Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы
келісімді ратификациялау туралы
1992 жылғы 21 қазанда Мәскеу қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы
келісім
Бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
елдер арасындағы экономикалық қатынастарды әлемдік практикада қабылданған қағидаттарда қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
сыртқы экономикалық реттеудің тиімді ұлттық жүйелерін құру қажеттілігін ескере отырып,
Уағдаласушы Тараптар арасында сыртқы экономикалық қатынастарды үздік үйлестіру мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Уағдаласушы Тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының астаналарында Сауда өкілдіктерін өзара құрады және оларға өзара негізде қызметтік және тұрғын жайларын береді.
2-бап
Уағдаласушы Тараптар Сауда өкілдіктері мынадай негізгі функцияларды орындайтын болады деп келісті:
а) Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға және кеңейтуге жәрдемдесу;
б) екі ел арасындағы сауда-саттыққа және экономикалық ынтымақтастықтың басқа да түрлеріне қатысты барлық мәселелер бойынша болу елінде өз мемлекеттерінің мүдделерін білдіру;
в) өз елінің мемлекеттік органдарына орналасқан елдегі экономикалық жағдайлар және оның сыртқы экономикалық қызмет саласындағы заңнамасы туралы ақпарат беру, сондай-ақ орналасқан елдің мүдделі органдарына өз елі туралы осындай ақпараттар беру;
г) болу елінің заңды және жеке тұлғаларымен сауда-саттық, экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық саласындағы мәмілелерді жүзеге асыруда өз елдерінің жеке және заңды тұлғаларына жәрдемдесу.
3-бап
Сауда өкілдіктері өз елінің Үкіметі атынан әрекет етеді. Сауда өкілдігінің сауда өкілі және оның орынбасарлары, сондай-ақ әкімшілік-техникалық персоналы шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық персоналының тиісті санаттарына халықаралық құқыққа сәйкес танылатын барлық артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
Сауда өкілдігінің қызметтік және тұрғын жайлары, оның мүлкі мен мұрағаттары дипломатиялық өкілдіктердің қызметтік және тұрғын жайларына, мүлкіне және мұрағаттарына халықаралық құқыққа сәйкес танылған иммунитеттер мен артықшылықтарды пайдаланады.
Сауда өкілдігі сауда тізілімі туралы ережелерге жатпайды.
4-бап
Сауда өкілдіктерін құру Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының жеке және заңды тұлғаларының бір-бірімен тікелей қатынастар жасасу құқықтарын, атап айтқанда, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыруға байланысты шарттарды жасасу мен орындау мақсатында ешбір қозғамайды.
Сауда өкілдіктері жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал жеке және заңды тұлғалар Сауда өкілдіктерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
5-бап
Болу елінің басқа қалаларында Сауда өкілдіктері бөлімшелерін ашу Уағдаласушы Тараптар арасындағы келісім бойынша мүмкін болады.
Бұл бөлімшелердің құқықтық мәртебесі екі Уағдаласушы Тарап арасындағы өзара уағдаластық бойынша айқындалатын болады.
6-бап
Осы Келісім қол қойылған күні күшіне енеді. 1992 жылғы 21 қазанда Мәскеу қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің күші бірдей.»
1992 жылғы 21 қазанда Мәскеу қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқық департаментінің
Басқарма бастығы Б. Пискорский
Осымен 1992 жылғы 21 қазанда Мәскеу қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын Қазақстан Республикасы СІМ-нің 2009 жылғы 7 қарашадағы № 15-1/3252 және Ресей Федерациясы СІМ-нің 2009 жылғы 7 желтоқсандағы № 13913-и/3дснг ноталарының куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқық департаментінің
Басқарма бастығы Б. Пискорский