Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жапонияның Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және оған Келісілген хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 15 ақпандағы № 93 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жапония Республикасының Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы  және оған Келісілген хаттама мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және өкілетті Елшісі Ақылбек Әбсатұлы Камалдиновке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жапонияның Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және оған Келісілген хаттамаға қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 15 ақпандағы
№ 93 қаулысымен      
мақұлданған    

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жапонияның Үкіметі
арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану
саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жапонияның Үкіметі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын),
      атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты жалғастыру ниетін білдіре отырып,
      1991 жылы 18 сәуірде жасалған, Тараптар арасында қолданылған, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Үкіметі мен Жапонияның Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы келісімге (бұдан әрі - «бұрынғы Келісім») сәйкес Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы тығыз ынтымақтастықты назарға ала отырып,
      сондай-ақ, Қазақстан Республикасы да, сол сияқты Жапонияда 1968 жылғы 1 шілдедегі Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (бұдан әрі «Таратпау туралы шарт» деп аталатын) тараптары болып табылатындығын назарға ала отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Жапонияның Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (бұдан әрі «Агенттік» деп аталатын) мүшелері екендігін мойындай отырып,
      Агенттіктің, 1994 жылғы 26 шілдеде жасалған және 2004 жылғы 6 ақпанда Қосымша хаттамамен толықтырылған Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепілдіктерді қолдану туралы  келісімге (бұдан әрі «Қазақстан Республикасымен Кепілдіктер туралы келісім» деп аталатын) сәйкес Қазақстан Республикасында кепілдіктерді қолданатындығын атай отырып;
      сондай-ақ, Агенттіктің 1977 жылғы 4 наурызда жасалған және 1998 жылғы 4 желтоқсандағы Қосымша хаттамамен толықтырылған Жапония Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың III. 1 және 4-баптарын қолдану туралы келісімге (бұдан әрі «Жапониямен кепілдіктер туралы келісім» деп аталатын) сәйкес Жапонияда кепілдіктерді қолданатындығын атай отырып;
      екі Тарап та Ядролық жеткізушілер тобына қатысушы үкіметтер болып табылатындығын ескере отырып;
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттарында:
      а) «Тұлға» термині кез келген жеке тұлғаны немесе ұйымды білдіреді, бірақ өзіне Тараптарды қамтымайды;
      b) «Ядролық материал» термині:
      (і) бастапқы материалды, атап айтқанда, табиғатта кездесетін изотоптар қоспасы бар уранды; 235 изотопы бойынша азайтылған уранды; торийді; металдар, қорытпалар, химиялық қосылыстар немесе концентраттар нысанындағы жоғарыда аталған материалдардың кез келгенін; Тараптармен келісілуі мүмкін, осындай концентрацияда жоғарыда көрсетілген элементтердің бір немесе одан көп құрамы бар кез келген басқа затты; сондай-ақ, Тараптармен келісілуі мүмкін кез келген басқа затты; және
      (іі) арнайы бөлінетін материалды, атап айтқанда, плутоний, уран 233, 233 немесе 235 изотоптары бойынша байытылған уранды; жоғарыда көрсетілген аталған элементтердің бірін немесе одан көбін қамтитын кез келген затты; сондай-ақ Тараптармен келісілуі мүмкін кез келген басқа заттарды білдіреді. Арнайы бөлінетін материал бастапқы материалды қамтымайды;
      с) «Арнайы ядролық емес материал» термині осы Келісімнің А қосымшасының А бөлігінде көрсетілген атом реакторларында пайдаланатын заттарды білдіреді, алайда өзіне ядролық материалдарды қамтымайды;
      d) «Жабдық» термині машиналардың, өндірістік жабдықтар мен аспаптық қамтамасыз етудің негізгі бірліктерін, сондай-ақ арнайы әзірленген немесе атом саласында пайдалануға арналған және осы Келісімнің А қосымшасының В бөлігінде көрсетілген олардың құрамаларын білдіреді;
      е) «Технологиялар» термині оның одан әрі таралуына шектеусіз қолжетімді болатын ақпаратты қоспағанда, қандай да болмасын ядролық материалды, арнайы ядролық емес материалды немесе жабдықтарды әзірлеу, өндіру немесе пайдалану үшін қажетті нақты ақпаратты білдіреді. Сондай-ақ, егер Тараптар оны осылай деп анықтаса және бұл туралы жазбаша түрде келіссе, іргелі ғылыми зерттеулер бойынша ақпарат алынып тасталуы мүмкін. Бұл нақты ақпарат сәулелі көшірмелерді, жоспарларды, диаграммаларды, үлгілерді, формулаларды, техникалық жобалар мен ерекшеліктерді, дискілер, таспалар және тұрақты есте сақтаушы құрылғылар секілді басқа тасығыштарда немесе жазбаша нысанда ұсынылған басшылық пен нұсқаулықты қамтитын техникалық деректер түрінде берілуі мүмкін. Ол, сондай-ақ нұсқаулықтарды, дағдыларды, оқуды, практикалық тәжірибе мен консультациялық қызметтерді қамтитын техникалық көмек нысанында болуы мүмкін;
      f) Осы баптың е) тармағында сілтеме берілген «әзірлеу» термині жобалау, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, жобаны талдау, конструкциялау, түптұлғаларды жинақтау мен сынау, пилоттық өндірістік схемалар, есептік деректер, жобалық деректердің өнімге түзілу процесі, конфигурациялық жобалау, интеграциялық жобалау және жобалық схема секілді өндірістің басталуына дейінгі барлық кезеңдерді білдіреді;
      g) Осы баптың е) және f) тармақтарында көрсетілген «өндіріс» термині ядролық материалды, арнайы ядролық емес материалды немесе жабдықтарды жасауға байланысты құрылыс, өндірісті ұйымдастыру, дайындау, енгізу, жинақтау (монтаж), инспекция, сынау және сапаны қамтамасыз ету сияқты кез келген қызметті білдіреді;
      h) Осы баптың е) тармағында көрсетілген «пайдалану» термині алаңда орнатуды, техникалық қызмет көрсетуді, бақылауды, жөндеуді, қайта құру мен жаңғыртуды қоса алғанда, пайдалануды, орнатуды білдіреді;
      (і) «Технологиялар негізіндегі жабдық» термині Тараптар осы Келісімнің шеңберінде берілген технологияны пайдалана отырып, дайындалған ретінде қарауға келісетін жабдықтарды білдіреді;
      j) «Қосалқы өнім ретінде шығарылған немесе алынған ядролық материал» термині:
      (і) осы Келісімнің шеңберінде берілген ядролық материалдан алынған ядролық материалды;
      (іі) осы Келісімнің шеңберінде берілген арнайы ядролық емес материалды немесе жабдықтарды пайдалану кезіндегі бір немесе одан да көп процестер нәтижесінде алынған ядролық материалды; және
      ііі) Тараптардың осы Келісімнің шеңберінде берілген технологияны пайдалану кезінде алынған ретінде қарауға келісілген ядролық материалды білдіреді;
      k) «Құпия емес ақпарат» термині Тараптардың кез келгені жабық, құпия немесе өте құпия ақпарат ретінде қаралмайтын ақпаратты жасырын, білдіреді.

2-бап

      1. Осы Келісім бойынша екі мемлекет арасында атом энергиясын жарылыстар үшін емес, бейбіт мақсатта пайдалануды дамыту және жәрдем көрсету мақсатындағы ынтымақтастық мына тәсілдермен жүзеге асырылуы мүмкін:
      а) мамандармен алмасу;
      b) Тараптар арасында, тиісті Тараптың заңды құзыретіндегі тұлғалар арасында немесе кез келген Тараптар мен басқа Тараптың заңды құзыретіндегі тұлғалар арасында келісілуі мүмкін шарттарда ядролық қауіпсіздікке қатысты ақпаратты қоса алғанда, құпия емес ақпаратпен алмасу;
      с) Тараптың немесе оның заңды құзыретіндегі уәкілетті тұлғалардың басқа Тарапқа немесе оның заңды құзыретіндегі уәкілетті тұлғаларына жеткізуші мен алушы арасында келісілуі мүмкін шарттарда ядролық материалдарды, арнайы ядролық емес материалдарды, жабдықтар мен технологияларды жеткізулері;
      d) осы Келісіммен көзделген мәселелер бойынша, жеткізуші мен алушы арасында келісілуі мүмкін шарттарда Тараптың немесе оның заңды құзыретіндегі оған уәкілетті тұлғалардың қызметтерді ұсынуы және қызметтерді басқа Тараптың немесе оның заңды құзыретіндегі оған уәкілетті тұлғалардың алуы;
      е) Тараптармен келісілуі мүмкін басқа тәсілдер.
      2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген ынтымақтастық мына
салаларда қабылдануы мүмкін:
      а) уран ресурстарын барлау мен өндіру;
      b) жеңіл сулы реакторларды және жоғары температуралы газбен суытылатын реакторларын жобалау, орнату және пайдалану;
      с) жеңіл сулы реакторлардың және жоғары температуралы газбен суытылатын реакторлардың қауіпсіздігі;
      d) радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеу және орналастыру;
      е) радиациялық қорғаныс және қоршаған орта мониторингі;
      f) радиоизотоптар мен радиацияны зерттеу және қолдану;
      g) Тараптармен келісілуі мүмкін басқа салалар.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелеріне қарамастан, уранды байытуға, пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеуге, плутонийді конверсиялауға және арнайы ядролық емес материалдар мен плутоний өндірісіне арналған технологиялар мен жабдықтарды беру осы Келісім бойынша жүргізілмейді.

3-бап

      Осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген Тараптар арасындағы ынтымақтастық осы Келісімнің ережелеріне, тиісті мемлекеттердегі қолданыстағы заңдар мен ережелерге сәйкес жүзеге асырылады және көрсетілген баптың 1-тармағының (с) тармақшасында көзделген ынтымақтастық жағдайында Агенттік кепілдіктерінің қолданылуы:
      а) алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе оның заңды құзыретіндегі уәкілетті тұлғалары болғанда, Қазақстан Республикасындағы кез келген ядролық қызметтегі барлық ядролық материалдарға қатысты. Қазақстан Республикасымен кепілдіктер туралы келісімді қолдану осы шартты орындау болып саналады;
      b) алушы Жапония Үкіметі немесе оның заңды құзыретіндегі уәкілетті тұлғалары болғанда, Жапониядағы кез келген ядролық қызметтердегі барлық ядролық материалдарға қатысты. Жапониямен кепілдіктер туралы келісімді қолдану осы шартты орындау болып саналады.

4-бап

      1. Осы Келісім бойынша ынтымақтастық жарылыстар үшін емес, тек бейбіт мақсаттарда жүзеге асырылуға тиісті.
      2. Осы Келісімге сәйкес берілетін ядролық материалдар, арнайы ядролық емес материалдар, жабдықтар мен технологиялар, сондай-ақ жанама өнім ретінде алынған немесе өндірілген технологиялар мен ядролық материалдар негізіндегі жабдықтар тек бейбіт мақсаттарда қолданылуға тиісті; олар қандай да болмасын ядролық жарылғыш құрылғыда немесе қандай да болмасын осындай құрылғыға зерттеулер жүргізу не әзірлеу үшін пайдаланылмауға тиісті.

5-бап

      1. Осы Келісімнің 4-бабынан туындайтын міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету үшін осы Келісім бойынша берілетін ядролық материал және жанама өнім ретінде алынған немесе өндірілген ядролық материал:
      а) Қазақстан Республикасының аумағында болған кезеңде Қазақстан Республикасымен кепілдіктер туралы келісімнің күшінде болады; және
      b) Жапонияның аумағында болған кезеңде Жапониямен кепілдіктер туралы келісімнің күшінде болады.
      2. Егер қандай да болмасын себептермен Агенттік осы баптың 1-тармағымен көзделген кепілдікті қолданбаған жағдайда, Тараптар осы Келісім бойынша берілген ядролық материалдардың және жанама өнім ретінде алынған немесе өндірілген ядролық материалдардың кепілдікте тұрақты болуының өмірлік маңыздылығына байланысты, түзету шараларын қабылдау үшін дереу консультациялар өткізуге тиісті және мұндай түзету шаралары болмаса, Агенттіктің кепілдіктерді қолдану принциптері мен рәсімдеріне сәйкес және осы баптың 1-тармағында белгіленген Агенттіктің кепілдіктерімен қамтамасыз етілуі тиіс осындай тиімділік пен қамтуды қамтамасыз ететін шаралар жүргізуге тиісті.

6-бап

      Осы Келісімнің ережелерін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы мен Жапония 1986 жылғы 26 қыркүйектегі Ядролық аварияны жедел хабарлау туралы конвенцияның, 1994 жылғы 20 қыркүйектегі Ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария ахуалындағы көмек туралы конвенцияның, 1994 жылғы 17 маусымдағы Ядролық қауіпсіздік туралы конвенцияның және 1997 жылғы 5 қыркүйектегі Пайдаланылған отынды қолдану қауіпсіздігі туралы және радиоактивті қалдықтарды қолдану қауіпсіздігі туралы бірлескен конвенцияның ережелеріне сәйкес әрекет етеді.

