Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы Құқық қорғау қызметі туралы
Осы Заң Қазақстан Республикасы құқық қорғау қызметіне орналасуға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты құқықтық қатынастарын реттейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық жағдайын (мәртебесін), материалдық қамтамасыз етілуін және әлеуметтік қорғалуын айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ауысу - құқық қорғау органдарында қызметті тоқтатусыз басқа құқық қорғау органдарындағы лауазымға бір мезгілде тағайындай отырып құқық қорғау органдарында атқаратын қызметінен босату;
2) ауыстыру - құқық қорғау органдары жүйесіндегі лауазымға орналасу;
3) баянат - қызмет әрекеті процесінде басшыларға (командирлерге) қызметкер өтініш жасаған кезде ерекше нысандағы жазбаша баяндау;
4) біліктілік талаптары - құқық қорғау органындағы лауазымға орналасуға үміткер азаматтарға кәсіби дайындық деңгейін, құзыреттілігін және нақты лауазымға сәйкестігін айқындау мақсатында қойылатын талаптар;
5) кадрлық резерв - құқық қорғау органдары қызметкерлерін дайындаудың және кейіннен басшылық лауазымдарға жылжыту үшін қалыптастырылған жүйелендірілген тізімі;
6) құқық қорғау органының тәртіптік комиссиясы - құқық қорғау органында теріс қылыққа қатысты фактілерді қызметтік тергеу және зерттеу материалдарын қарау үшін теріс қылық жасау мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтау және тәртіптік жауапкершілікке тартылатын қызметкерді лауазымға тағайындау және лауазымнан босату құқығы бар адамды жазалау шарасы туралы ұсыным шығару мақсатында құрылатын тұрақты алқалы орган;
7) құқық қорғау қызметі - құқық қорғау органдарының міндеттерін орындау және құзыретін іске асыру жөнінде өкілеттік беретін құқық қорғау органдарының лауазымдарындағы мемлекеттік қызметтің ерекше түрі;
8) құқық қорғау органының қарамағында болу - штаттық лауазымға орналасумен байланысты емес құқық қорғау қызметін өткеру;
9) құқық қорғау органының қызметкері (бұдан әрі - қызметкер) - ішкі істер, қылмыстық-атқару жүйесі, қаржы полициясы, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында, кеден органдарында, Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында қызметте тұрған, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқық қорғау қызметін іске асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;
10) қызметтік тергеу - қызметкердің теріс қылықты жасау мән-жайларын толық, жан-жақты және объективті анықтау мақсатында, ол туралы материалдар мен мәліметтерді жинау және тексеру бойынша қызмет;
11) өсіру - құқық қорғау жүйесіндегі жоғары тұрған лауазымға орналасу;
12) ротация - құқық қорғау органының құрылымдық және аумақтық және оларға теңестірілген мамандандырылған бөлімшелерінің, мекемелерінің, құқық қорғау органы ведомстволарының басшыларын және олардың орынбасарларын құқық қорғау органында лауазымдық ауыстыру;
13) тәртіптік жаза - құқық қорғау органының қызметкеріне қолданылатын тәртіптік жауапкершілік шарасы;
14) тәртіптік жауапкершілік - тәртіптік теріс қылық, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардағы қызметкерлер көтеретін заңдық жауапкершілік түрі;
15) тәртіптік теріс қылық - қызметкердің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы атқару кінәсі немесе тиісінше атқармауы, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалануы, қызметтік және еңбек тәртібін бұзуы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы ережелері) не ар-намыс кодекстерін (құқық қорғау органдарындағы қолданыстағы қызмет этикасы ережелері) бұзуы, тәртіптік ретпен жазаланатын сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық жасауы, сол сияқты құқық қорғау қызметінде болуға байланысты осы Заңда белгіленген шектеулерді сақтамауы;
16) тікелей басшы - қызметкер тікелей бағынатын, жоғары басшы;
17) уәкілетті басшы - құқық қорғау органының аумақтық немесе оған теңестірілген мамандандырылған бөлімшесінің басшысы, құқық қорғау мекемесінің, ведомствосының басшысы;
18) ұйымдастырушылық-штаттық іс-шаралар - құқық қорғау органының құрылымын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешені;
19) іссапарға жіберу - құқық қорғау органдары кадрында қалдыра отырып, өзге мемлекеттік органдардағы және халықаралық ұйымдардағы лауазымдарға орналасу;
20) іссапарға жіберу - қызмет мерзімін үзбестен, қызметкерді Қазақстан Республикасының басқа да құқық қорғау органдарында, Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, сондай-ақ құқық қорғау органдары жүйесінде одан әрі қызмет өткеру үшін ауыстыру.
2-бап. Құқық қорғау органдары
Құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өз қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының прокуратура, ішкі істер, қаржы полициясы, қылмыстық-атқару жүйесі, мемлекеттік өртке қарсы қызмет, кеден органдары жатады.
3-бап. Құқық қорғау қызметінің қағидаттары
1. Құқық қорғау органдарындағы қызмет Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Құқық қорғау қызметінің арнайы қағидаттары:
1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүддесін қылмыстық және өзге құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғау міндеттілігі;
2) жүктелген міндеттерді орындау және берілген құқықтарды іске асыру кезінде Конституцияның, заңның үстемдігі;
3) азаматтардың құқық қорғау қызметіне кіру еріктілігі;
4) құқық қорғау органдарында құқық қорғау қызметін ұйымдастыруға көзқарастың біртұтастығы;
5) дара басшылық пен субординация (бағыныштылық);
6) мемлекеттік органдармен, лауазымды тұлғалармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара іс-қимыл;
7) саяси партиялардың және өзге де қоғамдық бірлестіктердің қызметінен тәуелсіз болу болып табылады.
4-бап. Осы Заңның қолданылуы
Осы Заңның әрекеті әскери қызмет өткеру туралы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызмет өткеретін құқық қорғау органдарының әскери қызметшілерін қоспағанда, құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне қолданылады.
2-тарау. Құқық қорғау қызметіне кіру 5-бап. Құқық қорғау қызметіне кіру тәртібі
1. Құқық қорғау органдарына қызметке еріктілік негізінде, жасы он сегізге толған, өзінің жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қасиеттері, денсаулығы мен дене бітімінің даму жағдайы, білім деңгейі жөнінен өзіне жүктелген лауазымды міндеттерді атқаруға қабілетті Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
2. Мыналар:
1) заңнамалық тәртіпте белгіленген іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған;
2) медициналық мекеменің қорытындысына сәйкес лауазымдық өкілеттіктерді орындауға кедергі жасайтын сырқаты бар;
3) олардың мәртебесі мен соған негізделген беделін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерді болғызбау мақсатында заңда белгіленген шектеулерді өзіне қабылдаудан бас тартқан;
4) құқық қорғау қызметіне тұрар алдындағы екі жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған;
5) құқық қорғау қызметіне тұрар алдындағы бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылығы үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
6) құқық қорғау қызметіне тұрғанға дейінгі үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жұмыстан босатылған;
9) бұрын сотталған және ақталмаған негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылған, сондай-ақ бұрын мемлекеттік қызметтен, өзге құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен босатылған адам құқық қорғау қызметіне қабылданбайды.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтерді ұсынбау немесе бұрмалау ішкі істер органдарына қызметке қабылдаудан бас тартуға, ал қызметкер аталған әрекеттерді құқық қорғау органдарына қызметке қабылданғаннан кейін жасаған жағдайда оны теріс себептермен жұмыстан босатуға негіз болып табылады.
4. Құқық қорғау органдарына қызметке кіру азаматтар міндетті арнайы тексеруден өткен жағдайда жүзеге асырылады.
5. Құқық қорғау органына қызметке қабылданатын азаматтар қызметке жарамдылығын анықтау үшін міндетті түрде әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық куәландырудан өтеді.
6. Азамат және оның жұбайы (зайыбы) құқық қорғау қызметіне кірген кезде салық қызметі органдарына тұрғылықты жері бойынша салық органына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңда белгіленген тәртіппен табыстары және мүлкі туралы декларацияны табыс етуге міндетті.
Құқық қорғау органының қызметкері өзінің өкілеттіктерін атқару кезеңінде жыл сайын, сондай-ақ құқық қорғау қызметінен теріс себептермен шыққан тұлғалар және олардың зайыбы, жұмыстан шыққан уақыттан бастап үш жыл бойы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен, тұрғылықты жерінің салық органына декларация ұсынады.
6-бап. Құқық қорғау органдарына қызметке кадрларды іріктеу
1. Құқық қорғау органдарына қызметке (оқуға) қабылданатын кандидаттарды іріктеуді, оларды алдын ала зерттеуді құқық қорғау органдары бөлімшелерінің мүдделі басшылары және кадр аппараттары жүзеге асырады.
2. Құқық қорғау органдарына қызметке орналасуы үміткерлерді міндетті түрде тағылымдамадан өткізіп, конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Конкурстық негізде орналасатын лауазымдар тізбесін, конкурсты және тағылымдаманы өткізу талабы және тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Орталық мемлекеттік органның аппараттарында және оның ведомстволарында конкурс жүргізу кезінде хабарландыру Қазақстан Республикасының барлық аумағына тарайтын мерзімді баспа басылымдарында жарияланады. Аумақтық бөлімшелерде конкурс өткізу туралы хабарландыру тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында таралатын мерзімді баспаларда жарияланады.
Конкурстық іріктеуден өтпеген азаматтарды лауазымға қабылдаған лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.
3. Өз өкілеттігін доғарған, теріс себептермен доғарғандарын қоспағанда құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқуын аяқтаған адамның, бұрын да құқық қорғау органдарының қызметкерлері болған адамның және әскери қызметшілердің және қойылатын біліктілік талаптарына сай келетін Парламент депутаттарының, мемлекеттік саяси қызметшілердің, судьялардың Құқық қорғау қызметіне конкурстық іріктеусіз кіруге құқығы бар. Олардың лауазымдарға орналасу тәртібі мен шарттары құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
4. Қызметкердің құқық қорғау қызметін өткеру кезеңінде бос лауазымға орналасуы оның тиісті бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген және келісімін берген жағдайда ауысу тәртібімен конкурстан тыс негізде жүзеге асырылады.
7-бап. Құқық қорғау қызметіне тұру
1. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау қызметке тағайындау жолымен, соның ішінде құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының күндізгі оқу бөліміне түскен адамдармен контракт жасасу жолымен жүзеге асырылады.
2. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау құқық қорғау органы басшыларының немесе уәкілетті басшыларының бұйрықтарымен ресімделеді. Бұйрық қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға қол қойдыру арқылы жарияланады.
3. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар олардың мәртебесін және соған негізделген беделін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерге пайдалануға әкеліп соқтыратын іс-әрекеттерге жол бермеу мақсатында өздеріне осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге заңдарында белгіленген шектеулер қабылдайды. Аталған шектеу жазбаша нысанда көрсетіледі. Шектеуді қабылдамау қызметке қабылдаудан бас тартуға, одан босатуға әкеп соқтырады.
4. Қатардағы және басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған немесе құқық қорғау органының кадрларына алынған әскери міндеттілер, соның ішінде курсанттар мен құқық қорғау органдары жүйесі білім беру ұйымының тыңдаушылары белгіленген тәртіппен әскери есептен шығарылады және құқық қорғау органдарының арнайы есебінде тұрады.
5. Құқық қорғау органдарына қызметке алғаш рет түскен адамдар құқық қорғау органының басшысы белгілеген тәртіпте арнайы алғашқы оқудан өтеді.
8-бап. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетін адамдармен келісімшарт жасау шарттары мен тәртібі
1. Құқық қорғау органдарының оқу орындарында оқуға орта білімі бар, он алты жасқа толған адамдар қабылдана алады.
Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін тиісті түрдегі білім беру ұйымдарына қабылдаудың Үлгі ережелеріне сәйкес құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
2. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына түсетін адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының қаражаты есебінен оқуға ақы төлей отырып, құқық қорғау органдарының жолдамалары бойынша шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының жоғары оқу орындарына түсетін адамдар оқу мерзіміне және бір мезгілде оқу орнын бітіргеннен кейін Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында орта және аға басшы құрам лауазымдарында күнтізбелік есеп бойынша бес жылға қызмет өткеру туралы келісім-шарт жасасады.
3. Келісім-шартта тараптардың (оқуға түсетін адамның және уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамының) өзара міндеттемелері мен жауапкершіліктері белгіленеді және білім беру ұйымын бітіргеннен кейін құқық қорғау органында қызметті әрі қарай атқарудың шарттары мен мерзімдері қарастырылады. Келісім-шарт құқық қорғау органның оқу орнына қабылдау туралы қабылдау комиссиясының шешімінен кейін жасалады. Келісім-шарттың нысанын, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртібі құқық қорғау органының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
4. Он сегіз жасқа толмаған адамдармен келісім-шарт жасалған жағдайда, олардың ата-аналарының, асырап алушыларының немесе қамқоршыларының келісімі қажет.
5. Жоғары білімнің кәсіби оқу бағдарламасын жүзеге асыратын құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімін бітірген қызметкерлер құқық қорғау органдарында кемінде бес жыл қызмет өткеруге, жалпы орта және кәсіби жалпы білім беру білім бағдарламасын жүзеге асыратын құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарын бітірген қызметкерлер құқық қорғау органдарында кемінде үш жыл қызмет өткеруге міндетті.
6. Құқық қорғау органдарының қызметкері құқық қорғау органының оқу орнын бітіргеннен кейін құқық қорғау органдарында әрі қарай қызмет өткеруден бас тартқан не келісім-шартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда ол оны оқыту кезеңінде стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай үлесіне жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндетті. Ұсталуға тиіс сома келісім-шарт мерзімі аяқталғанға дейінгі әрбір толық қызмет атқармаған айға пропорционалды түрде есептеледі.
7. Құқық қорғау органының техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі және жоғары білім кәсіби оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын оқу орнының толық курсын бітіргендер үшін оқу уақыты мерзімдік әскери қызметті өткерумен теңестіріледі. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарын, өзге мемлекеттердің құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарын бітірушілер бөлуге сәйкес қызметті өткеруге жіберіледі.
8. Шақырылу жасына жеткен және сабаққа үлгермеушілігі, тәртіпсіздігі бойынша, сондай-ақ өз еркімен оқудан шығарылған құқық қорғау органдарының оқу орындары күндізгі бөлімдерінің курсанттары (тыңдаушылары), әскери есепке қою үшін тұрғылықты жері бойынша әскери басқару органдарына жіберіледі. Олар мемлекетке оларды оқыту кезеңінде стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай үлесіне жұмсалған бюджет қаражатын, өтеуге міндетті. Ұсталуға тиіс сома білім беру ұйымдарында болған әрбір толық айға тепе-тең түрде есептеледі.
9. Бюджет қаражатын мемлекет пайдасына өндіріп алу заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
10. Диплом алдындағы практикадан өту үшін құқық қорғау органдарына жіберілген Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының жоғары білім кәсіби оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын оқу орындарының курсанттары (тыңдаушылары) практикадан өту кезеңінде бос лауазымға тағайындалады.
11. Магистратураға және докторантураға тікелей Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының жоғары оқу орындарын бітірісімен қабылданған құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тиісті кафедраның оқытушысы жалақысының 70%-ы мөлшерінде лауазымдық жалақы, сондай-ақ арнаулы атағы немесе сыныптық шені үшін қосымша ақы төленеді.
Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының магистратурасына және докторантурасына қабылданған құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне оқу уақытында оқуға жіберілгенге дейін атқарған соңғы штаттық лауазымы (уақытша атқарған емес) бойынша лауазымдық жалақының 70%-ы мөлшерінде лауазымдық жалақы белгіленеді.
12. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының кәсіби жоғары және орта оқу орындарының курсанттарына (тыңдаушыларына) каникулдық демалысын өткізу кезеңінде автомобиль (таксиді қоспағанда), темір жол және су көлігімен тұрақты тұрғылықты жеріне баруға және кейін қайтуға жол жүру құны төленеді.
13. Құқық қорғау органдарының кәсіби жоғары білімі бар қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының заңнамада белгіленген тәртіппен құқық қорғау органдары жүйесінің оқу орындарында екінші кәсіби жоғары білім алуына болады.
9-бап. Құқық қорғау органдарының қатардағы және басшы құрамның лауазымдарына орналасу тәртібі
1. Құқық қорғау органдарының қатардағы және кіші басшы құрамдағы лауазымдарына жиырма бес жастан аспаған, орта және аға басшы құрамдағы лауазымдарға отыз бес жастан аспаған, кемінде орта білімі бар және мерзімді әскери қызмет атқарған азаматтар, сондай-ақ қолданылып жүрген заңнамаға сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырудан босатылған немесе кейінге қалдыру құқығы бар азаматтар қабылданады.
Ерекше жағдайларда қатардағы және кіші басшы құрамдағы лауазымдарына көрсетілген жас шегі құқық қорғау органының шешімімен өзгертіледі.
2. Орта басшы құрамның лауазымдарына құқық қорғау органы лаузымының санатына қойылатын біліктілік талаптарына байланысты техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі, жоғары білімі бар азаматтар қабылданады (қызметкерлер тағайындалады).
3. Мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын шақыру жасындағы азаматтар орта аға және жоғары басшы құрамның лауазымдарына жоғары білімі болған жағдайда ғана қабылдана алады. Көрсетілген азаматтар, оларды орта және аға басшы құрамның лауазымдарына аттестациялағаннан және жергілікті әскери басқару органдарына растау құжаттарын ұсынғаннан кейін әскери есептен шығарылады және құқық қорғау органдарына арнаулы есепке беріледі.
4. Аға және жоғары басшы құрамның лауазымдарына жоғары білімі бар азаматтар қабылданады (қызметкерлер тағайындалады).
10-бап. Құқық қорғау қызметіне алғашқы қабылданған адамдар үшін арнайы алғашқы оқыту
1. Құқық қорғау органдарына қатардағы, кіші және орта басшы құрам лауазымдарына алғаш рет орналасқан адамдар құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында арнайы алғашқы оқудан өтеді.
2. Арнайы алғашқы оқудан өту тәртібі мен шарттарын құқық қорғау органының басшысы белгілейді. Арнайы алғашқы оқуға қабылданған адамдарды қаржыландыру тиісті қаржы жылына арналған бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
3. Алғашқы арнайы оқу мерзімі құқық қорғау органдарындағы қызмет өтіліне (өткерген жылдары) есептеледі.
4. Алғашқы арнайы оқудан:
прокуратура органдарына қызметке орналасатын адамдар;
құқық қорғау органдарына қызметке орналасатын және аға және жоғары басшы құрамның басқарушы лауазымдарына тағайындалатын адамдар;
құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарын бітірушілер;
құқық қорғау органдарында бұрын қызмет өткергендер өтпейді.
11-бап. Құқық қорғау қызметіне кіру кезіндегі сынақ мерзімі
1. Құқық қорғау органдарына алғаш рет қызметке орналасатын адамдар үшін тиісті лауазымға тағайындалады және кандидатқа тәжірибелі қызметкерлер арасынан тәлімгер бекіте отырып, үш айдан аспайтын сынақ мерзімі белгіленеді.
2. Сынақ мерзімі оның құқық қорғау қызметінің лауазымына сәйкестігін тексеру мақсатында белгіленеді. Сынақ мерзімі кезеңінде арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілмейді.
3. Сынақ мерзімін өту туралы шарт құқық қорғау қызметі лауазымына тағайындау туралы құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының бұйрығында қарастырылады.
4. Егер сынақ мерзімі аяқталса, ал қызметкер құқық қорғау органдарында қызметін жалғастыра берсе, сынақ мерзімі өтілген болып есептеледі және сынақ мерзімі мемлекеттік қызмет өтіліне есептеледі. Бұдан кейін жұмыстан шығаруға тек осы Заңда қарастырылған негіздер бойынша жол беріледі.
5. Сынақ мерзімі кезеңінде қызметкерге осы Заңның және құқық қорғау органдарындағы қызметті реттейтін Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің ережелері қолданылады. Қызметкер сынақ мерзімі кезеңінде оған жүктелген лауазымдық міндеттерді атқарады, қызметтік қаруды немесе арнайы құралдарды алып жүру мен сақтау құқықтарын қоспағанда, оған берілген құқықтарды толық көлемде іске асырады, сондай-ақ орналасатын құқық қорғау қызметі лауазымы бойынша мемлекеттік кепілдіктерге ие.
6. Сынақтан өткен қызметкерге алғашқы арнаулы немесе әскери атақтар, сыныптық шендер осы Заңмен көзделген арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерді берудің жалпы шарттарын сақтаумен беріледі.
7. Қызметкердің еңбекке уақытша жарамсыз болу кезеңі, сондай-ақ дәлелді себептер бойынша оның жұмыста болмаған уақыты сынақ мерзіміне жатпайды.
8. Құқық қорғау органдарына қызметке алынатын және аға және жоғары басшы құрамның басқарушы лауазымдарына тағайындалатын адамдарға, құқық қорғау органдары оқу орындарының бітірушілеріне, бұрын құқық қорғау органдарында қызмет атқарған қызметкерлерге сынақ мерзімі белгіленбейді.
9. Қызметкерге сынақ мерзімін өткен уақытына штаттық кесте бойынша орналасқан лауазымы бойынша қарастырылған лауазымдық жалақы төленеді.
12-бап. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің Ант қабылдау тәртібі
1. Мыналар:
1) құқық қорғау органдарына қызметке алғаш рет орналасушы арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген адамдар;
2) білім беру ұйымдарының бұрын Ант қабылдамаған курсанттары, тыңдаушылары - оқуға қабылданғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей;
3) бұған дейін қандай да бір себептер бойынша Ант қабылдамаған құқық қорғау органдарының қызметкерлері Ант қабылдайды.
2. Ант құқық қорғау органдары басшысының немесе уәкілетті басшының басшылық етуімен құқық қорғау органында салтанатты түрде қабылданады.
3. Қызметкерлерге дер кезінде Ант қабылдату жауапкершілігі, қызметкерлердің Ант қабылдауын ұйымдастыру мен есепке алу құқық қорғау органдары кадр аппараттарының басшыларына жүктеледі.
3-тарау. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық жағдайы 13-бап. Қызметкерлердің мәртебесі және олардың құқықтық кепілдіктері
1. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мемлекеттік биліктің өкілдері болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады.
2. Заңнамалық актілерде қарастырылған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің талаптарын (бұдан әрі - заңнама талаптары) барлық азаматтар мен лауазымды тұлғалар орындауға міндетті.
3. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау, оларды қорлау, қарсылық көрсету, күш қолданамын деп қорқыту немесе өміріне, денсаулығына, ар-намысы мен қадір-қасиетіне, мүлкіне қастандық жасау, оларға жүктелген міндеттерді орындауға бөгет жасайтын басқа да іс-әрекеттер, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызмет бабындағы міндеттері мен қызметтік борышын орындауына байланысты олардың отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының өміріне, денсаулығына, ар-намысына, қадір-қасиетіне және мүлкіне қастандық жасау заңда белгіленген жауапкершілікке әкеліп соғады.
4. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тек тікелей құқық қорғау органының басшысына және уәкілетті басшыларға ғана бағынады.
5. Құқық қорғау органдары қызметкерлері қызметтік әрекетіне осыған заңмен тікелей уәкілеттік берілген адамдардан басқа ешкімнің араласуына құқығы жоқ. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетіне құқыққа қарсы араласу заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
6. Заңға қайшы келетін бұйрық немесе нұсқау алған кезде құқық қорғау органдарының қызметкері заңды басшылыққа алуға міндетті және оның қорғауында болады.
7. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздеріне қатысты қабылданған шешімдер мен іс-әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға немесе сотқа шағым беруге құқығы бар.
8. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері, егер олардың әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылса, арнайы құрал және дене күшін, қару қолданып келтірген зиян үшін жауапкершілік көтермейді.
14-бап. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқық қорғау қызметін өткеруге байланысты құқықтары
1. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің:
1) белгіленген тәртіппен лауазымдық міндеттерін орындау үшін қажетті ақпарат пен материалдарды алуға;
2) оның құқықтары мен лауазымдық міндеттерін айқындайтын ережелер мен өзге де құжаттармен, лауазымдық жоғарылату шарттарымен танысуға;
3) белгіленген тәртіппен олардың ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан, мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге, ұйымдарға лауазымдық міндеттерін орындаумен байланысты қолжетімділікке;
4) белгіленген тәртіппен егер мемлекеттік және заңмен қорғалатын құпияны құрайтын осындай мәліметтерді пайдалану лауазымдық міндеттерін орындаумен байланысты болса, мәліметтерге қол жеткізуге;
5) құқық қорғау органдарының лауазымдық міндеттерін және кәсіптік дамуды атқаруға қажетті жағдайларды жасауға;
6) қызмет әрекеті нәтижелерін, мемлекеттік қызмет өтілі мен біліктілік деңгейін ескере отырып қызмет бойынша жоғарылауға;
7) оның жеке ісіне енгізгенге дейін оның кәсіптік қызмет әрекеті туралы пікірлермен және басқа құжаттармен, жеке ісі материалдарымен таныстырылуға, сондай-ақ оның жазбаша түсініктерін және басқа құжаттары мен материалдарын жеке іске қосуға;
8) Осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген тәртіппен кәсіптік қайта дайындалуға, біліктілігін жоғарылатуға және тағылымдамадан өтуге;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз өмірін, денсаулығын және мүлкін, өз отбасы мүшелерінің өмірін, денсаулығын және мүлкін мемлекеттік қорғауға;
10) өзінің дербес деректерін қорғауға;
11) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға немесе сотқа, сондай-ақ құқық қорғау қызметін өткерумен байланысты жеке дауларды шешу үшін өтініш жасауға;
12) медициналық және санаторлық-курорттық қамтамасыз етілуге;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік зейнеткерлік қамсыздандырылуға;
14) тұрғын үймен және әлеуметтік қамтамасыз етілуге;
15) құқық қорғау қызметі ерекшеліктерін ескере отырып қызметтің тиісінше ұйымдастырушылық-техникалық және санитарлық жағдайларына;
16) осы Заңға және Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасына сәйкес демалысқа;
17) осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметті жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерін қоспағанда арнайы құралдар мен атыс қаруын өзімен алып жүру, сақтау не қолдану құқығы беріледі. Олар, сол сияқты күш, соның ішінде күрестің жауынгерлік тәсілдерін қолдануға құқылы. Арнайы құралдарды, атыс қаруы мен күш қолдану тәртібі осы Заңмен белгіленеді.
3. Қызметкерге жүктелген міндеттерге сәйкес, өз құзыреттерінің шегінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары туралы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтар беріледі.
15-бап. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқық қорғау қызметін өткеруге байланысты міндеттері
1. Құқық қорғау органдары қызметкерлері:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Республиканың заңнамасын сақтауға;
2) азаматтар мен заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге;
3) заңнамада белгіленген тәртіп пен мерзімде азаматтардың өтініштерін қарауға, олар бойынша қажетті шаралар қолдануға;
4) өздеріне берілген құқықтар шегінде және лауазымдық міндеттеріне сәйкес өкілеттігін жүзеге асыруға;
5) қызметтік және еңбек тәртібін сақтауға;
6) өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектеулерді қабылдауға;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қызметтік әдеп нормаларын сақтауға;
8) басшылардың бұйрықтары мен өкімдерін, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың өз өкілеттігі шегінде шығарған шешімдері мен нұсқауларын орындауға;
9) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, соның ішінде құқық қорғау қызметін тоқтатқаннан кейін де, заңмен белгіленген белгілі бір уақыт ішінде, ол жөнінде қолхат бере отырып, сақтауға;
10) қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған, азаматтардың жеке өмірін, ар-намысын және қадір-қасиетін қозғайтын мәліметтерді құпия сақтауға және олардан, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мұндай ақпарат беруді талап етпеуге;
11) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге;
12) қызметкерлердің жеке мүдделері оның өкілеттігімен түйісетін немесе қайшы келетін жағдайларда, жазбаша нысанда баянат беруге және тікелей немесе уәкілетті басшыны дереу хабардар етуге;
13) қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға;
14) мемлекеттік қызмет мүдделеріне зиян келтіретін, жария түрде сөйлеуге жол бермеуге;
15) Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығу туралы өтініш бергендігі туралы өтініш берген күннен бастап өзінің тікелей бастығына хабарлауға міндетті.
2. Қызметкерлерге өз құзыреттерінің шегінде қойылған міндеттерге сәйкес, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары туралы заңдарда қарастырылған өзге де міндеттер белгіленеді.
3. Қызметкерлер азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзған жағдайда, құқық қорғау органдары сол құқықтарды қалпына келтіріп, келтірілген залалды өтеп, кінәлілерді Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіпке жауапкершілікке тартуды қамтамасыз етуі тиіс.
16-бап. Тұлғаның құқық қорғау қызметінде болуына байланысты шектеулер
1. Құқық қорғау органы қызметкерінің:
1) өкілді органдардың депутаты және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшесі болуға, партияларға және кәсіби одақтарға мүше болуға, кез келген саяси партияларды қолдауға, құқық қорғау органдары жүйесінде саяси мақсаттарды көздейтін қоғамдық бірлестіктерді құруға;
2) педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;
3) кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, соның ішінде, егер коммерциялық ұйымды басқаруға тікелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық міндетіне кірмейтін болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;
4) үшінші тұлғалардың істері бойынша өзі қызмет істейтін не өзіне тікелей бағынысты немесе өзінің бақылауындағы мемлекеттік органда өкіл болуға;
5) өзінің қызметтік іс-әрекетін қамтамасыз ететін материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлік пен қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсатта пайдалануға;
6) ереуілдерді қоса алғанда, мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс істеуіне және қызметтік міндеттерді орындауға кедергі келтіретін әрекеттерге қатысуға;
7) лауазымдық өкілеттігін орындауға байланысты азаматтар мен заңды тұлғалар қызметін жеке мақсатына пайдалануға;
8) пайдакүнемдік мақсатта, соның ішінде лауазымды немесе өзге де тұлғалармен сөз байласу жолымен қызмет бабын пайдалануға;
9) оның туысқандарымен (ата-аналарымен, балаларымен, асырап алушыларымен, асырап алынғандармен, толық текті және толық текті емес аға-інілерімен және апа-сіңілілерімен, қарындастарымен, аталарымен, әжелерімен, немерелерімен) немесе жұбайы (зайыбы) тікелей бағыныстылықтағы атқарылатын лауазымды атқару құқығы жоқ.
2. Құқық қорғау органының қызметкері қызметке кіріскеннен кейін бір ай ішінде коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы өзінің меншігіндегі үлесті (акциялар пакеттерін) және пайдаланылуы табыс табуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызмет өткеру уақытына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті, бұған осы адамдарға заңды түрде тиесілі ақша, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлік қосылмайды. Мүлікті сенімгерлік басқару шарты нотариалды куәландырылуға жатады.
Құқық қорғау органы қызметкерінің сенім білдірілген басқаруға берілген мүліктен, соның ішінде сыйақы, дивидендтер, ұтыстар, мүлікті жалға беруден және басқа да заңды көздерден түскен табыс нысанында табыс алуға құқығы бар.
3. Осы бапта көзделген шектеулерді сақтамағаны үшін жауапкершілік осы Заңмен, басқа да нормативтік құқықтық актілермен белгіленеді.
17-бап. Әскери жағдай қолданылатын кезеңде құқық қорғау қызметінде құқықтық қатынастардың пайда болуы мен өзгеруі
Әскери жағдай кезеңінде құқық қорғау қызметінде құқықтық қатынастардың пайда болу мен өзгеру ерекшеліктерін және оның ұзақтығын Қазақстан Республикасының Президенті анықтайды.
18-бап. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жауапкершілігі
1. Өзінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкімшілік, материалдық немесе тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
2. Көрінеу заңсыз бұйрықты немесе нұсқауды орындау құқық қорғау органдарының қызметкерін жауапкершіліктен босатпайды.
Атқару үшін алынған өкімнің заңдылығына күмәнданған жағдайда, бұл жөнінде ол өзінің тікелей басшысына және өкімді берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы аталған өкімді жазбаша растаған жағдайда қызметкер, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиіс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, оны орындауға міндетті. Қызметкердің заңсыз өкімді орындауының салдары үшін осы өкімді растаған басшы жауап береді.
3. Құқық қорғау органы қызметкерлерінің іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
4. Құқық қорғау органына қызметкерлердің құқыққа қарсы әрекетімен келтірілген материалдық залал үшін кейінгісі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес материалдық жауапкершілікке тартылады.
19-бап. Қызметкерлердің қызметтік куәліктері мен жетондары
1. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне олардың жеке басын және өкілеттерін растайтын белгіленген үлгідегі қызметтік куәлік пен жетон беріледі.
Жетондар прокуратура органдарының қызметкерлеріне берілмейді.
Куәлік сипаттамасын құқық қорғау органының басшысы бекітеді.
2. Қызметтік куәлік адамның құқық қорғау органына қатысын, оның құқық қорғау қызметіндегі лауазымы және арнаулы атағын немесе сыныптық шенін растайтын құжат болып табылады.
Қызметкердің қызметтік куәлігі оның, өртке қарсы қызмет органы қызметкерін қоспағанда, қызметтік қаруды және (немесе) арнайы құралдарды алып жүру мен сақтауға, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкерге берілген өзге де құқықтар мен өкілеттіктерді растайды.
20-бап. Қызметкерлердің киім нысаны мен айырым белгілері
1. Қызметкердің құқық қорғау қызметін өткеретін құқық қорғау органына байланысты оның құқық қорғау қызметіне тиістілігін көрсету мақсатында, киім нысаны мен арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері бойынша айырым белгілері бекітіледі.
2. Арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген құқық қорғау органдарының қызметкерлері нысандық киіммен тегін қамтамасыз етіледі.
3. Нысандық киімнің сипаттары, айырым белгілері, киіп жүру тәртібі мен қамтамасыз ету нормасы Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
4-тарау. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер 21-бап. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беру
1. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне келесі арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беріледі:
1) қатардағы құрам:
қатардағы қызметкер;
2) кіші басшы құрам:
кіші сержант;
сержант;
аға сержант;
старшина;
3) орта басшы құрам:
кіші лейтенант;
лейтенант, 3 сыныпты заңгер;
аға лейтенант, 2 сыныпты заңгер;
капитан, 1 сыныпты заңгер;
4) аға басшы құрам:
майор, кіші кеңесші;
подполковник, кеңесші;
полковник, аға кеңесшісі;
5) жоғары басшы құрам:
генерал-майор, 3 сыныпты мемлекеттік кеңесші;
генерал-лейтенант, 2 сыныпты мемлекеттік кеңесші;
генерал-полковник, 1 сыныпты мемлекеттік кеңесші;
жоғары сыныпты мемлекеттік кеңесші.
2. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер құқық қорғау органдарына қызметке қабылданған адамдарға біліктілігі, білімі, қызметке қатысы, еңбек сіңірген жылдары және атқаратын штаттық лауазымы ескеріле отырып жеке өзіне рет-ретімен беріледі.
3. Құқық қорғау органдарының арнаулы атақтарына немесе сыныптық шендеріне, олардың қайсына жататындығын көрсететін келесі сөздер қосылады:
1) ішкі істер органдары - «полиция»;
2) қаржы полициясы органдары - «қаржы полициясының»;
3) қылмыстық-атқару жүйесі органдары - «әділет»;
4) мемлекеттік өртке қарсы қызмет - «өртке қарсы қызмет»;
5) кеден органдары - «кеден қызметінің»;
6) прокуратура органдары - «әділет».
4. Қызметте болудың шекті жасына жеткен немесе зейнеткерлікке құқық беретін еңбек сіңірген жылдары бар қызметкерлердің арнаулы атақтарына немесе сыныптық шендеріне «отставкадағы» деген сөз қосылады.
5. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдары оқу орындары күндізгі бөлімінің курсанттар (тыңдаушылар) қатарына алынған азаматтарға арнаулы атақтар беріледі.
6. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің запасында тұратын азаматқа, ол құқық қорғау органдарындағы басшы құрамның лауазымына тағайындалғаннан кейін, оның өзінде бар әскери атағынан төмен емес арнаулы атақ немесе сыныптық шен беріледі.
7. Құқық қорғау органдарында бұрын қызмет атқарған тұлғалар қайтадан қызметке қабылданғанда (оқуға түскенде), сондай-ақ басқа құқық қорғау органынан іссапар тәртібімен қабылданғанда, өздерінде бар арнаулы атақпен немесе сыныптық шенмен лауазымға тағайындалады (оқуға қабылданады).
Бұрынғы арнаулы атақта немесе сыныптық шенде болу мерзімі кезекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен беру үшін еңбек сіңіру мерзіміне есептеледі.
8. Лауазымды тұлғаларға арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беруге құқық беретін және құқық қорғау органдарына жүктелген негізгі міндеттер мен функцияларды тікелей атқаратын лауазымдар тізімін заңнамалық актілерге сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
22-бап. Алғашқы және кезекті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер берудің тәртібі
1. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер берілу кезектілігіне қарай алғашқы, кезекті болып бөлінеді.
2. Қатардағы және кіші басшы құрамның арнаулы атақтарын (алғашқы және кезекті) уәкілетті басшы береді.
3. Орта және аға басшы құрамның алғашқы арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін құқық қорғау органының басшысы береді.
4. Кіші лейтенант алғашқы арнаулы атағы:
1) қатардағы немесе кіші басшы құрамның лауазымдарын атқаратын, жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының соңғы курстарында оқитын және орта басшы құрам лауазымдарына тағайындалған қызметкерлерге;
2) орта білімнен кейінгі білім беретін техникалық және кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бітірген және орта басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған азаматтарға беріледі.
5. Лейтенант арнаулы атағы, 3 сыныпты заңгер сыныптық шені:
1) кіші лейтенанттарға арнаулы атақта еңбек сіңірудің осы Заңда белгіленген мерзімі өткен бойда, ал жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бітіргендерге - бұл атақта еңбек сіңіру мерзіміне қарамастан;
2) қатардағы қызметкерлер мен кіші басшы құрамның техникалық және кәсіптік, орта білімнен және жоғары білімнен кейінгі білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бітірген және орта басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған қызметкерлерге;
3) жоғары білімі бар және орта немесе аға басшы құрам лауазымдарына тағайындалған адамдарға беріледі.
6. Басшы құрамның кезекті арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерге сәйкес болған жағдайда және арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерде еңбек сіңірудің белгіленген мерзімі өткен соң рет-ретімен беріледі.
7. Орта және аға басшы құрамның кезекті арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін:
1) капитан, 1 сыныптағы заңгерді қоса алғанға дейін - құқық қорғау органының уәкілетті басшысы;
2) полковник, әділет аға кеңесшісін қоса алғанға дейін - құқық қорғау органының басшысы береді.
8. Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін тізбе және тәртіп бойынша беріледі.
9. Қарамағындағы қызметкерді кезекті арнаулы атақ немесе сыныптық шенді беруге ұсынуды негізсіз кешіктірген құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы тәртіптік жауапқа тартылады.
10. Орта және аға басшы құрамның кезекті арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының тыңдаушыларына, адъюнкттері мен докторанттарына, сондай-ақ оқу ақысын мемлекет қаражаты есебінен төлей отырып, құқық қорғау органдарының жолдамалары бойынша шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының оқу орындарында оқитындарға, оқуға түскеннен кейін осы лауазымдар бойынша штаттағы арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерге енгізілген өзгерістер ескерілместен, олар оқуға түскенге дейін атқарған штаттық лауазымдарына сәйкес, тиісті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерде еңбек сіңірудің белгіленген мерзімі аяқталған; кезекті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер білім беру ұйымдарын бітірген соң тағайындалатын штаттық лауазымдар бойынша арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерге сәйкес болған жағдайда - оқу орнын, магистратураны, адъюнктураны, докторантураны бітірген бойда беріледі.
23-бап. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерде еңбек сіңіру мерзімдері
1. Қатардағы және кіші басшы құрамның арнаулы атақтарда еңбек сіңіру мерзімдері:
қатардағы қызметкер атағында - үш ай;
кіші сержант атағында - бір жыл;
сержант атағында - екі жыл;
аға сержант атағында - үш жыл.
Старшина атағында еңбек сіңіру мерзімі белгіленбейді.
2. Орта және аға басшы құрамның арнаулы атақтарында және сыныптық шендерде еңбек сіңіру мерзімдері:
кіші лейтенант атағында - бір жыл;
лейтенант, 3 сыныпты заңгер атағында - бір жыл;
аға лейтенант, 2 сыныпты заңгер атағында - үш жыл;
капитан, 1 сыныпты заңгер атағында - төрт жыл;
майор, кіші әділет кеңесшісі атағында - бес жыл;
подполковник, әділет кеңесшісі атағында - жеті жыл.
3. Полковник арнаулы атағындағы, әділет аға кеңесшісі сыныптық шенінде, сондай-ақ жоғарғы басшы құрамның атақтарында немесе сыныптық шендерде еңбек сіңіру мерзімі белгіленбейді.
4. Арнаулы атақта немесе сыныптық шендерде еңбек сіңіру мерзімі осы арнаулы немесе әскери атақ, сыныптық шен қызметкерге берілген күннен бастап есептеледі, бұл ретте еңбек сіңірген мерзімге лауазымдардағы қызметтің нақты уақыты кіреді. Арнаулы атақ немесе сыныптық шеннің берілуі негізсіз кешіктірілген жағдайда тиісті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер, оның алдындағы арнаулы атақта немесе сыныптық шенде болу мерзімі аяқталғаннан кейінгі күннен бастап есептеледі.
5. Орта басшы құрамдағы лауазымға тағайындалған қатардағы қызметкер және кіші басшы құрамда атағы бар қызметкер еңбек сіңірген мерзіміне қарамастан орта басшы құрамның арнаулы атағын беруге ұсынылады.
6. Кезекті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер берудің осы Заңда көзделмеген қосымша шарттарын қоюға тыйым салынады.
24-бап. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерде еңбек сіңірген жылдары мерзімдерін тоқтата тұру
1. Қызметкерлерге кезекті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер тиісінше құқық қорғау органының қарамағында болған кезде лауазымға тағайындалғанға дейін, алынбаған тәртіптік жазасы болғанда, қайта аттестациялау кезінде лауазымына сәйкестігі туралы мәселе шешілгенге дейін, тергеуге дейінгі тексерулер аяқталғанға дейін, ақтайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қысқарғанға дейін, ақтау үкімі заңды күшіне енгенге дейін, қызметтік тергеу аяқталғанға дейін берілмейді.
2. Тәртіптік жаза қолданудың заңсыздығы туралы немесе қайта аттестациялау кезінде орналасқан лауазымына сәйкестігі туралы мәселеге қатысты шешім қабылданғанда, қылмыстық іс ақтайтын негіздер бойынша қысқарған жағдайда, ақтау үкімі заңды күшіне енгенде қызметкерлерге кезекті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша атаққа сәйкес болған кезде, оны берудің мерзімі басталған сәттен бастап беріледі.
25-бап. Арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді мерзімінен бұрын беру немесе атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерден бір саты жоғары беру тәртібі
1. Полковникке дейін қоса алғанда, басшы құрамның кезекті арнаулы немесе сыныптық шендері қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін көтермелеу ретінде, бұған дейінгі атақта еңбек сіңірудің белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін немесе атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бір саты жоғары берілуі мүмкін.
2. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер мерзімінен бұрын арнаулы атақтарда немесе сыныптық шендерде еңбек сіңірудің белгіленген мерзімдерінің кемінде жартысы өткенде беріледі.
3. Штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтардан немесе сыныптық шендерден бір саты жоғары кезекті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер арнаулы атақтарда немесе сыныптық шендерде еңбек сіңірудің белгіленген мерзімі өткен соң - ғылыми не академиялық дәрежесі немесе ғылыми не академиялық атағы бар әрі құқық қорғау органының білім беру ұйымдарында штаттық лауазым атқаратын басшы құрамның адамдарына берілуі мүмкін.
4. Штаттық лауазым бойынша көзделген арнаулы атақтардан немесе сыныптық шендерден бір саты жоғары кезекті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер алдыңғы арнаулы атақтағы немесе сыныптық шендегі еңбек сіңірген жылдарының кемінде бір жарым мерзімі өткен соң беріледі.
Бұл ретте атқарған лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтардан немесе сыныптық шендерден бір саты жоғары арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беру құқық қорғау органындағы қызметінің барлық кезеңі үшін әрбір негіз бойынша екі реттен артық жүргізілмейді.
Кезектен тыс арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді беру құқық қорғау органының басшысы анықтаған тәртіппен қызметтің барлық кезеңі үшін екі реттен артық жүргізілмейді.
5. Мерзімінен бұрын немесе бір саты жоғары кіші басшы құрамның арнаулы атағын уәкілетті басшы, ал орта және аға басшы құрамдағы арнаулы атақты немесе сыныптық шенді - құқық қорғау органының басшысы береді.
26-бап. Арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін төмендету
1. Арнаулы атақты немесе сыныптық шенді бір саты төмендету - қызметкерлерге тәртіптік жаза қолдану шарасы ретінде:
1) кіші және орта басшы құрам атағындағыларға - құқық қорғау органының уәкілетті басшысымен;
2) аға басшы құрам атағындағыларға - құқық қорғау органының басшысымен қолданылады.
2. Арнаулы атақтағы немесе сыныптық шендегі еңбек сіңіру мерзімі арнаулы атақты немесе сыныптық шенді бір сатыға төмендету түрінде тәртіптік жауапқа тарту туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап үзіледі және арнаулы атақты немесе сыныптық шенді қалпына келтіру туралы бұйрық шығарылған күнінен бастап қалпына келтіріледі.
Арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері атқарған штаттық лауазымына қарамастан төмендетілген қызметкерлердің бұрынғы арнаулы атағы немесе сыныптық шені атқарған лауазымына қарамастан құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының бұйрықтарымен, арнаулы атағы немесе сыныптық шені төмендетілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін ғана қалпына келтіріледі.
3. Қызметкерге бұрынғы арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері қайта қалпына келтіргенге және оған кезекті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер берілгенге дейін арнаулы атақтардан, немесе сыныптық шендерден қайта төмендету жүргізілмейді
27-бап. Арнаулы атақтардан немесе сыныптық шендерден айыру
1. Қызметкерлерге қатысты соттың заңды күшіне енген арнаулы атақтарынан немесе сыныптық шендерінен айыру туралы айыптау үкімін орындау:
1) капитан, 1 сыныпты заңгерге дейінгілерді қоса алғанда - құқық қорғау органының уәкілетті басшысы жүзеге асырады;
2) полковник, аға әділет кеңесшісіне дейінгілерді қоса алғанда - құқық қорғау органының басшысы жүзеге асырады;
3) жоғары басшы құрамды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Арнаулы атақтарынан немесе сыныптық шендерінен заңсыз айырған жағдайларда, бұрынғы атағын қалпына келтіру туралы бұйрықты құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшы соттың шешіміне сәйкес шығарады.
3. Арнаулы атақтарынан немесе сыныптық шендерінен заңсыз айырған кезең қалпына келтірілген арнаулы атақтарда немесе сыныптық шендерде еңбек сіңіру мерзіміне кіреді. Арнаулы атақтарынан немесе сыныптық шендерінен заңсыз айырылған адамдарға материалдық зиян толық көлемде өтеледі.
5-тарау. Құқық қорғау органдарында лауазымға тағайындау, қызмет бойынша ауыстыру және жоғарылату 28-бап. Құқық қорғау органдарының қатардағы және басшы құрамдары лауазымдарына орналасудың жалпы ережелері
1. Қатардағы, кіші, орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдар атқаратын лауазымдар мен осы лауазымдарға сай келетін арнаулы немесе сыныптық шендерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, құқық қорғау органының басшысы белгілейді.
2. Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалатын адамдар, оларға арнаулы атақ берілгенге дейін немесе құқық қорғау органының кадрына кіргізілген уақытқа дейін атқарып отырған лауазымдарына сай қызметтік міндеттерін орындайды.
3. Лауазымға тағайындау, қызмет бабында ауыстыру және жоғарылату адамдар белгіленген біліктілік талаптарына сай келгенде уәкілетті басшымен немесе құқық қорғау органының басшысымен жүргізіледі. Мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті орган бекітетін лауазымдарға қойылатын үлгі біліктілік талаптары негізінде лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын құқық қорғау органының басшысы бекітеді. Бұл ретте мынадай шарттар сақталады:
1) орта және басшы құрамдағы адамдарды лауазымға тағайындау және қызмет бабында ауыстыру кезінде оларды негізгі немесе тәжірибесіне сәйкес пайдалану қамтамасыз етілуі тиіс, ал олар үшін жаңа мамандық бойынша лауазымдарда пайдалану қажет болған жағдайда, тағайындар алдында, олар тиісті курстарда (жиындарда) қайта даярлаудан өтуі тиіс;
2) бос тұрған лауазымның міндетін уақытша атқарудың үздіксіз мерзімі екі айдан, ал бос емес лауазым бойынша - төрт айдан аспауы тиіс;
3) қызметкерлер соңғы лауазым бойынша лауазымдық жалақыларын сақтай отырып лауазымынан босатылып, құқық қорғау органының қарамағына он бес күннен аспайтын мерзімге берілуі мүмкін.
Айрықша жағдаяттардан туындайтын кейбір ерекше кездерде бұл мерзім құқық қорғау органы басшысымен екі айға дейін ұзартылуы мүмкін.
Қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың осы Заңда белгіленген демалыстарда болуы, емдеу мекемелерінде емделуі (әскери-дәрігерлік комиссияның жолдамасы бойынша дәрігерлік тексерілуі), бұрынғы қызмет атқарған жерінен тиісті құқық қорғау органы орналасқан жерге дейін жол жүру уақыты; оқу орындарының сырттай оқыту, кешкі оқыту бөлімдерінің оқу-емтихандық сессияларында болу уақыты; қылмыстық іс ақтау негіздері бойынша қысқартылған немесе ақтау үкімі шығарылған жағдайларда қамалған күнінен бастап босатылған күнін қоса қылмыстық жауапкершілікке тартылуға байланысты қамауда болған уақыты құқық қорғау органының қарамағында болу мерзіміне есептелмейді.
Атқарып отырған қызметтерінен босатылған және құқық қорғау органының қарамағындағы кезекті жыл сайынғы жалақы төленетін еңбек демалысын пайдаланбаған қызметкерлерге оларды қызметте одан әрі пайдалану туралы мәселені шешу кешіктірілген жағдайларда, пайдаланылмаған еңбек демалысы беріледі. Оларға кезекті жыл сайынғы жалақы төленетін еңбек демалыс уақыты үшін ақшалай үлес құқық қорғау органының қарамағында болу мерзіміне қарамастан, қабылданған күнінен бастап негізгі лауазымы бойынша алатын мөлшерде төленеді.
Құқық қорғау органының қарамағына қабылданған қызметкерге осы Заңмен қарастырылған ынталандыру шаралары мен тәртіптік жазалау шаралары қолданылуы мүмкін.
Қызметкердің құқық қорғау органының қарамағында болған уақыты құқық қорғау қызметі өтіліне, арнаулы немесе сыныптық шендерді беруге еңбек сіңірген жылдарына, зейнетақы тағайындаған және лауазымдық жалақы мөлшерін анықтаған кезде есептеледі.
Құқық қорғау органының қарамағына қабылданған қызметкерге құқық қорғау органының күн тәртібі толық көлемде таралады.
Құқық қорғау органының қарамағындағы қызметкердің ұсынылған лауазымға орналасудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда осы Заңға сәйкес қызметтен шығарылуы тиіс.
Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды қызмет бабында ауыстыру, оларды тиісті құқық қорғау органының қарамағына алмай-ақ жүзеге асырылуы тиіс. Тиісті құқық қорғау органының қарамағында тұрған адамдарды лауазымға тағайындау мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ лауазымнан босатқан күннен бастап екі айдан кешіктірілмей жүргізіледі. Құқық қорғау органының қарамағында тұрған аталған адамдарды қызметте пайдалану тәртібі құқық қорғау органының құқықтық нормативтік актілерінде белгіленеді.
4) бос тұрған лауазымға шұғыл орналастыру қажет болған жағдайда құқық қорғау органының тікелей басшысынан бастап, оған тең және жоғары тұрған басшыларға, уәкілетті басшының келісімімен басшы құрам адамын бір айдан аспайтын мерзімге уақытша тағайындауға рұқсат етіледі;
5) орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдарды басқа лауазымдарға, сондай-ақ басқа елді мекенге шұғыл ауыстыру қажет болған кезде, бұл туралы шешімді, осы адамдардың даярлығы мен қызмет тәжірибесін, сондай-ақ оларда және олардың отбасы мүшелерінде медициналық қарсы көрсеткіштердің жоқтығын ескере отырып, олардың келісімі бойынша тиісті уәкілетті басшылар қабылдайды.
6) осы Заңмен белгіленген қызметте болудың шекті жасына жетпеген, әскери қызметке жарамды немесе бейбіт уақытта саптан тыс қызмет атқаруға жарамды деп танылған, бірақ өзінің денсаулығына немесе отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайы бойынша қызмет орнын (тұрғылықты жерін) өзгертуді қажет ететін басшы құрамдағы адамдарды басқа мекенге қызмет бабында ауыстыру әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысының негізінде тиісті басшылардың рұқсатымен жүргізіледі;
7) қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды лауазымдарға тағайындау, қызмет бойынша, жедел еместен жедел лауазымдарға ауыстыру әскери-дәрігерлік комиссияның дәрігерлік куәландыруының нәтижелері ескеріле отырып жүргізіледі.
29-бап. Қызмет бабында ауыстыру
1. Қатардағы және кіші басшы құрамдағы адамдарды қызмет бабында ауыстыру:
1) жоғары лауазымдарға - қызмет бабында жоғарылату ретінде;
2) тең дәрежелі лауазымдарға - басқа лауазымдарға тағайындау қажет болған жағдайда немесе оларды іскерлік және жеке қасиеттерін ескере отырып неғұрлым орынды пайдалану, жаңа мамандыққа даярлау үшін, сондай-ақ отбасы жағдаяты, денсаулық жағдайы немесе жасы бойынша осы адамдардың келісімімен, жеке өтініш бойынша;
3) құқық қорғау органдарының оқу орындарына оқуға түсуіне байланысты - атқаратын штаттық лауазымынан босата отырып, сондай-ақ оқуын бітірген соң лауазымға тағайындаған кезде;
4) төмен тұрған лауазымдарға:
штаттар қысқарған кезде немесе құқық қорғау органын қайта құру кезінде - осы адамдарды дәрежесі тең лауазымға ауыстыру мүмкін болмаған жағдайда және олардың келісімімен;
денсаулық жағдайы бойынша - әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы (қаулысы) негізінде және олардың келісімімен;
аттестациялаудың нәтижесінде анықталған қызметіне сәйкес келмеуі бойынша;
тәртіптік жаза қолдану ретінде;
жеке өтініші бойынша жүргізіледі.
2. Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдарды қызмет бабында ауыстыру:
1) жоғары лауазымдарға - қызмет бабында жоғарылату ретінде;
2) тең дәрежелі лауазымдарға - ұйымдық-штаттық шаралардың жүргізілуіне байланысты және жұмыс тәжірибесін ескере отырып, мамандығы бойынша неғұрлым орынды пайдалану үшін, ротация тәртібімен, атқарып отырған лауазым құзыреттері мерзімінің аяқталуына байланысты, сондай-ақ олардың тікелей және уәкілетті басшыларының келісімімен жеке өтініші бойынша;
3) құқық қорғау органдарының оқу орындарына оқуға түсуіне, мемлекеттік қызметшілерді дайындаудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқуға байланысты - атқаратын штаттық лауазымынан босата отырып, сондай-ақ оқуын бітірген соң лауазымға тағайындаған кезде;
4) төменгі тұрған лауазымдарға:
штатты қысқарту немесе құқық қорғау органдарын қайта құру кезінде - осы адамдарды дәрежесі тең лауазымда пайдалану мүмкін болмаған жағдайда және олардың келісімімен;
денсаулық жағдайы бойынша - әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы (қаулысы) негізінде;
жеке өтініші бойынша;
аттестациялаудың нәтижесінде анықталған қызметіне сәйкес келмеуі бойынша;
тәртіптік жаза қолдану ретінде;
5) мемлекеттік органдарда және халықаралық ұйымдарда іссапарда болу тәртібінде жүргізіледі.
3. Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдар Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының оқу орындарындағы басшылық және арнайы пәндер бойынша педагогтық жұмысқа тағайындалған жағдайда, олардың оқу орнына тағайындалғанға дейінгі атқарған негізгі (уақытша атқармаған) лауазымдық жалақысы сақталады. Әрбір нақты жағдайда лауазымдық жалақыны сақтау туралы шешімді лауазымға тағайындалғанға дейін, оқу орны басшылығының ұсынысымен, құқық қорғау органының орталық аппаратының кадрлар қызметінің қорытындысы бойынша, құқық қорғау органының басшысы қабылдайды.
Сақталған лауазымдық жалақыны төлеу төменгі лауазымдық қызметке төмендетілгенде тоқтатылады.
4. Төмен тұрған лауазымдарға ауыстырылған қатардағы және басшы құрамдағы адамдар осы Заңның талаптарын ескере отырып, кейіннен қызмет бабында жоғарылай алады.
5. Қатардағы және басшы құрамдағы адамды қызмет бабында ауыстыру туралы шешім ауыстыру негізі көрсетіле отырып, жеке құрам бойынша бұйрықпен ресімделеді.
6. Қызмет бабында ауыстырылған орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдар істерді және лауазымды тапсырғаннан кейін, қызмет бабында ауыстыру туралы бұйрықты немесе жазбаша хабарламаны алған күннен бастап аталған адамдар кезекті демалыста немесе емделуде жүрген жағдайларды қоспағанда, бір ай мерзімінен кешіктірілмей, жаңа қызмет орнына іссапарға жіберілуге тиіс.
7. Құқық қорғау органының штатын қысқартқан кезде қызметкер ұсынылған лауазымға орналасудан бас тартқан жағдайларда ол осы Заңға сәйкес қызметтен шығарылуы тиіс.
30-бап. Ротация
1. Құқық қорғау органдарында қызмет өткеру кезінде кәсіби әлеуетті өте тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдарының аумақтық бөлімшелерінің, мекемелерінің басшылары мен олардың орынбасарларын ротациялау жүзеге асырылады.
2. Құқық қорғау органының құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің басшыларын ротациялау құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының шешімі бойынша, алайда кемінде үш жылда бір рет жүзеге асырылады. Қабылданған шешім бұйрықпен ресімделеді. Құқық қорғау органы құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің, мекемелерінің басшыларын және олардың орынбасарларын қызметке басқа жерге ротациялауға қызметкердің жазбаша келісімімен, ерекше жағдайларда қызмет мүддесі үшін мерзімнен тыс және қызметкердің келісімінсіз жол беріледі.
3. Мүгедек балалары, соның ішінде асырап алған балалары (қамқоршы болып табылатындар) немесе асырауында қарт ата-анасы бар лауазымды тұлғалар ротациялауға жатпайды. Көрсетілген мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс.
31-бап. Құқық қорғау қызметінің жоғары, барабар немесе төменгі лауазымдары
1. Егер құқық қорғау қызметінің лауазымына бұрынғы құқық қорғау қызметі лауазымының арнаулы атақ немесе сыныптық шендеріне қарағанда жоғары арнаулы атақ көзделген болса, ал арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері бірдей болғанда құқық қорғау қызметінің лауазымы бойынша неғұрлым жоғары жалақы көзделген жағдайда, құқық қорғау қызметінің лауазымы жоғары болып есептеледі.
2. Егер құқық қорғау қызметінің лауазымының арнаулы атағы немесе сыныптық шендері және лауазымы бойынша жалақы бұрынғы құқық қорғау қызметі лауазымының арнаулы атағы немесе сыныптық шендері және лауазымы бойынша жалақысына тең көзделген болса, құқық қорғау қызметінің лауазымы барабар болып есептеледі.
3. Егер құқық қорғау қызметінің лауазымына бұрынғы құқық қорғау қызметі лауазымының арнаулы атақтарына немесе сыныптық шендеріне қарағанда төменгі арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер көзделген болса, ал арнаулы атақтар немесе сыныптық шендері бірдей болған жағдайда құқық қорғау қызметінің лауазымы бойынша неғұрлым төменгі жалақы көзделген жағдайда құқық қорғау қызметінің лауазымы төменгі болып есептеледі.
32-бап. Қызмет бабында жоғарылату
1. Қызметкерлерді қызмет бабында жоғарылату, кадрлық резервте тұрған қызметкерлер қатарынан олардың кәсіби, іскерлік және жеке қасиеттері, денсаулық жағдайы ескеріле отырып жүргізіледі.
2. Кадрлық резервке қабылданған басшы құрамдағы адамдардың кәсіптік даярлықтарын жетілдіру жөніндегі жұмыс құқық қорғау органының басшысы белгілейтін тәртіппен жүзеге асырылады.
33-бап. Кадрлық резерв
1. Құқық қорғау органының кадрлық құрамын қалыптастыру, лауазымдардың иеленуін қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органында кадрлық резерв құрылады.
2. Құқық қорғау органының кадрлық резерві кейіннен құқық қорғау органының бос басшы лауазымдарына орналастыру үшін құрылады.
3. Кадрлық резерв аттестациялау нәтижелері бойынша басшылық лауазымдарға немесе көлемі үлкен жұмыстарға жоғарылатуға ұсынылған қызметкерлерден, сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару не болмаса арнайы тапсырмаларды орындау кезінде ұйымдастырушылық қабілет танытқан адамдардан құрылады.
4. Құқық қорғау органының бос басшылық лауазымы басшының немесе уәкілетті басшының шешімі бойынша құқық қорғау органының кадрлық резервінде тұрған адаммен алмастырылады. Кадрлық резервте тұрған қызметкердің ұсынылған лауазымнан бас тартқанда бос лауазымға аттестация нәтижесі немесе кадрларды іріктеу бойынша басқа қызметкер орналастырылады.
5. Кадрлық резервті құру және онымен жұмыс жүргізуді ұйымдастыру жауапкершілігі құқық қорғау органның басшысына немесе уәкілетті басшысына және кадр аппараттарына жүктеледі. Құқық қорғау органдарында кадрлық резервті құру кадрлардың сапалық құрамы және тиісті лауазымдарға тағайындау қажеттілігі ескеріле отырып, жүзеге асырылады.
6. Кадрлық резервке қабылдауды құқық қорғау органдарының басшылары немесе уәкілетті басшылары алқалық шешім негізінде жүзеге асырады.
7. Қызметкерге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін тәртіптік жазалау шарасы қолданған жағдайда, ол кадрлық резервтен шығарылады. Қызметкер өзін кадрлық резервтен шығару туралы шешіммен келіспеген жағдайда, ол бұл шешімге жоғары тұрған басшыларға не сотқа шағымдануға құқылы.
8. Кадрлық резервте тұру мерзімі үш жылдан аспауы тиіс. Кадрлық резервке енгізіліп, бірақ кадрлық резервте болған кезеңде оларды жоспарланған лауазымға тағайындамаған жағдайда, кадрлық резервке жалпы негіздерде қайтадан енгізілуі мүмкін.
9. Құқық қорғау органдарының кадрлық қызметтері кадрлық резервке енгізілген қызметкерлердің тізімін жүргізеді.
10. Кадрлық резервті қалыптастыру тәртібі құқық қорғау органдары басшыларымен анықталады.
34-бап. Кадрлық резервті қалыптастыру міндеттері
Кадрлық резервті құрудың және онымен жұмыс істеудің:
1) қызметкерлерді қызмет бойынша жоғарылатуды жоспарлау тетігін реттеу;
2) басшы кадрларды даярлаудың тиімділігін арттыру;
3) басшы құрам лауазымдарына неғұрлым білікті қызметкерлерді орналастыру;
4) басшы кадрларды нығайту және тұрақтандыру, олардың сабақтастығын қамтамасыз ету;
5) ішкі істер органдарында кадр мәселелерін шешуде демократиялық негіздерді күшейту міндеттері болып табылады.
35-бап. Құқық қорғау органдарының кадрлық құрамын қалыптастырудың басым бағыттары
1. Құқық қорғау органында кадрлық құрамын қалыптастыру мынадай қағидаттар негізінде қамтамасыз етіледі:
1) қызметкерлердің кәсіби білімдері мен дағдыларын жетілдіру;
2) құқық қорғау қызметінің лауазымына қызметкерді кәсіби дайындығының деңгейін, кәсіби қызметтегі еңбегін және іскерлік сапасын ескере отырып тағайындау;
3) құқық қорғау қызметін өткерудің және арнаулы атақтар мен сыныптық шендер берудің кезектілігі.
2. Құқық қорғау қызметінің кадрлық құрамын қалыптастырудың басым бағыттары болып:
1) жоспарлы негізде құқық қорғау қызметі лауазымдарының барлық топтары мен санаттарына кадрлар дайындау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау;
2) қызметкерлердің кәсіби және лауазымды өсуі үшін жағдайлар жасау;
3) аттестациялар өткізу арқылы қызметкерлердің кәсіби қызметтерінің нәтижелерін бағалау;
4) кадрлық резерв құру және оны тиімді пайдалану табылады.
3. Қызметкерлердің кәсіби білімдері мен біліктіліктерін жетілдіру, олардың қызметтік міндеттерін атқаруға әрдайым дайын болуын қамтамасыз ету мақсатында қызметкерлердің құқық қорғау қызметін өткеру орны бойынша кәсіби қызметтік және дене шынықтыру дайындықтары ұйымдастырылады. Кәсіби қызметтік және дене шынықтыру дайындықтарын ұйымдастырудың мазмұны мен тәртібін құқық қорғау органының басшысы бекітеді.
4. Қызметкерлердің қосымша кәсіби білімінің ережелері болып кәсіби қайта даярлау, біліктілігін арттыру болып табылады. Қосымша кәсіби білім алу қызметкердің қызметтік міндеттерін атқарудан босату, жартылай босату немесе босатпау түрінде жүргізілуі мүмкін. Қызметкердің қосымша кәсіби білім алуы басқа да тең жағдайларда қызметкерді кадрлық резервке енгізуге немесе оның құқық қорғау лауазымының қызметін жалғастыруына басым негіз болып табылады.
5. Қызметкерлердің кәсіби қайта даярлау және біліктілігін арттыру құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары мен ғылыми мекемелерінде, қызметкерлерді қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру бойынша құқық қорғау органдарының арнайы мекемелерінде жүзеге асырылады.
6. Қызметкер қосымша кәсіби білімді Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлерде ала алады.
36-бап. Кадрлық резервке енгізу үшін үміткерлерді іріктеу
1. Кадрлық резервке енгізу үшін үміткерлерді іріктеу қызметкерлердің жеке бастық және іскерлік қасиеттерін, олардың қызметтік іс-әрекеттерінің нәтижелерін зерделеу және бағалау негізінде жүргізіледі.
2. Кадрлық резервке енгізу үшін үміткерлерді іріктеу кезінде:
1) болжанған лауазымға тағайындау бойынша көзделген мамандықтарға қызметкер білімінің сәйкестілігі;
2) болжанған қызмет түрі бойынша жұмыс тәжірибесінің болуы;
3) басшылардың тиісті санаттары қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді білуі;
4) денсаулық жағдайы;
5) кәсіптік қайта даярлау мен біліктілігін арттырудың қорытындысы ескеріледі.
3. Егер жоғарылату басқа жерге қызмет атқаруға ауыстыруды қарастырса, онда қызметкердің және оның отбасы мүшелерінің ол жерде денсаулық жағдайы бойынша тұра алу мүмкіндігі ескеріледі.
4. Кадрлық резервке қабылданатын үміткерлерді іріктеуді кадр аппараттары жүзеге асырады және кадрлық резервке қабылданғандар тізімі құқық қорғау органының басшысымен немесе уәкілетті басшысымен бекітіледі. Тиісті лауазымға жоғарылату үшін резервке қабылданатын қызметкерлер саны кемінде екі адамнан болуы керек.
37-бап. Қызметкерді лауазымдық міндеттерінен уақытша шеттету
1. Қызметкер лауазымдық міндеттерін орындаудан мынадай жағдайларда:
1) қылмыстық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіпте - қылмыстық процесті жүргізуші орган ақшалай қаражатты сақтамай, мұндай шараның қажеттілігі тоқтатылған уақытқа дейін;
2) қызметтік тергеу жүргізілген кезде - құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшымен жауапкершілігі туралы мәселе шешілгенге дейін, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге, ақшалай қаражатты сақтай отырып уақытша шеттетілуі мүмкін.
2. Қызметтік міндеттерін орындаудан уақытша шеттету туралы құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшының бұйрығы шығарылады.
3. Ақтамайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтағанда немесе айыптау үкімі заңды күшіне енгенде қызметкер осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметтен шығарылады.
4. Ақтайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғанда немесе ақтау үкімі заңды күшіне енгенде қызметкер лауазымына қайтадан қабылданып, арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері қалпына келтіріледі.
Адамдарды қызметке қайта қабылдау (лауазымы мен атағын қайтару) егер ол адамның қызметтен шығарылуы мен лауазымы, атағы төмендетілуінің заңсыздығы туралы шешім қабылданған сәттен бастап, үш ай ішінде өтініш жасалса, ол сол күннен бастап бір айлық мерзімнен кешіктірілмей қалпына келтіріледі
5. Қылмыс жасағаны үшін сотталуына байланысты құқық қорғау органдарынан босатылған, ал кейіннен ақтап шығарылған және тиісінше лауазымы мен арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері қайтарылған қызметкерлерге қызметте амалсыздан болмаған уақыт үшін ақшалай үлес қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен өтеледі.
38-бап. Құқық қорғау қызметінің лауазымы бойынша міндеттерді уақытша атқару
1. Қызметтік қажеттілікке байланысты қызметкерге атқарған лауазымынан (негізгі) босатпастан жоғары тұрған лауазымының міндеттерін атқару уақытша жүктелуі мүмкін.
2. Белгіленген тәртіпте негізгі міндеттерінен босатыла отырып, басқа лауазымдар бойынша міндеттерді уақытша орындау жүктелген штаттық лауазымдағы қызметкерлерге ақы төлеу мынадай тәртіпте жүргізіледі:
1) штаттағы орынбасарларға, өздерінің тікелей басшысының бос емес лауазымы бойынша қызметтік міндеттеріне қарамастан, ақшалай үлес төлеу уақытша атқарып жүрген лауазымы бойынша емес, олардың негізгі лауазымы бойынша жүргізіледі;
2) басшының бос қызмет орны бойынша міндетті, соның ішінде оның орынбасарларының да, уақытша атқаруы кезінде, лауазымды уақытша атқару бойынша көзделген жалақы негізінде өзге де төлемдерді ескере отырып, бірақ екі айдан артық емес уақытқа ақы төленеді. Көрсетілген мерзім ішінде оларды осы лауазымға тағайындау немесе бос қызмет орны бойынша міндеттерді орындаудан босату туралы шешім қабылдануы қажет.
Бос емес лауазымы бойынша міндеттерді уақытша атқарудың үздіксіз мерзімі төрт айдан аспауы тиіс.
Лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқарудың үздіксіз мерзімі лауазымды атқаруға кіріскен күннен бастап, бірақ бұйрықта көрсетілген күннен ерте емес, ал күні көрсетілмеген жағдайда, бұйрыққа қол қойылған күннен ерте емес, міндеттерін атқарудан босатылған күн қоса алынып есептеледі.
Лауазым бойынша міндетті атқарушы етіп тағайындау қызметкерлерді лауазымдарға тағайындау және оларды ауыстыру құқығы берілген лауазымды тұлғалардың бұйрығымен ресімделеді.
3. Лауазымы бойынша міндеттерді атқару тікелей басшысының жоқ кезеңінде қызметкердің лауазымдық міндеттерімен қарастырылған жағдайдан басқа уақытта, осы бапқа сәйкес қызметкерге міндеттерді атқаруды уақытша жүктеу және оны осыған байланысты негізгі лауазымы бойынша міндеттерді атқарудан босату басшының немесе уәкілетті басшының актісімен жүзеге асырылады.
39-бап. Құқық қорғау органдарындағы жұмыс уақыты
1. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, осы Заңда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, белгіленеді.
Әрбір құқық қорғау органында қызметтік жұмыстың ерекшеліктерімен және жедел жағдаймен, жыл мезгілімен, жергілікті жағдайлармен және басқа да нақты мән-жайлармен анықталатын, қатаң түрде реттелген күн тәртібі белгіленеді.
2. Құқық қорғау органдарының уәкілетті басшыларымен немесе басшының актісімен бекітілетін күн тәртібі жұмыстың басталу және аяқталу уақытын, түскі үзілістің басталуы мен ұзақтығын, азаматтарды қабылдау уақытын (тұрғындарға аса тиімді болатын), қызметкерлердің жекелеген санаттарының қызмет атқару кезегін белгілейді.
3. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қажетті жағдайларда белгіленген уақыттан тыс, сондай-ақ түнгі уақытта, демалыс және мейрам күндері қызметтік міндеттерін атқаруға шақырылуы мүмкін. Өтемақы төлеу тәртібі мен талабын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
40-бап. Құқық қорғау қызметінің өтілі (еңбек сіңірген жылдары)
1. Құқық қорғау қызметінің өтілі, зейнетақыға құқық беретін еңбек сіңірген жылдарын есептеу, еңбек сіңірген жылдары үшін қосымша демалыс ұсынуды, қызметкердің жұмыстан шыққан кездегі бірмезгілдік жәрдемақы төлемін, басқа да әлеуметтік кепілдікті ұсынуды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құрметті атағын беруге және құқық қорғау органдарының ведомстволық ерекшелік белгілерімен марапаттауға ұсыну Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен есептеледі.
2. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің еңбек сіңірген жылдарын есептеу Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтаған тәртіппен жүргізіледі.
Бұл ретте зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, күнтізбелік түрде есептеледі.
3. Қызметкердің құқық қорғау органдарында қызметте болу кезеңі олардың жалпы өтіліне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызмет өтіліне есептеледі.
4. Қызметкердің құқық қорғау органының қарамағында болуы қызмет өтіліне есептеледі.
41-бап. Қызметкердің дербес деректері, жеке ісін және қызметкердің құжаттарын есепке алуды жүргізу
1. Құқық қорғау органында қызметкерлердің дербес деректерін, олардың қызметтік әрекеттері мен құқық қорғау қызметінің өтілі туралы мәліметтерді қамтитын жеке істері және есепке алу құжаттары жүргізіледі;
2. Қызметкердің дербес деректерін алу, сақтау, өңдеу, қолдану және беру кезінде құқық қорғау органында мына талаптар сақталуы тиіс:
1) қызметкерлердің дербес мәліметтерін өңдеу қызметкердің құқық қорғау қызметін өткеруін, оқытылуына және лауазымдық өсуіне ықпал етуді, қызметкердің жеке басының және оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, оған тиесілі мүліктің сақталуын қамтамасыз етуді, лауазымдық міндеттерін атқарудағы нәтижелерді есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында іске асырылады;
2) осы Заңға сәйкес қызметкерден алынған дербес мәліметтердің анықтығын тексеру мемлекеттік билік органдарының қатысуымен жүзеге асырылады;
3) қызметкердің дербес деректерін заңсыз қолданудан немесе жоғалтудан қорғау осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен көзделген тәртіпте құқық қорғау органының қаражаттары есебінен қамтамасыз етіледі;
4) заңдарда көзделген жағдайлардан басқа уақытта қызметкердің дербес мәліметтерін қызметкердің жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа беруге жол берілмейді.
3. Құқық қорғау қызметіне кірумен және оның құқық қорғау қызметін өткеруімен және шығуымен байланысты, құқық қорғау органының қызметін қамтамасыз етуге қажетті оның дербес мәліметтері қызметкердің жеке ісіне енгізіледі.
4. Құқық қорғау немесе әскери қызметті өткерген (өткеріп жатқан) азаматты (қызметкерді) қабылдау (ауыстыру) кезінде азаматтың (қызметкердің) құқық қорғау немесе әскери қызметті өткерген (өткеріп жатқан) мемлекеттік органдардан немесе ұйымдардан құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшының сұрауы бойынша құқық қорғау органының мекенжайына сіңірген еңбегінің есебі, лауазымдық тізімінің көшірмесі, кейінгі аттестация бойынша қорытындысын және қызметкердің қызметтік әрекетін сипаттайтын басқа да материалдары жіберіледі.
5. Қызметкердің жеке ісіндегі және есептік құжаттарда қамтылған мәліметтері заңнамаға сәйкес мемлекеттік құпияға жатады.
6. Басқа қызметкердің дербес деректерін алуды, сақтауды, өңдеуді, қолдануды және беруді реттейтін нормаларды бұзғаны үшін, сонымен қатар осындай деректердің жоғалуына кінәлі қызметкер осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес жауапкершілікке тартылады.
7. Қызметкердің дербес деректерін қамтыған жеке ісін жүргізу тәртібі құқық қорғау қызметінің басшысымен бекітіледі.
42-бап. Құқық қорғау қызметінің лауазымдарын қысқартқан кездегі құқық қорғау қызметімен, құқық қорғау органын қайта құру немесе таратумен байланысты құқықтық қатынастар
1. Құқық қорғау қызметінің лауазымдарын қысқартқан кезде қысқарған лауазымды атқаратын қызметкермен құқықтық қатынастар төмендегі жағдайларда жалғасады:
1) қызметкерге сол немесе басқа құқық қорғау органында басқа лауазымды атқаруды ұсыну;
2) қызметкерді кәсіптік қайта даярлауға немесе біліктілігін арттыруға немесе құқық қорғау органының білім беру ұйымдарына оқуға жіберу.
2. Құқық қорғау органы таратылған кезде қызметкермен құқықтық қатынас жойылған құқық қорғау органының міндеттері берілген құқық қорғау органында немесе басқа құқық қорғау органында өзге лауазымды атқару мүмкіншілігі ұсынылған жағдайда жалғасуы мүмкін.
3. Қызметкер ұсынылған басқа лауазымды атқарудан бас тартқан жағдайда осы Заңда белгіленген тәртіппен құқық қорғау қызметінен шығарылады.
43-бап. Құқық қорғау органына жатпайтын лауазымдарда қызмет өткеру
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері құқық қорғау қызметіне жатпайтын лауазымдарда құқық қорғау органдарының кадрында қала отыра:
1) құқық қорғау органдарының қарамағында болу;
2) мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға жіберілген;
3) мемлекеттік қызметшілерді дайындау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында оқыған жағдайларда өткере алады.
44-бап. Құқық қорғау қызметін өткеру ерекшеліктері
1. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін Республиканың өзге өңірлерінде қоғамдық тәртіпті қорғауға тарту немесе төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз етуге қатысу және төтенше жағдайлар салдарын жоюға қатысу мерзімінің ұзақтығы үш айдан аспауы тиіс.
2. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен құқық қорғау органдарының кадрларында қалдырыла отырып, мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберіле алады.
45-бап. Құқық қорғау органының қызметкерін іссапарға (қызметке) жіберу
1. Құқық қорғау органының қызметкерін іссапарға (қызметке) жіберу тиісті лауазымға тағайындауға құқығы бар құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының бұйрығымен жүзеге асырылады.
Бұл ретте қызметкерді лауазымға тағайындау оны іссапарға (қызметке) жіберген күннен бастап жүргізіледі.
2. (Қызметке) іссапарға жіберуге негіз қызметкердің баянаты және қызметке қабылдайтын құқық қорғау органының жазбаша ұсынымы болып табылады.
3. Қызметкерді (қызметке) іссапарға жіберу туралы шешімді қабылдау мерзімі қабылдаушы құқық қорғау органынан жазбаша ұсыным түскен күннен бастап бір айдан аспауы тиіс.
6-тарау. Аттестациялау 46-бап. Қызметкерлерді аттестациялау
1. Қызметкерлерді аттестациялау (бұдан әрі - аттестациялау) - олардың кәсіби даярлығының, құқықтық мәдениетінің деңгейін және азаматтармен жұмыс істеу қабілетін анықтау бойынша кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын рәсім.
2. Аттестациялау кезінде қызметкерлердің оларға жүктелген міндеттерді орындау қабілеті негізгі бағалау өлшемі болып табылады.
3. Қызметкерлер құқық қорғау органдары жүйесінде үздіксіз қызметте болған әрбір кейінгі үш жыл сайын аттестациядан өтеді. Бұл ретте аттестация көрсетілген мерзім болған күннен бастап, алты айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.
Егер аттестацияланатын қызметкерлер жаңа лауазымға тағайындалған жағдайда, олар тағайындалғаннан кейін бір жылдан соң аттестациядан өтеді. Тең дәрежелі лауазымға тағайындалған кезде, егер ол функционалдық міндеттерінің өзгеруіне әкеп соқпаса, бұл мерзім есепке алынбайды.
Қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметтен босатылған күнінен бастап және оны құқық қорғау органдары жүйесіне қызметке қабылдаған күнге дейін үш айдан артық уақыт өтпесе, онда көрсетілген кезең үшін өзге заңды (мемлекеттік органдарды қоспағанда) және жеке тұлғалармен еңбек қатынасы болмаған жағдайда құқық қорғау органдары жүйесінде қызметте болған уақыты үздіксіз деп есептеледі.
4. Құқық қорғау органының басшысы және оның орынбасарлары, сондай-ақ құқық қорғау органдарында жиырма және одан да артық қызмет өтілі бар қызметкерлер аттестациялауға жатпайды.
Қызметкерлер қатарындағы әйелдер жүкті немесе бала күтімі бойынша демалысы кезеңінде аттестациялауға жатпайды. Олар қызметке шыққаннан кейін кемінде алты айдан соң және бір жылдан кешіктірмей аттестациялануы тиіс.
5. Аттестациялау бірқатар дәйекті кезеңдерді қамтиды:
1) аттестация өткізуге дайындық;
2) прокуратура органдары қызметкерлерін қоспағанда, кәсіби жарамдылығын анықтау жөнінде белгіленген нормативтерді тапсыру;
3) аттестациялануға тиісті қызметкердің Қазақстан Республикасы заңнамасын білуін және логикалық ойлау қабілетін компьютерлік тестілеуден өтуі;
4) аттестациялық комиссиядан өтетін қызметкермен әңгімелесу;
5) аттестациялық комиссияның шешім шығаруы.
47-бап. Аттестация өткізуге дайындықты ұйымдастыру
1. Аттестация өткізу мерзімі келген кезде құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысының тапсырмасы бойынша тиісті кадрлық қызметтер аттестация өткізуге дайындықты ұйымдастырады.
2. Дайындық мынадай іс-шараларды қамтиды:
1) аттестация өткізудің кестесін әзірлеу;
2) аттестация өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру;
3) тестілеу мерзімдері және оны өткізетін орынды белгілеу;
4) аттестацияланушы қызметкерлердің қажетті құжаттарын дайындау.
Тестілеуден өтудің тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ лауазымдардың санаттары үшін шекті мәні (бұдан әрі - шекті мән) тиісті құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
3. Құқық қорғау органының кадр қызметі алты ай ішінде бір рет осы Заңға сәйкес аттестациялануға тиісті қызметкерлерді айқындайды.
4. Басшы кадр қызметінің ұсынуымен аттестациялануға тиіс қызметкерлердің тізімі, аттестация комиссиясының құрамы, оның жұмыс кестесі бекітілетін акті шығарады, аттестация өткізу мерзімі белгіленеді.
5. Кадр қызметі аттестация өткізу мерзімі туралы оны өткізудің басталуына кемінде бір ай қалғанда, қызметкерлерге жазбаша хабарлайды.
6. Аттестациялануға тиіс қызметкерге оның қызметтік мінездемесі ресімделеді, аттестация комиссиясының отырысына дейін үш апта мерзімнен кешіктірмей кадр қызметіне жіберіледі.
7. Қызметтік мінездеме аттестацияланушы қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесінде қызметте үзіліссіз үш жыл болуы және бұдан кейін өткізілетін аттестацияға дейін өткен мерзімнен тұратын кезең ішіндегі кәсіби, жеке басының қасиеттері мен қызметтік іс-әрекеті нәтижелерінің әділ және негізделген бағасын қамтуы тиіс.
8. Тікелей басшы қызметкерді өзіне берілген қызметтік мінездемемен аттестация комиссиясының отырысына дейін екі апта мерзімнен кешіктірмей, оған қол қойғыза отырып, таныстыруға міндетті.
9. Қызметкер өзіне берілген қызметтік мінездемемен өзінің келіспейтіні туралы мәлімдеуге және өзін сипаттайтын қосымша ақпаратты кадр қызметіне беруге құқылы.
10. Кадр қызметі жиналған аттестациялау материалдарына аттестация комиссиясына оның отырысына дейін бір апта мерзімнен кешіктірмей жолдайды.
48-бап. Аттестациялық комиссия
1. Аттестациялық комиссия кадр бөлімінің ұсынуы бойынша басшының немесе уәкілетті басшының актісімен құрылады. Аттестациялық комиссия мүшелерінің арасынан басшы болып төраға тағайындалады.
2. Аттестациялық комиссияның құрамына кемінде бес мүше кіруге тиіс. Аттестациялық комиссияның қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
3. Аттестациялық комиссияның хатшысы кадр қызметі басшысы белгілейтін кадр қызметінің өкілі болады.
Аттестациялық комиссияның хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етілуін жүзеге асырады және ол дауыс беруге қатысуға құқысыз.
4. Құқық қорғау органы, құқық қорғау органы білім беру ұйымы немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің жұмыс бағыттарына байланысты бірнеше аттестациялық комиссиялар құрылуы мүмкін.
5. Аттестациялық комиссияның басшысы мен оның мүшелері аттестациялануға тиісті қызметкерлермен бірдей немесе жоғары лауазымда болуы тиіс.
6. Аттестациялық комиссияның құрамына түрлі құрылымдық бөлімшелердің басшылары, кадр қызметінің өкілдері (не осы аталған қызметке бағынысты адамдар), сондай-ақ құқық қорғау органының басқа да қызметкерлері, құқық қорғау органының білім беру ұйымдары немесе аттестациядан өтетін қызметкерлерді қоспағанда, құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің өзге де қызметкерлері енгізіледі.
7. Аттестациялық комиссияның отырысы, егер оған оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңдық күші бар деп есептеледі.
8. Аттестациялық комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған отырысқа қатысқан аттестациялық комиссияның мүшелері санының көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда аттестациялық комиссияның төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.
49-бап. Аттестацияны өткізу
1. Бастапқы аттестациялауда немесе қайта аттестациялауда кәсіби жарамдылығын анықтау жөнінде белгіленген нормативтерді тапсырған және тестілеуден өткен кезде шекті мәннен жоғары баға алған қызметкерлер әңгімелесуге жіберіледі.
2. Кәсіби жарамдылығын анықтау жөнінде белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тестілеуден өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер әңгімелесуге жіберілмейді және аттестация комиссиясы шешімімен осы Заңда айқындалған тәртіппен қайта аттестациялауға жіберіледі.
3. Аттестациялық комиссияның отырысында аттестацияланушы қызметкермен әңгімелесу жүргізіледі.
4. Аттестациялық комиссияның отырысына дәлелді себептермен қатыспаған қызметкерлер жұмысқа шыққаннан кейін әңгімелесуден өтеді.
5. Аттестациялық комиссияның отырысына қызметкер дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестациялық комиссия осы Заңда айқындалған тәртіппен қызметкерді қайта аттестациялау туралы шешім қабылдайды.
6. Аттестациялық комиссия әңгімелесудің қорытындысы бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) атқаратын лауазымына сәйкес және кадр резервіне қою немесе жоғары лауазымға жылжыту үшін ұсынылады;
2) атқаратын лауазымына сәйкес;
3) қайта аттестациялауға жатады;
4) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады.
7. Аттестациялық комиссияның шешімі үш жұмыс күні ішінде оның отырысына қатысқан аттестациялық комиссияның мүшелері мен хатшысы қол қойған хаттамамен ресімделеді.
8. Кадр қызметі аттестациялық комиссияның шешімін қызметкердің аттестациялау парағына енгізеді, ол шешіммен қызметкер қабылданған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қолын қоя отырып, танысады.
9. Аттестациялаудан өткен қызметкердің аттестациялық парағы және оның қызметтік мінездемесі жеке ісінде сақталады.
50-бап. Қайта аттестациялау
1. Қайта аттестациялау бастапқы аттестация өткен күнінен бастап, үш ай өткеннен кейін және алты айдан кешіктірілмей өткізіледі.
2. Бастапқы аттестациялауда немесе қайта аттестациялауда кәсіби жарамдылығын анықтау жөнінде белгіленген нормативтерді тапсырған және тестілеуден өткен кезде шекті мәннен жоғары баға алған қызметкерлер әңгімелесуге жіберіледі.
3. Қайта аттестациялау кезінде кәсіби жарамдылығын анықтау жөнінде белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тестілеуден өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған, сондай-ақ аттестация комиссиясының отырысына дәлелсіз себептермен келмеген қызметкерлер аттестация комиссиясының шешімі бойынша осы Заңда айқындалған тәртіппен лауазымынан төмендетілуге немесе жұмыстан босатылуға ұсынылады.
4. Аттестациялық комиссия қайта аттестациялау өткізіп, мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) атқаратын лауазымына сәйкес;
2) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады;
3) лауазымына сәйкес емес және жұмыстан босатылуға ұсынылады.
5. Аттестациялық комиссияның жұмыстан босату туралы ұсыныммен қызметкердің атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы қабылдаған шешімі аттестациялаудың теріс нәтижесі болып табылады.
51-бап. Аттестациялық комиссияның шешімі
Аттестациялық комиссияның шешімі қызметкерді кадр резервіне қою, қызметкерді жоғары лауазымға жылжыту, қызметкерді лауазымда төмендету немесе оны жұмыстан шығару үшін негіздемелердің бірі болуы мүмкін.
52-бап. Аттестациялық комиссияның шешіміне шағымдану
1. Қызметкер аттестациялық комиссияның шешіміне басшыға немесе құқық қорғау органының уәкілетті басшысына - бір ай мерзімде, не сот тәртібімен шағымдануы мүмкін.
7-тарау. Құқық қорғау органдарындағы қызметтік тәртіп 53-бап. Құқық қорғау органдарындағы қызметтік тәртіп
1. Құқық қорғау қызметіндегі қызметтік тәртіп - қызметкерлердің Қазақстан Республикасының заңнамасында, құқық қорғау органдары басшыларының және уәкілетті басшыларының актілерінде белгіленген нормалар мен ережелерді міндетті түрде сақтауы.
2. Құқық қорғау органының басшысы және уәкілетті басшы өз қарамағындағылар арасындағы қызметтік тәртіптің жай-күйіне жауап береді.
3. Қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету және нығайту мақсатында құқық қорғау органының басшысы және уәкілетті басшы қызметкерлерге және құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары курсанттарына (тыңдаушыларына) осы Заңмен көзделген ынталандару шаралары мен тәртіптік жазаларды қолдана алады.
54-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қолданылатын ынталандырулар
1. Лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны және жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін қызметкерлер және құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттары үшін мынадай ынталандыру түрлері көзделген:
1) алғыс жариялау;
2) ақшалай сыйақы беру;
3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
4) грамотамен марапаттау;
5) Құрмет грамотасымен марапаттау;
6) құқық қорғау органының үздігі төс белгісімен марапаттау;
7) кезекті арнаулы атақты немесе сыныптық шенді мерзімінен бұрын беру;
8) атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген атақтан бір саты жоғары арнайы арнаулы атақ немесе сыныптық шен беру;
9) Құрмет кітабына немесе Құрмет тақтасына енгізу;
10) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен көзделген өзге де ынталандыру түрлері;
2. Ынталандыру ретінде құқық қорғау органы қызметкеріне бұрын салынған тәртіптік жазасын мерзімінен бұрын алу қолданылуы мүмкін.
3. Ынталандыру бұйрықтармен рәсімделеді.
4. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында да білім беру ұйымдары орналасқан жерден кезектен тыс босату түрінде көтермелеу қолданылады.
5. Айрықша сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдарының қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталуға ұсынылуы мүмкін.
6. Осы бапта көзделген қызметкерге көтермелеу түрлерін қолдану тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
55-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қолданылатын тәртіптік жазалаулар
1. Құқық қорғау органдарындағы тәртіптік жазалаулар тәртіптік жауапкершілік шарасы болып табылады. Тәртіптік жазалаулар жасалған теріс қылықтың ауырлығын, оны жасау кезіндегі мән-жайды, сондай-ақ алдындағы тәртібі мен құқық қорғау органы қызметкерінің қызметке деген қатынасын ескеріп қолданылады.
2. Қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне мынадай тәртіптік жазалаулар:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметке толық сай еместігі туралы ескерту;
5) атқаратын лауазымынан босату;
6) арнаулы атағын немесе сыныптық шенін бір саты төмендету;
7) құқық қорғау органдарынан босату;
8) құқық қорғау органдарынан шығарып тасталған қызметкерлерге құрметті атақтарынан, төске тағатын белгілерінен, құқық қорғау органдарының басшыларынан иеленген немесе марапатталған белгілерінен айыру қолданылуы мүмкін.
3. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында курсанттарға (тыңдаушыларға) осы бапта көзделген тәртіптік жазалардан басқа, мынадай тәртіптік жазалаулар қолданылуы мүмкін:
1) нарядқа кезектен тыс тағайындау (бөлімшені қорғау жөніндегі нарядқа тағайындаудан басқа);
2) құқық қорғау органының білім беру ұйымы орналасқан жерінен кезекті шығарудан айыру;
3) құқық қорғау органының білім беру ұйымынан шығару.
56-бап. Тәртіптік жазалаулар қолданудың негізі мен шарттары
1. Қызметкердің теріс қылық жасауы тәртіптік жазалау қолданудың негізі болып табылады.
2. Тәртіптік жаза қолдану және оның түрін анықтау кезінде қызметкер кінәсінің болуы, жасалған қылықтың ауырлығы және мән-жайы, теріс салдарлардың болуы және құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіру ескеріледі.
Тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі және талабы құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен анықталады.
3. Қызметкер теріс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсініктеме талап етіледі. Егер жазбаша түсініктемеде қызметкер осы теріс қылықты жасағаны фактісімен келіссе, онда құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшы қызметтік тергеу жүргізбей жаза қолдануға құқылы.
Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде олар жасаған теріс қылықпен келіспесе, онда құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшы қызметтік тергеу жүргізбей жаза қолдануға міндетті.
4. Қызметке толық емес сәйкестігі туралы ескерту түріндегі жаза және атқарған лауазымынан босату жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесі және тәртіптік комиссияның тиісті ұсыныстары бойынша қолданылады.
Аттестациялық комиссияның қалыптасу тәртібі мен жұмысын құқық қорғау органы басшылары белгілейді.
5. Бірнеше қызметкерлер бірге теріс қылық жасаған кезде жаза әр кінәліге жеке-жеке салынады.
6. Қызметтік тәртіптің бұзылуының әрбір жағдайы үшін тек қана бір тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.
7. Тәртіптік жаза қолдану теріс қылық жасаған қызметкерді тәртіптік жаза қолданылған міндетті орындаудан, орындамаудан немесе тиісінше орындамаудан босатпайды.
8. Тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге оны шығарған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қолы қойылып, хабарланады.
9. Тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту құқық қорғау органдарының кадр бөлімшелері жасайтын актіде ресімделеді және арнайы журналда тіркеледі.
Қызметкерді тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен жеке таныстыруға мүмкіндік болмаған жағдайда, құқық қорғау органдарының кадрлық құрылымдары тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың көшірмесін қызметкеріне хабарламалы хатпен жіберуге міндетті.
10. Тәртіптік жаза теріс қылық мәлім болған күннен бастап бір айдан және теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей қолданылады.
Қызмет бойынша қызметкер бағынатын адамға, кейінгінің тәртіптік жаза қолдануға құқысы болмаса да қызметкердің жасаған теріс қылық туралы белгілі болған күні деп табылып, сол күн бір айлық мерзім басталатын күн болып есептеледі.
11. Қызметтік тергеу жүргізілген, сотта қаралған қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған жағдайда - кінәлінің сырқаттануы бойынша жұмыста болмаған немесе демалыста, іссапарда болған күндерін есептемегенде, тиісінше, тергеу аяқталған, қылмыстық іс бойынша немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу шешімдері қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.
12. Қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған не қылмыстық іс тоқтатылған жағдайда, бірақ қызметкердің әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық немесе тәртіптік теріс қылық белгілері болған жағдайда тәртіптік жаза қылмыстық іс қозғаудан бас тарту не оны қысқарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірмей қолданылуы мүмкін.
13. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметті орындауға уәкілетті не оларға теңестірілген адамдарға теріс қылық жасағаны анықталған күнінен бастап үш айдан кешіктірмей және теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей тәртіптік жаза қолданылады.
14. Қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған не қылмыстық іс тоқтатылған жағдайда, бірақ мемлекеттік қызметті орындауға уәкілетті не оларға теңестірілген адамдардың әрекеттерінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе тәртіптік теріс қылық белгілері болған жағдайда тәртіптік жаза қылмыстық іс қозғаудан бас тарту не оны қысқарту туралы шешім қабылданған күннен бастап үш айдан кешіктірмей қолданылуы мүмкін.
15. Қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе іссапарда болған кезеңде, сондай-ақ егер теріс қылық жасалған күннен бері алты айдан астам уақыт еткен жағдайда, оған тәртіптік жаза қолданыла алмайды.
16. Уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңі, демалыста, іссапарда болуы, егер жасалған теріс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейін белгілі болған болса, жаза қолдануды тоқтата тұрады.
17. Қызметкер оны тәртіптік жауапкершілікке тартумен байланысты барлық материалдармен танысуға құқылы.
18. Құқық қорғау органдарының қызметкеріне қолданылған тәртіптік жазаның мерзімі оның қолданылған күнінен бастап алты айдан аспауы тиіс. Егер осы мерзім ішінде қызметкер жаңадан тәртіптік жазаға тартылмаса, онда оның тәртіптік жазасы жоқ деп есептеледі.
19. Егер құқық қорғау органдарының қызметкеріне, басшы құқықтарының шегінен шығатын көтермелеу немесе жазалау шараларын қолдану қажет болса, онда басшы бұл туралы жоғары тұрған лауазымды адамға өтініш жасайды.
20. Жоғары тұрған басшы, егер бұрын жарияланған жаза жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, төмен тұрған басшы қолданған тәртіптік жазаны алып тастауға құқылы.
21. Өзіне берілген көтермелеу және тәртіптік жазалар қолдану жөніндегі құқықтарын асыра пайдаланған басшы бұл үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылады, ал көтермелеулер мен жазалар туралы бұйрықтарды көтермелеулер мен жазаларды қолданатын уәкілетті Органының басшысы жояды.
22. Құқық қорғау органдарының қызметкері өзіне қолданылған тәртіптік жазаға жоғары тұрған органға не сотқа шағым жасай алады.
57-бап. Қызметтік тексеру
1. Қызметтік тексеру осы Заңда көзделген, қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау себептері, сипаты және салдарын білу, салдардың болуы немесе болмауын дәлелдеу қажеттігінде құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшының шешімі бойынша, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес, соның ішінде құқық қорғау органы қызметкерінің рапорты және құқық қорғау және сот органдарының хабарлаулары негізінде жүргізіледі.
2. Қызметтік тексеруге оның нәтижелеріне тікелей немесе жанама мүдделі қызметкер қатыса алмайды. Мұндай жағдайда ол қызметтік тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға оны осы тексеру жүргізуге қатысудан босату туралы рапорт ұсынып жүгінуге міндетті. Осы аталған талаптарды сақтамаған жағдайда қызметтік тексерудің нәтижелері заңсыз болып саналады.
3. Қызметтік тексеру жүргізу барысында мынадай:
1) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау фактісі;
2) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауға себепші болған себептері мен жағдайлары;
3) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау нәтижесіндегі зиянының сипаты мен мөлшері;
4) қызметкердің құқық қорғау қызметін атқаруға кедергі келтіретін себептерінің болу немесе болмауын объективті және жан-жақты анықтауға шаралар қолданылуы тиіс.
4. Қызметтік тексеру оны жүргізу туралы шешім қабылданған күннен бір айдан кешіктірілмей аяқталуы тиіс. Аталған мерзімге қызметтік тексеру жүргізілетін қызметкердің демалыс, іссапар немесе емделу, сондай-ақ оның қызметте басқа да дәлелді себептермен болмауы кезіндегі уақыт жатқызылмайды.
5. Қызметтік тексерудің нәтижелері қызметтік тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға жазбаша түрдегі қорытынды түрінде ұсынылады, ол тексеру аяқталғаннан кейін үш күннен кешіктірілмей бекітіледі.
6. Оған қатысты қызметтік тексеру жүргізілетін қызметкер қызметтік тексеру жүргізу себептері бойынша ауызша немесе жазбаша түрде түсінік беруге міндетті.
7. Оған қатысты қызметтік тексеру жүргізілетін қызметкер:
1) жүргізілетін қызметтік тексерудің мәні бойынша жазбаша түсінік беруге;
2) өтініш жасауға, айғақтар және өзге де құжаттар ұсынуға;
3) қызметтік тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшыға қызметтік тексеру жүргізетін қызметкерлердің шешімдеріне және әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануға;
4) егер ол мемлекеттік және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді таратпау талаптарына қайшы келмесе қызметтік тексеру аяқталғаннан кейін қорытындылар мен басқа да материалдармен танысуға құқылы.
Қызметкер жазбаша түсінік беруден бас тартқан кезде тиісті акті жасалады.
8. Қызметтік тексеру нәтижелері бойынша қорытындыда:
1) қызметтік тексеру нәтижесінде анықталған фактілер мен мән-жайлар;
2) қызметтік тексеру нәтижесі бойынша қорытындылар мен ұсыныстар көрсетіледі.
9. Қызметтік тексеру жүргізу кезінде қызметкердің әрекетінде қылмыс құрамы анықталған жағдайда қызметтік тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшы алынған материалдарды тиісті құқық қорғау органдарына іс жүргізу шешімін қабылдау үшін дереу беруге міндетті.
10. Қызметтік тексеру жүргізу тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
8-тарау. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атыс қаруын, арнайы құралдар мен күш қолдануы 58-бап. Атыс қаруын, арнайы құралдар мен күш қолдану мақсаты
Атыс қаруы, арнайы құралдар және күш қоғамдық қауіпті әрекеттерге тыйым салу, құқық бұзушылықтар мен нақты ахуал ескеріле отырып, оларды жасаған адамдарды ұстау және ішкі істер органдарына жеткізу мақсатында қолданылады.
59-бап. Арнайы құралдар мен күш қолдану
1. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері күш пен арнайы құралдарды, соның ішінде күрестің жауынгерлік тәсілдерін, қол кісендерін, резина таяқты, көзден жас ағызатын заттарды, назарды басқа жаққа аудартатын жарық-дыбыс құрылғыларын, үй-жайларды ашуға, көлікті мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құрылғыларды, суатқыштарды, қызмет жануарларын, бронды машиналар мен тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін басқа да арнайы және көлік құралдарын:
1) азаматтарға, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және қоғамдық тәртіпті қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бойынша қызметтік немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген басқа адамдарға жасалған шабуылды тойтару;
2) кепілге алынған адамдарды босату, жаппай тәртіпсіздіктер мен және қоғамдық тәртіпті топтасып бұзуды (қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұстаудың белгіленген тәртібін топтасып бұзушылықтарды), сондай-ақ түзеу мекемелерінен және тергеу изоляторларынан қашқан сотталғандарды, күдіктілерді және айыпталушыларды немесе олардың қашуы кезіндегі құқыққа қарсы әрекеттерді тыю;
3) азаматтарға, ұйымдарға және мемлекеттік органдарға тиесілі үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, көлік құралдарына, жер учаскелеріне жасалған шабуылды тойтару, сол сияқты оларды басып алудан босату;
4) егер құқық бұзушылар (сотталғандарды, күдіктілерді, айыпталушыларды және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағандарды) құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, қоғамдық тәртіпті қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді атқарып жүрген басқа да адамдарға бағынбаушылық немесе қарсылық көрсетсе, оларды ұстау, құқық қорғау органдарына жеткізу, ұсталған, қамауға алынған адамдарды, әкімшілік қамауға алынған адамдарды не олардың қашып кетуі немесе айналадағыларға немесе өзіне зиян келтіруі мүмкін деп санауға толық негіздер болса, айдап апару және күзету, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздеріне заңмен жүктелген міндеттерін орындауына қасақана кедергі келтіретін адамдарға қатысты;
5) құқық қорғау органы қызметкерлерінің өзін-өзі қорғау немесе өзінің отбасының мүшелерін оған және/немесе олардың денсаулығына немесе өміріне ауыр зиян келтіру кезінде шабуылды тойтару;
6) қажетті қорғаныс, аса қажеттілік;
7) құқық бұзушыларды, егер бұл құқық бұзушылықты тыю, құқық бұзушыны анықтау, сондай-ақ егер хаттаманың жасау міндетті болып табылатын болса, оны орнында жасау мүмкін емес кезіндегі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау мақсатында қажет болса құқық бұзушыларды жеткізу үшін қолдануға құқығы бар.
2. Айналадағылардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін шабуыл, топтасқан шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайлардан басқа кезде, әйелдерге, мүгедектік белгілері анық білініп тұрған адамдарға және жас балаларға қатысты арнайы құралдар мен тәсілдерді қолдануға тыйым салынады.
60-бап. Атыс қаруын қолдану
1. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атыс қаруын:
1) азаматтарды олардың өміріне және денсаулығына қауіп төнген жағдайда қылмыстық қол сұғудан қорғау, сол сияқты кепілге алынғандарды босату;
2) құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне, қоғамдық тәртіпті қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы әрекет бойынша қызметтік немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген басқа да адамдарға жасалған шабуылды тойтару;
3) азаматтардың тұрғын жайларына, құқық қорғау органдары күзететін объектілерге, мемлекеттік ұйымдардың жайларына жасалған шабуылды тойтару, қызметтік немесе әскери нарядқа жасалған шабуылды тойтару;
4) қарсылық көрсеткен немесе қылмыс үстінде көзге түскен, қамаудан қашқан адамдарды (әкімшілік қамаудағылардан басқа) ұстау, қарулы адамдарды ұстау;
5) егер жүргізуші құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаса және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірсе көлік құралдарына ақау келтіру арқылы тоқтату;
6) хайуанаттар шабуылынан қорғану;
7) дабыл белгісін беру немесе көмек шақыру;
8) қажетті қорғаныс пен және аса қажеттіліктің барлық өзге де жағдайларында қолдануға құқығы бар.
2. Әйелдерге және кәмелетке толмағандарға қарсы, олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, кепілге адам, көлік құралдарын, соның ішінде әуе кемесін алған не топтасып шабуыл жасаған реттерді қоспағанда, қару қолдануға тыйым салынады.
3. Қару қолданылған барлық жағдайларда құқық қорғау органдарының қызметкері айналадағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету үшін қажетті шараларды қолдануға, қару қолданғаны жөнінде тікелей бастығына баяндауға міндетті.
4. Кісі қазасына немесе өзге ауыр зардаптарға әкеліп соққан қару және арнайы құралдар қолданылған әрбір оқиға туралы прокурор дереу хабарландырылады.
9-тарау. Әлеуметтік қорғау 61-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қорғау
Қызметкерлер, олардың отбасы мүшелері мен мүліктері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекет қорғауында болады.
62-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне еңбекке ақы төлеу, оларды зейнетақымен және өзгедей қамсыздандыру
1. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ақшалай үлес Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын Қазақстан Республикасының органдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленеді және ол қызметті өткерудің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ерекше жағдайлары үшін төленетін ақшалай қаражат пен үстеме ақыларды қамтиды.
2. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ақшалай қаражаты лауазымдық еңбек ақыдан және арнаулы атағы немесе сыныптық шені үшін қосымша ақыдан тұрады.
Лауазымдық еңбек ақыны және сауықтыру үшін жәрдемақыны есептеу үшін еңбек өтілі Қазақстан Республикасының заңнамасымен анықталады.
3. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің іссапар куәлігін көрсеткен соң барлық көлік түрінде жүріп-тұру құжаттарын және мейманханаларда тұру үшін орынды бірінші кезекте алуға құқығы бар.
63-бап. Уақытша еңбекке қабілетсіздігі кезінде қызметті өткеру ерекшелігі
1. Уақытша еңбекке қабілетсіздігі кезінде қызметкердің емделуде үздіксіз болу уақыты, қолданыстағы заңнамада көзделген жекелеген сырқаттар бойынша емделудің бұдан да ұзақ мерзімі көзделген жағдайлардан басқа төрт айдан аспауы тиіс. Қызметкердің емделуде үздіксіз болуының белгіленген мерзімі өткен соң ол өздерінің әрі қарай қызмет атқаруға жарамдылығы туралы мәселені шешу үшін әскери-дәрігерлік комиссияның куәландырылуынан өтуге тиіс.
2. Қызмет бабындағы міндеттерін және қызметтік борышын орындау кезінде жарақаттануына, контузия алуына немесе мертігуіне байланысты қызметкерлердің емделу уақытына шек қойылмайды. Аталған адамдар медициналық куәландырылуға емделіп болған соң немесе сырқатының нәтижесі анықталған жағдайда жіберіледі.
3. Жиі және ұзақ ауыратын қызметкерлерді еңбекке жарамсыз болған күндерінің саны сол бір сырқат бойынша үзіліссіз төрт айға дейінгіні немесе жыл ішінде әртүрлі сырқаттар бойынша бес айға дейінгіні құрайтын болса, емдеу-профилактикалық мекемелерінің ұсыныстары бойынша құқық қорғау органының кадр аппараттары, қызметті одан әрі өткеруге жарамдылығын анықтау үшін, әскери-дәрігерлік комиссияға медициналық куәландыруға жібереді.
4. Қызметкерлерге олардың уақытша еңбекке қабілетсіздігі кезеңінде ақшадай үлес толықтай төленеді.
64-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертіккен жағдайда берілетін кепілдіктер
1. Құқық қорғау органдарының қызметкеріне қызметтік міндеттерін немесе қызметтік борышын атқарып жүрген кезеңінде мертіккен жағдайда, ал ол қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда өтемақы алуға құқығы бар адамдарға бір жолғы өтемақы төленеді.
2. Бір жолғы өтемақыны төлеу тәртібін Республиканың Үкіметі белгілейді.
3. Құқық қорғау органдарының қызметкері қызметтік міндеттерін немесе қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда не орындалуы міндетті қызметтік міндеттерін немесе қызметтік борышын атқару кезінде алған жарақат салдарынан қызметтен босатылғаннан кейінгі бір жыл бойы асырауындағы адамдар мен мұрагерлеріне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерінде бір жолғы өтемақы төленеді.
4. Құқық қорғау органдарының қызметкеріне қызметтік міндеттерін немесе қызметтік борышын атқару кезіндегі жарақаты, жаралануы (контузия алуы), мертігуі, науқастануы нәтижесінде болған мүгедектік белгіленгенде, оларға:
1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай үлесі;
2) II топтағы мүгедекке - он сегіз айлық ақшалай үлесі;
3) III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай үлесі мөлшерінде бір жолғы өтемақы төленеді.
5. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызметтік міндеттерін немесе қызметтік борышын атқару кезінде мүгедектікке соқтырмайтын ауыр мертігу (жарақат, жаралану, контузия алу) алған жағдайда оларға бір жарым айлық ақшалай қаражаты мөлшерінде, жеңіл зақым алған жағдайда жарты айлық ақшалай қаражаты мөлшерінде бір жолғы өтемақы төленеді.
6. Құқық қорғау органдары қызметкерінің қазасы (өлімі), жарақаты, жаралануы (мертігуі), науқастануы қызметтік міндеттерін немесе қызметтік борышын атқаруға қатысы жоқ мән-жайларға байланысты болғаны белгіленген тәртіпте дәлелденсе, бір жолғы өтемақы төленбейді.
7. Қызметтік міндеттерін не қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің балаларына олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте медициналық және санаторий-курорттық қызмет көрсетуге құқық сақталады.
8. Құқық қорғау органдарының қызметтік міндеттерін орындау кезінде қайтыс болған немесе мүгедектік алған қызметкерлерінің балалары әскери мектеп-интернаттарға және кадет корпустарына конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады, сондай-ақ түсушілер үшін белгіленген талаптардың шекті деңгейін жинағандар құқық қорғау органының білім беру ұйымдарына конкурстан тыс қабылданады.
65-бап. Жерлеу шығындарын өтеу
Құқық қорғау органдарының қайтыс болған немесе қаза тапқан қызметкерлерін жерлеу үшін олардың үш айлық ақшалай табысы мөлшерінде, ал зейнеткерлерге үш айлық зейнетақы төлемі мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
66-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлерінің тұрғын үй құқықтары
1. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызметтік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етілу құқығын пайдаланады.
2. Құқық қорғау органдарының он күнтізбелік жылдан астам уақыт қызмет атқарған қызметкерлері тұрақты тұрып жатқан қызметтік тұрғын үй-жайларын аталған қызметкерлердің қалауына қарай меншік иелерінің келісімімен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда қалдық құны бойынша жеке меншігіне сатып ала алады.
3. Басқа тұрғын үй-жайлар берілмесе, ішкі істер органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлерін қызметтік тұрғын үй-жайлардан шығаруға болмайды.
4. Құқық қорғау органдарының қызметкері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан жағдайда қаза тапқан адамның отбасы ол қаза тапқан күннен бастап бір жылдан кешіктірмей заңмен белгіленген шарттар мен тәртіпте мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын алаң алуға құқылы.
67-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлерін әлеуметтік қорғаудың өзге шаралары
1. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандырылуға жатады.
2. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген шектерде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері мен зейнеткерлеріне заңнамамен белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтар қолданылады.
3. Туберкулез және басқа мамандандырылған жұқпалы аурулар мекемелерінде қызмет атқаратын құқық қорғау органдарының қызметкерлері аталған қызметкерлерге заңнамада белгіленетін жеңілдіктерді пайдаланады.
4. Құқық қорғау органдарының Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтайтын тізбе бойынша тұрғын үйді ұстау мен коммуналдық қызмет ақыларын төлеу үшін тиісті жылға арналған мемлекеттік бюджетте белгіленген мөлшерде ақшалай өтемақы төленеді.
68-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлеріне медициналық және санаторий-курорттық қызмет көрсету
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының зейнеткерлері тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдардың медициналық және санаторий-курорттық қызметті Республика Үкіметі белгілеген тәртіпте пайдаланады.
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) құқық қорғау органдарының қызметкерлері бюджет қаражаты есебінен санаторий-курорттық емделуге жіберіледі.
10-тарау. Демалыстар 69-бап. Демалыс түрлері
1. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері, құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттары (тыңдаушылары) үшін демалыстардың мынадай түрлері белгіленеді:
1) ақылы жылсайынғы еңбек демалысы;
2) қысқа мерзімді демалыс;
3) оқу демалысы (құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттары мен тыңдаушыларына, сырттай оқу нысаны бойынша оқитын қызметкерлерге);
4) еңбек сіңірген жылдары үшін және қызметінің ерекше жағдайлары үшін қосымша ақысы төленетін демалыс;
5) жүктілігіне және бала босануына байланысты демалыс, жаңа туылған нәрестені (баланы) асырап алған қызметкерлерге демалыс, балалары үш жасқа толғанға дейін оларды күту бойынша жалақысы сақталмайтын демалыстар;
2. Демалыс беру, ауыстыру, ұзарту не демалыстан кері шақырып алу тиісінше бұйрықпен ресімделеді.
70-бап. Демалыстардың ұзақтығын есептеудің жалпы тәртібі
1. Демалыстардың ұзақтығы күнтізбелік күнмен есептеледі. Демалыстардың ұзақтығын анықтау кезінде заңнамада демалыс күндері болып белгіленген мереке күндері есепке алынбайды. Заңмен белгіленген тәртіппен демалыс күндері жұмыс күндері деп жарияланған кезде ол күндер ақылы жылсайынғы еңбек демалысына қосылады.
2. Демалыс ұзақтығын анықтау кезінде, қызметкерлердің демалыс орнына баруы мен қайту жолына кететін уақыты есепке алынбайды.
3. Демалыс алуға құқығы бар қызметкерлер оны бөліп-бөліп, алайда екі бөліктен асырмай пайдалана алады. Жол жүруге арналған уақыт демалыстың бір бөлігіне ғана беріледі.
4. Құқық қорғау органдарынан босатылған қызметкерлерге босатылған жылдары өздерінің қалауы бойынша сол жылы өздері нақты еңбек еткен уақыт мерзіміне жыл сайынғы демалыс беріледі немесе босатылатын жылы пайдаланбаған ақылы жыл сайынғы демалысы үшін сол жылы қызмет еткен уақытына, бірақ қырық бес тәуліктен аспайтын, пропорционалды ақшалай өтемақы төленеді.
5. Құқық қорғау органдары жүйесінің білім беру ұйымдарына оқуға жіберілген қызметкерлерге, ақылы жылсайынғы еңбек демалысы білім беру ұйымына кеткенге дейін беріледі.
6. Қызметкерлерге демалыс өткізу орнына бару және қайту жолына берілген уақытын қоса алғанда, ақылы жылсайынғы еңбек, қысқа мерзімді, қосымша демалыстар, сырқаттануына байланысты демалыстар кезінде ақшалай үлес олардың атқарып отырған лауазымы бойынша демалысқа шыққан күні алған мөлшерде төленеді.
71-бап. Ақылы жылсайынғы еңбек демалысы
1. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ұзақтығы отыз күнтізбелік күнге сауықтыруға екі лауазымдық жалақы мөлшерінде жәрдемақы төлене отырып ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.
2. Ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы күнтізбелік жылдың ішінде демалыстар кестесіне сәйкес берілуі тиіс.
3. Ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы кезінде сырқаттанып қалған қызметкерлердің демалысы олардың емделуде болған күннің санына ұзартылады.
4. Қызметкерлердің құқық қорғау органына қызметке кірген жылындағы ақылы жыл сайынғы еңбек демалысының ұзақтығы, олардың қызметке кірген күнінен бастап жылдың соңына дейінгі қызмет өткерген уақытына пропорционалды түрде, қызмет өткерген әрбір толық айы демалысының 1/12 бөлігі болып есептеледі. Бұл ретте ұзақтығы он тәулік және одан көп демалыс алуға құқылы қызметкерлерге жол жүруіне демалыстан тыс уақыт беріледі. Ұзақтығы он тәулікке жетпейтін ақылы жыл сайынғы еңбек демалыс, аталған адамдарға өздерінің қалауы бойынша келесі жылы кезекті демалысымен бір мезгілде берілуі мүмкін.
72-бап. Қысқа мерзімді демалыс
1. Қызметкерлерге қысқа мерзімді ақылы демалыс шұғыл әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді, ең алдымен туысқандық борышын атқаруға байланысты мәселелерді шешу үшін, сондай-ақ басқа да дәлелді себептер бойынша қызметкердің демалысты өткізетін жерге барып қайтатын жолының уақыты есепке алынбастан он тәулікке дейін беріледі.
2. Қысқа мерзімді демалыс ақылы жыл сайынғы еңбек демалысының есебіне саналмайды.
73-бап. Оқу демалысы
1. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімнің курстанттары мен тыңдаушыларына мынадай демалыстар беріледі:
1) ұзақтығы он төрт күнтізбелік күн - қысқы каникулдық демалыс;
2) ұзақтығы отыз күнтізбелік күн - жазғы каникулдық демалыс;
3) білім беру ұйымын бітіруіне байланысты - ұзақтығы отыз күнтізбелік күн.
2. Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының оқу бойынша берешегі бар курсанттары мен тыңдаушыларына каникулдық демалыс, оқу бағдарламаларында белгіленген демалыс өткізу мерзімдерінің шегінде оны өтегеннен кейін беріледі.
3. Осы Заңда көзделген қосымша демалыстар тыңдаушылар мен курсанттарға берілмейді.
4. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына күндізгі және сырттай оқу нысаны бойынша түсетін қызметкерлеріне қабылдау емтихандарына дайындалу және тапсыру үшін ақшалай ұстау сақталатын ұзақтығы отыз күнтізбелік күн оқу демалысы беріледі, ал басқа білім беру ұйымдарына түсетіндерге қабылдау емтихандарын тапсыру үшін ақшалай ұстау сақталмайтын он бес күнтізбелік күнге дейін оқу демалысы беріледі.
5. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының сырттай оқу бөлімінде оқитын қызметкерлерге емтихан тапсыру кезеңіне ұзақтығы емтихандық сессиясының ұзақтығына тең, бірақ бір жылдың ішінде қырық күннен аспайтын оқу демалыстары беріледі, Қазақстан Республикасының шеңберінде оқу орнына темір жол көлігімен баруға және қайтуға арналған шығыстары өтеледі.
Шетелдің құқық қорғау (полиция) органдарының білім беру ұйымдарының күндізгі оқу бөлімінде оқитын тыңдаушыларға (курсанттарға) каникулярлық демалыс кезінде оқу орнына баруға және қайтуға арналған шығыстары өтеледі.
6. Біліктілігін арттыру және мамандар даярлау курстарында оқитын Қазақстан Республикасы және шет елдер құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқитын қызметкерлерге қызметтік іссапарлар үшін белгіленген тәртіппен және нормалар бойынша оқуда болған әр күні үшін тәуліктік төленеді және тұрғын жай жалдау жөніндегі шығыстары өтеледі.
7. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының магистратурасына және докторантурасына түсетін қызметкерлерге қабылдау емтихандарына дайындалу және тапсыру үшін ұзақтығы отыз күнтізбелік күнге дейін, ал жоғары білім берудің кәсіби оқу бағдарламаларын іске асыратын өзге де білім беру ұйымдарына түсетіндерге қабылдау емтихандарын тапсыру үшін ұзақтығы он бес күнтізбелік күнге дейін еңбекақысы сақталмайтын оқу демалысы беріледі.
8. Өзге де білім беру ұйымдарында сырттай (кешкі) оқу бөлімдерінде оқитын қызметкерлерге еңбекақы төлеу, оқу орнына жол жүру, демалыс беру мәселелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
9. Мемлекеттік қызметшілерді дайындау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында білім беру ұйымдарына түскен қызметкерлерге атқарған лауазымынан босатыла отырып, ақшадай үлесі сақталмай және құқық қорғау органдары кадрларында қалдырыла отырып, оқу демалысы беріледі.
Оқуы аяқталған соң қызметкерге бұрын атқарған лауазымынан төмен емес лауазым беріледі.
74-бап. Қызмет өткерген жылдарына қарай және зиянды жағдайларда міндеттерін атқарғаны үшін немесе қызметтің ерекше сипаты үшін қосымша ақы төленетін демалыс
1. Зейнетақыны тағайындау кезінде қызметкерлерге есепке алынатын қосымша ақы төленетін демалыс (күнтізбелік есеппен) қызмет өткерген жылдарына қарай:
1) он жылдан аса қызмет өткерген жылдары барларға - ұзақтығы бес күнтізбелік күн;
2) он бес жылдан аса қызмет өткерген жылдары барларға - ұзақтығы он күнтізбелік күн;
3) жиырма жылдан аса қызмет өткерген жылдары барларға - ұзақтығы он бес күнтізбелік күн мерзімге беріледі.
2. Биік таулы жерлерде (биіктігі 1500 м және одан жоғары), тізбесін Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілейтін климат жағдайы ауыр және қолайсыз жерлерде қызмет өткеріп жүрген қызметкерлерге, қызмет өткерген жылдарына қарамастан, ұзақтығы қырық бес күнтізбелік күн ақылы жыл сайынғы демалыс беріледі.
3. Қазақстан Республикасы заңнамасында экологиялық апат аймағы деп жарияланған аймақтарда, туберкулез мекемелерінде, бөлімшелерінде (учаскелерінде), сондай-ақ АҚТҚ инфекциясын жұқтырғандар мен ЖҚТБ-мен ауыратындарды ұстауға арналған мекемелерде, бөлімшелерде (учаскелерде) қызмет атқаратын қызметкерлер ұзақтығы мен беру тәртібі қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындалатын жыл сайын қосымша демалыс алуға құқылы.
4. Қызметінің айрықша сипаты үшін ұзақтығы он күнтізбелік күнге дейін қосымша ақылы демалыс беріледі, ол кезекті демалысқа қосылып есептеледі, қызметкердің қалауы бойынша онымен бір мезгілде немесе бөлек берілуі мүмкін, бұл ретте қосымша және жыл сайынғы демалыстардың жалпы үзіліссіз ұзақтығы елу бес күнтізбелік күннен аспауы тиіс.
5. Зиянды жағдайда міндеттерін орындағаны және қызметінің айрықша сипаты үшін бір мезгілде қосымша демалыс алуға құқылы қызметкерлерге қосымша демалыс олардың таңдауы бойынша тек бір негіз бойынша ғана беріледі.
75-бап. Жүктілігі және босануы бойынша демалыстар, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге берілетін демалыстар, үш жасқа толғанға дейінгі бала күтімі жөніндегі еңбекақысы сақталмайтын демалыстар
1. Жүктілігі және босануы бойынша демалыстар, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге берілетін демалыстар, үш жасқа толғанға дейінгі бала күтімі жөніндегі еңбекақысы сақталмайтын демалыстар қызметкерлерге ақылы жылсайынғы еңбек демалысынан тыс беріледі.
2. Жүктілігі және босануы бойынша демалыстар, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге берілетін демалыстар, үш жасқа толғанға дейінгі бала күтімі жөніндегі еңбекақысы сақталмайтын демалыстар ұзақтығы, беру және ақы төлеу шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен белгіленеді.
3. Үш жасқа толғанға дейінгі бала күтімі жөніндегі еңбекақысы сақталмайтын демалыста болған кезеңінде қызметкері тиісті органның немесе мекеменің қарамағына есепке алынады. Үш жасқа толғанға дейінгі бала күтімі жөніндегі еңбекақысы сақталмайтын демалыс уақытында қызметкердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
76-бап. Демалыстан шақырып алу
1. Қызмет бабында аса қажет болған жағдайда құқық қорғау органының басшысының немесе уәкілетті басшының жазбаша бұйрығы негізінде, қызметкердің жазабаша келісімімен ғана ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы үзілуі мүмкін. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлігі ағымдағы жылы немесе келесі жылы беріледі.
2. Егер демалыстың пайдаланылмаған бөлігі он тәулік және одан коп болса, қызметкерлерге жол жүру үшін демалыстан тыс уақыт беріледі.
3. Қызметкердің қалауы бойынша демалыстың пайдаланылмаған бөлігі келесі жылғы ақылы жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін.
11-тарау. Құқық қорғау органдарындағы қызметін тоқтату 77-бап. Құқық қорғау органдарындағы қызметін тоқтатуға негіздемелер
Құқық қорғау қызметін тоқтатуға мыналар:
1) осы Заңмен белгіленген тәртіппен босату;
2) құқық қорғау органдары қызметкерінің қайтыс болуы (қаза табуы);
3) құқық қорғау органының қызметкерін заңда белгіленген тәртіппен хабарсыз кеткен немесе іс-әрекетке қабілетсіз деп тану негіздемелер болып табылады.
78-бап. Босатудың негіздемесі
1. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мынадай негіздемелер бойынша босатылады:
1) құқық қорғау органы қызметкерінің қалауы бойынша құқық қорғау органдарында жұмыс өтілі кемінде 25 жылдан кем емес болған кезде;
2) зейнеткерлік жасқа жетуі бойынша;
3) денсаулық жағдайы бойынша - қызметке жарамсыздығы немесе шектеулі жарамдылығы туралы әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде;
4) штаттың қысқаруына немесе құқық қорғау органының қайта ұйымдастырылуына байланысты басқа лауазымда пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайда;
5) өз қалауы бойынша;
6) белгіленген тәртіппен басқа мемлекеттік органдарға және ұйымдарға жұмысқа ауысуына байланысты;
7) келісім-шартты бұзуға не мерзімінің бітуіне байланысты;
8) еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты одан әрі қызмет өткеруден бас тартқан жағдайда;
9) аттестацияның қорытындысы бойынша анықталған қызметке сай келмеуі бойынша;
10) сынақ мерзімінің ішінде қызметке жарамсыздығы анықталған жағдайда;
11) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына байланысты;
12) қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін;
13) құқық қорғау органының атағына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін;
14) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауына байланысты;
15) соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі немесе қылмыстық іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылған жағдайларда;
16) осы заңның 6-бабының 2-тармағында көрсетілген мәліметтерді ұсынбағаны немесе бұрмалағаны үшін босатылады.
2. Құқық қорғау органының атағына кір келтіретін, сонымен қатар, қызметтік міндеттерді орындаумен байланысты емес, бірақ азаматтардың көз алдарында құқық қорғау органдарының құндылықтары мен мәртебесін түсіретін теріс қылықтар, атап айтқанда: қызметкерлердің қоғамдық жерлерде мас немесе елтетін күйінде (құқық қорғау органына жататындығы айналадағыларға анық белгілі болғанда) пайда болу; тергеуге зиян келтірген шұғыл сипаттағы ақпаратты жариялау; жеке пайдакүнемдік мақсатта қызмет бабын пайдалану; жағымсыз қоғамдық резонанс туындатқан құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, тыңдаушыларының және курсанттарының арасындағы жарғыдан тыс қарым қатынастары.
3. Осы баптың 1-тармағының 9-16-тармақшаларында қарастырылған қызметкерлерді босату негіздері теріс себептермен босатылғандар деп танылады.
79-бап. Босатудың тәртібі және шарты
1. Қызметкерлерді қызметтен босатуды осы лауазымдарға қызметкерлерді қабылдауға және тағайындауға құқық берілген лауазымды адамдар жүргізеді.
2. Құқық қорғау органдарынан босатылған, қайтыс болған, қаза тапқан, хабарсыз жоқ болып кеткен немесе хабар-ошарсыз кеткен қызметкерлер құқық қорғау органының басшысы белгілеген тәртіпте құқық қорғау органдарының кадрларынан шығарылады.
3. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері, егер босатылушылар әскери қызметке жарамды адамдардың запаста болуы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектеулі жасқа жетпесе, әскери есепке тұрғызыла отырып запасқа босатылады.
4. Қызметтен босатылатын қызметкерлер, сондай-ақ құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарынан шығарылған курсанттар мен тыңдаушылар қызметтік куәлігін тапсырады. Зейнеткерлікке шыққан қызметкерлерге құқық қорғау органдарының зейнеткері куәлігі беріледі.
5. Зейнетақы алуға құқық беретін еңбек сіңірген жылдары (қызмет мерзімі) және әскери қызметте болудың шекті жасына жетуі бойынша, өзінің қалауымен қызметтен босайтын қызметкерлер жоспарлап отырған кететін күнінен кемінде бір ай бұрын өзі қабылдаған шешім туралы тікелей басшысына ескертіп, ол туралы жазбаша баянат береді.
6. Осы Заңның 78-бабы 1-тармағының 1), 2), 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қызметтен босатылатын қызметкерлер бұл туралы, әдетте, босатылардан кемінде бір ай бұрын хабардар етіледі.
80-бап. Құқық қорғау органдарында қызмет етудің шекті жасы
1. Құқық қорғау органдарында қызметте мынадай шекті жасқа дейін болуға болады:
1) майор, кіші әділет кеңесшісіне дейін - қырық бес жас;
2) подполковник, әділет кеңесшісі қоса алғанда - қырық жеті жас;
3) полковниктер, аға әділет кеңесшілері - елу үш жас;
4) жоғары басқарушы құрам тұлғалары - елу сегіз жас.
2. Жоғары кәсіби дайындығы, атқаратын қызметі бойынша жұмыс өтілі және денсаулық жағдайы бойынша қызметті өтеуге жарамды қызметкерлерге, олардың келісімі бойынша қызмет өтеу мерзімін лауазымдарға тағайындау құқығы берілген құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы бес жылға дейінгі мерзімге ұзартады.
Ерекше жағдайларда, лауазымдарға тағайындау құқығы берілген құқық қорғау органының басшысының немесе уәкілетті басшысының шешімі бойынша қызметкерлерге осы мерзім сол тәртіппен бес жылға дейін, ал ғылыми дәрежесі немесе атағы бар олардың кейбіреулеріне он жылға дейін қайта ұзартылуы мүмкін.
Қызметте қалдыру мерзімін ұзарту туралы шешім қызметкерді осы Заңда көзделген негіздер бойынша құқық қорғау органдарынан босату мүмкіндігін қалдырады.
12-тарау. Құқық қорғау органдарын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету 81-бап. Құқық қорғау органдарындағы қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
Құқық қорғау органдарын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
13-тарау. Қорытынды ережелер 82-бап. Ауыспалы ереже
Осы Заңның қолданысқа енгізілгенге дейін арнаулы атақ берілген қызметкерлерге, осы арнаулы атақтардағы жұмыс өтілі мерзімі осы Заңның қолданысқа енгізілуіне дейін қолданыста болған заңнамаға сәйкес есептеледі.
83-бап. Осы заңды қолданысқа енгізудің тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті