтін болады.
      3. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторлары мен олардың инвестицияларына немесе кірістеріне инвестор үшін қандай режим неғұрлым қолайлы болатынына қарай ол өз инвесторларына және олардың инвестицияларына не кез келген үшінші мемлекеттің инвесторлары мен олардың инвестицияларына немесе кірістеріне басқаруға, қолдануға, қызмет көрсетуге, пайдалануға, сатуға және жоюға, сондай-ақ инвестицияларға немесе кірістерге қатысты дауларды реттеуге қатысты ұсынатын режимнен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
      4. Осы Келісімнің бір де бір ережесі мыналар:
      (а) Тараптың БҰҰ-ның әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі Жарғысына сәйкес оның міндеттерін қабылдауға қатысты шаралар қабылдауына кедергі келтіретін;
      (б) Тараптың еркін сауда аумағы, кеден одағы, жалпы нарық, экономикалық бірлестік, валюта одағы, мысалы Еуропалық одақ туралы келісім сияқты экономикалық ықпалдасу туралы шарттың мүшесі ретіндегі өз міндеттемелерін орындауға кедергі келтіретін ретінде; не Тарапқа екінші Тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына немесе мұндай келісімге немесе инвестициялар туралы кез келген көп жақты келісімге оның мүшелігі негізіндегі кез келген режимнің, преференциялардың немесе артықшылықтардың қазіргі немесе болашақтағы пайдасына қатысты болуын міндеттеу ретінде;
      (в) Тарапты екінші Тараптың инвесторларына Тараптың халықаралық келісімдер, халықаралық нормалар немесе салық салуға қатысты ұлттық заңнама бойынша міндеттемелерінен туындайтын олардың инвестициялары мен кірістерін, кез келген режимнің осы немесе болашақтағы пайдасын, преференциялар мен артықшылықтарын таратуға міндеттеуші ретінде қаралмауға тиіс.

4-бап
Инвестициялар және қоршаған орта

      Тараптар инвестицияларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы өздерінің ұлттық заңнамаларының талаптарын төмендету арқылы көтермелемейді.

5-бап
Еңбек заңнамасы

      1. Тараптар инвестицияларды еңбек саласындағы өздерінің ұлттық заңнамаларының талаптарын төмендету арқылы көтермелемейді.
      2. Осы бап мақсатында «еңбек саласындағы ұлттық заңнама» мына халықаралық танылған еңбек құқықтарына тікелей байланысты болады:
      (а) қауымдастық құқығы;
      (б) ұжымдық шарттарды ұйымдастыру және жасасу құқығы;
      (в) мәжбүрлейтін немесе міндетті еңбектің кез келген нысанын пайдалануға тыйым салу;
      (г) балаларды жұмыспен қамту және балалар еңбегінің ең нашар нысандарына тыйым салу және жою үшін ең төменгі жасын қоса алғанда, балалар мен жасөспірімдер еңбегін қорғау;
      (д) ең төменгі жалақы, жұмыс уақытының сағаты, еңбек қауіпсіздігі мен денсаулық бөлігінде еңбектің қолайлы шарттары;
      (е) жұмысқа жалдау кезінде және кәсіпті таңдау кезінде кемсітушілікті жою.

6-бап
Ашықтық

      1. Әрбір Тарап өз заңдарын, ережелерін, рәсімдерін, сондай-ақ өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісімнің қолданылуын қозғауы мүмкін халықаралық келісімдерді дереу жариялайды немесе өзге түрде көпшілікке қол жетімді етеді.
      2. Әрбір Тарап арнайы сұрақтарға дереу жауап береді және екінші Тараптың сұрауы бойынша осы баптың 1-тармағында аталған кез келген шаралар мен мәселелер туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді.
      3. Тараптардың бірде бірі ашуы заңдарды сақтауға кедергі жасайтын немесе құпиялылықты қорғауға қатысты оның ұлттық заңнамасына қарама-қайшы келетін жеке инвесторларға немесе инвестицияларға қатысты ақпаратқа ұсынуды немесе қол жеткізуге рұқсат беруді талап етпеуі тиіс.

7-бап
Экспроприациялау және өтемақы

      1. Тараптар екінші Тарап инвесторының инвестицияларын тікелей немесе жанама экспроприациялауға немесе мемлекет иелігіне алмауға немесе мына:
      (а) қоғамдық мақсаттарда қабылданатын;
      (б) кемсітпеушілік негізіндегі;
      (в) тиісті заңнамалық рәсімге сәйкес;
      (г) осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес дереу, мөлшерлес және тиімді өтемақымен сүйемелденетін шараларды қоспағанда, ұқсас әсері бар (бұдан әрі экспроприация деп аталатын) кез келген шараларды қабылдамауға тиіс.
      2. Өтемақы:
      (а) кідіріссіз төленуге тиіс. Кідірген жағдайда валюталық бағамға байланысты, осы кідіріс нәтижесі болып табылатын кез келген шығынды қабылдаушы мемлекет көтереді;
      (б) экспроприациялауды жүзеге асырғанға дейін экспроприацияланған инвестициялардың әділ нарықтық құнына баламалы болуға тиіс. Әділ нарықтық құн экспроприациялау туралы бұрыннан баршаға мәлім болған салдардан туындаған бағаға кез келген өзгерісті көрсетпеуі тиіс;
      (в) мүдделі өтініш беруші көрсеткен мемлекетке және өтініш берушілер азаматтары болып табылатын сол мемлекеттің валютасымен немесе өтініш берушілер қабылдаған еркін айырбасталатын кез келген валютамен төленген және еркін аударылатын болуы;
      (г) экспроприациялау күнінен бастап нақты төлеу күніне дейін төлеу валютасы үшін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық ставка бойынша процентті қамтуға тиіс.
      3. Екінші Тараптың экспроприациялауына ұшырағанын мәлімдеген Тарап инвесторы осы баптың ережелеріне сәйкес сот органы немесе соңғы Тараптың басқа құзыретті және тәуелсіз органы оның инвестицияларын бағалауды және өтемақы төлеуді коса алғанда, оның ісін дереу қарауға құқығы бар.

8-бап
Шығын үшін өтемақы

      1. Соғыс немесе басқа да қарулы қақтығыс, ұлттық төтенше жағдай, төңкеріс, көтеріліс, азаматтық тәртіпсіздік немесе соңғы Тараптың аумағындағы кез келген басқа ұқсас оқиға, күтпеген және форс-мажор жағдайлары салдарынан басқа Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты шығын шеккен Тараптың инвесторына соңғы Тарап реституцияға, өтеуге, өтемақыға немесе кез келген басқа реттеуге қатысты қандай режим инвестор үшін барынша қолайлы болып табылатынына қарай оның өз инвесторларына немесе кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына ұсынғаннан қолайлылығы кем емес режим ұсынуға тиіс.
      2. Мыналардың:
      (а) инвестицияларды немесе олардың бір бөлігін биліктің немесе екінші Тараптың аумағында жұмыс істейтін күштердің реквизициялауы, немесе
      (б) жағдай қажеттілігімен талап етілмеген оның инвестициясын немесе оның бір бөлігін екінші Тарап күштерінің немесе билігінің бұзуы салдарынан осы баптың 1-тармағында аталған кез келген жағдайда шығын шеккен Тарап инвесторына,
      соңғы Тарап кез келген жағдайда осы Келісімнің 7-бабының 2 және  3-тармақтарынасәйкес жүзеге асырылуға тиіс өтемақыға қатысты да дереу, мөлшерлес және тиімді болуы тиіс реституцияны немесе өтемақыны ұсынады.

9-бап
Аударымдар

      1. Аумағында инвестициялар жүзеге асырылған әрбір Тарап оның ұлттық заңнамасына сәйкес инвестор барлық салықтық міндеттемелерін орындағаннан кейін басқалармен қатар, атап айтқанда мыналарды қамтитын инвестицияларға қатысты төлемдердің еркін аударылуына кепілдік береді:
      (а) инвестицияларды сақтау немесе ұлғайту үшін бастапқы капитал және қосымша қаражат;
      (б) инвестициялардан алынатын кірістер;
      (в) инвестицияларға байланысты қарыз шартын қоса алғанда, келісім-шарттарға сәйкес жүзеге асырылатын төлемдер;
      (г) сатудан түскен пайда немесе барлық немесе инвестициялардың кез келген бөлігін жою;
      (д) осы Келісімнің 7 және 8-баптарына сәйкес төленетін өтемақылар;
      (е) дауды реттеуден туындайтын төлемдер;
      (е) инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты шетелден жалдаған персоналға төленетін еңбекақы және басқа да сыйақылар.
      2. Әрбір Тарап мұндай аударымдардың аумағында аударым жүзеге асырылған Тараптың аударым күнінде қолданыста болған нарықтық валюталық бағам бойынша еркін айырбасталатын валютада жүзеге асырылатындығына кепілдік береді.
      3. Шетелдік валюта нарығы болмаған кезде ағымдағы күнге жарамды Халықаралық Валюта Қорының (ХВҚ) Арнаулы қарыз алу құқықтарындағы валюталар аударымының валюталық бағамы қолданылады.
      4. Осы баптың 1-3-тармақтарына қарамастан, осы Келісімнің 3-бабының 4-тармағында аталған оның халықаралық міндеттемелерін орындау үшін Тарап қабылдаған шараларға залалсыз, Тарап банкроттыққа, толем қабілетсіздігіне немесе кредиторлардың құқықтарын қорғауға, эмиссияға, бағалы қағаздардың саудасына және олармен жасалатын мәмілелерге, фьючерстерге, опциондар мен туынды бағалы қағаздарға, есептілік ережелеріне және аударымдарды жазуды жүргізуге, «ақшаны жылыстатуды» немесе терроризмді қаржыландыруды болдырмауға қатысты немесе қылмыстарға, әкімшілік және сот ісін жүргізу ұйғарымдарына немесе шешімдеріне байланысты ұлттық заңнаманы тең құқықты, кемсітушіліксіз және әділ қолдану жолымен аударымды шектей алады, мұндай шаралар және оларды қолдану Тараптың осы Келісімге сәйкес өз міндеттемелерін орындаудан жалтару құралы ретінде пайдаланылмауы тиіс.

10-бап
Суброгация

      Егер Тарап немесе оның уәкілетті органы төлемді екінші Тараптың аумағындағы инвестордың инвестицияларына қатысты ұсынылған өтемақыға, кепілге немесе сақтандыру туралы шартқа сәйкес жүргізетін болса, онда соңғы Тарап осы Келісімнің 1318-баптарына сәйкес инвестордың құқықтарына залалсыз осы инвестордың кез келген құқықтары мен талаптарының алдыңғы Тарапқа немесе оның уәкілетті органына және алдыңғы Тараптың немесе оның уәкілетті органының суброгацияға байланысты кез келген осындай құқықты және талапты оның алдыңғысындай дәрежеде жүзеге асыру құқығының ауысуын берілетінін мойындауға тиіс.

11-бап
Басқа да міндеттемелер

      1. Әрбір Тарап екінші Тарап инвесторларының жекелеген инвестицияларына қатысты өзі қабылдауы мүмкін кез келген міндеттемені сақтайды.
      Бұл өзгелермен бірге инвестор мен қабылдаушы мемлекеттің арасындағы келісімшарттың бұзылуы осы Келісімді бұзуды білдіретін болатындығын білдіреді.
      2. Егер Тараптардың кез келгенінің заңнамасы немесе оның қазіргі уақытта қолданыстағы немесе осы Келісімге толықтыру ретінде Тараптар арасында болашақта белгіленген халықаралық шарттар бойынша міндеттемелері екінші Тарап инвесторларының инвестицияларына осы Келісімде көзделгеннен неғұрлым қолайлы режим ұсынатын жалпы немесе арнайы ережелерді қамтитын болса, онда мұндай нормалар инвесторлар үшін неғұрлым қолайлы болатын шектерде осы Келісімнен басым болады.

12-бап
Құқықтарды ұсынудан бас тарту

      Егер үшінші мемлекеттің инвесторлары бірінші айтылған инвесторды бақылайтын немесе иеленетін болса және бұл инвестор заңнамасы бойынша ол құрылған немесе ұйымдастырылған Тараптың аумағында елеулі коммерциялық қызметті жүзеге асырмайтын болса, Тарап екінші Тараптың инвесторына және оның инвестицияларына осы Келісімнің артықшылықтарын ұсынудан бас тартуы мүмкін.

13-бап
Инвестор мен Тарап арасындағы дауларды шешу тәсілдері

      1. 13 - 18-баптар инвесторға немесе оның инвестицияларына шығын немесе зиян алып келетін біріншісінің осы Келісім бойынша міндеттемелерін ықтимал жөнсіздіктеріне қатысты Тарап пен екінші Тараптың инвесторы арасындағы дауларға қолданылады.
      2. Тарап пен екінші Тараптың инвесторының арасындағы дау мүмкіндігінше келіссөздер немесе консультациялар жолымен реттелуге тиіс. Егер дау осылайша реттелмеген болса, талапкер оны мыналардың қарауына:
      (а) дауға қатысатын Тарап мемлекетінің құзыретті соттарына;
      (б) дауларды реттеудің кез келген қолданылатын алдын ала келісілген рәсіміне сәйкес; немесе
      (в) осы бапқа сәйкес:
      (i) Вашингтон қаласында 1965 жылғы 18 наурызда қол қойылған Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің жеке немесе заңды тұлғалары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияға (бұдан әрі - ИДРХК) сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа (бұдан әрі - ИДРХО), егер инвестор Тарапы мен даудың тарапы болып табылатын Тараптың екеуі де ИДРХК Конвенциясының қатысушы болып табылатын болса;
      (іі) егер инвестор Тарапы мен даудың тарапы болып табылатын Тараптың екеуі де ИДРХК Конвенциясына қатысушы болып табылмайтын болса, Орталық Хатшылығының Әкімшілік Өндірісі үшін Қосымша Алаң ережелеріне сәйкес ИДРХО-ға;
      (ііі) Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының («ЮНСИТРАЛ») Төрелік Ережесіне сәйкес құрылған жалғыз төрешісіне немесе ad hoc төрелік сотына берілуге тиіс;
      (iv) Халықаралық Сауда Палатасына, Палата төрелігінің ережелеріне сәйкес жалғыз төрешіге немесе ad hoc төрелік сотына;
      (v) кез келген бұрын айтылған ad hoc төрелік сотына қарауға бере алады.
      3. Дау осы баптың 2-тармағына сәйкес дау тарапының мұндай ниеті туралы хабарланған күнінен бастап 60 (алпыс) күн өткеннен кейін, бірақ даудың басқа тарапы дау туындатқан оқиғалар туралы хабарланған не хабарлануға тиіс күннен бастап 5 (бес) жылдан кешіктірмей қарауға ұсынылуы мүмкін.

14-бап
Тараптардың келісімі

      1. Әрбір Тарап осымен осы Келісімнің 13-бабына сәйкес халықаралық төрелік сотқа дауды ұсынуға өзінің сөзсіз келісімін береді.
      2. Осы баптың 1-тармағында айтылған келісім оған сәйкес ішкі әкімшілік немесе сот шаралары жойылуы тиіс талаптардан бас тартуды білдіреді.

15-бап
Талқылау орны

      Осы Келісімнің 13 - 18-баптары шеңберіндегі кез келген талқылау даудың кез келген тарапының сұрауы бойынша Нью-Йорк Конвенциясына қатысушы болып табылатын мемлекетте жүргізіледі. Осы Келісімнің 13 - 18-баптарына сәйкес төрелікке жіберілген өтініштер Нью-Йорк Конвенциясының 1-бабын сақтау мақсатында коммерциялық қарым-қатынастардан немесе мәмілелерден туындайтындар ретінде қаралуға тиіс.

16-бап
Өтем

      Залал үшін өтем немесе өтемақы немесе олардың бөліктері өтем шарттарына, кепілдікке немесе сақтандыруға сәйкес болғаны немесе алынатындығы фактісін даудың тарапы қорғау шарасы, қарсы талап-арыз, өтемақыға құқық немесе кез келген басқа негіздеме ретінде пайдаланбауға тиіс.

17-бап
Қолданылатын заңнама

      1. Осы Келісімнің 1318-баптарына сәйкес ұйымдастырылған төрелік сот дауларды осы Келісімге сәйкес, сондай-ақ қолданылатын халықаралық құқықтың нормалары мен принциптеріне сәйкес шешеді.
      2. Осы Келісімнің 11-бабына сәйкес даудағы мәселелер дау тарапы болып табылатын Тараптың заңнамасына, келісімшартты реттейтін заңнамаға, сондай-ақ мүмкіндігіне қарай халықаралық құқық нормаларына сәйкес басқа уағдаластық болмағанда шешілуі тиіс.

18-бап
Төрелік шешім және орындау

      1. Мүдде сыйақысын қамтуы мүмкін төрелік шешім түпкілікті және дау тараптары үшін міндетті болып табылады және талаптарды қанағаттандырудың мынадай нысандарын қамтуы мүмкін:
      (а) Тарап осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындай алмағаны туралы өтініш;
      (б) өтемақыны төлеу сәтіне дейін залалды жүзеге асыру сәтінен бастап проценттік сыйақыны қамтуы тиіс ақшалай өтемақы;
      (в) Тарап, егер реституция заттай мәнде қолданылмаса, ақшалай өтемақы алуға құқылы болған жағдайда тиісті жағдайларда заттай мәндегі реституция;
      (г) дау тараптарының уағдаластығы бойынша талаптарды қанағаттандырудың кез келген басқа нысаны.
      2. Әрбір Тарап осы бапқа сәйкес төрелік шешімдерді тиісінше  және кешіктірмей орындауды қамтамасыз етеді.

19-бап
Тараптар арасындағы дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар, мүмкіндігінше, консультациялар арқылы шешіледі.

20-бап
Шектер, консультациялар, делдалдық, татуласу

      1. Тараптардың кез келгенінің талап етуі бойынша түсіндіруге немесе осы Келісімді қолдануға қатысты дау осы талап туралы екінші Тарапқа хабарланғаннан кейін кемінде 60 (алпыс) күн бұрын төрелік сотқа реттеу үшін берілуі мүмкін.
      2. Тарап осындай дауда шығарылған шешімді сақтай алмаған және орындай алмаған немесе осы сот талқылауы төрелік сот шешімін шығарусыз тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, Тараптар 19 — 25-баптарға сәйкес инвестор осы Келісімнің 1318-баптарына сәйкес төрелікке мәлімдеген инвестор құқықтарының бұзылуына қатысты дау бойынша сот процесіне бастамашылық жасай алмайды.

21-бап
Төрелік сот құрамын қалыптастыру

      Ad hoc төрелік соты мынадай түрде ұйымдастырылуы тиіс:
      1. Әрбір Тарап соттың бір мүшесін тағайындауы тиіс және осы екі мүше үшінші мемлекет азаматының кандидатурасын Төраға ретінде келісуі тиіс. Соттың мұндай мүшелері Тараптардың біреуі екінші Тарапқа дауды төрелік сотқа ұсыну ниеті туралы хабарлаған күннен бастап 2 (екі) ай ішінде тағайындауға тиіс, бұл ретте бұл соттың Төрағасы келесі 2 (екі) айдың ішінде тағайындалуға тиіс.
      2. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзімдер сақталмаған болса, онда Тараптардың кез келгені тиісті келісім болмаған кезде қажетті тағайындауларды жүзеге асыру үшін БҰҰ-ның Халықаралық Сотының Президентін шақыра алады. Егер БҰҰ-ның Халықаралық сотының президенті Тараптардың кез келгенінің азаматы болып табылса немесе егер ол аталған функцияны орындай алмаса, онда Вице-президент немесе ол қабілетсіз болған жағдайда деңгейі бойынша БҰҰ-ның Халықаралық Сотының келесі мүшесі қажетті тағайындау жүргізу үшін сол шарттарда шақырылуға тиіс.
      3. Төрелік сот мүшелері тәуелсіз және бейтарап болуы тиіс.

22-бап
Қолданылатын заңнама, жалпы ережелер

      1. Төрелік сот дауларды қолданылатын нормаларға және халықаралық құқық принциптеріне сәйкес шешеді.
      2. Егер дауға қатысушы Тараптар басқа шешім қабылдамаған болса, Аралық сот Тұрақты палатасының төрелік талқылауының факультативті ережесі мүмкін болған кезде, осы Келісімнің 19 - 25-баптарының ережелерімен реттелмейтін мәселелерге қолданылады.

23-бап
Төрелік шешім

      1. Төрелік сот өз шешімінде құқықтар мен фактілері бойынша олардың негіздемелерімен бірге өз қорытындыларын мәлімдейді және Тараптардың бірінің сұрауы бойынша мынадай талапты қанағаттандырудың нысандарын қамтиды:
      (а) Тараптардың іс-әрекеті осы Келісім бойынша оның міндеттемелеріне қайшы келетіні туралы өтініш;
      (б) Тарап өзінің іс-әрекеттерін осы Келісім бойынша өзінің міндеттемелеріне сәйкес келтіретіні туралы ұсыным;
      (в) Тараптың инвесторына немесе оның инвестицияларына келтірілген шығындар немесе зияндар үшін ақшалай өтемақы;
      (г) оған қарсы шешім шығарылған, оның ішінде инвесторға заттай мәнде реституция берілген Тарап келісетін талапты қанағаттандырудың кез келген басқа нысаны.
      2. Төрелік шешім Тараптар үшін түпкілікті және міндетті болуға тиіс.

24-бап
Шығыстар

      Әрбір Тарап төрелік соттағы өздерінің өкілдіктерінің шығыстарын төлейді. Төрелік соттың шығыстарын, егер тек төрелік сот олардың өзге түрде бөлінетінін көрсетпесе, екі Тарап та тең пропорцияларда төлейтін болады.

25-бап
Орындауға келтіру

      Олар бойынша шешім шығарылған күннен бастап бір жыл ішінде орындалмаған ақшалай сыйақылар міндеттемелерді орындамаған Тараптың активтеріне қатысты заңи құзыретіне сәйкес кез келген Тараптың сотында өндіріп алынуы мүмкін.

26-бап
Қолдану саласы

      1.  Осы Келісім екінші Тараптың аумағында Тараптардың кез келгенінің инвесторларды жүзеге асырған инвестициялық оның заңнамасына сәйкес осы Келісім күшіне енгенге дейін де, күшіне енгеннен кейін де қолданылады.
      2. Осы Келісім осы Келісімнің 13-бабында көзделген, реттеліп қойған талаптарға немесе процестерге осы Келісім күшіне енгенге дейін қолданылмайды.

27-бап
Консультациялар

      Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа осы Келісімге қатысты кез келген мәселелер бойынша консультация жүргізуді ұсынуы мүмкін. Бұл консультациялар дипломатиялық арналар арқылы келісілген уақытта және орында жүргізілуі мүмкін.

28-бап
Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөліктері болып табылатын, жекелеген хаттамаларымен ресімделетін және осы Келісімді күшіне енгізу үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

29-бап
Күшіне енуі және қолданылу мерзімі

      1. Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап 60 (алпыс) күн өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Келісім 10 (он) жыл мерзімге жасалады, одан соң автоматты түрде белгісіз мерзімге ұзартылады және Тараптардың бірі екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өзінің осы Келісімнің күшін тоқтату ниеті он екі ай өткен соң қолданысын тоқтатады.
      3. Осы Келісім тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты осы Келісімнің 1 - 26-баптарының ережелері осы Келісім тоқтатылған күннен бастап кейінгі 10 жыл кезеңде күшінде қалады.
      ____________қаласында 2010 жылғы «____» __________________ ағылшын тілінде екі данада жасалды.

      Қазақстан Республикасының             Австрия Республикасының
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады