Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 30 қарашадағы
№ 1304 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Тарифтік саясат негіздерін коса алғанда, темір жол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
1995 жылғы 6 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы Кеден одағы туралы келісімді, 1995 жылғы 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келісімді, 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты, 20___ жылғы «__»__________ Бәсекелестіктің бірыңғай принциптері мен қағидалары туралы келісімді, 20___ жылғы «___»____________ Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай принциптері мен қағидалары туралы келісімді негізге ала отырып, өзара тиімді экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға жәрдемдесе отырып,
Тараптар мемлекеттерінің темір жол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету қажеттігін және осы қызметтерге арналған тарифтерді мемлекеттік реттеуге келісілген тәсілдерді тани отырып,
бірыңғай көлік кеңістігі шеңберінде көлік қызметтерінің жалпы нарығын қалыптастыру мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімнің мақсаты
Осы Келісімнің мақсаты:
Тараптар мемлекеттерінің аумағы арқылы тасымалдарды жүзеге асыру кезінде темір жол көлігінің қызметтеріне тұтынушылардың қолайлылығы өз мемлекетінің тұтынушыларына арналғаннан кем емес шарттарда қол жеткізуін қамтамасыз ету;
тұтынушылар мен Тараптардың темір жол көлігі ұйымдары арасында экономикалық мүдделер балансын сақтау;
бір мемлекеттің темір жол көлігі ұйымдарының Тараптардың екінші мемлекетінің ішкі нарығына қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады.
2-бап
Келісімде пайдаланылатын терминдердің анықтамалары
Келісімнің мақсаттары үшін мынадай негізгі терминдер пайдаланылады:
темір жол көлігінің қызметтеріне қол жеткізу - Тараптың бір мемлекетінің темір жол көлігі ұйымдарының өз қызметтерін Тараптың екінші кез келген мемлекетінің тұтынушыларына Тараптың бірінші мемлекетінің тұтынушыларына ұқсас қызметтер ұсынылатын шарттардан қолайлылығы кем емес шарттарда көрсетуі;
темір жол көлігі қызметтері - осы Келісімге 1-қосымшада көрсетілген тұтынушылар үшін темір жол көлігі ұйымдары көрсететін қызметтер (жұмыстар);
темір жол көлігі ұйымы - тұтынушылар үшін темір жол көлігі қызметтерін (жұмыстарын) көрсететін заңды және жеке тұлғалар;
тұтынушы - Тарап мемлекетінің темір жол көлігі қызметтерін пайдаланатын немесе пайдалануға ниеттенген заңды немесе жеке тұлғасы;
темір жол көлігі қызметтеріне арналған тариф - темір жол көлігі ұйымдары көрсететін қызметтер (жұмыстар) құнының ақшалай мәні;
темір жол көлігіндегі тасымалдаушы - жүктерді, жолаушыларды, багажды, жүкбагажын және пошта жөнелтімдерін тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын; тиісті лицензиясы бар, меншік құқығында не өзге заңды негізде тартқыш көлік құралына, жылжымалы құрамға ие темір жол көлігі ұйымы;
инфрақұрылым - магистралдық және станциялық жолдарды, сондай-ақ электрмен жабдықтау, сигнал беру, байланыс объектілерін, құрылғыларды, жабдықты, ғимараттарды, құрылыстарды, имараттарды және оның жұмыс істеуі үшін технологиялық қажетті өзге объектілерді қамтитын теміржол көлігі инфрақұрылымы;
инфрақұрылым қызметтері - тасымалдарды және осы Келісімнің 5-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен әзірленетін құжаттарда көрсетілген басқа қызметтерді жүзеге асыру үшін инфрақұрылымды ұсыну жөніндегі қызметтер;
айрықша тарифтер - темір жол көлігінің жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтеріне осы Келісімге және Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес темір жол көлігі қызметтеріне арналған тарифтерге уақытша коэффициентті немесе арнайы ставкаларды енгізу арқылы белгіленетін тарифтер.
Осы Келісімде қолданылатын басқа терминдер 20___ жылғы «___»__________ Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай принциптері мен қағидалары туралы келісімде көрсетілген мағынада пайдаланылады.
3-бап
Келісімнің қолданылу саласы
1. Келісім осы Келісімге 1-қосымшада көрсетілген қызметтерге (жұмыстарға) қатысты темір жол көлігі ұйымдары, тұтынушылар, Тараптардың мемлекеттік басқару органдары арасындағы қатынасқа қолданылады.
2. Осы Келісімнің ережелері Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
3. Осы Келісімдегі ештеңе де осы Келісімнен туындайтын қағидаларды және/немесе артықшылықтарды Келісім тарабының осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын үшінші мемлекеттерге немесе мұндай үшінші мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне, олардың тауарларына немесе қызметтеріне қолдануды міндеттеуші ретінде түсіндірілмеуі тиіс.
4-бап
Темір жол көлігі қызметтеріне тұтынушылардың қол жеткізуі
Темір жол көлігі ұйымдары тұтынушының Тараптың сол немесе өзге мемлекетіне тиістілігіне, оның ұйымдық-құқықтық нысанына, құқықтық және мүліктік өзара қатынастарына қарамастан, осы Келісімнің 5-тармағының және 20___ жылғы «____»____________ Бәсекелестіктің бірыңғай принциптері мен қағидалары туралы келісімнің ережелерін ескере отырып, оның темір жол көлігі қызметтеріне қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
5-бап
Инфрақұрылым қызметтеріне тасымалдаушының қол жеткізуін қамтамасыз ету
1. Тараптар 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап мынадай:
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында белгіленген тасымалдаушыларға қойылатын талаптардың теңдігі;
тасымалдаушылардың өздері пайдаланатын жылжымалы темір жол құрамының тиісті техникалық жай-күйін қамтамасыз етуі;
техникалық және технологиялық мүмкіндіктерді негізге ала отырып, инфрақұрылымның өткізу қабілеті шегінде қол жеткізуді ұсыну;
инфрақұрылым қызметтері саласында тасымалдаушыларға қатысты бірыңғай баға (тарифтік) саясатын жүргізу;
инфрақұрылым қызметтерінің тізбесі, оларды орындау тәртібі, осы қызметтер үшін тарифтер, төлемақы мен алымдар туралы ақпараттың темір жол көлігіндегі тасымалдау процесіне қатысушылардың барлығы үшін қол жетімділігі принциптерін сақтай отырып, Тараптар мемлекеттерінің тасымалдаушылары үшін инфрақұрылым қызметтеріне кол жеткізуді қамтамасыз етеді.
2. Тараптар 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізу қағидаларын, осындай қызметтер тізбесін, диспетчерлеудің және инфрақұрылымның өткізу қабілетін бөлудің, инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге рұқсат ету басымдылығын айқындаудың бірыңғай принциптерін, инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған шарттардың маңызды талаптарын, лицензиялау мәселелерін қамтитын инфрақұрылым қызметтерін көрсету қағидасын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері тасымалдаушыларының инфрақұрылым қызметтеріне кол жеткізуін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де ережелерді айқындайтын құжаттарды әзірлейді және қабылдайды.
3. Тараптардың әрқайсысы осы баптың 1-тармағында көрсетілген іс-шаралар аяқталғанға дейін бір Тарап тасымалдаушыларының екінші Тараптың инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізуі өзара негізде, шаруашылық жүргізуші субъектілердің келісімдері негізінде ұсынылуы мүмкін.
6-бап
Тарифтік саясат
1. Темір жол көлігі қызметтеріне арналған тарифтер және (немесе) олардың шекті деңгейі Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес тарифтерді, оның ішінде жүктердің түрлері, вагондардың түрлері мен тиістілігі, тасымалдау қашықтығы, вагондардың жүктелу дәрежесі бойынша саралау мүмкіндігімен, мынадай:
1) тікелей көрсетілетін қызметтерге жататын экономикалық негізделген шығындарды өтеу;
2) инфрақұрылымның дамуын қамтамасыз ету;
3) тарифтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, экономикалық жағдай күрт өзгерген кезде Тараптарға алдын ала хабарлай отырып, тарифтерді және (немесе) олардың шекті деңгейін қосымша қайта қарау мүмкіндігі;
4) шешімдер қабылдаудың жариялылығын және ашықтығын қамтамасыз ету;
5) Тараптар мемлекеттерінің жүктер номенклатурасын және тарифтерді белгілеу қағидасын қалыптастыруға үйлестірілген тәсілді қолдану;
6) Тараптың әрбір мемлекетінде ұлттық заңнамаға сәйкес тариф валютасын белгілеу принциптері сақтала отырып белгіленеді.
2. Темір жол көлігі ұйымдары өз аумағында осы Келісімнің ережелерін ескере отырып, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес белгіленген темір жол тасымалдарына арналған тарифтерді қолданады.
3. Тараптар 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін Тараптар мемлекеттерінің ішінде жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтерге арналған тарифтерді қатынастар түрі (экспорттық, импорттық және мемлекетішілік) бойынша біріздендіреді.
4. Тараптар мемлекеттерінің темір жол көлігі жүйелерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, темір жол көлігімен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау, бұрын темір жол көлігімен жүзеге асырылмаған жаңа жүк ағындарын тарту, темір жол бойынша іске тартылмаған немесе аз тартылған маршруттарды пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету, Тараптар мемлекеттері темір жолдарының қатысуымен темір жол көлігімен жүктерді тасымалдау көлемдерінің өсуін ынталандыру, жаңа техника мен технологияларды енгізуді ынталандыру мақсатында 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап темір жол көлігі ұйымдарына экономикалық орындылығын негізге ала отырып, жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтерге арналған тарифтер деңгейін Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары белгіленген баға шегінде өзгерту туралы шешімдер қабылдау құқығы беріледі.
5. Темір жол көлігі ұйымдары жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтерге арналған тарифтер деңгейін өзгерту бойынша өздеріне берілген құқықты Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары бекітетін, негізгі принцип ретінде Тараптар мемлекеттерінің нақты тауар өндірушілері үшін артықшылықтар тудыруға жол бермеуді көздейтін әдіснамаға сәйкес баға шегі аясында іске асырады.
6. Жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтерге арналған тарифтер деңгейін өзгерту туралы шешім күшіне енгенге дейін 10 күннен кешіктірілмей, ол Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес ресми жариялануға, Тараптардың уәкілетті органдарына және Кеден одағы комиссиясына таратылуға жатады.
7. Егер темір жол көлігі ұйымдарының жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтерге арналған тарифтер деңгейін өзгерту жөніндегі іс-әрекетімен тұтынушылардың құқықтары мен мүдделері бұзылса, тұтынушылар өзі орналасқан (тұратын) жердегі Тарап мемлекетінің аумағындағы монополияға қарсы ұлттық органға өзінің бұзылған құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.
Егер тұтынушы өзі орналасқан (тұратын) жердегі Тарап мемлекетінің аумағындағы монополияға қарсы ұлттық орган тұтынушының өтінішін қарау кезінде тұтынушы талаптарының негізділігін таныған жағдайда, ол Кеден одағының комиссиясына тұтынушының өтінішін қоса беріп, тексеру жүргізу туралы өтініш жібереді.
Кеден одағының комиссиясы тұтынушы орналасқан (тұратын) жердегі Тарап мемлекетінің аумағындағы монополияға қарсы ұлттық органның өтініші негізінде тексеру жүргізеді, оның қорытындылары бойынша темір жол көлігі ұйымының жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтеріне арнайы тарифтер деңгейін әдіснамаға сәйкес белгіленген баға шегі аясында өзгерту туралы шешімінің күшін тоқтата тұруға немесе жоюға құқылы, сондай-ақ егер тексеру барысында әдіснаманың осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмеуі белгіленген жағдайда анықталған сәйкессіздіктерді жою туралы шешім қабылдауға құқылы.
8. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін Тараптар мемлекеттерінің темір жолдарында Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес белгіленген айрықша тарифтер қолданылады.
2013 жылғы 1 қаңтардан бастап Тараптар Кеден одағы комиссиясымен келісім бойынша жекелеген тауар өндірушілерге өзге нысанда қолдау көрсету мүмкін болмаған жағдайда, олар үшін айрықша тарифтер белгілей алады.
9. 2012 жылғы 1 шілдеге дейін Тараптар айрықша тарифтерді ұсыну тәртібін айқындайтын Айрықша тарифтерді белгілеудің бірыңғай қағидасын және Тараптар мемлекеттерінің тауар өндірушілері үшін айрықша тарифтерді белгілеу қажеттілігін негіздейтін қажетті материалдардың тізбесін, сондай-ақ осы Келісімнің 6-бабының 7-тармағына сәйкес Кеден одағы комиссиясының тұтынушылардың өтініштерін қарау қағидасын әзірлейді және қабылдайды.
7-бап
Транзит
1. Тараптар үшінші елдерден үшінші елдерге жүк тасымалдау кезінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкіметтері басшылары кеңесінің 1996 жылғы 18 қазандағы шешімімен келісілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің темір жол көлігіне арналған келісілген тарифтік саясатты белгілеу тұжырымдамасына сәйкес Бірыңғай экономикалық кеңістік мемлекеттерінің темір жолдары бойынша транзитпен жүк тасымалдауға қатысты үйлестірілген және келісілген тарифтік саясатты жүргізеді.
2. Тараптар 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап Тараптың бір мемлекетінен Тараптың екінші мемлекетінің темір жолы арқылы үшінші елдерге транзитпен жүк тасымалдау кезінде, сондай-ақ үшінші елдерден және Тараптың бір мемлекетінен Тараптың екінші мемлекетіне межеленген тасымалдарды жүзеге асыру кезінде осы Келісімнің 6-бабының 3-тармағында көзделген Тараптардың әрқайсысының біріздендірілген тарифін қолданады.
8-бап
Келісімді іске асырудың институционалдық негізі
1. Тараптар Келісімді іске асыруды Тараптардың уәкілетті органдарына жүктейді.
2. Тараптар Келісім күшіне енген күннен бастап 30 күннен кешіктірмей өздерінің уәкілетті органдарының тағайындалғаны және толық атауы туралы бір-біріне және Кеден одағының комиссиясына хабарлайды.
3. Келісімнің осы бабында көрсетілген жүргізіліп отырған жұмыстың нәтижелерін Кеден одағының комиссиясы Тараптардың ұлттық органдарымен келісім бойынша Мемлекетаралық кеңестің (Кеден одағының жоғарғы органы) қарауына ұсынады.
4. Кеден одағының комиссиясына осы Келісімнің орындалуын бақылау жөніндегі өкілеттіктер беріледі.
9-бап
Дауларды шешу
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер арқылы, оның ішінде Кеден одағы комиссиясының қатысуымен шешіледі, ал осындай консультациялар немесе келіссөздер басталғаннан бастап алты ай ішінде келісімге қол жетпеген жағдайда мүдделі Тараптардың кез келгені Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Сотына береді.
Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотына жүгінген Тарап бұл туралы басқа мүдделі Тараптарды өтініш жіберілген сәттен бастап 30 күннен кешіктірмей хабардар етуі тиіс.
10-бап
Келісімге өзгерістер енгізу
Тараптардың уағдаласуы бойынша Келісімге Хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
11-бап
Келісімнің күшіне ену және Келісімге қосылу және одан шығу тәртібі
Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының құқықтық-шарттық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен белгіленеді.
20__ жылғы «__» _________ қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды.
Келісімнің түпнұсқа данасы оның депозитарийі болып табылатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады.
Түпнұсқа дананың көшірмелерін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті растайды және әрбір Тарапқа жібереді.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Тарифтік саясат негіздерін қоса
алғанда, темір жол көлігінің
қызметтеріне қол жеткізуді
реттеу туралы келісімге
1-қосымша
Темір жол көлігі қызметтерінің (жұмыстарының)
ТІЗБЕСІ
1. Жүктерді тасымалдау және жүктерді (оның ішінде бос жылжымалы құрамды) тасымалдауды ұйымдастыруға және іске асыруға байланысты қосымша қызметтер (жұмыстар).
2. Жолаушыларды, багажды, жүкбагажын тасымалдау және жолаушыларды, багажды, жүкбагажын тасымалдауға байланысты қосымша қызметтер (жұмыстар).
3. Инфрақұрылым қызметтері.