"Жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 7 қазандағы № 1035 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы Жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол
ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі
туралы шартты ратификациялау туралы

      2010 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында жасалған Жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы
қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын
өткізу тәртібі туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде кеден одағына мүше мемлекеттер,
      2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шарттың және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының кеден кодексі туралы шарттың ережелерін негізге ала отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      1. Осы Шарт жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібін айқындайды.
      2. Жеке тұлғалардың қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын кеден одағының кеден шекарасы арқылы өткізуімен байланысты туындаған, осы Шартпен реттелмеген қатынастар кеден одағының өзге халықаралық шарттарымен, ал олар болмаған жағдайда Тараптардың заңнамасымен реттеледі.
      3. Осы Шарттың ережелері жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы заңды төлем құралы болып табылатын бағалы металдардан жасалған монеталарды өткізуімен байланысты туындайтын қатынастарды реттемейді.

2-бап

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін мынадай терминдер мен олардың анықтамалары пайдаланылады:
      «қолма-қол ақша қаражаты» - айналыстағы және айналыстан алынғандарын не алынатындарын, бірақ айналыста жүрген ақша белгілеріне айырбасталуға жататындарын қоса алғанда, кеден одағына мүше мемлекеттерде немесе шет мемлекеттерде (шет мемлекеттер тобында) заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар және қазынашылық билеттері, бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда, монеталар түріндегі ақша белгілері;
      «ақша кұралдары» - жол чектері, вексельдер, чектер (банктік чектер), сондай-ақ эмитенттің (борышкердің) ақша қаражатын төлеу жөніндегі міндеттемесін растайтын, мұндай төлем жүзеге асырылатын тұлға көрсетілмеген құжаттандырылған нысандағы бағалы қағаздар.
      2. Осы Шартта пайдаланылатын өзге ұғымдар кеден одағының кеден заңнамасында белгіленген мәндерде, ал кеден одағының кеден заңнамасында белгіленбеген жағдайларда Тараптардың заңнамасына сәйкес қолданылады.

3-бап

      1. Жеке тұлғаның кеден одағының кеден аумағына ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін әкелуі мынадай тәртіппен шектеусіз жүзеге асырылады:
      баламасы 10 мың АҚШ долларына тең не одан аспайтын жалпы сомадағы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін бір мезгілде әкелген кезде көрсетілген ақша қаражаты және (немесе) жол чектері жазбаша нысанда кедендік декларациялануға жатпайды;
      баламасы 10 мың АҚШ долларынан асатын жалпы сомадағы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін бір мезгілде әкелген кезде көрсетілген ақша қаражаты және (немесе) жол чектері әкелінетін қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) жол чектерінің барлық сомасына жолаушылардың кедендік декларациясын беру арқылы жазбаша нысанда кедендік декларациялануға жатады.
      2. Жеке тұлғаның баламасы 10 мың АҚШ долларына тең не одан аспайтын жалпы сомадағы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін бір мезгілде әкелуі жеке тұлғаның қалауы бойынша жазбаша нысанда декларациялануы мүмкін.
      3. Жеке тұлғаның, жол чектерін қоспағанда, ақша құралдарын әкелуі жолаушылардың кедендік декларациясын беру арқылы жазбаша нысанда кедендік декларацияланған жағдайда жүзеге асырылады.

4-бап

      1. Жеке тұлғаның кеден одағының кеден аумағынан ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін әкетуі мынадай тәртіппен шектеусіз жүзеге асырылады:
      баламасы 10 мың АҚШ долларына тең не одан аспайтын жалпы сомадағы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін бір мезгілде әкеткен кезде көрсетілген ақша қаражаты және (немесе) жол чектері жазбаша нысанда кедендік декларациялануға жатпайды;
      баламасы 10 мың АКШ долларынан асатын жалпы сомадағы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін бір мезгілде әкеткен кезде көрсетілген ақша қаражаты және (немесе) жол чектері әкетілетін қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) жол чектерінің барлық сомасына жолаушылардың кедендік декларациясын беру арқылы жазбаша нысанда кедендік декларациялануға жатады.
      2. Жеке тұлғаның баламасы 10 мың АҚШ долларына тең не одан аспайтын жалпы сомадағы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін бір мезгілде әкетуі жеке тұлғаның қалауы бойынша жазбаша нысанда декларациялануы мүмкін.
      3. Жеке тұлғаның, жол чектерін қоспағанда, ақша құралдарын әкетуі жолаушылардың кедендік декларациясын беру арқылы жазбаша нысанда кедендік декларацияланған жағдайда жүзеге асырылады.

5-бап

      1. Жеке тұлға кеден одағының кеден аумағына қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін әкелген немесе осы аумақтан әкеткен жағдайларда АҚШ долларына қайта есептеу осындай қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) жол чектері мемлекеттік шекарасы арқылы өткізілетін сол Тараптың заңнамасына сәйкес, кеден органына жолаушылардың кедендік декларациясы берілген күні белгіленген бағам бойынша жүзеге асырылады.
      2. Жол чектерін қоспағанда, ақша құралдарын кедендік декларациялау кезінде жолаушылардың кедендік декларациясында номиналды құны не кеден одағына мүше мемлекеттің валютасында немесе ақша құралы алу құқығын куәландыратын шетел валютасында тиісті сомасы көрсетіледі. Номиналды құны болмаған және кеден одағына мүше мемлекеттің валютасында немесе ақша құралы алу құқығын куәландыратын шетел валютасында соманы айқындау мүмкін болмаған жағдайда жолаушылардың кедендік декларациясында өткізілетін ақша құралдарының саны көрсетіледі.

6-бап

      Жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы жазбаша нысанда міндетті декларациялануға жататын қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуі кезінде заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында жолаушылардың кедендік декларациясында мынадай мәліметтер қосымша көрсетілуі тиіс:
      1) жеке тұлғаның туған күні және жері, шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ тұлғаның кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында болу (тұру) құқығын растайтын құжаттың деректемелері, тұрғылықты (тіркелген) жерінің немесе кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында болу орнының мекенжайы;
      2) жол чектерін қоспағанда, ақша құралдары туралы мәліметтер (ақша құралының түрі, эмитенттің атауы, шығарылған күні және болған жағдайда сәйкестендіру нөмірі);
      3) қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) ақша құралдарының көзі, олардың иелері (декларанттың меншігі болып табылмайтын қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізген жағдайларда), сондай-ақ болжамды пайдаланылуы туралы мәліметтер;
      4) қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын тасымалдаудың бағыты және тәсілі туралы (көліктің түрі туралы) мәліметтер.

7-бап

      1. Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
      2. Егер дауды Тараптар консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы бір Тараптың екінші Тарапқа жіберген ресми жазбаша өтініші түскен күннен бастап алты ай ішінде реттемесе, онда кез келген Тарап осы дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға жібере алады.
      3. Кеден одағы комиссиясы дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына бергенге дейін Тараптарға оны реттеуге жәрдем көрсетеді.

8-бап

      Осы Шартқа ескертпелерге жол берілмейді.

9-бап

      Тараптардың келісулері бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Шарт қол қойылған күнінен бастап, бірақ 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күннен бұрын емес уақытша қолданылады және ратификациялануға жатады.
      Осы Шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар бойынша алған күнінен бастап, бірақ 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күннен бұрын емес күшіне енеді.
      Астана қаласында 2010 жылғы 5 шілдеде бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды.
      Осы Шарттың түпнұсқа данасы осы Шарттың депозитарийі болып табылатын Кеден одағының комиссиясында сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Беларусь              Қазақстан         Ресей Федерациясы
   Республикасы үшін    Республикасы үшін            үшін

      2010 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің отырысында мемлекет басшылары деңгейінде қол қойылған Жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шартының куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Төраға                                    Г.А. Марченко

Тігілген, қол
қоюмен және мөрмен
расталған 6 парақ

      2010 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында қол қойылған Жеке тұлғалардың нақты ақшалай қаражатты және (немесе) ақшалай құралдарды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу тәртібі туралы шартының куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                              Б.Пискорский    

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады