"Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасының арасындағы Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 26 қазандағы № 1104 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасының арасындағы Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасының арасындағы
Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы
келісімге қол қою туралы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасының арасындағы Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Әділет министрі Рашид Төлеутайұлы Түсіпбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасының арасындағы Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                               Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің  
2010 жылғы « » 
№ Жарлығымен  
МАҚҰЛДАНҒАН  

Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасының арасындағы
Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы
келісім

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы,
      Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы азаматтарының мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін тең құқықтық қорғауды нығайтуға деген ортақ ниетті басшылыққа ала отырып,
      азаматтық істер бойынша құқықтық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі күш жігерді беріктіру ниетін растай отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары мен қағидаттарына сүйене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

I бөлім
Жалпы ережелер 1-бап
Жалпы шарт

      Осы Келісімнің ережелері азаматтық істерге, оның ішінде коммерциялық құқық, отбасы және еңбек құқығы саласындағы істер бойынша қолданылады.

2-бап
Құқықтық көмек

      1. Тараптардың азаматтары және Тараптардың аумақтарында заңды тұрып жатқан басқа да тұлғалар (бұдан әрі бірлесіп резиденттер деп аталады) басқа Тараптың аумағында Тараптардың әрқайсысы өз азаматтарына олардың мүліктік және мүліктік емес құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін ұсынатындай құқықтық қорғауды пайдаланады.
      2. Тараптардың әрқайсысының резиденттері басқа Тараптың құзыретіне азаматтық істер кіретін соттарына, прокуратурасына, әділет органдарына және өзге де мекемелеріне (бұдан әрі - әділет мекемелері) еркін жүгінуге құқылы, осы басқа Тараптардың резиденттері сияқты жағдайда сөз сөйлейді, өтініштер жасайды, талап арыздар ұсынады және өзге де іс жүргізу әрекеттерін жүзеге асыра алады.

3-бап
CAUTIO JUDICATUM SOLVI-ден босату

      Тараптардың бірінің екінші Тараптың Әділет мекемелері арқылы сот талқылауына бастамашылық ететін не оған үшінші тұлғалар ретінде қатысатын резиденттері өзінің шетелдік азаматтығы себебімен немесе осы екінші Тараптың аумағында тұрақты тұрмайтындығына байланысты сот шығыстарына қатысты CAUTIO JUDICATUM SOLVI міндетімен (сот шығыстарын қамтамасыз ету ретінде сома енгізу) байланысты емес.

4-бап
Салық, баж төлеуден және сот шығыстарын өтеуден босату

      1. Осы Келісімнің шеңберінде іс жүргізу әрекеттерін жүзеге асыруға байланысты салық, баж төлеуден босату екінші Тараптың аумағында бір Тараптың резиденттеріне осы екінші Тараптың өз азаматтары сияқты жағдайларда беріледі.
      2. Бір Тарап резидентінің осындай босатуларды алуға құқығын растайтын тиісті құжаттарды (анықтамаларды) резидент Тарабының құзыретті мекемелері береді.

5-бап
Заңды тұлғалар

      Тараптардың әрқайсысының азаматтарына қатысты ережелер құқық қабілеттігіне ие, екінші Тараптың аумағында оның заңнамасына сәйкес құрылған штаб-пәтерлері немесе филиалдары бар және тұрақты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен өзге де ұйымдарға да қолданылады.

6-бап
Заңдастырудан босату

      1. Осы Келісімді қолдану мақсатында түпнұсқалардағы немесе көшірмелердегі актілер, құжаттар және аудармалар заңдастырудың кез келген нысанынан босатылады, бірақ оларға қол қойылып, шығарған Тараптың құзыретті мекемесінің мөрімен бекітілуі тиіс.
      2. Түпнұсқалар немесе құзыретті орган өзінің құзыреті шегінде белгіленген нысанда жасаған және куәландырған әрі Тараптардың бірінің аумағында мөрмен бекітілген куәліктердің, құжаттардың және аудармалардың іске қатысы бар көшірмелері басқа Тараптың аумағында қандай да бір қосымша ерекше танусыз қабылданады.

II бөлім
Құқықтық көмек 7-бап
Құқықтық көмек мәні

      Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Тараптардың әрқайсысы уәкілетті органдар арқылы жіберілетін құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салулардың негізінде:
      а) өз заңнамасында көзделген іс жүргізу әрекеттерін орындау жолымен, атап айтқанда құжаттарды жасау, жіберу және тапсыру, азаматтық іс бойынша тараптарға хабарлау және жауап алу, дәлелдемелерді жинау және жіберу, сараптамалық қорытындыларды алу және жіберу, сондай-ақ сот актілерін мәжбүрлеп орындау жолымен екінші Тарапқа көмек көрсету;
      b) уәкілетті органдардың екінші Тарапқа заңнамаға және оны өз аумағында қолдану практикасына қатысты мәліметтерді, сондай-ақ сот талқылаүы үшін қажет өзге де мәліметтерді ұсынуы;
      с) екінші Тарапқа немесе оның резиденттеріне сотта талқылау үшін қажетті азаматтық жай-күйді тіркеу актілерінің көшірмелерін және олардан үзінді көшірмелерді сұрау салынған Тараптың заңнамасында көзделген шектеулерді сақтай отырып табыстау жөнінде шаралар қабылдайды.

8-бап
Құқықтық көмек көрсетуден бас тарту

      Егер мұндай құқықтық көмек көрсету сұрау салынған Тараптың егемендігіне немесе ұлттық қауіпсіздігіне залал тигізетін не заңнамасына қайшы келетін болса, құқықтық көмек көрсетуден толық немесе ішінара бас тартылуы мүмкін. Құқықтық көмек көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда сұрау салған Тарапқа бас тартудың себептері туралы жазбаша нысанда дереу хабарланады.

9-бап
Тараптардың уәкілетті органдары

      1. Осы Келісімнің мақсаты үшін Тараптардың уәкілетті органдары мыналар болып табылады:
      қазақстандық Тараптан - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі;
      итальяндық Тараптан - Италия Республикасының Әділет министрлігі.
      2. Жоғарыда аталған уәкілетті органдардың атауы өзгерген немесе функциялары басқа органдарға берілген кезде Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін уақтылы хабардар етеді.

10-бап
Тілдер

      1. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салулар, оларға қоса берілетін актілер мен құжаттар сұрау салған Тараптың тілінде сұрау салынған Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне олардың ресми аудармасымен қоса жіберіледі.
      2. Қазақстан Республикасына қатысты сұрау салынған Тараптың тілі қазақ және (немесе) орыс тілдері болып табылады.

11-бап
Шығыстар

      Осы Келісімнің ережелерін сақтай отырып, сұрау салынған Тараптың құқықтық көмек көрсетуі сұрау салынған Тараптың шығыстарын өтеуді талап етуге негіз болып табылмайды.
      Тараптар осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды Тараптардың заңнамасында көзделген бюджет шеңберінде дербес көтереді.

12-бап
Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу

      1. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:
      а) сұрау салған уәкілетті органның атауы;
      b) сұрау салынған уәкілетті органның атауы;
      с) құқықтық көмек көрсетудің мәні (азаматтық іс бойынша құқықтық көмекке сұрау салынған жағдайда - оның атауы және даудың мәні);
      d) іс тараптарының, куәгерлердің аттары және тектері, олардың тұрғылықты жері немесе келген жері, азаматтығы, қызмет түрі туралы мәліметтер, заңды тұлғалар үшін - олардың атауы мен орналасқан жері, сондай-ақ осы тұлғалардың өкілдері болған кезде - олардың аттары, тектері және тұрғылықты жері;
      е) сұралып отырған көмектің мәні мен мазмұны, сондай-ақ орындалуы талап етілетін нақты рәсімнің егжей-тегжейлі сипаты;
      f) сұрау салудың орындалуы күтілетін мерзімдер;
      g) сұрау салуды орындау үшін пайдалы болуы мүмкін басқа да деректер.
      2. Қажет болған жағдайда сұрау салуға құжаттардың тиісті түрде куәландырылған көшірмелері немесе олардан үзінді көшірмелер қоса беріледі.
      3. Сұрау салуға уәкілетті лауазымды адам қол қояды және ол сұрау салған уәкілетті органның елтаңбалы мөрімен бекітіледі.

13-бап
Құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындау

      1. Құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындау кезінде сұрау салған Тарап өз заңнамасын қолданады.
      2. Сұрау салған Тараптың өтініші бойынша сұрау салынған Тараптың заңнамасына қайшы келмеген жағдайда, сұрау салған Тараптың іс жүргізу нормалары қолданылуы мүмкін.
      3. Егер сұрау салынған Тарап құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды орындай алмаса, ол осы сұрау салуды орындаудың мүмкін болмауының себептерін көрсетіп, сұрау салған Тарапты ол туралы дереу хабардар етеді. Бұл ретте сұрау салынған Тарап алған құжаттар құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салумен бірге сұрау салған Тарапқа қайтарылуға жатады.
      4. Егер сұрау салған Тарап ұсынған құжаттар немесе олардың құрамдас бөліктері құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау үшін жеткіліксіз болса, сұрау салынған Тарап сұрау салған Тараптан қосымша мәліметтер мен құжаттар ұсынуды қосымша сұрата алады.
      5. Егер бұл құқықтық көмек туралы сұрау салуда тікелей көрсетілсе, сұрау салынған Тарап сұрау салған Тарапқа осы сұрау салуды орындаудың орны мен күнін дер кезінде хабарлайды.
      6. Сот органдары және істегі тараптар өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес сұрау салынған актілерді ұсына алады.
      7. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу шеңберінде соттық іс жүргізу әрекеттерін жүзеге асырған кезде сұрау салынған Тарап сұрау салған Тарапты сұрау салған Тараптың мүдделі тұлғалары қатысу үшін сұрау салынған іс жүргізу әрекеттерін орындау орны мен уақыты туралы алдын ала хабардар етеді.

14-бап
Құжаттарды тапсыру

      1. Тараптардың әрқайсысының уәкілетті органдары құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуға сәйкес сот құжаттарын және соттан тыс құжаттарды тиісті тұлғаларға олардың тұрғылықты, келген және (немесе) орналасқан жері бойынша тапсыруға міндеттенеді.
      2. Құжаттардың тапсырылғаны туралы растау адресаттың алған күнін және қолын қоюмен немесе құжатты алған адамды, оның лауазымын, сондай-ақ тапсырылған күні, орны мен тәсілі көрсете отырып, тапсыруды орындаған мекеменің жазбаша растауымен жүзеге асырылуы тиіс.
      3. Егер құжаттарды құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуда көрсетілген мекенжай бойынша тапсыру мүмкін болмаса, сұрау салынған Тараптың уәкілетті органы өз Тарапының заңнамасына сәйкес алушының мекен-жайын анықтау үшін қажетті шаралар қабылдайды. Егер алушының мекен-жайын анықтау мүмкін болмаса, онда сұрау салынған Тараптың уәкілетті органы бұл туралы сұрау салған Тараптың уәкілетті органына хабарлайды және оған тапсырылмаған құжаттарды қайтарады.

15-бап
Құқықтық көмек көрсету және құжаттарды тапсыру туралы сұрау
салуды дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер арқылы
орындау

      Тараптардың әрқайсысы мәжбүрлеу шараларын қолданбай, екінші Тараптың аумағында аккредиттелген өздерінің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері арқылы өз резиденттеріне құжаттарды тапсыра алады және, егер бұл оның заңнамасына қайшы келмесе, олардан жауап ала алады.

16-бап
Сұрау салған тарап аумағына жауап беру үшін адамдардың келуі

      1. Сұрау салған Тараптың уәкілетті органына келу туралы шақыру қағазын тапсырған кезде адамға ол келмеген жағдайдағы санкциялар сияқты оның келуін қамтамасыз ету үшін мәжбүрлеу сипатындағы шаралар қолданылмайды.
      2. Сұрау салған Тарап куәгерлер мен сарапшыларға жол жүруге байланысты шығыстарды, сондай-ақ тәуліктік және басқа да өтемақыларды оның заңнамасына сәйкес өтейді.
      3. Сұрау салған Тараптың уәкілетті органының шақыру қағазы бойынша келген немесе олардың алдына келген адамдар осы Тараптың аумағында қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды, қамауға алынбайды немесе оның мемлекеттік шекарасын кесіп өткенге дейін жасаған қандай да бір әрекетіне байланысты жазаға тартылмайды. Мұндай адамдар іс қарау мәні болып табылатын іс бойынша куәгерлер немесе сарапшылар ретінде өздерінің айғақтарына немесе қорытындыларына байланысты қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартыла алмайды.
      4. Егер осы баптың 3-тармағында көрсетілген адамдар олардың бұдан әрі болуының қажеті жоқ екені туралы құзыретті мекемелер хабарлаған сәттен бастап жеті тәулік өткен соң бұған мүмкіндігі бола тұра, олар сұрау салған Тараптың аумағынан кетпесе, осы тармақта көзделген кепілдіктерді жоғалтады.
      Бұл адамдар өзгелердің кінәсінен сұрау салған Тараптың аумағын тастап кете алмаған уақыт осы тармақта көрсетілген мерзімге есептелмейді.

III бөлім
Қорытынды ережелер 17-бап
Дауларды шешу

      Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты дауларды Тараптар дипломатиялық арналар арқылы келіссөздер мен консультациялар арқылы шешеді.

18-бап
Ратификациялау және күшіне енуі

      Осы Келісім ратификациялауға жатады және дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың оны ратификациялау туралы соңғы жазбаша хабарламасы алынған айдан кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.

19-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      1. Осы Келісім Тараптардың өзара келісім бойынша дипломатиялық ноталар немесе жекелеген хаттамалар алмасу арқылы өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.
      2. Жоғарыда аталған өзгерістер мен толықтырулар 18-бапта белгіленген тәртіппен күшіне енеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

20-бап
Қолданылу мерзімі және денонсациялау

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      Тараптардың әрқайсысы кез келген сәтте осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады, мұндай қолданылуын тоқтату Тараптардың бірі осындай хабарлама алған айдан кейін алтыншы айдың бірінші күні басталады.
      ___________ қаласында _____ жылғы «____» _______ әрқайсысы орыс, итальян және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде даулар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасы            Италия Республикасы
              үшін                            үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады