Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Екі мемлекет азаматтарының өзара сапарлары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, ол Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Екі мемлекет азаматтарының өзара сапарлары туралы келісімге қол қойсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 5 қазандағы
№ 1029 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Екі мемлекет
азаматтарының өзара сапарлары туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі,
екі мемлекет арасындағы достық қатынастарды дамыту ниетін басшылыққа ала отырып,
өз мемлекеттері азаматтарының өзара сапарларының тәртібін жеңілдетуге ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Екінші Тарап мемлекетінің аумағында олардың үздіксіз болу ұзақтығы келген күнінен бастап 30 (отыз) күннен аспайды деген шартпен бір Тарап мемлекетінің азаматтары осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын оған қосымшада көрсетілген жарамды құжаттардың (бұдан әрі - жарамды құжаттар) негізінде екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, кете алады, транзитпен өте алады және онда бола алады.
2. Егер бар бір Тарап мемлекетінің жарамды құжаттарды иеленуші азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында жұмыс істеу немесе оқу орындарында оқу мақсатында екінші Тарап мемлекетінің аумағында болудың осы Келісімде көзделген кезеңінен артық мерзімге қалуға тілек білдірсе, олар осы екінші Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес виза алуға міндетті.
2-бап
Тараптардың әрқайсысы мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы келе алады және кете алады.
3-бап
Екінші Тарап мемлекетінің аумағында уақытша болуға немесе тұруға ықтиярхаты бар бір Тарап мемлекетінің азаматтары осы мемлекеттің аумағына визасыз келе алады, кете алады және онда бола алады.
4-бап
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысы мемлекеттерінің құзыретті органдарының өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп немесе тұрғындардың денсаулығын сақтау ұғымдары бойынша екінші Тарап мемлекеті азаматтарының келуінен немесе болуынан бас тарту құқығын шектемейді.
5-бап
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытта жарамды құжаттарды жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда, сол мемлекеттің аумағынан өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі берген жаңа жарамды құжаттардың негізінде визасыз не қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органдарының өзге де рұқсаттарынсыз кете алады.
6-бап
Тосын сипаттағы себептер бойынша (науқастануы, дүлей апат және т.б.) келген күнінен бастап 30 (отыз) күнге дейінгі мерзімде немесе визаның жарамдылық мерзімі біткенге дейін екінші Тарап мемлекетінің аумағынан кетуге мүмкіндігі болмаған бір Тарап мемлекетінің азаматтары, мұндай себептердің құжаттамалық немесе өзге де дұрыс растамасы болған жағдайда, болу мемлекетінің аумағынан өздері азаматтары болып табылатын мемлекетке немесе өздері тұрақты тұратын мемлекетке кету үшін қажетті уақыт кезеңіне осы мемлекет аумағында болуын ұзартуға рұқсат алу үшін құзыретті органдарға өтініш негізінде жүгіне алады.
7-бап
1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап 30 (отыз) күн ішінде осы Келісімнің қосымшасында көрсетілген жарамды құжаттардың үлгілерін дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
2. Жаңа құжаттар енгізілген немесе осы Келісімге қосымшада көрсетілген жарамды құжаттарға өзгерістер енгізілген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бұл туралы бір-біріне дереу хабарлап, жаңа немесе өзгертілген құжаттардың үлгілерін, сондай-ақ осы құжаттарды пайдалану туралы ақпаратты олар қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде 30 (отыз) күн бұрын жолдайды.
8-бап
1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп пен тұрғын халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын толық немесе ішінара тоқтата тұра алады. Мұндай тоқтата тұру туралы жазбаша хабарлама тоқтата тұрғанға дейін кемінде қырық сегіз (48) сағат бұрын дипломатиялық арналар бойынша екінші Тарапқа жолданады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген себептер бойынша осы Келісімнің ережелерін қолдануды тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған Тарап дәл осындай тәртіппен осы Келісімнің ережелерін қолдануды қалпына келтіру туралы екінші Тарапқа хабарлайды.
9-бап
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар бойынша алынған күнінен бастап 30 (отызыншы) күні күшіне енеді.
2. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін. Тараптармен келісілген кез келген өзгеріс осы баптың 1-тармағына сәйкес күшіне енеді.
3. Әрбір Тарап дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа тиісті жазбаша хабарлама жолдап, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда екінші Тарап осындай хабарламаны алған күнінен бастап тоқсан (90) күн өткен соң осы Келісім өзінің қолданысын тоқтатады.
______________ қаласында _____ жылғы «___» ______ әрқайсысы қазақ, серб, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Сербия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Сербия Республикасының Үкіметі
арасындағы Қазақстан Республикасы
азаматтарының және Сербия Республикасы
азаматтарының Өзара сапарлары туралы
келісімге қосымша
Қазақстан Республикасының азаматтары мен Сербия Республикасы
азаматтарының өзара сапарларын жүзеге асыру кезінде қажетті
жеке басын куәландыратын жарамды құжаттардың
тізбесі
1. Мыналар Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Сербия Республикасына сапарды жүзеге асыру кезінде жеке басын куәландыратын жарамды құжаттар болып табылады:
а) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
b) теңізшінің паспорты (теңізшінің жеке куәлігі) - кеме рөлі немесе одан үзінді көшірме болған жағдайда;
с) Қазақстан Республикасына келу (қайта оралу) куәлігі.
2. Мыналар Сербия Республикасының азаматтары үшін Қазақстан Республикасына сапарды жүзеге асыру кезінде жарамды құжаттар болып табылады:
а) паспорт;
b) Сербия Республикасына келу (қайта оралу) куәлігі;
с) теңізшінің жеке куәлігі - кеме рөлі немесе одан көшірме болған жағдайда;
d) теңізшінің паспорты.