7-бап

      1. Осы Келісім бойынша берілетін ядролық материалдарға және жанама өнім ретінде алынған немесе өндірілген ядролық материалдарға қатысты, Тараптар қолдану нәтижесінде кем дегенде осы Келісімнің В қосымшасында көрсетілген деңгейдегі қорғау қамтамасыз етілетін олардың тиісті өлшемдеріне сәйкес физикалық қорғау шараларын қолданады.
      2. Осы Келісім бойынша ядролық материалдарды халықаралық тасымалдауға қатысты Қазақстан Республикасы мен Жапония 1980 жылғы 3 наурыздағы Ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенцияның ережелеріне сәйкес әрекет етеді.
      3. Қазақстан Республикасы мен Жапония 2005 жылғы 14 қыркүйектегі Ядролық терроризм актілерімен күрес жөніндегі халықаралық конвенцияның ережелеріне сәйкес тиісті шаралар қабылдайды.

8-бап

      Осы Келісім бойынша берілетін ядролық материалдар, арнайы ядролық емес материалдар, жабдықтар мен технологиялар, жанама өнім ретінде алынған немесе өндірілген технологиялар мен ядролық материалдар негізіндегі жабдықтар беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз, олардың беруші Тараптың заңды құзыретіне қайтарылған жағдайларды қоспағанда, алушы Тараптың заңды құзыретінен тыс берілмеуі немесе қайта берілмеуі тиіс.

9-бап

      1. Екі мемлекет арасында тікелей немесе үшінші мемлекет арқылы берілетін ядролық материалдар, арнайы ядролық емес материалдар, жабдықтар мен технологиялар, алушы Тараптың заңды құзыретіне ауысқан кезде, егер беруші Тарап алушы Тарапты алдағы тапсыру туралы ертерек және жазбаша түрде хабардар етсе ғана, осы Келісімнің күшіне бағынады. Ол туралы хабардар етілген, ондай ядролық материалдарды, арнайы ядролық емес материалдарды, жабдықтар мен технологияларды беруге дейін беруші Тарап алушы Тараптан берілетін ядролық материалдар, арнайы ядролық емес материалдар, жабдықтар немесе технологиялар осы Келісімнің күшіне бағынатындығы туралы және егер болжамды алушы, ол алушы Тарап болмаса, Тараптың заңды құзыретіндегі оның уәкілетті тұлғасы болып табылатындығы туралы жазбаша растауды алуға тиісті.
      2. Осы Келісімнің күшіне бағынатын ядролық материалдар, арнайы ядролық емес материалдар, жабдықтар мен технологиялар мынадай жағдайларда оның бағынуынан шығарылады, егер:
      а) осындай ядролық материалдар, арнайы ядролық емес материалдар, жабдықтар мен технологиялар осы Келісімнің тиісті ережелеріне сәйкес алушы Тараптың заңды құзыретінен тыс берілсе;
      b) осындай ядролық материалдар, арнайы ядролық емес материалдар, жабдықтар мен технологиялар енді осы Келісімнің күшіне бағынбайтындығына Тараптар келіссе;
      с) ядролық материалдар тапсырылған жағдайда, Агенттік осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген тиісті келісім бойынша кепілдіктер әрекеттерінің тоқтауы туралы шарттарға сәйкес осындай ядролық материалдар пайдаланылған немесе сұйытылған түрде кепілдіктерді қолдану көзқарасы тұрғысынан қандай да бір ядролық қызметте пайдаланылмайды немесе егер осындай материал іс жүзінде алынбайды деп шешсе.

10-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен бастап алдыңғы Келісімнің күші Тараптар арасында тоқтатылады.

11-бап

      1. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты қандай да бір мәселелер туындаған жағдайда олардың кез келгенінің талабы бойынша Тараптар бір-бірімен консультациялар өткізеді.
      2. Егер осы Келісімді түсіндіруден немесе қолданудан туындаған қандай да бір дау келіссөздер, бітістірушілік, келісім рәсімі немесе басқа осындай рәсімдер арқылы реттелмесе, ондай дау, Тараптың кез келгенінің талабы бойынша осы тармақтың шарттарына сәйкес тағайындалған үш арбитрден тұратын арбитраждық сотқа беріледі. Тараптардың әрқайсысы бір арбитрден тағайындайды, ол өз мемлекетінің азаматы болуы мүмкін және осылай тағайындалған екі арбитр төраға болатын, ядролық қаруы жоқ және Таратпау туралы шарттың тарапы болып табылатын үшінші мемлекеттің азаматын үшінші арбитр етіп сайлайды. Егер отыз күн ішінде арбитраж өткізу туралы талаптан кейін қайсы бір Тарап арбитрді тағайындамаса, онда кез келген Тарап БҰҰ Халықаралық сотының Төрағасына арбитр тағайындау туралы өтінішпен шыға алады. Егер екінші арбитр тағайындалған соң отыз күн ішінде үшінші арбитр сайланбаса осыған ұқсас рәсім қолданылады, бұл ретте үшінші арбитр Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматы болмауы тиіс. Арбитраж сотының мүшелерінің көбі кворумды құрайды және шешімдердің барлығын қабылдау үшін соттың көпшілік мүшелерінің келісімі қажет болады. Арбитраждық рәсім арбитраж сотының шешімімен белгіленеді. Арбитраж сотының шешімдері Тараптардың орындауы үшін міндетті болып табылады.

12-бап

      1. Егер Жапония не Қазақстан Республикасы осы Келісім күшіне
енген соң кез келген сәтте:
      а) осы Келісімнің 4, 5, 6, 7 және 8-баптарының шарттарын немесе осы Келісімнің 11-бабында көрсетілген арбитраж сотының шешімін бұзса; немесе
      b) іс-әрекетін тоқтатса немесе осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген Агенттікпен өзінің тиісті Кепілдіктер туралы келісімін елеулі түрде бұзса, Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Жапонияның Үкіметі, тиісінше, осы Келісім бойынша ынтымақтастықты одан әрі толық немесе ішінара тоқтата тұруға немесе осы Келісімнің күшін тоқтатуға және осы Келісім бойынша берілген кез келген ядролық материалдарды, арнайы ядролық емес материалдар мен жабдықтарды қайтаруды талап етуге құқылы.
      2. Егер Жапония немесе Қазақстан Республикасы ядролық құрылғының жарылысын жүзеге асырса, онда Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Жапонияның Үкіметі тиісінше, осы баптың 1-тармағында көрсетілген құқыққа ие болады.
      3. Тараптардың кез келгені осы Келісім бойынша ынтымақтастықты толық немесе ішінара тоқтата тұруға немесе осы Келісімнің күшін тоқтатуға тоқтатуға қадам жасамастан немесе бұрын 1-тармақта көрсетілген қайтаруды талап етпестен бұрын, Тараптар түзету шараларын қабылдау мақсатында консультацияларды өткізеді және мүмкіншілік бар жерде мыналарды мұқият қарайды:
      а) мұндай қадамдардың салдарларын;
      b) егер талап етілсе, осындай басқа іс-шараларды орындау қажеттігін ескере отырып, осындай қадамдарды қабылдау үшін негіз болған сол фактілер әдейі жасалды ма.
      4. Осы бапта берілген құқықты Тараптың біреуі, тек басқа Тарап, осы баптың 3-тармағында көрсетілген консультациялардан кейінгі белгіленген уақыт кезеңі ішінде түзету шараларын қабылдай алмағанда ғана жүзеге асырады.
      5. Егер Тараптардың біреуі осы бапқа сай осы Келісім бойынша берілген кез келген ядролық материалды, арнайы ядролық емес материалды және жабдықтарды қайтару талаптарына қатысты өз құқығын жүзеге асырса, ол басқа Тарапқа немесе мүдделі тұлғаларға осындай материалдар мен жабдықтардың әділ нарықтық құнын өтеуі тиіс.

13-бап

      Осы Келісімге қосымшалар оның ажырамас бөлігі болып табылады. Қосымшалар Тараптардың жазбаша түрдегі келісімі бойынша осы Келісімді өзгертпей өзгертілуі мүмкін.

14-бап

      1. Осы Келісім күшіне енуі үшін қажетті ішкі рәсімдердің аяқталуы туралы хабарламаны әрбір Тарап басқа Тарапқа дипломатиялық арналар бойынша жібереді. Осы Келісім Тараптардың ол күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап отыз күн өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Келісім он жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірі осы қолданылу мерзімі бітерден кем дегенде алты ай бұрын осы Келісімді тоқтату туралы өзінің ниетін жазбаша түрде басқа Тарапқа дипломатиялық арқылы хабардар етпесе, автоматты түрде кейінгі бес жылдық кезеңге ұзартылады.
      3. Осы Келісім бойынша ынтымақтастықтың уақытша тоқтатыла тұруына немесе осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылғанына қарамастан, осы Келісімнің 1-бабы, 4-8-баптары, 9-бабының 2-тармағы және 11 мен 12-баптары күшінде қалады.

      Осыларды куәландыру үшін өз мемлекеттерінің Үкіметтері тиісті түрде уәкілеттендірген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      ______________ 2010 жылғы _____________________ ағылшын тілінде
      екі данадан жасалды.

      Қазақстан Республикасының                 Жапонияның Үкіметі
            Үкіметі үшін                                үшін

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Жапонияның Үкіметінің арасындағы
Атом энергиясын бейбіт мақсатта   
пайдалану саласындағы ынтымақтастық
туралы келісімге        
қосымша           

А қосымшасы

      А бөлімі

      1. Дейтерий және ауыр су:
      Дейтерий, ауыр су (дейтерий оксиді) және дейтерийдің В Бөлігінің 1-тармағында көрсетілген атом реакторында пайдалануға арналған сутегі атомдарына деген қатысы 1:5000 асатын, кез келген кезеңде 12 ай ішінде 200 кг дейтерий атомдарынан асатын мөлшердегі дейтерийдің кез келген басқа қосылысы.
      2. Ядролық таза графит:
      Тазалық дәрежесі бор эквивалентінің 5 миллиондық бөлігіне  жоғары, және тығыздығы В бөлігінің 1-тармағында көрсетілген атом реакторында пайдалануға арналған 1 50г/см-ден де көп, кез келген кезеңде 12 ай ішінде 30 метрикалық тоннадан асатын мөлшердегі графит.

      В бөлімі

      1. Жиынтықты ядролық реакторлар:
      Плутоний өндірісінің ең жоғарғы жобалық деңгейі жылына 100 грамнан аспайтын реактор ретінде айқындалған нөлдік қуаты бар реакторларды қоспағанда, өзін-өзі қолдайтын тізбекті бөліну реакциясының бақылау режимінде жұмыс істей алатын атом реакторлары.
      2. Атом реакторларының корпустары:
      Жоғарыда 1-тармақта көрсетілген ядролық реактордың белсенді аймағын олардың ішіне орналастыру үшін зауытта жасалған, арнайы құрастырылған немесе дайындалған металл корпустар, сондай-ақ төменде 8-тармақта көрсетілген атом реакторының тиісті ішкі бөліктері.
      3. Реактор отынын тиеуге және түсіруге арналған машиналар:
      Оларда жоғарыда 1-тармақта көрсетілген атом реакторына отынды тиеу немесе алу үшін арнайы құрастырылған немесе дайындалған амалдаушы жабдық.
      4. Атом реакторларының басқарушы өзектері мен жабдықтары:
      Жоғарыда 1-тармақта көрсетілген, атом реакторда реакцияның бөліну жылдамдығын бақылау үшін арнайы құрастырылған немесе дайындалған өзектер, тірегіш және ілінетін құрамалар, басқару өзегін тартатын механизмдер. реттейтін өзектерді бағыттаушы құбырлар.
      5. Жоғарғы қысымды реактор құбырлары:
      Жоғарыда 1-тармақта көрсетілген жұмыс қысымы 50 атмосферадан асатын реакторда ішіне отын элементтері мен бірінші контурдың жылу тасымалдағышын орналастыру үшін арнайы құрастырылған немесе дайындалған құбырлар.
      6. Цирконий құбырлары:
      Жоғарыда 1-тармақта көрсетілген атом реакторында пайдалану үшін кез келген кезеңде 12 ай бойы салмағы бойынша 500 кг асатын, гафний салмағының цирконийге қатынасы 1:500 аз металл цирконийден немесе оның қорытпаларынан арнайы құрастырылған немесе дайындалған құбырлар және құбырлардың құрастырмалары.
      7. Бірінші контурдың жылу тасымалдағышының сораптары:
      Жоғарыда 1-тармақта көрсетілген атом реакторының бірінші контурының жылу тасымалдағышының циркуляциясын ұстап тұру үшін арнайы құрастырылған немесе дайындалған сораптар.
      8. Реактордың ішкі бөліктері:
      Белсенді аймақтың тірек бағаналарын, отын арналарын, жылу экрандарын, қалқаларды, белсенді аймақтың құбырлы торларын және диффузор тақтайшаларын қоса алғанда, жоғарыда 1-тармақта көрсетілген атом реакторында пайдалану үшін арнайы құрастырылған немесе жасалған реактордың ішкі бөліктері.
      9. Жылу алмастырғыштар:
      Жоғарыда 1-тармақта көрсетілген атом реакторының бірінші контурының жылу тасымалдағышында пайдалану үшін арнайы құрастырылған немесе жасалған жылу алмастырғыштар (бу генераторлары).
      10. Нейтрондар ағынын детектрлеу және өлшеу жабдықтары:
      Жоғарыда 1-тармақта көрсетілген атом реакторының белсенді аймағанда нейтрондар ағынының қарқындылығын анықтау үшін арнайы құрастырылған немесе жасалған нейтрондар қарқынын детектрлейтін және өлшейтін жабдықтар.
      11. Атом реакторларының отын элементтерін жасайтын зауыттар және осы мақсаттар үшін арнайы құрастырылған немесе жасалған жабдық.
      12. Уранды отын элементтерін ендіру және уран изотоптарының бөліну процесінде пайдалану үшін оны конверсиялау жөніндегі зауыттар және осы мақсаттар үшін арнайы құрастырылған немесе жасалған жабдық.

В қосымшасы Ядролық материалды физикалық қорғау деңгейлері

III САНАТ
(қоса беріліп отырған кестеде көрсетілгендей)

Кіруі бақыланатын аймақтардың шегінде пайдалану және
сақтау.

      Тасымалдау жөнелтушінің, алушының және тасымалдаушының арасындағы алдын ала уағдаластықты және тасымалдау кезінде жауапкершілікті табыстау үшін уақытты, орынды және рәсімдерді белгілейтін экспорттаушы және импорттаушы мемлекеттердің заңды құзыретіндегі және құқықтық актілерін басшылыққа алатын жеке тұлғалар мен ұйымдардың арасындағы алдын ала келісімді қоса алғанда арнайы сақтық шараларының сақталуымен жүзеге асырылады.

II САНАТ
(қоса беріліп отырған кестеде көрсетілгендей)

      Кіруі бақыланатын аймақтардың, яғни күзеттің тұрақты бақылауындағы аймақтың, яғни тиісті бақылау кезіндегі кіру нүктелерінің шектеулі саны бар табиғи тосқауылмен қоршалған электронды аспаптардың шегінде немесе физикалық қорғаудың ұқсас деңгейімен кез келген аймақтың шегінде пайдалану және сақтау.
      Тасу жөнелтушінің, алушының және тасымалдаушының арасындағы алдын ала уағдаластықты және тасымалдау кезінде жауапкершілікті табыстау үшін уақытты, орынды және рәсімдерді белгілейтін экспорттаушы және импорттаушы мемлекеттердің заңды құзыретіндегі және құқықтық актілерін басшылыққа алатын жеке тұлғалар мен ұйымдардың арасындағы алдын ала келісімді қоса алғанда арнайы сақтық шараларының сақталуымен жүзеге асырылады.

I САНАТ
(қоса беріліп отырған кестеде көрсетілгендей)

      Осы санаттың ядролық материалдарын күзетуді сенімділік деңгейі жоғары және рұқсатсыз қолданудан қорғау жүйелері жүзеге асырады:
      Кіруі II Санаттың материалдары сияқты қорғалған аймақтың шегінде пайдалану мен сақтау, бұдан басқа сенімділігі анықталған және тиісті қарсы әрекет күштерімен тұрақты тығыз байланысты тоқтатпайтын күзеттің бақылауындағы тұлғаларға ғана рұқсат етілген. Мұндай жағдайларда қолданылатын нақты шаралардың мақсаты кез келген шабуылды, рұқсатсыз қол жеткізуді немесе материалды рұқсатсыз алуды табу және болдырмау.
      Тасымалдау, жоғарыда анықталғандай II және III санаттағы ядролық материалдарды тасымалдау үшін арнайы сақтық шараларының сақталуымен және бұдан басқа күзеттің ұдайы бақылауымен және тиісті қарсы әрекет күштерімен тығыз байланысты қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылады.

Кесте: Ядролық материалды санаттау

Ядролық материал

Нысаны

I санат

II санат

III санат

1. Плутоний (а)

Сәулеленбеген (b)

2 кг немесе одан көп

2 кг-дан аз, бірақ 500 г-дан көп

500 г немесе аз, бірақ 15 г-дан көп

2. Уран-235

Сәулеленбеген (b)




- уран-235 изотопымен 20%-ға дейін немесе жоғары байытылған уран

5 кг немесе одан көп

5 кг-дан аз, бірақ 1 кг-дан көп

1 кг немесе аз, бірақ 15 г-дан көп

- уран-235 изотопымен 10%-дан 20%-ға дейін байытылған уран

10 кг немесе көп

10 кг-дан аз, бірақ 1 кг-дан көп

- табиғидан жоғары байытылған, бірақ құрамында 10 %-дан аз уран-235 изотопы бар уран

10 кг немесе одан көп

3. Уран-233

Сәулеленбеген (b)

2 кг немесе одан көп

2 кг-дан аз, бірақ 500 г-дан көп

500 г немесе аз, бірақ 15 г-дан көп

4. Сәулеленген отын



Жұтаңдаған немесе табиғи уран, торий немесе
төмен байытылған бөлінетін отын (құрамында 10%-дан аз бөлінетін изотоптары бар) (d)/(е)


      (а) плутоний-238 бойынша изотоптық концентрациясы 80 %-дан асатын плутонийды қоспағанда барлық плутоний.
      (b) Реакторда сәулеленбеген ядролық материал, немесе ядролық реакторда сәулеленген ядролық материал, бірақ сәулелену деңгейі қорғаусыз бір метр арақашықтықта 1 Гр/сағ (100 рад/сағ) тең немесе аз.
      (с) Саны III санатқа бағынбайтын, және табиғи уранды, жұтаңдаған уранды және торийді, ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенцияға II қосымшаға сәйкес практикалық орындылығына сүйеніп қорғау керек.
      (d) Дегенмен қорғаудың осы деңгейі ұсынылады, Тараптар нақты міндеттемелерді бағалауға сүйеніп физикалық қорғаудың басқа санатын анықтай алады.
      (е) Бөлінетін материалдың бастапқы құрамына байланысты сәулеленуге дейін I және II санатқа кірген басқа отын, егер отынның сәулелену деңгейі қорғаусыз бір метр арақашықтықта 1 Гр/сағ. (100 рад/сағ.) асса деңгейі бойынша бір санатқа төмендеуі мүмкін.

КЕЛІСІЛГЕН ХАТТАМА

      Бүгін қол қойылған, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жапонияның Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімге (бұдан әрі «Келісім» деп аталатын) байланысты төменде қол қоюшылар мынадай уағдаластықты былай деп белгілейді:
      1. Осы Келісімге бағынатын ядролық материалдармен айналысу, ондай материалдарды араластыру процесінде мұндай матералдарды пайдаланған жағдайда, өзара алмастыру мен мөлшерлестік ұстанымдары негізінде жүзеге асырылуы мүмкін, онда олар конверсия процесінде, отынды әзірлеу, байыту немесе өңдеуде өз ұқсастығын жоғалтады немесе жоғалтты деп есептелетіні расталады.
      2. Келісімнің 5-бабына қатысты, Келісімнің тиімді орындалу мақсатында, Тараптар Келісімге бағынатын ядролық материалдардың, арнайы ядролық емес материалдардың, жабдықтар мен технологиялардың түгендеу сандары бойынша ағымдағы мәліметтермен жыл сайын алмасатынын растайды.
      3. Келісімнің 5-бабына сілтеме етіп, осы Келісімге бағынатын барлық ядролық материалды қамтитын, ядролық материалдарды есепке алу және бақылаудың ұлттық жүйесі, әр мемлекетте қолданылатын заңдар мен ережелерге сәйкес құрылатынын және жүргізілетінін растайды.
      4. Келісімнің 12-бабы 1-тармағының (b) тармақшасын қолданғанда, аталған тармақшаға сәйкес елеулі бұзушылықты анықтауға қатысты, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Басқарушылар Кеңесі (бұдан әрі - «Әгенттік» деп аталатын) қабылдаған мынадай шешімдерінің кез келгенін шешуші ретінде қабылдайтынын Тараптар растайды:
      (а) сәйкессіздік туралы қорытынды;
      (b) Агенттіктің ядролық қаруға немесе басқа да ядролық жарылғыш қондырғыларға кепілдіктер туралы тиісті Келісім бойынша кепілдікте болуға тиісті ядролық материалды ауыстырылуының болмауын растай алмайтыны туралы қорытындысы; немесе
      (с) Агенттіктің мәлімделінбеген ядролық материалдың немесе қызметтің болмауын растай алмайтыны туралы қорытынды.
      Осы Хаттамаға 201____ «____» ____________ қол қойылды.

      Қазақстан Республикасының                Жапонияның Үкіметі
          Үкіметі үшін                                 үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады